Мәйіт донорлығын қолға алмасақ, трансплантология алға жылжымайды

Мәйіт донорлығын қолға алмасақ, трансплантология алға жылжымайды

Мәди БИҒАЛИЕВ, медицина ғылымының докторы, жоғары дәрежелі хирург:

– Трансплантология саласы елімізде енді қолға алынып жатқаны белгілі. Кемшіндеп дамып келеді десек те бола­ды. Облыс орталықтары арасында ең алғаш болып оңтүстікте бүйрек ауыс­­тыру отасын жасауды қолға ал­ды­­ңыздар, ота сәтті де шықты. Бұған қа­лай қол жеткіздіңіздер?
– Бүгінде әлемде трансплантология сала­сы қарыштап дамып келеді. Әсіресе да­мыған елдер осы салаға көптеп көңіл бөлуде. Бұрындары науқас азаматтарымыз шетел асып жасатып келіп жатса, бүгінде бұл өз елімізде де мүмкін болып отыр. Елімізде ең алғаш 1979 жылы Алматыдағы Сызғанов атындағы институтта бүйрекке трансплантация жасалғаны белгілі. Негізі, мәйіт және донорлық трансплантация Англияда кеңінен дамыған. Ал ең көп ағза ауыстыру жасалатын елдер – АҚШ, Үндіс­тан. Себебі онда халық көп. Соған бай­ла­ныс­ты бұл салаға сұраныс та көп. Ал транс­план­тация мықты дамыған елдердің ішін­де Германия, Испания, Үндістан бар. Бұрынғы кеңестік елдердің ішінде транс­план­тология дамыған елдің бірі – Бело­рус­сия. Ол елде адамның өмір сүруге мүм­кін­дігі жоқ па, демек, тез арада ағзалары сәйкес келсе ауыстырады. Белоруссияның Президенті Лукашенко арнайы бағдарлама түзіп, медицинаға жақсы көңіл бөле бас­тады. Онда жол апатына ұшыраған адам­дар­дың туыстарынан рұқсат сұрамайды. Ағзалары сәйкес келсе, транслантация жасайды. Құқық қорғау органдары, про­ку­ратура, медэксперті, дәрігерлері бар – бәрі біріге жүріп, бірлесе қызмет жасайды. Арнайы заңдары бар. Жүрегін, бауырын, бүйрегін туыстарының рұқсатын сұрамай-ақ алуларына болады. Оны осы ағзаларға аса мұқтаж адамдарға салады. Белоруссия бүгінде осы сала бойынша ТМД-да көш­бас­шы, барлық елді басып озып алға шығып кетті. Қазіргі таңда бүйрек транс­план­тациясын жасауда тәжірибелері озық. Еліміздің ірі қалалары Астана мен Алма­тыда трансплантация жасалуда. Сосын об­лыс орталықтарының ішінде ең алғаш бо­лып Шымкентте жасадық. Былтырғы жыл­­дың желтоқсан айында Оңтүстік Қазақ­­стан облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының бастығы Жұмағали Исмаи­ловтың бастамасымен «неге бізде жаса­масқа?» деп дайындықты бастап кеттік. Керекті дәрілерді, құрал-жабдықтарды сатып алдық. Оңтүстік Кореяға бір топ болып барып, сол жерде тәжірибеден өттік. Жасаған оталарына қатыстық. Екі­жақ­ты меморандумға отырдық. Біздің топ Сеулде тәжірибеден өтсе, енді екінші топ Минскіге барып қайтты. Анестезиолог, хирург, урологтер бар арасында. Үйре­нейік, көрейік, тәжірибе жинайық деп бар­дық. Осы екі елден оралған соң дайын­дығымызды пысықтап алып, бастап кеттік. Оңтүстік Кореядан арнайы бригада шақыр­дық. Олар бір топ болып келді. Нау­рыз айында бірден төрт ота жасадық. Туыстық донор арқылы жүзеге асты. Біріне әкесінің, біріне анасының, біріне әпкесінің бүйрегі алынып-салынды. Алдын ала арнайы бір-бірінікіне сәйкес келе ме деп анализ жасадық. Төртеуі де аман-есен шық­ты. Мәслихат депутаттары бұл жағым­ды жаңалықты қолдады. Соның арқасында 18 миллион теңге бөлінді. Тамыз айында тағы да жеті науқасқа ота жасадық. Олар да аман-есен үйлеріне кетті. Отадан шық­қан соң оңалып, олардың өмірге қайта келгендей қуанғанын көрсеңіз. Аурудан әбден зәрезап болған жандар алғыстарын жаудырды. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 300 адам созылмалы бүйрек жетіспеушілігі диагнозымен есепте тұр. Олардың барлығы да гемодиализ аппаратына ар­қандаулы. Оның көмегінсіз жүре ал­майды. Негізі, жылына 100 адамға бүйрек алмас­тыру отасы жасалуы керек. Диализ аппа­ра­тын ұстап тұру бұл бюджет қаражатына ауыр­лық түсіреді. Дұрысын айтқанда, Үкімет­ке қымбатқа түседі. Науқастарға да оңай емес. Олар ешқайда бара алмайды. Тек осы облыс орталығында ғана жүруі ке­рек. Алматыға қыдырып бара қалса, онда қа­былдамауы мүмкін. Сондықтан да ұзақ­қа шыға алмайды. Аптасына үш рет әлгі аппаратқа түсуі тиіс. Соған мұқтаж. Онсыз күні жоқ. Ал бүйрегін трансплантация жаса­са, онда денсаулығы нығайып, қатарға қосылады. Арқандаулы аппараттан құтылады. Қарапайым адамдар емес, дәрігерлердің өзінен «трансплантация жасағанда неге бір үйден екі мүгедек жасап шығаруы керек?» дегенді естідім. Бұл білікті дәрігерлердің аузынан шығатын сөз емес еді. Бүйрегін берген адам ешқан­дай да зиян шекпейді. Ол денсаулығы мық­ты күйінше жүре береді. Мүгедек деп атау мүмкін емес. Ұлы Отан соғысы кезінде оқ тиіп, ауыр жараланып, өмір сүру мүмкіндігінен айырылғандардың бүйрегін алып ауыстырған. Бір бүйрекпен сол сарбаздар 40-50 жыл қалыпты өмір сүріп, кейіннен басқа аурудан қайтыс болған. Бір бүйрекпен адам өмір сүре береді. Бүйрегін берген адам мүгедек емес. Керісінше, бір мүгедек адамға жаңа өмір сыйлайды. Өмірге қайта келтіреді. Ал жасанды бүй­рек, яғни диализ аппаратында мұн­ша­лық­ты ұзақ өмір сүру мүмкін емес. Онда үнемі укол қабылдайды. Ушығып кетуі мүмкін, реак­ция беруі мүмкін. Басқа аурулары қозуы мүмкін. Түрлі қауіп-қатері жетерлік. Негізі, адамға үш рет реплантация жасауға болады. Егер салынған бүйректан ақау шықса, оны қайтадан тағы да алмастыруға болады.
– Қажетті құрал-жабдық жеткілікті ме?
– Бюджеттен ақша бөлінсе, құрал-жабдық алу деген қиын емес. Бүгінде неше түрлі мықты фирмалардың өнімдерін шертіп жүріп таңдап алуға болады. «Эску­лап», «Браун» атты керемет фирмалардың құрал­дары сұранысқа ие. Еуростандартқа сәйкес тігетін жіптер, құрал-сайман – бәрі жеткілікті. Технология қарыштап дамыған заманда құрал-сайманның жетіспеушілігі деген әңгіме болмауы керек. Егер шал­ғай­дағы облыстарда теңдесі жоқ оталар жүзеге асырылып жатса, онда денсаулық сақтау саласы басшысының біліктілігіне бай­ланысты. Салаға қатысты барлық проб­­лемаларды шешіп, барлығымен қам­тамасыз етуі тиіс. Бұл жағынан алғанда біздің жолымыз болды деуге де болады. Біздің мамандарымыз мықты. Білімдері жетеді. Тек қана көру керек, тәжірибе алма­су керек. Бір-екі рет шақырып, көрсетіп берсе, ары қарай өздері-ақ алып кетеді. Алматыда, Астанада да осылай шетел­ден маман шақырып, тәжірибе алмасып жатыр. Бізде де осылай. Ары қарай өзіміз істей береміз. Маман­да­рымыздың біліктіліктері жоғары. Жастар да жақсы дайындалған. Тек оларды үйрету керек, тарту керек. Бүгінде «жастар оқымайды, бәрін сатып алып үйренген» деп теріс пікір айтатындармен келіспеймін. Ол пікір дұрыс емес. Керісінше, бүгінгі жастардың білімі мықты, көңіл көкжиегі кең. Олар басқаша оқиды. Біз сияқты кітап­ты ашып оқып отырмайды. Бүгінгі заманда бәрі дайын. Интернет арқылы да білімдерін жетілдіруіне болады. Олар бәрін сол арқылы оқып, біліп, білімдерін толықтырып отырады. Олар бізден көп ақпарат біледі. Бізден көбірек оқиды. Тек бір жүйеге түсіріп, бағыттай білу керек.
– Сіздіңше, донор тапшылығын жоюдың жолы қандай?
– Бір бүйрегін қиып бере беретіндей науқастардың бәрінің ағайын-туысы көп емес қой. Кейбіреулерінің тіпті туысы да жоқ. Сондықтан да мәйіт донорлығы тура­лы халыққа кеңінен түсіндіру керек. Үгіт-насихат жұмыстары үздіксіз жүргізілуі керек. Бүгінде инсульттан, «ми өлімімен» ажал құшып жатқандар көп. «Ми өлімі» диаг­нозы қойыл­ғандардың қайтып қатар­ға қосылуы мүмкін емес, ол адам бол­май­ды. Соны ағайын-туысына мол мағлұмат беріп, тү­сін­діру керек. Олар ағза мү­шелерін алуға рұқсат беруі керек. Елі­міз­де арнайы заң бар. Сон­да нау­­қас­тың екі туысы жаз­баша түрде ағзасын алуға рұқ­сат беруі керек деген бө­лімі бар. Дөң­гелек үстелдер ұйым­дас­ты­рып, халық­қа кеңінен түсін­діріп, сол арқылы мәйіт донорлығын қолға ал­масақ, онда транс­план­талогия алға жыл­жы­май­ды. Мәселен, мәйіт ағ­за­сынан алып-сал­ғанның көп артық­шы­лық­тары бар. Біріншіден, қауіпсіз. Бір адамға ғана жауапкершілік болады. Яғни мәйіттен алынып, науқасқа салынса, сол науқас адамға көп көңіл бөлініп, жауапкершілік күшейеді. Ал туыстық донордың жауап­кер­шілігі деген екі адамға артады. Тірі адамнан алып, науқасқа салған соң екі адамның өмірі үшін жауаптысың. Ағзаны алу деген – өте қиын ота. Одан кейін оны салу керек. Мәйіт донорлығын өркен­дет­песек, біз артта қалып қоямыз. Қытай, Үндіс­тан, Пәкістанда мәйіт донорлығы мықты дамыған. Бірақ оларда, ең алдымен, тек өз азаматтарына жасау керек деп міндеттеп қойған. Ал сырттан келгендер кезегі келгенше күтеді.
 – Заңның жетілдіретін тұстары бар ма?
– Жоқ, тек бұқараға түсіндіру жұмыс­та­рын жандандыру керек. Дәрігерлер, тілшілер, дін адамдары жұмыла жұмыс істеуі керек. Халыққа насихат жұмыстарын жүргізу керек. Негізінде, шариғат ағза ауыстыруға қарсы емес. Мен бұл тура­сын­да имамдармен сөйлестім. Бір адамның өмірін ұзартуға қажет болса, ешқандай да қарсылық жоқ деді. Испанияда «Өзің өлсең де, өзгелерге өмір сыйла» деген ұран бар. Негізі, транспланталогияның ішінде ең жеңілі бүйректі ауыстырған. Ал ең қиыны – бауырды ауыстыру. Бұған біраз уақыт дайындалу керек. Кезең-кезеңімен жүзеге асуы тиіс. Бірінші дәрігерлерді үйрету керек. Жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйренуі керек. Біраз аппарат алу керек. Бауырды ауыстыру мәйіт донорлығы бойынша жүргізіледі. Мәйіттен бүтін бауырды алып-салған әлдеқайда оңайырақ. Сау адамның жарты бауырын алып-салу – өте қиын да күрделі оталардың бірі. Біріншіден, сау адамнан алғанда оның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Ал науқас адамға салғаннан кейін кейде оған пайдасы тимеуі де мүмкін. Көтере алмауы мүмкін, денсаулығы жақсарып кетпеуі де мүмкін, күші жетпеуі мүмкін. Сондықтан да мәйіт донорлығы әлдеқайда ұтымды. Бауыр ауыстырып салу отасына бір жыл, бір жарым жыл бойы дайындалу керек. 100 пайыз жетістік болуы керек. Егер бірден сәтсіздік болса, қолың жүрмей қалады.
– Облыс орталығында осындай қиын да күрделі отаны жаса­ған­да­ры­ңызда көпшіліктің көкейінде сенім­сіздік болғаны кәдік...
– Бұл салада көшбасшы болу үшін жауапкершілікті мойнына алатын адам болуы керек. Мен өзіме үлкен жауап­кер­шілік алып отырмын. Бұл – үлкен міндет. Қорықпау керек. Мамандар мықты болса, белді бекем буып кірісіп кетуге болады. Отаны бір ғана адам жасамайды. Бір отаға кем дегенде 20 шақты маман қатысады. Оның ішінде реаниматолог, рентгенолог, УЗИ мамандары, ангиографистер, зерт­ха­надағы мамандар, анестезиолог, хирург, опе­рациялық медбикелер қатысады. Ота­ны бастағанда аурухана бір жүйеге бірік­тірілген механизм сияқты жұмыла жұмыс істеуі керек. Біреуі түсінбей қалдым деген болмау керек. Әркім өз жұмысына жауапты. Бірінші отада түсініксіздеу жағ­дайлар болды. Ал екінші отада оңтүс­тік­кореялық дәрігерлердің өзі «біз өзіміздің клиникада жұмыс істеп жатқандаймыз» деп таңғалды. Үнсіздік болса да, бәрі бір-бірін көзқарастарынан ұғынып, жұмыс істеді. Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының бастығы Жұмағали Исмаилов бастамашылық жасап, жауапкершілікті өз мойынымен көтеріп бастап берді. Енді өзіміз ары қарай жалғастырып әкетеміз. Мастер-кластан өттік. Науқасты дайындап, бір аптада бір ота жасасақ та жеткілікті. Бір бүйректі ауыстыру қазынаға 3,2 миллион теңгеге түседі.
– Кейбір дәрілердің нұсқау­лы­ғында «ағзасын ауыстырған адамға ішуге болмайды» деп жазып қояды. Егер денсаулығына қажетті болса, ол дәріні қабылдамауы керек пе?
– Нұсқаулықта жазылса, әрине, ішпеу керек. Басқа дәрілер де бар. Бірақ ол науқас­тар өмір бойы белгіленген дәріні қабылдауы керек. Бұл дәріні басқа мемлекетте науқастар өздері сатып алады. Ал біздің елімізде үкімет арнайы қаржы бөліп қойған. Тегін алады. Облыстық бюджеттен бөлуіне күш салдық. Дәрі тапшылығы болмайды. Трансплантология саласы енді қолға алынып жатқан тұста азаматтарымыз шетелдерге барып ағзасын ауыстырып келген соң сол дәрілерді таба алмай жүретін. Пәкістаннан, Өзбекстаннан алдырып қиналып жүретін. Ал қазір заңды түрде шешімін тапқан. Жуырда ғана ағзасын ауыстырған науқастар, елімізде осыншалықты жағдай жасалғаны үшін өздері арнайы Елбасыға рақметін жау­дыр­ды. Егер елде трансплантология саласы дамымаса, онда мемлекет дамыған 50 елдің қатарына кіруі мүмкін емес. Елдің даму көрсеткіші жүрек-қан тамырлары хирургиясының дамуына, сосын екінші орында трансплантологияның даму көрсеткішіне байланысты. Сондықтан біз осы саланы дамытуға күш салып жатыр­мыз. Әлі де дамыта түсуіміз керек. Ертеңгі күні Астана, Алматыдан кейінгі үшінші қала болуға ұмтылып жатырмыз. Демек, осы саланы жандандыруымыз керек. Мәсе­ле тыңнан түрен салуда ғой, біз баста­дық, енді ары қарай жүргізу оңай. Бар­лығын бүге-шүгесіне дейін біліп алдық. Басқа облыстарда жауапкершілікті алуға қорқып отыр ма, о жағын білмеймін.
– Ауруханаларды халықаралық стандартқа сай ету керек депсіз...
– Ол үшін көптеген жұмыстар атқару қажет. Бұл жерде біз жүрекке ғана ота жасамаймыз. Оның қажеті де жоқ. Өйткені облыстық кардиологиялық орталық бар. Ал бұл жерде басқа ағзаларға ота жасай­мыз. Асқазан, өт, травматология, ней­рохириугия жағынан да жасап жатырмыз. Трансплантологияны дамытсақ, басқа салалар өздігінен өсе береді. Реани­ма­то­лог­тер, УДЗ зертханалар, компьютерлік диагоностика – бәрі бар. Бәрі бір жерде шоғырланған. Мамандар оқып, білімдерін жетілдіріп отырады. Бүгінде жас мамандар қызығып, «мен де барайын, оқиын, білімімді жетілдірейін, үйренейін» деп жүгіріп жүр. Бұған қуанасың. Риза боламын соған. Күн сайын істеп жүрген жұмыстарын шемішкеше шағады. Трансплантологияны меңгерген маманға басқа оталар оңай болып қалады. Оңтүстік кореялық маман­дар­ды кез келген уақытта шақыра аламыз. Бүгінде бізге келіп көмектескен доктор Пак Моңғолияда жұмыс істер жүр. Пәкістанға да, Гаитиға да барған. Өзі дінге қатты сенетін адам. Сондықтан да адам баласына жақсылық жасағысы келіп тұрады... Білім-білігі жеткілікті мықты дәрігерлер өзімізде де көп.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста