Мектепте – діндер тарихы, ал дінтану жоғары оқу орындарында міндетті пән ретінде қалыптасуы қажет

Мектепте – діндер тарихы, ал  дінтану жоғары оқу орындарында міндетті пән ретінде қалыптасуы қажет

Нағима БАЙТЕНОВА, философия ғылымының докторы, профессор:

– Өзіңіз білесіз, былтырғы оқу жылынан бастап барлық мектептерде дінтану деген пән оқытылып келеді. Осы пән туралы қоғамда алуан пікір бар. Дінтанушы маман ретінде сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Дінтану пәні мектеп бағдарламасына енгізілгеннен кейін қоғамда түрлі пікір туды. Сала мамандары кеш болса да бұл пәннің мектеп бағдарламасына енгізілгенін қолдаса, енді бірі «оқушының басын дінмен қатырудың қажеті қанша?» дегенді айтып жатыр. Менің жеке көзқарасымды білгіңіз келсе, мен бұл бастаманы толықтай қолдай­мын. Дінтану пәнінің оқу бағдарламасына енгізілуі дұрыс деп есептеуіме бірнеше себеп бар. Біріншіден, Қазақстан орналас­қан географиялық орталық 70 жылдан астам салтанат құрған атеизм дәуірін тәрк етті. Қазір ТМД аумағында діни ренессанс дәуірі жүріп жатыр. Яғни діннің қайта жаңғыру үрдісі жүргізілуде. Екіншіден, қазір дін мәселесі өте күрделеніп кетті. Белгілі бір географиялық орталықты ғана емес, әлемнің барлық нүктесінде дін мен саясаттың тұтасып кеткен жағдайлары жиі кездеседі. Үшіншіден, қазіргі кезде ұлт­тың қалыптасқан дәстүрлерін мойындамау арқылы қоғамның біртұтастығына нұқсан келтіретін діни секталар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсіп бара жатыр.
Діни секталардың қулығына құрық бойламайды. Сектанттардың жұмыс істеу тәсілдерінің қасында «мен» деген саяси технологтер мен психологтердің жұмыстары жіп есе алмайды. Өзгеше ойлайтын дәстүр­лі емес дін өкілдері жергілікті халықтың тілін, мәдениетін, менталитетін меңгеріп алып, халықты зомбилеу жұмыстарын жүр­гізуде. Әлеуметтік көмектер беру арқылы өздеріне тартып жатыр. Тіпті бизнес пен саяси элита өкілдерін өздеріне қарату арқылы өздерінің брэнді ретінде қоғамға ұсынады. Қоғамға шынайы әрі объективті ақпараттар беру үшін, ақ пен қараны ажы­рату үшін дінтанудың жеке пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілуін құптауға болады. Бірақ мектепте діндер тарихы оқы­тылуы керек, ал дінтану жоғары оқу орын­дарында міндетті пән ретінде қалыптасуы қажет.
– Бағдарлама енгізіліп кеткеннен кейін ғана оқулық мәселесі көтерілді. Әдетте оқулық әзірленіп, ол жан-жақты зерттелгеннен кейін ғана пайдалануға беріледі. Сіздің айтарыңыз бар ма?
– Оқулықтарға байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында мәселе көтерілді. Оқулықты жазып шыққан авторлардың барлығы да – дінге қатысы бар ғалымдар. Бірақ оқулық мәселесінің қоғамдық пікірге айналып кетуіне сыртқы күштердің ықпалы болды ма деп ойлаймын. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бұл дау кітаптағы жаңа ұйымдар туралы бесінші тарау бойынша шығып отыр. Жаңа діни ағымдардың өкілдері «аталған оқулықтарда мемлекеттің басым бағыттарының бірі – толеранттық мәселесі туралы сөз жоқ» деп наздарын білдірді. Академик Ғарифолла Есімнің секталардың бетпердесін ашып берген оқулығы, әрине, оларға ұнамайды. Иә, көп ұлттан, көп діннен тұратын біздің мемлекетімізге қажет. Бірақ әр нәрсенің шегі болады ғой. Төзімділікті біржақты түсі­ніп, науқанға айналдырып жібердік. Толе­ранттық – француз сөзі. Франция прези­денттерінің бірі «Толеранттықтың да белгілі бір мөлшері болады. Егер ол шегінен шы­ғып кетсе, қоғамға қауіп төндіреді» деген екен. Яғни толеранттықты желеу етіп, кім не айтса, соның бәрін оқулықтарға енгізіп, балаларымызға сол арқылы білім берсек, жалпақшешей ұрпақ тәрбиелеп шығарма­сымызға кім кепіл? Онда біздің ұлттығы­мыздан, елдігімізден береке кетеді.
– Діни кеңістікте кейінгі кезде үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Бұл мамандарды даярлауда ескеріліп отыр ма?
– Ғаламдық үрдістер өте жылдам жүріп жатыр. Бүгін аса қажет болған құнды дү­ниең­нің ертең түкке тұрғысыз болып қалуы ғажап емес. Жаһандану үрдісінің ерекшелігі де – осында. Діни ахуал да заман өткен сайын күрделеніп келетіні жасырын емес. Меніңше, мамандар әзірлеуде де уақыттан қалып қоймауымыз керек. Ол үшін оқулық­тар, қажетті материалдар жаңаланып отырылуы шарт.
– Дін мәселесі өте нәзік болса да, ақпарат құралдарында жауыр болған тақырыптардың бірі. Журналистер секталардың тайраңдап жүргенін халыққа жеткізгенімен, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен дінтанушы емес. Яғни тереңірек зерттеп-зерделегені сала маманының талдауындай болмайды. Меніңше, дін тақырыбын ғылыми тұрғыда зерттейтін орталықтар құрылуы керек сияқты. Бұған не дейсіз?
– Өте дұрыс айтасыз. Бізде саяси, экономикалық, мәдени, әлеуметтік зерттеу орталықтары бар. Сол орталықтар осы салалар бойынша сараптамалар, болжам­дар жасап отырады. Биліктің өзі осындай орталықтардың зерттеулеріне құлақ асып жатады. Қазіргідей діни ахуал күрделеніп тұрған кезеңде, меніңше, зерттеу орталық­тары көптеп ашылса артық етпейді. Бізде аталған орталықтар жоқ деп айта алмай­мыз. Мемлекет тарапынан арнайы комитет құрылған. Сол комитеттің құрамында дін мәселелерін зерттейтін институт жұмыс істеп жатыр. Үкіметтік емес ұйымдардың арасында да бар. Бірақ олардың саны тым аз. 16 млн халық арасында 4000-нан аса діни ағымның болуы біздің елдегі діни ахуалдың қандай екенінен хабар береді. Ендеше, осы тақырыпты зерттейтін инсти­тут­тар да мейлінше көп болғаны дұрыс. Қазіргі зерттеу орталықтары жалпы дін туралы түсінік беруден әрі аспай жатыр. Әрбір діннің басын бір шалмай, әр дінді, тіпті әрбір ағымды талдайтын зерттеу орын­­дары қажет.
– Дінтану – қоғамдық ғылым. Десе де бұл мамандық бойынша көбінесе ислам қағидаларын бұлжытпай орындайтын азамат­тар оқиды. Осыдан кейін бе, дінтану мамандығын әркім әртүр­лі түсінеді. Тіпті бұл маман­дықты молданың оқуы дейтіндер де бар. Азаматтардың дін жайын­дағы түсінігін қалыптас­тыруға бағытталған ғылым туралы дұрыс түсінік қалыптаспай отыруының себебі неде?
– Өкінішке қарай, осындай пікірдің қалып­тасқаны жасырын емес. Біздің сту­дент­теріміз бен магистранттарымыздың арасында да мұсылмандықтың парыздарын өтеп жүргендер бар. Бірақ ондай студенттер заң, экономика т.б. мамандықтар бойынша тәлім алып жатқандардың арасында да бар ғой. Меніңше, ақпарат дұрыс жетіспей жатыр. Себебі көбі бізге оқуға тек қана ислам дінін оқытады деген түсінікпен келеді. Тіпті көзі ашық азаматтардың өзі ажыратпай жатады. Дінтану – физика, математика, философия сияқты ғылымның бір саласы. Пәннің атауында «дін» деген сөздің болуы – бұл пәннің зерттеу объектісі дін екенін ғана білдіреді. Бұл ғылыммен айналысуы үшін адамның белгілі бір діннің қағидаларымен жүруі шарт емес. Егер бір діннің ұстанымы тұрғысынан зерттеу жүргізілсе, онда ол ғылым болмайды. Бұл пәннің басты мақсаты – барлық діндер туралы қысқаша ақпарат беру. Бір қызығы, осы дінтану пәні мектепте оқытылады деген кезде түрлі діни ұйымдар ерекше қуанды. Олар «біз енді мектепте уағыз жүргізіп, діни сабақтар береміз» деп ойлады. Дәстүрлі діндер өкілдері де өзіміз оқулық жазамыз деп белсенділік танытты. Мұның бәрі – сырттай қалыптасқан көзқарас. Ал шын мәнінде дінтанушы маман Дін істері комитетіне, түрлі зерттеу орталықтарына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне өте қажет. Кедендерде дінтанушы деген арнайы жұмыс орындары бар. Шекарадан түрлі діни сипаттағы фильмдер, аудиожазбалар, кітаптар өткізіледі. Міне, осыларды сарап­тап отыратын арнайы білімі бар маманға сұраныстар болып тұрады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары неге секталар қаптап кетті? Бұрын сол секталардың жұмысына лицензияны әкімшіліктер беретін. Міне, сол әкімшіліктерде дін туралы түсініктері жоқ азаматтар оларға лицензияны таратып берген. Олардың біздің елдің аумағында жұмыс істеуіне рұқсат берместен бұрын сол діндердің жарғыларына тереңірек үңіліп, басқа мемлекеттердің ол ағымдарға деген көзқарасын, өзге елдерде қалай жұмыс істегені жайлы мәліметтерді білмеген адам олардың әдемі жазылған жарғыларына қарап тіркей беретіні анық. Ал кез келген діни ағымның түп-төркінін, қандай мақсат­та құрылғанын тек қана дінтанушы маман­дар ғана біледі.
– Дінтанушы шәкірттеріңіздің ішінде еліміздегі түрлі секталарды зерттеу арқылы жаңалық ашқан­дары бар ма? Діннен тың жаңалық ашу мүмкін емес қой, десек те  секталардың біз білмейтін қырла­ры көп. Солардың саясаты туралы тың деректерді қолға түсіріп жатыр ма? Себебі секталардың сырына үңіле бермейтін қарапа­йым халыққа маманның пікірі қымбат.
– Студенттер мен магистранттар ғылыми жаңалық ашып жатыр деп айта алмаймын. Дегенмен біздің кафедраның алдына қойған негізгі мақсаты – жас ғалым­дарды бұған дейін ешкім зерттемеген тақырыптарға салу. Жалпы, дінтану ғылы­мында зерттелген тақырыптан зерттелмегені көп. Қазіргі уақытта исламдағы «Хизбут-Тахрир» қозғалысы жайлы, уахабизм, христиан дініндегі саентология сияқты ағымдар туралы тереңірек зерттеп жүрген жас ғалымдарымыз бар. Араб, түрік, ағыл­шын тілін жақсы білетін студент, магистрант­тарымыз бар. Солар аталған ағымдардағы адамдармен тілдесіп, олардың өмір салтта­рын, түпкі мақсаттарының қандай екенін өздерінің ғылыми мақалаларында ашық жазып жүр.
– Діни күрес жүргізіліп жатқан қазіргідей кезеңде қазақ ұлтының иммунитеті не болуы керек?
– Секталардың арбауына түспес үшін әрбір адамның ішкі рухани иммунитеті болуы тиіс. Тұтас ұлттың иммунитеті сіз бен біздің иммунитетіміз арқылы қалыптасады. Біріншіден, әрбір адамның белгілі бір деңгейде діни сауаттылығы болуы керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ақпараттық-насихаттық жұмыстарын ұда­йы жүргізіп отыруы шарт. Және әр адам өз бетінше ізденісте жүрсе де артық етпейді. Екіншіден, саяси сауаттылық та аса қажет. Мен «діни экстремизм» деген түсінікті сая­си экстремизм деп қарастырамын. Егер дін таза күйінде болса, экстремизм деген мүл­де болмас еді. Қандай да бір дін жалпы-­ а­дамзаттық гуманистік идеяларды насихат­тайды. Дін саясатпен араласып, алдына бір саяси мақсат қойып, сол мүддеге жету жолындағы әрекеттерден осы діни экст­реми­зм шығып отыр. Үшінші әрі ең маңыз­дысы – ұлттың мәдениетіне берік болып, дәстүр құндылықтарын сақтай білу. Егер осы үшеуі ұштасып жататын болса, кез кел­ген қауіптің бетін қайтаруға болады. Мықты иммунитет – ұлттың жойылып кетпеуіне кепіл.
– Қазір қазақ жастарының дінге бет бұрып жатқанын айтып мақтанамыз. Бірақ солардың әртүрлі ағымда жүріп, бірімен-бірі ит пен мысық құсап жүргенін көпшілік біле бермейді. «Елдің ертеңі – жастар» деген сөз де жаттанды сөзге айналып кеткендей. Себебі сол жастардың ертең кім болып қалыптасатынына мән бере бермейміз. Маман ретінде бұл мәселенің шешу жолын ұсына аласыз ба?
– Қазір Қазақстан халқының 72 пайызы – мұсылмандар. Бірақ оның 26 этникалық топқа бөлінетіні де жиі айтылмайды. Қазақ­стандағы ұйғырлардың мешіті, шешен­дердің мешіті дегенге етіміз үйреніп кетті. Жұма намазы кезінде әр ұлт өздерінің меші­тінде басқосуға тырысады. Бұл  қауіпті. Ал ең қауіптісі – қазақ жастарының түрлі ислами бағыттардың жетегінде кетуі. Мемлекетқұрушы ұлттың өкілдері бір мәде­ниеттің, бір діннің аясында тұтаса білмесе, басқаларға аға ұлт бола алмаймыз. Меніңше, бұл мәселеден ислам дініндегі ең көп таралған Әбу-Ханифа мәзһабын ұстанып, ұлттың мәдениеті мен әдет-ғұр­пын қатар алып жүргенде ғана шығуға бола­ды деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары діни білімді шетелден алу үлкен науқанға айналып кеткен еді. Шетелден діни білім алып келген сол мамандар жергілікті ұлттың менталитетімен санаспайтынды шығарды. Міне, сол шетел­ден оқып келген жастардың «ағартушылық» жұмыстары осындай шиеленісті жағдайға әкеліп отыр. Уахабиттердің тайраңдап кетуінің басты себебі – осы.
– Әлемдегі мемлекеттер зайырлы және діни болып екіге бөлінеді. Зайырлы мемлекет атанған елдердің бәрі Құдайды мойындайды. Яғни мемлекет пен дін ажыратылса да, белгілі бір деңгейде байланыс бар. Оны Батыс Еуропаның елдері мен Ресейден көруге болады. Қазақстанға қай модель жақын деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік басқару жүйесі дінге негізделген ислам республикалары, Вати­кан сияқты елдерді айтпағанда, өздерін зайырлы мемлекет деп жариялаған елдер­дің өзінде мемлекет пен діннің арақатынасы әртүрлі. Қазақстан Тәуелсіздік алған жылы өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Мұның өте дұрыс шешім болғанын уақыт­тың өзі дәлелдеп келеді. Десе де демокра­тиялық, зайырлы қоғам құру арқылы дамып отырған Еуропаның көптеген мемле­кеттерінде өздері дәстүрлі дініміз деп таныған діндерге басымдық беру үрдісі байқалады. Себебі мемлекеттік институттар діннен ажыратылғанымен, тұтас қоғамды діннен ажырату мүмкін емес. Сондықтан біздің елде зайырлылықты сақтай отырып, қазақтардың ата діні – исламды дамытуға жағдай жасалуы керек. Исламның ішіндегі ең демократиялы Әбу-Ханифа мәзһабының кеңінен таралуына мүдделі болуымыз қажет деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
16 млн халық арасында 4000-нан аса діни ағымның болуы біздің елдегі діни ахуалдың қандай екенінен хабар береді. Ендеше, осы тақырыпты зерттейтін институттар да мейлінше көп болғаны дұрыс. Қазіргі зерттеу орталықтары жалпы дін туралы түсінік беруден әрі аспай жатыр. Әрбір діннің басын бір шалмай, әр дінге, тіпті әрбір ағымды талдайтын зерттеу орындары қажет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста