«Мұқағалидың миына ұлттың коды жазылған»

«Мұқағалидың миына ұлттың коды жазылған»

Батық Мәжитұлы, «Мұқағали» журналының бас редакторы, ақын:

– Сөз жоқ, Мұқағали қазақ поэзиясындағы алып тұлға. Ақын ретінде әрі мұқағалитанушы ретінде, осындай бағалаудың сыры неде деп ойлайсыз?

– Менің пайымдауымша, сөз өнерін ұстаған адамның нағыз ақын атануы – ең үлкен бақыт. Мұндай атақ ешбір жарлықпен, ешқандай өкіммен келмейді. Көңілге қонатын өтімді сөзді халықтың өзі қабылдайды. Іздеп жүрген асылын тапса қуанады. Өзінің ішкі сырына сәйкес келсе, нағыз ақынның жырын қолынан тастамайды. Жадына тоқып сіңіріп, жаттап алады. «Жүрекке әмір жүрмейді» деген мақал бар ғой, осы тәмсілді оқырманға қаратып айтуға болады. Бұл менің ойлап тапқан жаңалығым емес. Өмір тәжірибесінің өнерпазға арнаған ортақ сабағы. Мұқағалидың ерекшелігі сол, ақын аға өмір сабақтарының түбін дұрыс түсінді.

Сондықтан жасындай жарқылдаған саналы ғұмырын түгелімен өлеңге арнады. Өлеңге арнау дегенді, төпелеп жаза берумен шатастырмады. «Бір жырым – менің бір балам» дегенін талантымен де, тағдырымен де дәлелдеп көрсетті. Өнер үшін, өлең үшін жанкешті сапарларды басынан өткізген дарынды әріптестерін өнеге тұтты. Ол кісінің тұрмыстық хал-ахуалында біздің жұмысымыз жоқ. Бізге керегі шығармашылық мұрасы. Ал ақын Мұқағали өзінің қаламгерлік тектілігіне қылау түсірмеді. Халқына асыл қазына қалдырған тұлға туралы осылай әңгімелеген дұрыс шығар.

Егер Мұқағали даңғаза дақпырттарға әуес болып, ұйқастыру қызығына берілсе, арзанға алданса – қолпаштан көз ашпайтын еді. Ақынның ішкі әлемінде сөздің қоры да, ұйқастың қоры да өте мол болатын. Селдетіп төгіп, көпшілікке қиқулата қол соқтырып, елеңдеген қауымның назарын өзіне қаратып мәз болуға мүмкіндігі жететін. Бірақ олай етпеді. Алыс сөрені көздеген ұлы қаламгер «Бөліп жарған қайсыбір қуаныштан, Оңаша ойландырған мұңым артық» деген қағиданы берік ұстанды. Отыздан асқанша жыр сахнасына шықпады. Екі шоқып, бір қарап, арынын тежеп, дарынын шыңдап, сары алтындай сабырымен шыдап, өзін-өзі түзетіп, өзін-өзі сынап, «ақырын жүріп, анық басты». Дүние тылсымын көре білуге жаратылған хас таланттың ешкімге ұқсамайтын сипаты осындай еді. Өлең жауапкершілігін сезінудің нәтижесі Мұқағалиды қандай биікке көтергені бәрімізге белгілі.

– Ақиық ақынның жеке басына қатысты  алуан түрлі пікірлер айтылады. Біреулер ерекше аспандатып жібереді. Екіншілері ақын өмірінің кейбір тұстарын ойып алып, тұқыртуға пайдаланады. Әркімнің өз дәлелі бар. Бәріне бас изегеніміз дұрыс па, әлде...

– Кім болса да, өзінің қалам ұстаудағы мүмкіндік шегін біледі деп ойлаймын. Несібеге не істей алады? Артық та болмайды, кем де болмайды. Мұқағали да халқына қандай дәрежеде қызмет еткенін өзі білді. Жүректегі отының қуаты, жыр жазу үшін еселеп сіңірген еңбегі жемісін берді. Мәуілжіп пісіп, жайқалып тұрған өлең өлкесінің егініне қарап, еңбеккер жанның көңілі талай рет марқайған шығар. Дәнін теріп жеген оқырманы рухани азыққа кенеліп, уыздыққа жарыды. Мұндай өнім берген авторды халықтың естен шығаруы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Соны білгендіктен ғой, ақиық ақынның келешекке арнап «Жазылар естеліктер мен туралы...» дегені.

– Бүгінде «Мұқаңмен бірге жүргем, талай басын жазып беріп, қиналып жүрген кезінде көмектескем...» деген сыңайдағы шын-өтірігі аралас естеліктер көбейіп кетті. Осындай алыпқашпа әңгімелер ақиық ақын тұлғасын көмескілендіріп жіберетін сияқты...

– «Өлеңдерімді мың қазақ жадына сақтаса – бақыттымын!» деуші еді жарықтық...

Біз – ақынның артында қалған оқырманы, ақын туралы естеліктерді қай тұрғыда, қалай жазып жатырмыз? Сондай естеліктердің кейбіреуін оқып отырғанда байқағаным, оны жазған кісілер сол шығарманың ең жақсы кейіпкеріне өзі айналып кеткен. Бұл бұрыс па, әлде дұрыс па, оны патша көңіл жұрттың өздері анықтап ажырататын шығар.
Ақын туралы сөз айту жауапкершілікті талап етеді. Көзді жұма салып, ақынмен жолыққан сәттің бәрін оқиғаға оқиға қосып баяндап шығудың не қажеті бар? Туысы болсын, сыныптасы болсын, әріптесі болсын – Мұқағали бойындағы нағыз ақындықтың қуатын кезінде байқады ма екен? Сондай әсердің ерекшеліктерін әңгімелесе оның жөні бөлек. Өткеннің өнегесіне қайырылып қараған жан өзі де толғанады, тыңдаушысын да ғибратқа бөлейді.

«Мұқағалиды үйіне мен апарып тастадым» деген тіркестерден не түсінеміз? Сол сияқты, «Мұқағалидың ақындығын бала кезінен білдім, бала кезінен сездім» деген секілді бөспебай пікірлерге де сенгің келмейді. Бала кезінен білген адамдар Мұқағалидың «Ильич» атты поэмалар кітабы шыққанда «Сенің Ленин туралы мақалаңды оқыдық» деп құттықтамайтын еді. Бұлай дегенде, біз естелік жазуға мораторий жариялап отырғанымыз жоқ. Тек бос әңгімелер озып кетіп, есесіне кейбір ағайындар өзінің адал көзқарасын білдіруге тартынып, кешеуілдеп отыр ма деп алаңдайсың. «Миына ұлттың коды жазылған» деп Мұқағалидың пенделігінен бұрын, ақынның алапат талантын таныған Марат Қабанбаевтардың естеліктері өте құнды дүниелер.

– Былай қарасаңыз, мұқағалитану үрдісі енді-енді сабақтасып жатқан сияқты. Әсіресе, ақын шығармашылығын ғылыми тұрғыда талдап-таразылау жағы кемшін. Ал мәселенің шын мәніне үңілсек, тереңге бойлағандық аз. Бұған қалай қарайсыз?

–1971 жылы Әбіш Кекілбаевтың Мұқағалиды даралап көрсеткен мақаласы «Лениншіл жас» газетіне жарияланды. Ақын дүниеден озғанда қабірінің басында тұрып Әбділда Тәжібаев адал сөзін арнады, тебірене сөйледі. Осылардың бәрі мұқағалитанудың кіріспесі еді. Содан бері бұл үрдіс тоқтаған жоқ, өзара сабақтасты, жалғасып келеді.
Десек те, мұқағалитану ізденісі ғылыми тұжырымда тереңдеді деуге әлі ерте. Жұмбақтары мен құпияларын сыр сандықтың ішінен суырып алып, елді таңырқататын ерен еңбектерді күтіп жүрміз. «Туады, туады әлі нағыз ақын» деп ақынның өзі айтқандай, нағыз мұқағалитанушының туатын күні де жақындап қалған шығар.

– Мұқағали – Абай мектебінің шәкірті. Ақиық ақын өз ғұмырында Абай өнегесіне адалдығын көрсетті. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Абай атамыз қазақтың сөз өнерін шыңдауда теңдесі жоқ тер төкті, өте үлкен еңбек етті, ұлы мектеп қалыптастырды. Қара өлеңнің асылдарын көкейінде қорытып, ұлтымызға классикалық поэзияның үлгісін жасап берді. Алған білімін, жинаған нәрін осындай мақсаттарға жұмсады. «Сөз түзелді, тыңдаушым...» дегені бекер емес.

Мұқағали Абай өсиетінің маңызын дұрыс ұқты. Ұлы ақын қалдырған жауапкершілікті өз мойнына алды. Абайдан үйренді, Абайдан именді. «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай бірақ қайтадан тіріле ме?!» деп толғануы жүрегіндегі шындықтың дауысы еді. Өзіне жол көрсеткен ұлы ұстаздың ғибраттарына адал болды. «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» дегені де сондықтан.

Жолыңыз түсіп Қарасаздағы ақын мұражайына бас сұқсаңыз, Мұқағалидың жазу үстелінің үстінде тұрған Абайдың мүсінін көресіз. Абайға қарап арқаланған, Абайға қарап өзін-өзі қамшылаған. Ұлы ақынның шәкірті атануына бұдан артық қандай дәлел керек.

– Соңғы кездері «Мұқағали оқулары» өріс ала бастады. Қаршадай балалар сүйікті ақындарының бүтіндей бір кітабын сүрінбей жатқа айтып жатады. Соның біразына қатысқан да шығарсыз. Бұл шара ақынның атына лайықты деңгейде өткізіліп жүр ме?

– «Мұқағали оқулары» деген шараның атауы жақсы-ақ. Оны өткізген кезде Мұқағали өлеңдеріне жастарды өзіміз бейімдегендей марқайып қаламыз. Егер, соны өткізбей қойсақ қайтер еді? Өткізбей қойсақ та Мұқағали өлеңдерін жұрт баяғыдай оқи береді. Баяғыдай жаттайды, Мәселен, ақпарат құралдарына ақынның туған күнін жыл сайын атап өтіңдер деген ешкім жоқ. Бірақ олар жыл сайын ұмытпай атап өтіп жатыр. Бұл нені білдіреді? Демек, Мұқағали мұрасы халыққа керек.

Сондықтан «Мұқағали оқуларын» жаңартқан дұрыс. Қасаң қалыппен қайталай берудің қажеті жоқ. Түгелдей түлету мүмкін емес әрине. Бірақ жыл сайын бұл істі аздап тыңайтып, аздап ширатып, дамытып отырсақ оның несі жаман. Шығармашылық ізденістер керек деп жатамыз. Керек болса қолға алайық.

«Мұқағали оқуларын» Алматыдағы Оқушылар сарайында, немесе Мұқағали атындағы мектеп-гимназиясында өткізген жөн бе деймін. Біріншіден, қаланың мектептері, ақпарат құралдары өкілдері оған көптеп қатысар еді. Екіншіден, облыстардан келген балалар бір сәт болса да бұл жерде үлкен қаланың үлкен мәдениетімен танысады. Мұқағали көшесіндегі ақын ескерткішінен әсер алады. Жазушылар одағына бас сұғып, киелі үлкен орданы көреді. Кеңсайдағы Мұқағали зиратының басына барып гүл шоқтарын қояды. Өйткені «Мұқағали оқуларына» келген балалар күні ертең ақын атасы секілді үлкен қаламгер болсам деп үміт қуып жүргендер. Ал негізгі шара аяқталған соң, қатысушылардың бәрі Қарасазға барып ақын өскен өлкеге саяхат ұйымдастырса қандай жақсы. Бұл – балалардың өсуіне қалай ықпал жасауымыз керек деген ойдан туған менің жеке пікірім.

– Бізде белгілі тұлғалардың атымен аталатын бірнеше басылымдар бар. Соның бірі «Мұқағали» журналы. Бұл басылымның басты мақсат-мұраттарын баяндап берсеңіз?

– «Мұқағали» журналын шығару оңайға соққан жоқ. Оның салмағы мол, жауапкершілігі зор болды. Жүкті көтере алмай тәлтіректесек қайтеміз деп те қобалжыдық. Бірақ ақын мұрасын бүгінгі ұрпаққа насихаттайтын басылым қажет еді. Сондай идея бізді мазалады. Жобаны бекіткен соң, іске бел шешіп кірістік. Міне, содан бері төрт жылдың жүзі болыпты. Амандық болса, алдағы ақпан айында 50-нөмір оқырман қолына тиеді.

Ақын туралы жазылған зерттеулер мен естеліктерді бір басылымға жинақтадық. Жаңа пікірлер мен жаңа ойлардың өріс алуына мұрындық болдық. Ақын өміріне қатысты деректер мен дәйектерді жүйелеп, көпшіліктің назарына ұсындық. Мұқағалиға арналған өлеңдер сериясын жарияладық. Мұқағалидың сөзіне жазылған әндерді топтастырдық. «Ақынның атамекені» деген айдармен аспантаулар өлкесінің ойы мен қырына саяхаттар жасап, әңгімеледік. Айта берсек, журнал атқарған жұмыстардың тізбесі аз емес. Ең бастысы, тұрақты оқырмандар легін қалыптастырдық. Білікті авторлар тірегімізге айналды.

Байқаған жанға бәрі анық, Мұқағали мұрасы тұнып тұрған кеніш. Ақтарған сайын тереңдейді. Өлеңдеріндегі әр жолы айдар, әрбір тіркес дайын идея. «Қиядан шауып, қисынын тауып» пайдалансаң болғаны. Өзіне-өзі қызмет етіп жатқан ен-тегін байлық. Халқына осыншалық қазына қалдырған асыл ағаның туын көтерсек, ол абырой емес пе?!
Мүмкіндік болса, журналды түгендеп оқыған дұрыс. Өйткені бір нөмір екінші нөмірді толықтырады. Қазір оны мектеп мұғалімдері мұқағалитану дәрісіне оқулық ретінде пайдаланып жүр. Алдағы жылы жаңа мәселелерді көтереміз. «Ұлы ақынды ұлықтаған тұлғалар», «Ақын атындағы мектептерде», «Дін – ғылымның анасы» деген секілді айдарлар бойынша материалдар беріледі. Сол сияқты, келешекте құрастырылатын «Мұқағали» энциклопедиясына керек болатын деректі анықтамаларды да ақырындап бастап, журнал бетіне шығара берсек деген ойларымыз бар.

– «Халықаралық Мұқағали қоры» жұмыс істеп жатыр деп естиміз. Ол қордың «Мұқағали» журналына қатысы бар ма? Қор қаржылай және басқа да қолдау көрсете ме дегеніміз ғой...

– Кейінгі кезде сұхбат сұраған әріптестерім маған осы сауалды жиі көлденең тартатын болды. Сұраған екенсіздер, жауабын айта кетейін. Қазір Мұқағали атындағы халықаралық қоғамдық қор жұмыс істейтіні рас. Оның рәсімделіп, тұсауының кесілгеніне біраз уақыттар болды. Қордың төрайымы – ақынның туған келіні Бақытгүл Айдарова. Ол кісілер Мұқағалидың «Күнделіктерін», жыр кітаптарын шығарды. Басқа да ойластырған идеялары болуы керек.

Енді «Мұқағали» журналына қатысты жағын айтатын болсақ, журналға демеушілік көрсетіп жатқан басқа қор. «Сарыжайлау» қоғамдық қоры. Әнін Нұрғиса Тілендиев ағамыз жазған ақынның әйгілі «Сарыжайлау» деген өлеңі бар ғой, міне, қоғамдық қорға халық ұнатқан шығарманың атын ырымдап қойған болатынбыз.

– 2011 жыл Мұқағалидың 80 жылдығы. Оған да жақын қалды. Ақын тойы – ұлттың тойы. Оның қандай болғанын қалайсыз және мұқағалитану төңірегінде атқарылуы тиіс дейтін басқа қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Ертеректе атақты ақындардың академиялық жинақ томдары басылғанда оны шығару үшін арнаулы алқалы топ құрылатын. Мұқағалидың шығатын кітаптары үшін де сондай алқа құрылса өте жақсы болар еді. Әрбір өлеңінің бұрынғы-кейінгі нұсқаларын салыстырып, ағаттық жібермеуге тырысуымыз керек. Өйткені ақын мұрасы – ел мұрасы, қасиетті мұра.

Ал Алаштың азаттығын іштей армандап кеткен ақынның мерейтойы ерекше болатын шығар деген сенімдемін. Өйткені 80 жылдық егемендіктің буыны қатқан шағымен тұспа-тұс келіп отыр.

Өткен жолы Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов мырзамен осы мәселе жөнінде кең пікірлестік. Ол кісінің ойы, жүзеге асырсақ деген жоспарлары бізге қатты ұнады. Қарасаз ауылын абаттандырып, ондағы ақын мұражайын күрделі жөндеуден бастап, бірқатар жұмыстарды тиянақты қолға алуға белсене кірісетін секілді. Сонымен қатар, Мұқағалиды ұлықтайтын мәдениеті жоғары, мазмұны терең шараларға ден қойып отыр екен. Амандық болса, болғаннан боладысы қызық қуанышқа бәріміз де қатысармыз.

Бір сәт...
Нарынқолда Оралбек Шамырқанов деген ағамыз тұрды. Мұқағалидың қатарласы. Сол кісіден естіген бір әңгімені ортаға салайын. Екі дос Алматыда кезігіп, мейрамханада ас-су ішіп отырады. Бір кезде Мұқаң күркіреген зор дауысымен өлең оқиды. Оқығанда жәй өлең емес, үкіметке, саясатқа қарсы келетін өлең оқиды. Компартияның заманында мұндай батылдық үшін бас кететіні белгілі. Оралбектің иманы ұшады. Ал Мұқағали ағамыз айылын жимайды. «Қасымызда таяу отырған бір адам бәрін тыңдап тұрған. Сол далаға шығып кетті. Сөйтсек, кезекші милиционерді ертіп келіпті. Төменге түсіп бәріміз сақшының кабинетіне кірдік» – деді Орекең.
– Оқыдыңыз ба? – деді ол.
– Оқыдым, – деді Мұқаң. Онымен қоймай, манағы өлеңді тағы қайталады.
– Мұны соттау керек! – деді шағымданып келген «патриот». Сол кезде Мұқағали өзі аударған америкалық ақын Уитменнің жинағын қалтасынан суырып алып: – Соттасаң, көрден суырып алып, мына ақынды сотта! – деді. Шағымданушы үнсіз отырып қалды, милиционер ағаттығы үшін ақыннан кешірім сұрады, – деп өткенді еске түсіріп, арқа-жарқа болып күлетін.
Ойламаған жерде бір жас жігітті кезіктірдім, Мұқағали жазды деп мазмұны анайы өлеңді жатқа соғып тұр. Тыңдағандар мәз. Жымың-жымың етеді. Мұқағалидың өмірінде мұндай өлең жазбағанына мен куә болып, ортамызда жоқ ақынды әлгілерден әрең арашаладық. Кейде осындай да болады. Мұндай «білермендіктер» ешкімге абырой әпермейді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста