Маған идеялар таң атып келе жатқанда келеді

Серік БАЙХОНОВ, жазушы, журналист, Ахмет Байтұрсынов атындағы  ұлттық сыйлықтың лауреаты

– 30-ға дейінгілердің басым көпшілігі сізді нағыз телевизия білгірі, басы идеяға толы маман, мықты жазушы, ұстаз, шоумен, іскер азамат деп біледі. Төртінші сыныпта оқып жүргенде өлеңі, 19 жасында алғашқы кітабы жарыққа шыққан азаматтың 60-қа келген шағында не істеп, немен шұғылданып жүргенін білу шығармашылық адамдары үшін аса қызықты екені аян.
 – Жалпы, адамды өлгеннен соң немесе мерейтойы кезінде мақтайтын елдің бала­сымыз ғой. Сонда да болса рақмет. Мақта­ғанды кім жек көрсін, дегенмен менің ұлы­лық ауруымен, жұл­дыз ауруымен ауыр­май­тынымды көпшілік біледі деп ойлаймын. Мен өзімді қазақтың ауылдан, ауыл болғанда, шалғайда жат­қан ауылдан шыққан сергек те сезімтал азаматтардың қатарына қосқанды қа­лай­мын. Өйткені шындығы – сол. Осыдан бірер жыл бұрын интернеттен «Жалғасым менің – жалғасымды» жазған Серік Бай­хо­нов қайда жүр?» деген сұрақты ұшырат­қаным бар. Іздеуші белгілі жазушы Нұрғожа Ораз бауырым екен. Үйге ертіп келіп, көптомдық шығармалар жинағымды сыйладым. Қазір басқалар түгіл, жазушы­лардың өздері бір-бірін оқымайтыны рас қой. Ал көпшілік қауым жарнамаға сенеді. Сол сұраудан кейін ғой ағаңның өзін-өзі жар­намалаумен айналысып кеткені. Құ­дай­ға шүкір, сол жарнаманың арқасында қазір өзің секілді бауырлар бұрылып келіп сәлемдесетін, ара-арасында сұхбат сұрай­тын болды. Әзіл де болса шындығы – осы.
Соңғы 15 жыл уақытым Шығыс Қазақ­с­танда өтті. Өскеменге барғанымда екі жыл жұмыс істемей жаттым. Өтпелі кезеңге өк­пе­леп, енді мемлекеттік қызметті істемей­мін деп ант-су іштім де. Үш-төрт жыл қолы­ма қалам алған жоқпын. Шағын буфетім болды. Екі жылдан кейін баспа, артынан баспахана аштым. Бір күні көзімді ашсам, төрт жерде жұмыс істейді екенмін. «Тіл мен діл» деген газеттің бас редакторы, «Ақ Ер­тіс» журналының шығарушы редакторы, «Қазцинктің» аудармашысы, «Қазцинк жар­шы­сы» және «Вестник Казцинк» газе­тінің директоры болдым. Ол аздай, Қазақ­с­тан Жазушылар одағы филиалының дирек­­торы етіп сайлады. Одан бөлек Мәде­ниет және өнерді қолдау қорының директоры болып тағайындалдым. Қазақ Алтайы мен Ресей Алтайын алты рет айналып шыққан шығармын. Алтай жайлы он сағаттан астам бейнематериал түсірдім. Ал көрген-білген, көңілге түйгеннің жарты­сын да қағазға түсіріп болған жоқпын. Өнер адамы бір рет болса да Алтай асуы керек дейді ғой. Алтайда өткен 15 жылыма өкпем жоқ. Қа­зір Алматыдамын. Келгеніме екі жыл бол­ды. Бірнеше тележобамды ретке келтіріп, жазылмай қалған жазбала­рымды толықты­рып жатырмын.
– Егер құпия болмаса, Өскемен­нен қайтып келгеннен кейін жазған шығармаларыңыз бен тележобаларыңыздың атын атап, түсін түстеп берсеңіз және ол туындыларыңызды қашан жарық­қа шығармақ ойыңыз бар?
– Өткен қыста «Алтай асу» деп аталатын роман жазып бітірдім. Қазақ және орыс тілдерінде журналдарда басылды. Роман атақты саяхатшы Пржевальскийдің Тибет сапары жайлы, осы сапар кезінде оған жолбасшы болған Мырзаш батыр жайлы. «Жадымның жаңғырығы» деп аталатын екі томдық өмірбаяндық элегиялар циклын жазып бітірдім. Баспасөз бетінде жарнама­сы жүріп жатыр. Сосын... өзің жақсы білетін «Ғажапстанға саяхат» жобасы. Жобаның кітаби және теленұсқаларын жүзеге асыр­дым. Бұл жоба бойынша «Ғажапстанды» оқып немесе көріп шыққан адам Қазақ­станды да танып шығады деп ойлаймын. Осы жоба арқылы тұтас Қазақ­станның обра­зын жасағым келіп еді. Менің түсінігім­де географияны кез келген саналы адам, оның ішінде лауазымды адам жақсы білуі керек. Онсыз болмайды. Бұл – бірінші орын­да тұрған мәселе.
 – Географияны жақсы білу ел басқаруда, маңызды шешімдер қабылдауда пайдасы ұшан-теңіз дегенді айтқыңыз келіп отыр ғой...
– Әрине. Басқаны былай қойғанда, елде қанша су көзі барын, онда қандай жан-жануарлар тіршілік ететінін, ел шека­ра­сының қандай географиялық ендікпен өтетінін білмей, елді қалай басқаруға болады? География дегенде, ел мен жердің тізгіні географияны білетін ұрпақтың қо­лында болуы керек деп есептеймін. Өйткені қандай да бір ел болсын оның басты құндылығы жері мен суы емес пе. Жеме-жемге келгенде ел тағдыры оның табиғи байлықтары мен шекарасының беріктігіне қатысты ғой...
– Басқа – басқа, бұл сұрақты сізге қойғым келіп тұр. Жапон телеарналарында «ұйқыбас» деген мамандық бар. Үнемі «ұйық­тап» жүретін маман жұмысқа қай уақытта келетінін, қай уақытта кететінін тек өзі ғана шешеді. Қызметтің бұл түрін арқалап жүрген маманға қойыла­тын басты талап – телеарнаның рейтингісін жоғарылататын идеяларды жүйелі түрде ұсыну керек және ондай мамандарға телеарнаның бас директорынан да жоғары жалақы тағайындалады.  Бұл қызметті «идея ойлап табушы» деп атайды. Мұндай мамандық қазақстандық телеарналарға қажет пе?
– Жапондарды білмедім, Америкада солай. Адамдардың көпшілігі теледидар мен интернеттің арқасында бірқалыпқа түс­кен заманда тыңнан ойлайтын адам­дар­дың азая беретіні өз-өзінен түсінікті. Жалпы, маған идея таң атып келе жатқанда  келеді. Ең қызығы, мен түрлі түсті түс көремін. Сол түстерімде идеялардың ұшы шығады. Ал «ұйқыбастарда» қайдам, идея мәселесіне келсек, бұл жерде білімнің, сондай-ақ өмір тәжірибесінің де өз орны бар-ау деп ойлаймын. Мен төрт министрдің кезінде бас редактор болыппын. Телеар­наның 30 жылдығында маған арнап: «Бас­тықтар ауысады, Серік ауыспайды, суға салса – батпайды, отқа салса – жанбайды» деген тақырыппен шарж жарияланған бола­тын. Ол менің талантымды, қабілетімді мойындағандықтан деп ойламаймын. Анам айтатын: «Еңбек туған күні туған балам-ай» деп. Барлығы менің күн-түн дегенді білмей жұмыс істейтінімді білді деп ойлаймын. Сосын қысқартуға ұшырадық. Сол қысқартулардың себебін кейіннен білдік қой. Осы қысқарту кезінде бір қызық оқиға болған еді. Бастықтар күнде ауысып жатқан кез. Қаржы жоқ. Күнделік жеделде­ме кезінде бастықтың орынбасары Тыныс Өтебаев: «Қаржы керек болса, Серік Бай­хоновты шақырыңдар. Ол жұмысқа