Медициналық-әлеуметтік сараптама қызметі дербес мекеме ретінде құрылуы қажет

Медициналық-әлеуметтік сараптама қызметі дербес мекеме ретінде құрылуы қажет

Фарида ОСПАНОВА, Оңтүстік Қазақстан облыстық дәрігерлік-әлеуметтік сараптама саласының басшысы:

– Бұған дейін Үкіметтің алдында әлеу­меттік төлемдерді уақтылы төлеу мә­селесі ғана тұрса, қазіргі таңда бұл мін­дет кеңейіп, мүгедектерді оңалту, олар­ды қоғамға кіріктіру мәселелері де қамтылуда. Бұл ретте облыста қан­дай шаралар атқарылып жатыр? Сіздер мү­гедектердің емделуі, оңалуы үшін олар­ды санаторийлерге жіберіп, қо­сым­ша техникалық қозғалтқыштармен, мү­гедектер арбасымен қамтамасыз етіп тұрасыздар ма?
– Қандай жағдай болмасын, мүгедектер ес­керусіз қалған емес. Мемлекет оларға қай кезде де қамқорлық жасап келеді. Ме­ди­циналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) қызметкерлерінің негізгі міндет­те­рі­нің бі­рі – мүгедектерді оңалту, оларды қо­ғамға кі­ріс­тіру. Осы мақсатта ме­ди­циналық, әлеу­меттік және кәсіби жеке оңал­ту бағ­дар­ламалары ұсынылады. Оңал­тудың жеке бағ­дарламасына сәйкес, мү­гедектер ҚР Үкі­меті айқындаған тізім және тәртіп бо­йын­ша протездік-ортопедиялық көмекпен, тех­никалық көмекші (компенсаторлық) құ­рал­дармен, арнайы жүріп-тұру құ­рал­да­ры­мен, санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етіледі. Бұл бағдарламаның орындалуы, мүгедектерді оңалтудың нәти­желері МӘС қызметкерлерінің құзырында.
Мен айтар едім, қазіргі таңда мүгедек­тер­ді оңалту мәселесі жоғары деңгейде орын­далуда. Үкімет тарапынан бөлінген қар­жылар толық көлемде игеріліп жатыр. Са­на­торийлерге, қосымша компенсатор­лық-ортопедиялық құралдармен (орто­пе­дия­лық аяқкиімдер, протез-ортопедиялық құ­ралдар, үй ішілік-серуендік қол арбалар, мін­детті гигиеналық жабдықтар, сурдо-тиф­ло құралдармен) қамтамасыз етіледі. Бұл реттегі ең басты мәселе – мүгедектерді жұмысқа орналастыру төмен орындалуда. Сон­дықтан әдеттегі кәсіпорындарға мүге­дек­тер үшін жұмыс орындарына квотаны кө­бейту керек. Мүгедектерді жұмысқа ор­на­ластыру үшін арнайы, сондай-ақ әлеу­меттік жұмыс орындарын құруымыз қажет. Да­мыған елдерде мүгедектердің 40 па­йы­зы, Қытайда жұмысқа жарамды мүге­дек­тердің 80 пайызы жұмыс істейді екен.
– Мүгедектікті тағайындарда жең ұшы­нан жалғасқан сыбайластыққа жол беріледі дегендей әңгімелер халық арасында жиі айтылады. Сіз бұған не дейсіз?
– Жалпы, халық арасында, соның ішін­де 35-40 жастан асқан адамдарға жұмысқа ор­наласу өте қиын. Әсіресе ауылдық жер­лерде халықтың күнкөріс деңгейі әлі де бол­са өте төмен. Дұрыс тамақтану, сал­ауат­ты өмір сүру мәселелері қолға алынбаған. Эко­логиялық, экономикалық жағдайлары тө­мен аудандар мен қалалар көптеп кез­де­седі. Тіпті кейбір жанұяларда бір ғана мү­ге­дектік немесе зейнетақы алушының мем­ле­кеттік әлеуметтік жәрдемақы қаржысы есебінен күн көріп отырған отбасылар бар. Осы және басқа да себептерге байланысты көптеген адамдар мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу жолдарын қарастырады. Жоғары мамандандырылған облыстық ке­ңестік-диагностикалық орталықтары, клиникалық емдеу орталықтарында ден­сау­­лығы жөнінде диагностикалық қо­ры­тын­ды жинақтап, аудандық, қалалық ем­деу мекемелерінің дәрігерлері арасында дау-дамай шығарып, МӘС-ке жолдама (088/у нысаны) толтырып алады. Са­рап­тамалық қорытынды шығаруға мүмкіндік бер­мейтін, жеткілікті негізделмеген диаг­ноз­бен жіберілген адам куәландырылып, диа­гнозды және организм функ­ция­ла­рының бұзылу дәрежесіне сәйкес, мүге­дек­тік топ тағайындалмаған уақытта айқай-шу кө­теріліп, жоғары жаққа арыздар жазылып не­месе жең ұшынан жалғасқан сыбай­лас­тық­қа жол ашылады. Осы жолды бол­дыр­мау мақсатында, емдеу мекемелерінің дә­рігерлік-консультациялық комиссия төр­ағалары мен емхана дәрігерлері ара­сын­да семинар-кеңестер, түсінік-таным­дық жұмыстар мен БАҚ-та материалдар жа­риялап отырамыз. Алайда жүргізіліп жат­қан жұмыстарға қарамастан, біздің ара­мызда арагідік мамандар жең ұшынан жал­ғасқан жемқорлыққа жол беріп, тиісті ор­ган мамандарының құрығына ілініп жат­қаны жасырын емес. Алдағы уақытта біз бұл мәселе төңірегінде жан-жақты кешенді ша­ралар атқарып, сыбайластыққа жол бер­меудің барлық амалдарын қа­рас­ты­ратын боламыз.
– Сіздердің мекемелеріңіздің ма­те­риал­дық-техникалық базасы қан­ша­лықты жетілдірілген? Құрал-сайман, қон­дырғыларыңыз түгел ме?
– Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандық және Кен­тау қаласы мен Ордабасы, Бәйдібек, Түл­кібас аудандарындағы медициналық-әлеу­меттік сараптама жүргізу ғимараттары департамент меншігінде, ал басқа, атап айтқанда: № 5, 7, 8, 9, 10, 12, 13 және №14 МӘС бөлімдері жалға алынған ғи­ма­раттарда қызмет көрсетуде. МӘС бөлімдері қа­зіргі таңға сәйкес, компьютерлермен, ска­нерлермен және тағы басқа қон­дыр­ғылармен, іс-құжаттар жабдықтарымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Алғаш және қайта куәландырылған мүгедектерді мүгедектердің орталықтандырылған дерек қорына (МОДҚ-автор) уақтылы енгізу үшін барлық жағдайлар жасалған. Бөлімдегі ма­­мандар, компьютерлерде қызмет көр­сету үшін сертификат алып, қон­дыр­ғы­лар­мен тиісті деңгейді жұмыс жасай алады.
– Жалпы, мүгедектік қалай анық­та­лады? Медициналық-әлеуметтік са­рап­тама жүргізудің өзінің ережесі, қау­лысы бар ма? I, II, III топты алу үшін адам­ның жұмыс істеу қабілеті міндетті түрде шектелуі керек пе, әлде жұмыс іс­теп жүріп те мүгедектік алуға бола ма?
– ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңды іске асыру мақсатында Үкіметтің 2005 жылғы 20 шілдедегі «Ме­дициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу ережесі туралы» №750 қаулысы бекітілген. Сондай-ақ оған 2010 жылы 27 желтоқ­санда толықтырулар мен өзгертулер енгізілген №1416 қаулысы қабылданып, жұмыс жасауда. Осы қаулының 5-бабында: «... адамды мүгедек деп тану үшін мынадай бірнеше міндетті шарттардың бір мезгілде болуы негіздеме болып табылады:
– организм функцияларының тұрақты бұ­зылуынан денсаулықтың бұзылуы;
 – тіршілік-тынысының шектелуі (адам­ның өзіне-өзі қызмет көрсету, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлану, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу немесе еңбек қызметімен айналысу қабі­летінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішін­ара айырылуы);
– әлеуметтік қорғау шараларын жүзеге асыру қажеттігі».
I, II, III топты белгілеу үшін: өзіне-өзі қызмет көрсету қабілеті, жүріп-тұру қа­біле­ті, еңбек қызметіне қабілеті, оқуға қабілеті, ай­наласын бағдарлай білу қабілеті, қарым-қатынас жасау қабілеті, өзінің мінез-құл­қын бақылау қабілетінің тұрақты едәуір не­ме­се айқын білінетін шек­телу өлшем бо­лып табылады. Осы қау­лының 3-бабында «... ауруына, жарақат зар­дап­тарынан не­ме­се кемістікке бай­ла­нысты организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту шараларын жүргіз­ген­нен кейін, уақытша еңбекке жарамсыз бол­ған адамдарды, оның ішінде 18 жасқа дейінгі адамдарды, диагнозы белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін МӘС-ке жібереді» делінген.
– Мүгедектікке өту үшін науқас­тар­дан қандай құжаттар талап етіледі?
– Аталған қаулының 4-бабында «...куә­ландырылатын адамның немесе оның заң­­ды өкілі мынадай құжаттар тапсыру қажет:
– МӘС-ке медициналық ұйымның жол­дамасы (088/у нысаны);
– жеке басын куәландыратын құжаты (кө­­шірмесі);
 – азаматтарды тіркеу кітабы (кө­шір­месі);
– ауру динамикасын талдау үшін ам­бу­ла­­ториялық картасы, ауру тарихының жә­не зерттеу нәтижелерінің үзінді көшір­мелері;
– әлеуметтік жеке код берілгені туралы куә­лік (көшірмесі);
– міндетті әлеуметтік сақтандыру жү­йе­сінің қатысу фактісін растайтын құжат;
– еңбек қызметін растайтын құжат (кө­шір­месі), еңбек жөніндегі уәкілетті орган бел­гілеген нысандағы жазатайым оқиға туралы акт (көшірмесі);
– Мүгедектікті тағайындау мерзімі қалай жүргізіледі? Сіздер алдымен көк қа­ғазды алты айға, сосын бір-екі жыл­ға бересіздер ме, әлде, бірден 10-20 жылға немесе өмірлік алуға бола ма?
–Жоғарыдағы аты аталған қаулыға сәй­кес, мүгедектік мерзімі мен еңбек қа­білетінен айырылу дәрежесі куәлан­ды­рылатын адамның оңалту әлеуетіне сәйкес, он алты жасқа дейінгі балаларды алты ай­ға, бір-екі жылға, бес жылға және 16 жа­с­қа толғанға дейін белгілеген-ді. Он алты жас­тан 18 жасқа дейінгі адамдарға алты айға, бір жылға, 18 жасқа толғанға дейін белгілеген-ді. Қайта куәландыру мерзі­мін­сіз мүгедектік 18 жастан асқан адамдарға, қал­­пына келмейтін анатомиялық кеміс­тік­тер, организм функцияларының тұрақты, қал­пына келмейтін өзгерістер мен бұзы­лу­лар болған кезде, жүргізілген оңалту іс-ша­ра­лары тиімсіз және мүгедектік тобы тұ­рақ­ты болған кезде, І топтағы мүгедекті  ке­­­­мінде төрт жыл, ІІ топтағы, ІІІ топтағы мү­­ге­декті  кемінде алты жыл динамикалық қа­­дағалаудан кейін, оңалту болжамы қо­лайсыз болған кезде белгіленеді.
– Фарида Бимаханқызы, бізде дә­рі­­гер-сарапшылардың біліктілігін арт­­тыру курстары қалай ұйым­дас­ты­ры­ла­ды? Қазақстанда дә­­рі­гер-са­рап­шы­лардың білімін жетіл­ді­­ре­тін арнайы ғы­лыми-зерттеу инс­ти­туты құрылған ба?
– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің «Медициналық-әлеу­­меттік сараптама» оқу орталығы құ­рыл­ған. Онда дәрігер-сарапшы ма­ман­дар да­йындалады. Сондай-ақ Астана мем­ле­кет­тік медициналық академиясының жә­не Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің оқытушы-профессорлық құрамымен бірлесіп, арнайы жоспарға сәйкес курстар ұйымдастырылып, жыл бойына бекітілген кестеге және депар­та­мент­тегі бұйрықтарға байланысты ма­ман­дар біліктілігін жетілдіру курстарына жол­данып отырады. Қазіргі уақытта жоғары ма­мандандырылған медициналық көмек­тің және емдеу-оңалту мекемелерінің жүр­гізетін іс-шаралары дәрежелерінің күрт жо­ғарылап кеткенін ескерсек, арнайы ме­дициналық-әлеуметтік сараптама дәрі­гер­ле­рін дайындайтын жоғары оқу орын­да­рында факультет ашу қажеттілігі бар. Қа­зақ­станда өтетін біліктілікті арттыру курс­та­рында шетел мамандары, нақты айт­қан­да, Мәскеу, Санкт-Петербург қалала­ры­н­ан келген ғылыми қызметкерлер дәріс береді.
– Кей жағдайларда науқастар мүге­дек­тік алу үшін барлық құжаттарын жинақтап, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне барған кезде он­дағылар оған (кей науқастарға) мүге­дектік тағайындаудан бас тартып жа­тады. Әрине, бұл өз кезегінде ау­рулар тарапынан наразылық туғызып, кей­де аталмыш мекемені сотқа береді. Қыз­меттік тәжірибеңізде сіздерде осын­­дай дау-дамай болып, сотта ұтыл­ған кездеріңіз болды ма?
– Медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы медициналық айғақтар, орга­низмнің негізгі функциялары бұзы­луы­ның және тіршілік-тынысы шектелуінің жік­темесі негізінде организмнің жай-күйі мен тіршілік-тынысының, оның ішінде ең­бек қабілеті шектелу дәрежесінің кешенді ба­ғасына орай тағайындалады. Алайда кей­де мүгедектік топ тағайындаудан бас тар­татын немесе тағайындалған мүгедектік топ­қа қанағаттанбайтын жағдайлар да кез­десіп жатады. Мұндай жағдайда азаматтар об­лыстық МӘС-тің Әдістеме және бақылау бө­ліміне немесе ҚР заңнамасында бел­гіленген тәртіппен сотқа шағымдана алады. Осы уақытқа дейін сотта бірнеше адамның арыз-шағымы қаралды. Дегенмен бірде-бір сот шешімі МӘС бөлімдерінің қоры­тын­дысын негізсіз деп шығарған емес.
– Медициналық әлеуметтік са­раптама қызметіндегі жұмысқа деген қызығушылық жастар арасында қан­дай деңгейде? Жастарды осы салаға көп­теп тарту үшін не істеу керек?
– Біріншіден, МӘС қызметіндегілер мемлекеттік қызметкер болып табылады. Оларға қойылатын тиісті талаптардың бар екендігі белгілі. Осы жүйеде жұмыспен қамтылған қызметшілердің құзыретіне, кәсіптік шеберлігіне және қызметшілердің адамгершілік қасиетіне жоғары талаптар қойылады. Негізі, МӘС қызметіне емдеу мекемелерінде тәжірибе алған ма­ман­дардың жұмыс атқарғаны абзал. Бүгінде ден­саулық сақтау жүйесінің қыз­мет­кер­леріне қарағанда, сарапшы дәрігерлердің жа­лақысының мөлшері төмен бол­ған­дықтан, сараптама қызметіндегі жұмысқа де­ген қызығушылық жастар арасында тө­мендеу. Мәселен, МӘС қызметіндегі бас маман айына орташа 65-69 мың теңге жалақы алса, ал денсаулық сақтау жү­йесінің қызметкерлері 80-114 мың теңге айлық алады. Сондай-ақ денсаулық сақтау мекемесінің дәрігері 37-46 күн еңбек демалысында болса, біздікілер 30 күн ғана демалыс алады. Онымен қоса, ма­мандандырылған (туберкулез, пси­хи­калық жүйке) МӘС бөлімдерінің қыз­меткерлеріне қосымша еңбек де­ма­лысы мен қосымша төлемақы төленбей келеді. Мұның барлығы жастардың келешекте осы салада жұмыс істеймін деген ынтасын төмен­де­тетіні сөзсіз. Сондықтан жастардың бұл са­ла­ға қызығушылығын арттыру үшін МӘС қыз­метіне денсаулық сақтау жүйесінің қыз­меткерлерімен тең мәртебе беру қажет. 
– Негізі, мекемеде штат аз болса, бұл өз кезегінде мүмкіндіктері шектеулі адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қыз­меттердің қолжетімділігін шектеп, са­пасын төмендететіні сөзсіз. Бұл ретте сіз­дерде штат жеткілікті ме? Сіздерге тү­сетін функционалдық жүктеме өте үл­кен емес пе?
– Сараптаманың бастапқы бөлімдеріне түсетін функционалдық жүктеме өте үлкен. Оның бөлімдерін қалыптастыру және ондағы штат санының нормативтері сақ­тал­майды, бұл өз кезегінде мүмкіндіктері шек­теулі адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін шектеп, сапасын төмендетуі мүмкін. Қазіргі ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, МӘС бөлімі 120 мың тұрғынға қызмет көрсетуі тиіс. Алайда бүгінгі таңда барлық МӘС бө­лімдері 180-300 мың тұрғындарға қызмет көрсетуде. Атап айтқанда, Сайрам, Мақта­арал, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш аудан­да­рында және Түркістан қаласында ха­лықтар саны өте көп. Облыс халқына тиісті дең­гейде медициналық-әлеуметтік сарап­та­ма қызметін қаулыға сәйкес жүргізу үшін бес бастауыш МӘС бөлімдері және бір об­лыс­тық МӘС бөлімі қажеттігі туралы де­пар­тамент тарапынан министрлікке бірнеше мәр­те хат жазылып, шешімін таппай отыр. Осы­ған байланысты, МӘС қызметкер­ле­рінің функционалды жүктемелерінің көп­тігіне байланысты олар жұмыс уақтысынан тыс уақыттарда да (жұмыстан кейін, сенбі, жек­сенбі) жұмыс істеуге мәжбүр. 

Алашқа айтар датым
Жалпы, медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысын жоғары сатыға көтеру үшін, халыққа қызмет көрсету сапасын одан әрі арттыру үшін шетелдерде қолданылып жатқандай, медициналық-әлеуметтік сараптама қызметі жеке мекеме ретінде, ешқандай министрлікке бағынышты емес, өзінің тәртібі мен жауапкершілігі бөлек, дербес мекеме болып құрылуы қажет. Сонда бұл саладағы күрделі мәселелерді шешу жолдары жеңілдер еді. Сонымен қатар жеке, дербес мекеменің негізгі міндеттері мен функциялары, жауапкершілігі мен құқығы, мүгедектіктің алдын алу мәселесі, мүгедектік тағайындау, оларды оңалту шараларының орындалуына бақылау жасау тиімді жүргізілетін еді деп есептеймін.

Дерек пен дәйек
ОҚО бойынша 80 мыңнан астам адам мүгедек деп танылып, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы және арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алуда. 2012 жылдың бес айында ересектердің арасында 3014 мүгедектік анықталды, оның 239-ы бірінші, 1582-сі екінші, 1193-і үшінші топтағы мүгедектер, сондай-ақ 1096 мүгедек бала тіркелген.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста