Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің деканы, профессор, ҚР мәдениет қайраткері:
– Қазіргі жас ақын-жазушылардың шығармаларын оқисыз ба? Бүгінгі көркем әдебиет жайлы қандай көзқарастасыз?
– Бүгінгі қазақ әдебиеті туралы ой қозғаған кезде алдымен әдебиетіміздің даму-өркендеуі Тәуелсіз мемлекетіміздің рухани өрлеу жолындағы мақсат-мұратымен бағдарлас, сабақтас екенін айту орынды. Еліміз егемендігін алғаннан соң рухани құндылықтарымызды, Алаш арыстарын қайтардық. Уақыт өте келе тарихымызды да түгендеп жатырмыз. Осыған байланысты, әрине, әдебиетке де жаңа тақырыптар келді. Әдебиетіміздің бағыты өзгерді. Қазіргі жас ақындар поэзиясына қарап отырсаңыз, Тәуелсіздік идеясын көтеретін, елдік, ұлттық құндылықтарды айтатын поэзия қалыптасып келеді. Осы поэзияда жас ақындардың өрлеуі, дамуы оң нәтиже беріп, отыр. Оларда өзіндік жаңалықтары мен алға қарай ілгерілеу байқалады. Жастарда бұрынғыдай таптық идеологиялық шектеу жоқ, цензура жоқ, бір сөзбен айтқанда, мүмкіндігі мол. Үлкен тақырыптарға, адамгершілік, ұлт тақырыптарын арқау етуге болады. Мүмкіндігі барлығынан, оның ауқымдығы, өлең құрылысына, бунағына, ұйқасына, ырғағына деген шектеу жоқ болғандықтан, поэзия қазақ әдебиетінің көшін бастап келеді. Егер ақын идеялық өте терең ойын айтқысы келсе, оны өлеңнің кез келген жанрында жеткізе алады. Маралтай Райымбекұлы, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбектің поэзиясынан жаңалықтарды жиі байқаймын. Ең бастысы, бұлар бірін-бірі қайталамайды. Үш ақын да – өз қолтаңбасын тапқан ақындар. Орта буын ақындары Есенғали Раушанов, Темірхан Медетбек, Аманхан Әлім, Темірғали Көпбаевтар – бүгінгі рухани сұранысқа толық жауап беріп, қоғамның дамуына үлесін қосып отырған ақындар. Қарап отырсаңыз, қазіргі поэзия адами құндылықтарға бет бұрды. Қазіргі ақшаның алғашқы орынға шығуы, дүниеқоңыздықтың, парақорлықтың, баққұмарлықтың, таққұмарлықтың бірінші қатарға шығуы, мұнымен қатар, қызғаншақтық, аяқтан шалу, мақтаншақтық дегендердің бой көтеруі сонау Абайдың терең философиялық поэзиясынан табылады. Қазақтың бойындағы мыңдаған мін қазақ поэзиясының негізгі тақырыбына айналды. Жастар поэзиясында қазірде тарихымызға үңілу, ұлттық мұраларға ден қою тенденциясы басым болды. Ұлы тұлғаларымызды тірілту немесе олардың ұлы шығармаларын айту негізгі орынға шықты. Бір ерекшелігі, сонау жыраулар поэзиясындағы үлгілер, канондар жастардың шығармашылығынан табыла білді. Тарихи тағдырымызды поэзия тілімен жырлау белең алды. Одан нәр алу және рухани қажеттіліктерімізге жарату, әсіресе жастардың санасына ізгілік ұялату мақсатында қазіргі қазақ поэзиясы едәуір жұмыстар атқарды. Осы турасында қазақ прозасы да дамып келеді. Тұтастай алғанда қазіргі қазақ әдебиеті үлкен ізденіс үстінде дер едім. Ұлттық деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейге көтеріліп отыр. ХVI-XVIII ғасырлардағы классикалық әлем әдебиеті үлгілері қазақ тіліне аударылды. Гуманистікке, ізгілікке шақыру мақсатындағы ізденістер жасалып жатқан тұста қазақ әдебиеті тоқырау үстінде, тоқтап қалды, болашағы жоқ деген сөздерді айтпауымыз керек. Қазақ әдебиеті қазір өзінің мақсат-мұратын айқындап, үлкен арнасын тауып, жақын 10 жылдықта оқырманымен тығыз байланыста болады деген үміттеміз.
– Бүгінгі көркем әдебиеттің тіліне қатысты қандай сыныңыз бар?
– Әр заман, әрбір тарихи кезең әдебиетке өз тілін ала келеді. Бірақ біздің ХХ ғасырдағы классикалық әдебиетіміздің тілі біздің қазіргі тілімізден мүлдем ат үзіп кеткен тіл деуге болмайды. Шынайы әдеби көркем тіл, менің ойымша, еш уақытта қоғамға, заманға бейімделмейді. Себебі ол – мәңгілік құндылық. Сондықтан да ондаған ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ тілі өзінің құнарын жоғалтпайды. Мен қазақ тілін өте бай тіл деп айта аламын. Қазақ поэзиясындағы жас ақындардың ізденістерін айтқан кезде тілдік ізденістерді де қосар едім. Жақсы сөз тіркестері, сөз орамдары, жақсы кестелі жаңа сөздер. Бүгінгі әдебиеттің тілі жұтап, тоқырап, тоқтап, сұйылып қалған тіл емес. Әдебиеттің жан жүрегі, күре тамыры – тіл. Тіл жоқ жерде әдебиет жоқ. Әдеби тіліміз өте құнарлы, көп қырлы әрі таза. Мұның себебі біздің әдеби тарих ХХ ғасыр әдебиеті, ХІХ ғасыр әдебиеті, бес ғасырға созылған жыраулар әдебиеті деген үш қайнардан тарап отырғандығынан деп түсінуіміз керек. Міне, осы қайнарларды көп оқыған, игерген, бойына сіңірген қаламгер, жазушы я драматургтер тарихта қалады. Ал оқымағандар ешқашан да әдебиет майданына ат ізін сала алмайды. Кеше ғана 60-жылдардағы Тәкен Әлімқұловтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Қалихан Ысқақтың, Шерхан Мұртазаның жауһар тілі әдебиетті өркендетті. Мұның себебі олар қазақтың сөздік қорын өз шығармаларында ойнатып қолдана алатындығында болып отыр. Ал кешегі Мұхтар Әуезовтің, Зейнолла Қабдоловтың, Ақселеу Сейдімбектердің шешендігі мен сөз қолдану әдіс-тәсілдері ешқашан да зая болмауы тиіс. Сондықтан да қазіргі қазақ әдебиетінің кедейленіп, сұйылып кетуіне ешқандай негіз жоқ. Ұлы тұлғаларымыз, даналарымыз, көрнекті қаламгерлеріміз жасап кеткен тілді біз молынан пайдалануымыз керек. Қазір жаңа сөз тауып, жаңа тіркестерге жүгініп, «белесебед» ойлап табудың қажеті жоқ. Тіліміздің бүкіл құнары да, сөлі де классикалық әдебиетімізде жатыр. Ол үшін біз Абай Құнанбаевтың, Шәкерім Құдайбердінің, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытұлының, Мұхтар Әуезовтің тілін зерделей зерттеуіміз керек. Қазіргі заманда ақын-жазушыларымыз керемет сөз тіркестері мен жаңа сөздерді әкеліп жатыр деп айта алмаймыз. Қазақтың көне ұғымдары мен атауларының барлығы да, сонымен қатар қазақтың ұлы сөз өнері мен шешендік өнері де сан ғасырлар бойы әбден қырналып, електен өтіп, төрт аяғынан тең тұрған, төрт құбыласы тең керемет бай тіл. Әлемде қазақ тілінен бай тіл жоқ. Киіз туырлықты түркі халықтарының барлығы да қазақ тілін құнары сақталған тіл деп мойындап отыр. Бүгінгі өмір шындығын өзіміздің құнарлы тілімізде сөйлете алсақ, одан артық бақыт та, мәртебе де жоқ.
– Сіз көп жылдардан бері қазақ әдебиетінің тарихын, қазақ прозасын, оның ішінде қазақтың суреткер қаламгерлерінің көрнектісі Тәкен Әлімқұлов шығармашылығын үзбей зерттеп келе жатырсыз. Бұл зерттеулердің ендігі беталысы қалай болмақ?
– Ең бірінші кезекте 10 жыл бұрын Елбасымыздың тікелей бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұраға» айрықша тоқталуымыз керек, оның құндылығын айтуымыз керек. «Мәдени мұра» дегеніміз – мәдениеттің барлық саласын қамтитын үлкен мемлекеттік бастама. Соның ішінде әдебиетке үлкен мән берілді. Жарыққа шығып жатқан «Бабалар сөзі»– жүз томдық еңбек. Кеше ғана соңғы әрпі басылған он томдық – «Қазақ әдебиетінің тарихы» еңбегі. Қазақ әдебиетінің тарихын Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанр-жанрға, кезең-кезеңге бөліп жазып жатыр. Өзіміздің қара шаңырақ ҚазҰУ-да да қазақ әдебиетінің қысқаша тарихын екі том етіп шығарып жатырмыз. Қазірде жаңадан құрылған Абай институты аталмыш тақырыпқа бес томдық еңбекті дайындап жатыр. Алып Ер Тұңға, яғни ежелгі дәуір әдебиетінен басталып, қазіргі қазақ әдебиетіне дейінгі тарихты қамтитын үш мың жылдық әдебиетті жазып бітірдік. Осы салада «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан 10 томдығына қатыстым. Оның оныншы томын жазуға қатысып, үлкен тарау жаздым. «Қазақ әдеби сыны» деген тақырыптағы еңбегім шықты. Одан кейін Серік Қирабаевтың жетекшілігімен екі томдық «Қазақ прозасының тарихы» атты еңбегім шықты. Онда мен өнер тақырыбына жазылған бүкіл қазақ романдарын жаздым. Ал жиырма жыл уақыттай жазып жүрген тақырыбым – өткен ғасырдағы, яғни 60-70 жылдардағы қазақ прозасының тарихы. Соның ішінде айрықша бір серпіліс болған тарихи тақырып ерекше өркендеді. Үлкен ақындарымыз, даналарымыз, өнер иелерінің образдары сомдалған прозалық шығармалар жақсы дамыған кез болды. Оның басында Мұхтар Әуезов бастаған Сәуірбек Бақбергенов, Ілияс Есенберлин, Тәкен Әлімқұлов, Сәкен Жүнісов, Әнуар Әлімжанов, Дүкенбай Досжанов, Ілия Жақанов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділовтер болды. Осы қаламгерлердің барлығын да қамтып, «Қазақ әдебиеті және қазақ әдебиетіндегі өнер тақырыбы» деген тақырыпты зерттедім. Кейін оны «Әдебиет және өнер» деген үлкен монографияға айналдырдым. Қорқыттың, Абайдың, Ақан серінің, Біржан салдың, Сүгір, Тәттімбет, Ықыластардың бейнелерін, олардың аң-құсы мен тазы иттерін, күйлері жайлы жазылған шығармаларды зерттедім. 1960-80 жылдары қазақ қаламгерлері осы тақырыпқа үлкен бетбұрыс жасады. Кеңес өкіметі тұсында цензура, тапшылдық деген секілді кедергілер тұрғанда ұлттың тағдыры мен тарихын жаза алмайтынсыз. Ал мәдениеті мен өнерін жазуға болады. Осы жолмен там-тұмдап болса да тарихымызды қолға алдық. Сонда біз ХІХ ғасырдағы заманның тарихи шындығын көрсете алдық. Мәселен, Әнуар Әлімжанов ең алғаш рет Махамбеттің бейнесін жасаған, одан кейін Тәкен Әлімқұлов Махамбет тақырыбына барды. Одан кейін Марат Мәжитов тұтас бір повесть арнады. Сол секілді Ілияс Жансүгіров бір кездерде атақты «Құлагер» деген поэма жазып еді, ал кейін Сәкен Жүнісов екі томдық «Ақан сері» атты роман жазды. Оның алдында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бейнесін Дихан Әбілов «Ақын арманы» деген шығармасында арқау етіп еді, кейіннен ол тақырыпқа қайта оралды. Шоқан Уәлиханов бейнесіне үлкен туынды жазған Сәбит Мұқанов еді, ал кейіннен Сәуірбек Бақбергенов ол тақырыпқа қайта оралды.
Міне, осы тақырып менің зерттеу нысаны етіп алған тақырыбым еді. Соның түп-қазығы Тәкен Әлімқұлов прозасы болған еді. Тәкеңмен қатар қалам тербеген он шақты қаламгерлерді барынша зерттеп, жаздым. Бұл жерде негізгі нысаным тұлпарлар туралы жазылған шығармалар еді. Және де осы тақырыпты жарқыратып, дүркіретіп жазған қаламгер Тәкең еді. Тәкең туралы екі монография, жекелеген бес кітап жаздым. «Әдебиет және өнер» деген монографиям «Қазақ университеті» баспасынан тұтас басылып шықты.
Жақында бір профессорымыз АҚШ-қа барып қайтқан екен. Сонда Американың ең атақты Ель университетінің кітапханасында менің Тәкен Әлімқұловқа арналған «Арыс» баспасынан шыққан кітабым бар екен. Қазақстандық профессор сол кітапты көріп, арнайы алып оқыған екен. Бұл нені білдіреді? Бұл сонау Америкада біздің қазақ қаламгерлерін зерттеп жатыр деген сөз. Ал қазірде қазақтың сыншылары жайлы сериялы мақалалар жазып жатырмын. Олардың ішінде Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Сағат Әшімбаев, Сайлаубек Жұмабек, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғали ағаларымыз бар. 1960-70 жылдарда қазақ сынына бір шоғыр талантты сыншылар келді. Бұлардың барлығы да әлемдік әдебиеттің жаңалықтарын игерген, әлемдік әдеби сынды игерген, интеллектуалдық деңгейі өте жоғары, жан-жақты, көп қырлы сыншылар болатын. Олар біздің қазақ әдеби сынын жаңа бір биікке көтерді. Олардың алдында Серік Қирабаев бастаған аға сыншылар, Зейнолла Қабдолов, Нығмет Ғабдуллин, Тұрсынбек Кәкішевтер әдебиет сынына 50-жылдары келді ғой. Ал 70-жылдары Зейнолла Серікқалиев бастаған үлкен буын келді. Қазірде солардың шығармашылығын терең зерттеп жүрмін. Қазіргі ғылыми ізденістерімнің бір бағыты осы. Осы сыншылардың шығармашылығын толық қамтып, мақалаларды толықтырып жеке бір үлкен кітап шығару ойымда бар. Жақында «Қазақ әдебиеті» газетіне «Қарағайдың қарсы бұтағындай» деген Сайлаубек Жұмабек туралы мақалам шықты. Сайлаубек Жұмабек қазақтың үлкен әрі талантты сыншысы болатын. Өмірден өткеніне бес жылдай уақыт өтті. Бұл кісі прозада да, поэзияда да, драматургияда да 50-80 жылдарда қалам тербеген қаламгерлердің әрқайсысына бір-бір кітап арнаған үлкен сыншы ғой. Шерхан Мұртазаға «Жұлдызды нұрлы суреткер», Қалтай Мұхамеджановқа «Титан драматург», Қалаубек Тұрсынқұловқа «Қазығұрттың перзенті», Тахауи Ахтановқа «Талант тектоникасы» атты еңбектерін арнаған еді. Қазірде өзім ҚазҰУ-да 70-80 жылдардағы қазақ прозасы мен өнер тақырыбында сабақ беріп жүргендіктен, 10-нан астам шәкіртім осы тақырыпта кандидаттық еңбек қорғады. Ал үш шәкіртім докторлық диссертация қорғады. Бірі Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы, екіншісі Тәуелсіздік жылдарындағы ізденістер, ал үшіншісі қазақ повестерінен қорғады. Алдыма қойған мақсатым – тұтас қазақ прозасының тарихын толыққанды зерттеу. Бүгінде осы бағытта өзім де, шәкірттерім де ізденіс үстіндеміз.
– Ғаламтордың көркем әдебиет тіліне, әдебиеттануға ықпалын байқап отырсыз ба? Жалпы, ақпараттық технологияның әдебиетімізге, сөз өнеріне алып-қосары не болмақ?
– Қазірде ғаламтор бетінде көркем әдебиеттің керемет нұсқалары жарияланып жатыр деп айта алмаймын. Болмаса, солар туралы сын пікірлер, талқылаулар болып жатыр деп ойламаймын. Ғаламторды өзім күнде қадағалап отырмасам да, болжаммен білемін. Байқап отырсаңыз, мәдениетіміз, руханиятымыз, әдебиетіміз әлі де ғаламтор бетінен табылмайды. Бір атап өткім келгені, баспасөз беттерінде жарияланған жақсы мақалалар бар. Олардың газет сайттарында жариялануы жақсы шешім. Онда жекелеген қайраткерлер мен тұлғалардың әртүрлі саладағы ой-пікірлері болуы мүмкін. Осы бағытта біз жақсы ілгеріледік деп ойлаймын. Ал, өкінішке қарай, қаламгерлеріміздің шығармалары немесе оларға деген сын пікірлер ғаламтор бетінен көрінбейді. Мысалы, Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романына деген үлкен-үлкен пікірлер әлі күнге дейін жоқ. Дүкенбай Досжанның, Қалихан Ысқақтың, Шерхан Мұртазаның жаңа шығармалары туралы ғаламтордан пікірлер таппайсыз. Ұсынарым, жарияланып жатқан шығармаларға ғаламторларда қысқаша ғана аннотациялар беріліп отырса, сыншылардың болмаса жазушылардың бір-бірінің шығармаларына деген пікірлерін ғаламторға енгізсе. Бірақ қазақтілді ғаламтор жақсы дамып келе жатыр. abai.kz, masa.kz, egemen.kz деген секілді сайттар ашылып жатыр. Оларды ашып қарайтын болсаңыз, біраз дүниені оқи аласыз. Өз басым abai.kz-ті үзбей оқып отырамын. Онда ылғи тосын ой-пікірлер, өткір көзқарастар, керекті мәселелер айтылып қалады. Өзім көбірек сын айтылған мақалаларды оқимын. Себебі сын бар жерде алға қарай ілгерілеу бар. Өзінің ұлтына, халқына жаны ашып қараған адам ащы пікір айтуы керек. Бір ерекшелігі, қазірде сол пікірлерді қаламгерлерге қарағанда журналистер көп жазады. Ғаламторда публицистиканың бірінші орынға шығып кеткен себебі сол. Көркем әдебиеттің рухани көшке ілесуіне үлкен дайындық керек. Бірақ бұдан қорықпау керек. Қоғамдық ой-пікірді жауынгер журналистер қозғауы керек.
– Еліміздегі жоғары оқу орындарының қара шаңырағы – ҚазҰУ-ға филолог боламын деп келіп жатқан студенттер жайлы не айтуға болады?
– Құдайға шүкір, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына сұраныс әлі күнге дейін өте көп. Қазақ әдебиетін зерттеймін, осы мамандықты таңдаймын деген балалар жылдан-жылға көбейіп келеді. Мен мұны филология факультетінің деканы ретінде толық сеніммен айта аламын. Жыл сайын Қазақстанда қазақ әдебиеті мен тіліне байланысты 300 грант бөлінеді. Соның 200 грантын ұтып алған бала біздің оқуға келіп құжат тапсырады. Мысалы, былтыр бізге түскен 400 талапкердің жартысынан көбі – қазақ тілі мен әдебиетін таңдаған балалар. Биыл 380 бала қабылдасақ, оның 280-і – қазақ тілі мен әдебиетіне баратын балалар. Бұл нені білдіреді? Болашақта әдебиетімді зерттеймін, тілші ғалым, әдебиетші ғалым боламын деген жігіттер мен қыздар. Ал арғы жағында жазушы, қаламгер, ақын боламын деген үлкен арман әрқайсысында да болатын дүние. Бұдан біздің қазақ әдебиетінің болашағына нық сеніммен қарауымызға болады. Сондықтан да қазақ тілі мен әдебиетіне бөлінетін мемлекеттік гранттар тек көбейе беруі тиіс. Одан мемлекет те, ұлт та ұтылмақ емес. Бір ерекшелігі, филолог боламын деп келетін балалардың көбі – ауылдан келген балалар. Бұл – ауылдарда қазақ тілі мен әдебиетімізге деген сұраныс әлі де биік деген сөз. Қазақ тілінің құнары мен қайнары ауылда жатыр. Факультетіміздегі балалардың туған жерлеріне көз салсаңыз, Атыраудан Алтайға дейін, оңтүстіктен солтүстікке дейінгі жерлердің барлық жерінен келіп жатқандар.
– ҚазҰУ биылғы оқу жылынан бастап зерттеу университеті болуға қадам басты. Осы орайдағы университеттің кешегісі мен ертеңіне тоқтала кетсеңіз.
– Өздеріңізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы білім мен ғылым алдына үлкен мақсат қойып отыр. Негізгі мақсат – Қазақстандағы кем дегенде екі немесе үш ЖОО зерттеу университеті болуға тиіс. Биылғы жылдың күзінен бастап біз үлкен қадамға барып отырмыз. Университет ендігіде білім беріп қана қоймай, сонымен қатар 50 пайызға дейін ғылыми- зерттеу орталығына айналады. Біздің факультеттің атауы да өзгерді – «Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті» статусына ие болдық. Біздің факультетте бұрын 10 кафедра болса, қазір ғылыми бағыттар бойынша алты кафедра болып бірікті. Кафедралардағы ғылым докторлары саны ертеректе 2-3 қана болса, ендігіде 10 ғылым докторы бірге күш жұмылдыратын болады. Бұл – әлемдік тәжірибе. Әлемде үлкен рейтингілік компаниялар бар. Міне, сол рейтингіде алғашқы орындарға көтерілуді мақсат етіп отырмыз. Білім сапасын көтеру мәселесі ең бірінші орында тұр. Ал қазақстандық рейтингілік ұйымның көрсетуімен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазірде бірінші орында тұр. Мұнда студенттерді қабылдау бұрынғы тестілік жүйемен жүзеге асады. Бірақ бакалавр дәрежесіндегі студенттерге қарағанда біздің университетте магистратура дәрежесіндегі мамандықтар көптеп дайындалатын болады. Былтыр біз 500 магистр маманды дайындасақ, биыл 1000-нан астам маман даярланды. Ең үлкен жаңалықтардың бірі – ҚазҰУ педагогикалық мамандықтарды жапты, тікелей ғылымға бағытталған оқу орны болып өзгерді. Енді педагог мамандарды дайындамаймыз. Осыған қарамастан, Қазақстандағы гранттардың саны жағынан бірінші орында біздің оқу орны тұр. Педагогикалық мамандықтарды жауып тастаса да, еліміздің түкпір-түкпірінен келіп түсушілер жыл өткен сайын көбейіп келеді. Мұның барлығы білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мырзаның тікелей қадағалауымен жүзеге асырылуда. Сөйтіп, әлемнің алдыңғы орындарындағы Кэмбридж, Оксфорд, Сорбонна, Йель, Гарвард университеттерінің қатарына дейін көтерілу негізгі мақсатымызға айналып отыр.