Қатимолла БЕРДІҒАЛИЕВ, әнші, жыршы-термеші, айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Биыл 60-ты алқымдаған шағыңызда Оралда «Айман-Шолпан» жырын жырлап, жұртқа жыршылық жаңа қырыңызбен танылдыңыз. Жасыңыз ұлғайған тұста ұзын сонар жырды жаттап, есте сақтау қиынға соқпады ма?
– Қазақ 60-ты үлкен белеске балайды. Осындай белесті бағындырарда, өнер адамы болған соң, мен жұртыма не бердім деген ойдың мазалауы – заңдылық. 40 жасымда көрермен қауымды халық әндерімен, халық композиторларының әндерімен сусындатқан екенмін. 50 жасымдағы кеште оркестрмен қосылып ән айтып, қазақ композиторларының классикалық шығармаларын, яғни батыс пен Арқа мектебінің әндерін домбырамен орындадым. Сол жолы «Біржан-Сара» тәрізді қазақ операсын, орыс романстарын сахнаға алып шықтым. Енді 60 жаста не істесем деп біршама толғандым. 1982 жылы Сәбит Оразбаев ағамыздың орындауындағы «Айман-Шолпан» жыры күйтабаққа жазылып, жарық көрген болатын. Жыр маған қатты ұнады. Бәлкім, әртістігінен болар, Сәбит ағамыздың жыр айту мәнері ерекше ғой. Өзі біраз мақам біледі екен. Жырдың мақамы үздіксіз ауысып отырады. Маған бұл құдды домбырамен айтылатын бір кісілік операдай көрініп кетті. Қазақ радиосының қызметкері Қошан Мұстафаұлының көмегімен жырды қайта тауып алып, жаттауға кірістім. Дәрігерлер «адам 50-ден асқан соң есте сақтау қабілеті төмендейді» деп жатады. Қалай болар екен деп, соған белді бекем будым. Көздің нашарлығынан ба, әу бастан-ақ есте сақтау қабілетім көптен ілгері еді. Гастрольдік сапарларда еркін жүріп, бір күн қарап, бір күн қарамай-ақ, ешқандай машақатсыз «Айман-Шолпан» жырын төрт айдың ішінде жаттап алдым. Сәбеңнің айтылуындағы жырға өзіміз жақтың мақамдарын қосып, шамалы өзгеріс жасадым. Менің туған күнімнің өзі де қызық: төрт жылда бір айналып келетін 29 ақпан. Аттамаған табалдырығым болған соң ба, 60-та әлдеқалай болар, 59-ым өзіме еркін ғой деп, 59-дың соңғы күні – 28 ақпан күні Батыс Қазақстанда «Айман-Шолпан» жырын халыққа ұсындым. Жыр тыңдап отыра алатын адам бар ма екен деген ой туды. Жоқ, жыр тыңдаушылар әлі де жойылмапты. 200 адамдық Батыс Қазақстан филармониясында ине шаншар жер болмады. Жақсы қабылданды. Тойымнан тәбәрік болсын деп, бұл жырды Алматы халқына да ұсынбақ ойдамын. Ақын-жазушылардың да көбі – осы рухани астанамызда. 26 сәуір күні Алматыдағы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік оркестрдің үлкен залында мен «Айман-Шолпанды» жырламақпын.
– Асқақтатып, шарықтатып салатын халық әндері айрықша бап пен қажыр-қайратты, күш-қуатты талап етеді. Жастық жалын мен жігердің орнын да ешкім жоққа шығара қоймас. Жас келген соң да дауыстың әрі тая бастайды. Қатеке, әлі бабыңыздан айырылған жоқсыз ба?
– Жылдар өз өрнегін салатын шығар. Бұрын күн-түн, таң атты, кеш батты демей, я салқын, я ыстық жерде болсын ән айта беруші едік, қазір радио-телеарнаға немесе сахнаға шығатын болсақ, міндетті түрде түс қайта ән салғанды жөн көреміз. Түске дейін дауыста жарықшақтар болады. Ертеңгілік әлде дауыс байламдары дұрыс оянбай ма, әлде кедергілер кетпей тұрып ала ма – белгісіз. Түс қайта бабыма келетіндеймін. Баяғы тұғырымнан тая қоймаған тәріздімін. Нағыз сыншы – халық. Бағасын бере жатар...
– Ән, күй, жыр өнерінің ұлы тұлғалары елеусіз қалып жатқаны мәлім. Сізді жұрт Мұхит ән мектебінің үзігін жалғастырушы ретінде біледі. Мұхит бабамыздың былтыр ғана 170 жылдық мерейтойы болды. Ойдағыдай тойланды деп есептейсіз бе?
– Бекер обалы не керек, облыстық шығармашылық орталық пен мәдениет басқармасы бізді шақырып алып, ақылдасты. Сосын біздің ұсыныстарымыздың кейбірі алынды, қалған жерлерінде өз беттерінше кетті. Ол байғұстардың да үстінен қарап отырған дөкейлер бар. Әлде солардың ыңғайына жығылды ма екен?.. Той жаман өтті деуге келмес. Бірақ таңдап алынған уақыт қолайсыздау болып шықты. Күзге қалып қойды. Бастапқы жоспар бойынша, той маусым айында ұйымдастырылуы қажет еді. Жазда іште де, түзде де төр емес пе?! Күздің қара суығында Мұхиттың басына барып қайтудың өзі машақатқа айналды. Бабамыздың рухы ұрпақтарым шамалы қиналсын деп сынақ жасады ма, кім білсін?! Ат жарысы, ән кеші болды. Оған да шүкір дейміз. Мұхиттың 165 жылдығында да, Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдығында да ән байқауы ұйымдастырылды. Ән байқаулары жиілеп кетті, бірақ ылғи – қайталанатын бір дүние. Бес-он жылға дейін дәстүрлі әннен байқау өткізбей, есесіне Мұхиттың осы тойына үш жүзден әнші шақыратын болып келісіп едік, ақыры әлгіндей болып кетті...
– Қазіргі кезде Мұхит бабамыз туралы ел ішінен табылған тың деректер, бүгінге дейін назардан тыс қалған әндері бар ма?
– Мұхиттың ескерілмей қалған әндері аз болуы ықтимал. Марқұм академик Ахмет Жұбанов оны жан-жақты зерттеп, «Замана бұлбұлдары» кітабында жазып кетті. Кейін біршама әнін атақты Ғарифолла Құрманғалиев Қазақ радиосына әкеліп тапсырды. Халыққа жетпеген, Затаевич нотасын түсірген бірен-саран әні болуы мүмкін. Алдағы міндет – сол. Сәуле Жанпейісова «Қилаш» сияқты сондай әндерін радиоға жаздырыпты. «Бояушы-бояушы дегенге бояушы сақалын бояпты» демекші, «Мұхит бүйткен, сөйткен» деп елді адастырушылар бар. «Үлкен Айдай», «Кіші Айдай» атты әндердің шығу тарихына байланысты дау туып жүр. Ахмет Жұбановтың зерттеулеріне және Қазақ радиосындағы «Әнші Мұхит» радиоқойылымындағы мағлұматқа сүйенсек, Мұхит өзі ұстаз тұтқан, кейіннен тіпті тілеулес дос болған Бала Ораз деген әншіге арнап ән шығарған. «Бала Ораз» әнінің атауы «Кіші Ораз» делініп, ақырында «Кіші Айдайға» өзгереді. «Айдай» деген – әннің қайырмасында кездесетін одағай сөз. Мұхиттың әзілқұмар жора-жолдастары: «Бала Ораз» қашанғы бала болып жүре береді, кіші өспей ме екен?!» – дейді. «Сендер солай ұйғарсаңдар, халқымнан аянатын өнерім бар ма?!» – деп ол «Үлкен Ораз» әнін шығарыпты. Бұл – «Үлкен Айдай» әні. Соңғы кездері біреулер Мұхит Таңдай, Айдай дейтін екі қызға ғашық болып, осы әнді арнаған деген жорамалды алға тартуда. Өздерін жұрт танығаннан кейін аузымнан шыққанның бәрі ақиқат деп ойлай ма екен?! Ахмет Жұбанов өз деректерін Мұхиттың көзін көрген қариялардан жинаған. Ал оның бергі жағындағы дерек берушілер – комсомол қарттар. Мұхиттың көзін көрмеген комсомол қарттардың өнер туралы айтқанына қалайша сенуге болады?! Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос», – демей ме?! «Ғарифолла Құрманғалиев Атырауда туған» деп бір профессорымыз жазып жіберіпті. Мұндай әсіре жершілдіктің не қажеті бар?! Ғарекеңе байланысты кез келген естеліктен «туған жері – Батыс Қазақстан облысына қарасты Қаратөбе ауданы» деген жазуға кезігесіз. Осындай қасақана бұрмалаушылыққа жол бермеуіміз керек. Кейінгі зерттеушілер бұрынғылардың жазып кеткендерімен санасса екен деймін. Өйткені олар дәйекті ән тұлғасына бір табан жақын адамдардан алды. Затаевич нотаға түсірген Мұхиттың бір күйі анықталған еді, оны Қаршыға Ахмедияров орындап шықты. Ол күйді біздің филармонияның Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптары оркестрінің дирижері Еркін Нұрымбетов оркестрге түсірді.
– Қазақ әнінің әр түрлі мектептерге бөлінетіні рас. Әйтсе де өнерді алалап, бөлшектеп қарау дерті белең алғандай көрінеді...
– Әр мектептің ерекшелігінің айтылғаны дұрыс, бірақ соның бәрі қазаққа ортақ екенін ұмытпауымыз керек. Орыс әндерінің саратовтық, еділдік, сібірлік деген тәрізді ерекшеліктері бар. Бірақ олар оны бір орыстың ортақ мұрасы ретінде қарайды. Тағы басқа елдерде де – солай. Бізде де мектептердің ізін жоғалтпаған жөн, бірақ алалап қарау дұрыс емес. Баяғыда теледидар, радио деген болған жоқ. Өнер адамдарының қарым-қатынасы нашар болған. Өйткені жер шалғай. Батыста – Көкжар, Жетісуда – Жаркент, Арқада Атбасар жәрмеңкелері болған. Сол жәрмеңкелерде ғана сал-серілер бас қосып, арқа-жарқа өнер сайыстырады екен. Бір аймақтың өнерпаздарының келесі атырапқа қатынауы қиынға соққан. Сондықтан өнері де дараланып, түрлене түскен. Қалай болғанда да, барлық музыкалық құндылығымыз жалпымызға ортақ. Түр мен мазмұнға бай өнерді алалауға қарсымын.
– Кез келген саланың кәсіби мамандары ел орталықтарында әзірленеді. Бұл – музыка саласына да тән құбылыс. Алайда өзіңіз сияқты нағыз өнер майталмандарының аймақтарда елеусіз қалып қойып отырған жайы бар. Астана мен Алматы сияқты қалаларда дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап па едіңіз?
– Бұл жөнінде батыс ән мектебі қатты жапа шегіп отыр. Өйткені батыс ән мектебі Астана мен Алматы сияқты алып шаһарлардан шалғай жатыр. Консерваторияда батыс ән мектебінен қыздардың емес, ер адамдардың сабақ бергенін қалар едім. Қартайған кезімде мен келмей-ақ қояйын, бірақ қаншама мықты әнші жігіт бар емес пе?! Консерваторияда білімін жетілдіріп, осында дәріс берсе деймін. Бірақ оған үй мәселесі мүмкіндік бермейді. Ең құрығанда, жатақханадан бөлме тауып берейік, кейін пәтері болады деген емеурін болса, қанекей?
– Жас әншілердің кәсіби біліктілігіне көңіліңіз тола ма?
– Атырауда Қайрат Кәкімов деген азамат бар. Әнді тамаша салады. Теориялық жағын айта алмаймын. Дегенмен жастардың ішінде үздік әнші ретінде Қайратты атар едім. Менен оқыған Армат, Мирас, Сағдат Рахметжановтың класынан бітірген Дастан – бәрі де болашағынан үлкен үміт күттіретін өнерпаздар. Бір жаман қасиетіміз: ән айтуды игеріп аламыз да, музыкалық сауаттылыққа келгенде ақсаймыз. Мен батыста 18 жыл бекер отырған жоқпын. Жақсы әншілер бар, бірақ жарнамасы төмен. Жарнамасы болмаған соң, концерттерге де шақыра бермейді.
– Халық әндерін эстрадаға қосып орындауға қалай қарайсыз?
– Біздің ұлттық ән өнеріміздің негізі домбыра ғой. Эстрадаға жақсы икемделетін де халық әндері бар. Кейбір халық композиторларының әндері эстрадаға қосылғанда бөгде биені бөтен құлын еміп жатқандай әсер қалдырады. Мұхиттың «Зәурешін», «Үлкен Айдайын», «Кіші Айдайын» эстрадаға салғаннан ештеңе ұтпаймыз. «Музыкаға тілдің керегі жоқ» деп жатады. Өнерді түсінбейтін адам үшін керемет әнді қорлаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Мұхиттың, Ғарифолланың әндері ұлт аспаптары оркестріне қосылған. Мұндайды қолдауға болады.
– Көз жанарыңыздағы мүкістік сізге көп кедергісін келтірген-ақ шығар?..
– Мен әу баста белгілі бір дәрежеде көретін едім. Ішкі түйсігім жанарымның мүлде кететінін сездірді. Содан бастап білімімді шыңдауға күш салдым. 70-жылдары музыка училищесінің классикалық әншілер даярлайтын факультетін бітіріп алдым. Әуелі ауылдағы мектепте, сосын мәдениет саласында қызмет еттім. 1991 жылы Мұхиттың 150 жылдығына байланысты сол облыстағы Құрманғазы атындағы музыка училищесінде дәстүрлі ән класы ашылып, 18 жыл сонда сабақ бердім. Көз де біртіндеп құри бастады. 2004-2007 жылдары Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқып шықтым. Нашар көздің еш бөгеті болған жоқ. Лекцияны диктофонға басып аламын. Бір естіген музыкам онсыз да үнемі құлағымда тұрады. Осы көзіммен-ақ университетті үздік дипломға тамамдадым. 70-жылдары облыстық мәдениет басқармасының бастығы менің өсуіме кедергісін жасады. Басқа кедергі кездестірмедім.
– Қазір елімізде экономикалық қана емес, рухани дағдарыс та сезіледі. Шынайы өнерді бағалайтын ортаның қатары сирегені алаңдатады. «Есті ән мен есер әнді» ажыратудан да қалып барамыз. Өзіңіз тамыр байлаған өлкеде жалпақ жұрттың ұлттық өнерге қызығушылығы қалай?
– Бұрын қаладан домбыра ұстайтын жан таба алмай, жас талаптарды ауылдан іздеп жатушы еді. Соңғы кезде керісінше болып бара жатыр. Қаладағы музыка мектептерінде оқитын балалар домбыра, қобыз аспаптарын тартады. Мұнда дәстүрлі әншілер де бар. Ал ауылдарымыз мәңгүрттеніп барады. Концертпен ауылға шықсаң, анау жоқ, мынау жоқ дегенді желеу етіп алған. Жұрттың шекесі шылқып тұрмаса да, жағдай тап 90-жылдардағыдай емес шығар. Билеті ең арзан деген бағаға қойылған концерттерге келгісі келмейді. Концерттен шықсаң, әлгінде ғана ақша жоқ дегендерің сымға тізілген қарлығаштай қатарласып алып, сыра ішіп отырады. Таңды таңға ұрып карта ойнайтындар да жеткілікті. Жай ойнамайды, ақша тігеді. Ішімдікке, ойынға ақша табылады да, ұлттық өнерімізге келгенде пейіліміз тарылады. Міне, бұл – рухани азғындағанымыздың көрінісі. Сосын тағы бір мәселе, концерттерде жеке күйлер орындала бермейді. Оркестрмен ғана шығады. Дәстүрлі әншілер шеруі дейтін бір дертке шалдықтық. Төрт-бес әншіні сахнаға шығарып, бір-бір шумақтан ән айтқызады. Одан да бір ғана әншіге екі-үш ән орындатқан жөн. Ұлттық өнер өкілдерін мазақ еткендей нәрсе ғой! Дәстүрлі әншілер ән айтты деген аты ғана болмаса, заты жоққа тән. Осындай келеңсіздік қазақ әнінің бағасын түсіреді. Осыны ойлап тапқан режиссердің көзін ойып алу керек.
Алашқа айтар датым...
Тіліміз дамып келе жатыр дейміз. Бұрынғыға қарағанда шүкір ғой. Бірақ әлі өрісі тар. Жаңа 5 мыңдық теңге шығыпты. Бір жағы – орысша, бір жағы – қазақша. «Пять тысяч» дегенді жазбаса да, бәрібір түсінеді ғой! Ресейдің құрамында қаншама автономиялық республика бар! Солардың қайсысы орыс тілін ақшаларына қосып отыр? Ақша керек адам өзі-ақ түсініп алады. Артық жалпақшешейліктен арылған жөн! .