келме­се де болады. Айлықты үйінде жатып ала берсін. Бірақ күніге бір ассистент үйіне жү­гі­ріп барып, ақыл сұрап келіп отырсын. Оның басы толған идея ғой», – депті. Алай­­­да оның айналасындағылар, неге екені белгісіз, мені «таба алмапты». Арада бір жыл өтті. 1994 жылы Америкаға кеттім. Бір қызығы, конкурста 160 журналистің ішінен бірінші орын алыппын. Кейін білдім, оларды менің білімім немесе талантым емес,  Жоғарғы партия мектебін бітір­генім қызық­тырса керек. Үш бірдей шығар­машылық одақтың мүшесі, арнайы партия мектебін бітірген адамның жұмыссыз жүргендіктен, комму­нистер капиталистік қоғам тарапы­нан қуғын көріп жүр деп ойласа керек. Аме­ри­кадан келген соң «Алатау» телеар­насына бас редактор болдым. Тағы да қысқартулар басталды. Бір қызығы, бірінші каналдағы қысқарту кезінде теле­радио басшысы Төкен Қаймулдинов пен Равиль Мусали­мовтерді сол тізімнің соңы­на қосып жібе­ріп­ті. Ал мен қол қоюдан бас тарттым. Еш­кім қумаса да, өз еркіммен өтініш жазып жұмыстан шықтым да, шы­ғысқа тартып тұрдым. Мен Қазақ теледи­дарына жұмыс­қа келгенге дейін аудандық газетте, облыс­тық газетте, баспада, «Қазақ­фильм» кино­с­­тудиясында жұмыс істеген кәнігі журналист, елге белгілі жазушы ре­тін­де танылып қалғанмын. Ол кезде «Қа­зақфильмде», оның ішінде сценарлық коллегияда жұмыс істеу кез келгеннің арманы еді. Коллегияда бізден бұрын Мұ­рат Әуезов, Асқар Сүлей­менов, Жүсіп Қы­дыров, ал бізбен бірге Дүйсенбек Қанат­­баев, Шоқан Әлімбаев, Нұрлан Сегізбаев, Сайлаубай Жұбатыров, Смағұл Елубаев, Талап Сұлтан­беков жұмыс істегенін айтсам, қандай ортада болғаным­ды түсінесің. Осы қазақ теледидарының ыстығына төзіп, суығына тоңып келе жат­қан Нұртілеу Иманғалиұлы мен Нұржан Жалауқызынан, өздеріңе сабақ берген Құдайберген Тұр­сыновтардан бір айырма­шылығым, шы­ғар­машылық тұлға ретінде теледидарда қалыптасқан жоқпын. Телеар­наға 14 жыл өмірімді бердім. Бірақ бойым­дағы күшімді, шығармашылығымды, қабі­летім мен та­лан­тымды, жастығым мен алтын уақытым­ды осында қалдырғанымды ұқтым.
– Сонда, сіздің ойыңызша, телевизия адам бойындағы бар күш-жігерді өте қысқа мерзім ішінде сорып алатын «қансорғыш» болғаны ғой?
– Әрине. Өткенде теледидардағы сұх­бат кезінде осыны айтсам, Нұртілеу: «Серік­тің денсаулығын құртқаны үшін 60 жыл­ды­ғында компенсация төлеу керек», – деп күледі. Бірақ оның айтқан сөзінің жаны бар. Ал егер сол 14 жылды теледидарға бермегенімде, кім білсін... Бірақ өзім теле­визияға бармағанымда мықты жазушы болар ма едім деп ойлаймын. Ол кезде түнгі сағат 12-де эфирді жапқаннан кейін ғана үйге қайтатынбыз. Апта сайын бол­маса да, ай сайын кабинетте қонып қала­тын кезіміз де болды. Жалпы, теледидар жұмысының ауыр екенін біздің қатарластар жақсы біледі. Дегенмен теледидардан алғаным да аз емес. Ең бастысы, өмір көр­дік. Менің «Сал үстіндегі маусым», «Арал­ға – араша», «Бетпақдала – шөл емес» деп аталған те­леэкс­педицияларым теледидар­дың қар­жы­сымен жүзеге асқанын неге ұмытайын? Мен саяхатқа кетіп бара жат­қанда, бірінші басшымыз Камал Смайылов: «Біз демалыс­қа шықпағалы екі жыл болды. Серік болса салға мініп серуендейді», – деп күлуші еді.
– Сіз қызмет еткен 1982-1996 жылдарда «Қазақстан» телеар­насы өзінің алтын дәуірін бастан өткергендей. Білуімше, сол жыл­дар­да «Қазақстан» телеарнасы КСРО-ға кіретін 15 мемлекеттің негізгі телеарналары ішінде үшін­ші-төртінші орыннан түспей­тін. Бұл көрсеткіш қазақстандық телеарна үшін үлкен жетістік болып есептел­ді. Сол тұста «Тама­ша» ойын-сауық бағдарламасы, «Қымызха­на», одан кейінгі жылдардағы өзіңіз атсалысқан, басқарған «Телетотализатор Тайбурыл», «Сиқырлы қазан», «Қазақтың Қажымұқаны», «Әнші балапан», «Сен естімеген бір ән» жобалары, сондай-ақ семейлік Молдабек Жанболатов ағамыздың идеясы­мен дүниеге келген «Жігіттің сұлтаны» көрерменнің зор ықыласына бөленген еді. Қазіргі теледидар мен бұдан 20 жыл бұрынғы теледидарды салысты­рып бере аласыз ба?
– Біз істеген уақытта теледидар «сөй­лей­тін бас» рөлін атқаратын. Теледидардың негізгі ауыртпалығын Ғаділбек Шалахметов пен Қажы Қорғанов секілді төбесінің тесігі бар шешен тілді жігіттер көтерді. Бәрін кадр шешетінін өзің де білесің. Сол тұста Камал Смайылов пен Ғаділбек Шалах­метов, Шер­хан Мұртаза мен Сағат Әшімбаев қыз­мет еткен. Сол жылдары қазақ теледидары Одақтағы ең таңдаулы студия­лардың бірі болғаны рас. 1989 жылы «Әнші балапан» хабарын Мәскеуге алып бардым. Одақтағы ең таңдаулы хабарлар біз жасаған балалар хабарының жанында көмескі тартты. Сол жылдары Останкино­дағы, Шабаловкадағы одақтық теледидар орталығынан қазақ теледидарынан үйре­ніп шыққан кадрлар­ды көптеп кездес­тіруге болатын. Дегенмен 80-жылдарды алтын ғасыр деп санайтын­дар сол жылдары телеэк­ранның ауыртпа­лы­ғын көтергендер­дің жіңішке пленканы метрлеп санап, кәдім­гі қайшымен қиып монтаждағанын біле ме екен? 80-жылдар – телетехноло­гиядағы төңкеріс жылдары болды. Орталық алаңдағы екінші аппарат­тық студия біздің көз алдымызда салынды. Өкінішке қарай, сол қыруар қаржыға келген студиялық кешен бейнетехниканың сандық жүйеге көшуіне орай ешкімге керексіз болып қалғаны қызық. Ол жылда­ры кадр мәселесі де атүсті шешілетін. Ке­шегі театр мен кино артистері телережиссер, кешегі аудандық газеттің тілшілері тележур­налист болып шыға келетін. Теледидар үшін толыққанды кадр дайындайтын оқу орындары ол кезде де, қазір де жоқ. Жаңағы өзің мақтап отырған «Алтыбақан» мен «Қымызхана» театрдан келсе, «Бес ғасыр жырлайды», «Табиғат терезесі» ха­бар­лары деректі кино­дан келген туындылар болатын. Демек, біздің кезіміздегі теле­дидар мен қазіргі теледидардың арасын­да жер мен көктей айырмашылық бар екенін мойындау қажет. Бұл – біздің көргеніміз. Артынан жаңа­ғы айтқан корифейлердің орнын бас­қан Нұртілеу Иманғалиұлы, Ғалым Доскен, Нұржан Жалауқызының еншісіне өтпелі кезеңнің ауыртпалығын көтеру тиіпті. Ал қазақ теледидарының қазіргі деңгейі біз қызмет еткен жылдармен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары екенін мойындау керек. Бәрі де күн сайын өзгеріп жатқан телетех­нологияға байланысты ғой. Жекелеген кемшіліктеріне қарамастан, бү­гін­гі қазақ телеөнімдерінің әлемдегі жүз­деген теле­ка­нал өнімдерінің арасынан өз орнын тапқа­нына шүкіршілік ету керек шығар. Жаңадан ашылған телеарналардың жұмыстарын үзбей қараймын. Шынын айту керек, «Мәде­ниет» пен «Балапан», «Білім» телеар­­налары осындай аз уақыт ішінде аяғынан тұрып кетеді деп ойламаған едім.
– Осыған орай, менің сұрағым келіп отырғаны – сол кезеңде жұмыс істеген маманның бүгінгі телеарналардың біріне қызметке келетін ойы бар ма? Әлдебір телеарна сізді дәл бүгін қызметке шақырса, жұмысыңызды неден бастар едіңіз?
  – Осы секілді ұсыныстардың болғаны рас. «Теледидарда жұмыс істеу үшін темірдей денсаулық пен жүйке қажет» деп жауап бергенмін. Ал шынын айту қажет болса... әрине, барамын. Қаржы үшін неме­се жарнама үшін емес, орындалмай қалған армандарымды жүзеге асыру үшін.
– Адам барда арман бар. Адам нешеге келсе де, армансыз болмайды. Жаңа ғана арман деп қалдыңыз, егер құпия болмаса, солардың бір-екеуін атай кетсеңіз. Сіздің ең маңызды деген арманыңыз не?
– Армансыз адам болмайтыны секілді, арманның да үлкен-кішісі болмайды ғой. Мына шартты дүниеде, салыстырмалы түрде айтсам, мен армансыз жандардың қатарына қосылатын болуым керек. Сонау алыс ауылда, құм ішінде дүниеге келген, екі бірдей әкеден жастай айырылған жетім­көңіл баланың арманы еді менікі. Құдайға шүкір, өз замандастарым үшін арман болған бірнеше оқу орнында оқыппын. Өзіме ұнаған тірлікпен айналы­сыппын. Өзіме ұнаған әйелге, әйелдерге десең де болады, үйленіппін. Еліме азды-көпті қыз­мет жасаппын. Саяхатшы ретінде қазақ жерін шыр айналып шыққаным тағы бар. Әлемнің ондаған елінде болдым. Менің Төрехан деген досымның «Мынаны Мүсекең көрмеді-ай» дейтіні бар еді. Менің балаларым мен немерелерімді сол әкемнің көрмегені болмаса, адам ретінде арманым жоқ шығар деп ойлаймын.
Ең алдымен, сол арманның жүзеге ас­қанын емес, аспағанын атағым келіп отыр. Шығыста жұмыссыз жатқан кезімде жат­пай-тұрмай «Шежіре» деп аталатын жоба жасадым. Ол – Қазақстанның географиясы мен тарихын компьютер арқылы, теледи­дар арқылы оқытатын бейнеоқулықтың жоба­сы. Ол кезде елімізде қаржы тапшы, ал мен ұсынған жоба, негізінен, архив мате­р­иал­дарына сүйенетін арзан жоба болатын. Жоба аса биік мемлекеттік дең­гей­де қара­лып, мақұлданды. Білім және ғылым ака­де­миясы тарапынан қолдау тапқаны­мен, соңы сұйылып кеткені өкініш­ті. Ең өкініштісі, арада 20 жыл өткенде осындай тележо­ба­ның Ресей каналдарында жүзеге аса бас­тағаны. Тағы бір өкініштісі, мен ұсынған жобада көрсетілген «Қазақ­телефильм» студиясының архивы қолды болды. Осы­дан үш жыл бұрын «Ғажапстанға саяхат» аясында «Жасампаз жарқын жиырма жыл» атты тележоба ұсындым. Өзі қымбат та емес. Оның да арты сұйылып кетті. Кезінде өзім эфирге шығарған «Жедел жәрдем» де жоқ, бүкіл қазақтың көзайымы болған «Тайбурыл» да жоқ. Серік Жанболат екеу­міз көз майымызды тауысып жасаған «Жігіттің сұлтаны» қайта жарыққа шығады деген қуанышты хабар естідім. Бірақ бұл енді біздің жоба болмайтын шығар. «Ғажапстанға саяхат» жобасының бірнеше сериясы Шығыс Қазақстанның мектепте­рінде оқытылып жатыр. Ұзын-ырғасы 40 сериядан тұратын осы жоба бүкіл еліміздің оқу орындарында аймақтық компонент ретінде оқу бағдарламасына кірсе деп армандаймын.
– Кезінде партия мектебін бітіргендер арасында дәл қазір кәсіпкерлікпен айналысып жүргендер баршылық. Мүмкін дәл қазіргідей уақытта әр адам ортасына қарай икемді болуы керек шығар... Жалпы, әртүрлі қоғамда өмір сүрген қызық па, жоқ әлде қиын ба?
– Партия мектебі дегенде, менің дипломымда «саясаткер» деп жазылған. Ал саясаттанудың сайқалдау ғылым екенін өзің де білесің. Кәсіпкерлік дегенде, менікі қай бір кәсіпкерлік дейсің. Соңғы 20 жылда сегіз бұқаралық ақпарат құралын тіркетіп­пін. Қазір соның бірі де жоқ. Баспа да, баспахана да аштым. Ұят та болса айтайын, шошқа фермасын да, тауық фермасын да аштым. Құрылыспен қазірге дейін айналы­самын. Бәрі де тышқаншылап... Жалпы, мен айналыспаған жұмыс, мен қалам тартпаған өнер саласы жоқ. Ал енді менің ең жақсы білетін нәрсемнің бірі – теледи­дар. Қазір, негізінен, жазушылықпен айна­лысып жүрсем де, кино түсіру жұмыстарын тоқтатқан емеспін.
– Сіз, жалпы, өмірде бір басқан ізіңізді қайта басасыз ба?
– Түсінбедім. Егер шығармашылық қайталау тұрғысында болса, бір басқан жерін қайта баспайтын әккі болуым керек. Алдымен ақын ретінде көріндім. Артынша прозамен, саяхатшылықпен айналыстым. Одан шоумен болдым. Заман өзгеріп еді, бизнеспен айналыстым. Қазір қайтадан проза, балаларға арналған өлеңдер жазып жүрмін. Өзімді сергек, сезімтал азаматпын деп санайтын себебім – сол. Жалпы, тың­нан жол тартсаң, өзіңе де қызық, басқалар есін жинағанша біршама алға озып кетуге де болады.
– Сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз, немерелеріңіз бар ма?
– Атам қазақ балаларының, оның ішінде немерелерінің санын айтпайды ғой. Ең үлкен немерем 21-ге толады. Тура өзім секілді, әңгімені қатырады. Сол немереме: «Кейін сенің де немерелерің болады. Оларды мен көре алмайтын шығармын. Немерелеріңе «жазу жазбасын» деп айт» дегенмін. Сөзімді тыңдап, жазуды, әңгіме айтуды тоқтатып, медицина мамандығына оқып жатыр. 1963 жылы біздің үйдегі Бай­хо­новтар апам екеуміз ғана едік, бүгінде бала-шаға, келін-кепшік, немере-шөбере­лерді қосқанда бір қауым ел болдық. «Орнында бар оңалар» деген – сол. Менің айтқаным болып жатса, немере-шөбере түгіл, шөпшегімнің де осы фами­лия­ны алып жүргенін қалар едім. Бүгінде немерелердің алды ержетіп, бойжетіп отырған жайы бар. Осындайда көкіректе: «Алпысқа толмай шөберелі болсам» деген арман барын айтсам, Алла тағала артық көрмес деп ойлаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста