Күллі этнос өкілдері қазақтың мүддесі үшін қызмет еткені жөн

Күллі этнос өкілдері қазақтың мүддесі үшін қызмет еткені жөн

Асылы ОСМАН, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің, Алматы облыстық әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, профессор:

– Асылы апай, сіз Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесісіз ғой, жалпы, осы Ассамблеяның халықтар достас­ты­ғындағы атқарар рөлі қандай, қандай үлес қосып отыр?
– 1 Мамыр мерекесі сонау кеңес үкі­ме­ті­нің кезінен-ақ еңбек мерекесі болып есеп­телген. Бұл күннің мәні де, мағынасы да өте зор. Сол мазмұнда, сол мәнде бүгінгі таң­дағы 1 Мамыр мерекесі Елбасымыздың тап­қыр­лығымен, білгірлігімен, тегіміз бө­лек болғанмен, теңдігіміз бір, бірлік ме­­рекесі болып белгіленді. Барша қа­зақ­стан­дық бірлікте, ынтымақтастықта осы ме­ре­кені тойлайды. Мұндай мерекемен адам­ның еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі, па­­триот­­тық сезімі артады. Бірлік күні елі­міз­дің бірлігіне де, түсіністігіне де, теңдігіне де жақ­сы әсер етеді деп ойлаймын. Ал жуырда өт­кен Ассамблеяның құрылтайына «Бір ха­лық – бір ел – бір тағдыр» деген тақырып бе­рілді. Бұл дегеніміз бір елде тұрған аза­мат­тардың тағдыры да бір дегенді білдіреді. Ал тағдырымыз бір болғаннан кейін еліміз бір болуы керек және бірлікте болуымыз шарт. Ол құрылтайдағы Елбасымыздың жа­са­ған баяндамасы менің жүрегімнің төрінен орын алды. Ассамблея барлық ұлтқа ұйытқы бо­луы керек. Егер Президентіміз де, хал­қы­мыз да өзге ұлт өкілдеріне жылы ықы­ла­сымен, адал ниетімен, жылы лебізімен қа­раған болса, Ассамблеяның әрбір мүшесі де, бас­шысы да ұлтаралық бірлікті, достықты ұйыс­тыра білуі керек. Өзге ұлт өкілдері де то­пырақ иесі, ел иесі – қазақ халқы оларды қа­лай қастерлесе, дәл солай қадірлеп, қас­тер­леп өтуі тиіс. Білем, қазақты сүйемін, құр­мет­теймін деп айтатындар көп, бірақ іс жү­зінде қоғам болып баршамыз топтасқан түр­де сол ниетте болғанымыз дұрыс. Ас­сам­блея мүшелерінің жеке бастарының мүд­де­лерінен гөрі қоғамға қызмет етіп, қоғамның мүд­десін жоғары қойсақ ұтылмаймыз. Ру­ха­ни дүние жағынан келгенде ұлттық мүддені қай-қайсымыз болсақ та бірінші орынға қоюға тиіспіз. Яғни қазақ ұлтының мүддесі, ол – қазақтың ғана мүддесі емес, ол – қо­ғам­ның және мемлекеттің мүддесі. Ал саяси тұр­ғыда алып қарасақ та, біз мемлекеттік сая­си мүддені ең жоғары орынға қоюымыз ке­рек. Өйткені мына мемлекет біздің бә­рі­мізге ортақ. Ал ұлттық құндылық жағынан кел­генде ұлттық мүдде ең жоғары орында тұ­руы тиіс. Күллі этнос өкілдері қазақтың мүд­десі үшін қызмет еткені жөн. Әрине, өзге ұлт­тың тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне ай­рық­ша көңіл бөлініп, өз ана тілдерінде оқуы­на, дамуына, өркендеуіне ерекше мән бе­ріліп, салт-санасын жаңғырта сақтауына бар­­лық жағдай жасалып жатыр. Өз ана тіл­де­рінде оқып, білім алуда. Бірақ мен әр­да­йым тұрған елдің тілінде білім алып, оқиық деп насихаттап жүрем. Бір шүкірлік ететінім бұрынғыға қарағанда қазір ілгерілеушілік се­зіледі, мойынсыну да бар, бірақ толық мо­йындаушылық жоқ. Ассамблеяның бүгінгі таң­да алдына қойған ең негізгі мақ­сат­тарының бірі – Қазақстандағы кенжелеп жат­­қан дүниенің барлығына мұрындық бо­лып, қоғамдық мүддеге қызмет етуді көк­сейді.            
– Ассамблеяның қызметіне, оның мақсат-міндетіне жалпы түсінік беріп отыр­сыз ғой, сонда бұл Ассамблея тек қа­лалық жерлер үшін қызмет етпек пе? Ауыл­дық аймақтарда да ашу жөнінде көзқарасыңыз қандай?
– Аймақтарда әр ұлттың мәдени орта­лы­ғы құрылған. Сол кезден бері айтып келем, бір қалалық Ассамблея, бір облыстық Ас­сам­блея болсын және оларды бір түсінігі бар, Қазақ елінің ерекше қасиетін білетін адам басқарса деп армандап келем. Кейінгі кез­де Ассамблеяны кеңейту керек деп, ауыл­ды жерлерден де ашылуда. Ал мен жеке ба­сым бұл идеяны құптай алмаймын. Себебі бір қазақ ауылында бес шаңырақ әзір­бай­жан, бес-алты үй орыс, бес-алты, он шақты үй ұйғыр, түрік тұрса, осының әрқайсысы бө­лініп, мен әзірбайжанмын, сен ұйғырсың, сен орыссың дегеннен не табамыз, не пайда? Бір ауылда тұрып әр ұлт кеудесін қақса, не болмақ, жарасқан бірлігіміз қайда қалмақ? Ел­басымыз айтпақшы, тегіміз бөлек бол­ған­мен, теңдігіміз бір болып, Қазақстан өзге ұлт­ты бөтенсімей, барлық жағдайын жасап, ер­кіндіктің кілтін қолымызға беріп отырған­да, ауылдағы айрандай ұйып отырған аға­йын­­дарды бөле-жарудың қандай қажеті бар? Мен де ауылда тұрдым, хан жайлаған Қа­­ра­таудың бауырында өстім, би билеген Ала­таудың баурайында білім алдым, негі­зім­­ді қа­ладым, сонда мені әзірбайжансың деп кеу­демнен итерген адам болған жоқ. Қа­зір де қазақ көрген жерде  бауырына ба­сады, маң­дайымнан иіскейді, арқамнан қа­ғады, ба­сымнан сипайды. Не үшін? Себебі мен қа­зақ­тың тілін білгеннен кейін қазақтың жан дү­ниесін ұғамын. Қазақта керемет сөз бар «Пы­шақты өзіңе сал, ауырмаса өзгеге сал» де­ген. Егер қазақ өзгеден бөлініп, мен то­пы­рақ­тың иесімін деп кеудесін қағып тұрса, түсінушілік қайдан болар еді? Сол үшін де өзге ұлт қа­зақтың жан дүниесін ұғып, тү­сі­нуі қажет деп есептеймін, әрдайым өзімді қа­­зақ­тың ор­нына қоямын. Қазақ ешкімді бөл­мей, жармай ба­сымыздан сипап тұрған­нан кейін қазақты қа­лайша сүймейсің? Әлем­де жеті атасын жетік білетін, ары менен қаны таза, жүрегі пәк, ешкімді бөлмейтін, жар­май­тын, арам­дық­тан ада, қиянаттан шет, алысты жақын­дас­тырып, аразды татулас­ты­ратын, бір пәк, даласындай дарқан ұлт бар, ол – қазақ ұлты. Бүгінде бүкіл әлем көз тігіп, Қа­зақстанды танып-біліп отыруы – Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі мен қазақ халқының кеңдігінің арқасы. Елбасы­мыз қазақтың ұлы болғаннан ке­йін ғана Қазақстан бүгінгі сипатқа ие бо­лып отыр. Егер өзге ұлттың ұлы болса, мұн­дай кеңдік пен теңдікке қол жеткізе алмас едік. Пре­зидентіміз тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін қызмет етіп келеді. Ұлт көш­басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев кең­діктің, теңдіктің, дарқан көңілдің, бақытты, баянды елдің белгісі, символы болып отыр. Бүгін Қазақстанды бүкіл әлем та­ниды. Бұрын Қа­зақстанның әлем карт­а­сын­да атауы да жоқ еді. Қазір жер көлемі жағынан әлем ел­дері арасында тоғызыншы орында тұрған елі­міздің жер бетіндегі бүгінгі танымал­ды­лығы Елбасымыздың адал ең­бе­гінің жемісі деп білемін. Қазақ достықты сақ­тай білген­діктен, өзге ұлт оның дәм-тұзын ақ­­тай білуі тиіс! Қазақ даласына сонау 40-жылдары қоныс аударғанда жартысын жа­рып, бүтінін бөліп жеген қасиетті қазақ хал­қының арқасында бүгінгі дәрежеге жеттік. 
– Елімізде түрлі ұлттың ұрпақтарына бі­лім беріп жатқан мектептер бар. Сол мектептерде қазақ тілінде тек қазақ тілі пә­ні ғана оқытылады. Тек бір ғана пән­нің мемлекеттік тілде оқытылуы жет­кілікті деп есептейсіз бе?
– Үй ішінен үй тігудің қажеті жоқ. Бір мемлекет болғаннан кейін, бір мемлекеттік тіл болғаннан кейін өркениетті елдердің қатарына қосылып келеміз. Демек, біз де дамыған елдердегі талаптарды қоюымыз керек. Қазақстан өзге ұлттың барлығына еркіндік берді. Бірақ қай ұлттың үйлену тойын немесе өзге тойын қазақтың салтына сай өткізгенін көрдіңіз? Қазақ ел иесі болған соң қоғамда қазақы рух сақталуы тиіс. Әрине, әр ұлт өзінің ана тілін сақтасын, бірақ өзі тұрған елдің мемлекеттік тілін білуі – әркімнің адами міндеті, азаматтық парызы. Сонда ғана мемлекеттік, ұлттық идеология үстемдік етеді. Мысалы, бір Қазақстанда 78 өзбек мектебі бар екен. Оның барлығы кімге керек? Өзбектің тілі де, әдет-ғұрпы да жо­йыл­майды, жойылса да оның елі бар. Ал қа­зақтың тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жо­йыл­са, ол екінші жерде жоқ, демек, ұлт та жо­­йылады. Қазақтың өсетін де, өркендейтін де жері осы жер – Қазақстан. Егер Қа­зақ­станда барлығы жақсы болса, сізге де, маған да жақсы, яғни қазаққа жақсы, жайлы жер бә­рімізге жақсы. Ал мектеп мәселесіне кел­сек, бізде қазақтілді және орыстілді мек­теп­тер бар, жарайды, бірақ тағы да басқа ұлт­тар­дың жеке мектептерін ашып, үй ішінен үй тігуді өз басым жөн көрмеймін. Алайда Үкі­мет жағдай жасады, қазір ұйғыр мектебі де, өз­бек, орыс және тағы да басқалардың мек­теп­тері бар, жұмыс істеп тұр, білімдерін бе­ріп жатыр. Мен неліктен мұны құптамаймын? Се­бебі ертең Ұлттық бірыңғай тестілеу бас­талғанда мұның бұрыс екендігі анық білінеді. Сон­да мектеп түлектері тестілеуді қай тілде тап­сырады? Бір мемлекетте бірнеше тілде тес­тілеу жүргізуді қалайша құптарсыз? Әрине, орыс тілінде тестілеуге еріксіз бас шұл­ғимыз, ал өзге тілге арнайы тест құ­рас­тырып, бас қатырудың қандай қажеттілігі бар? Біз «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» де­ген ұранмен өмір сүретін болсақ, қазақы рух, қа­­зақы қоғамда мәңгі сақталары сөзсіз. Да­мы­ған елдерде өзге тіл, бөтен халық деген ұғым жоқ. Бір тіл, бір мемлекет, болды. Яғни біз де сол жүйеге біртіндеп көшкеніміз абзал. Се­бебі біз де өркениетті, дамыған елдердің қа­тарына ұмтылған елміз. Сондықтан елі­міз­дегі мектептерде оқыты­латын пәндердің тек бірен-саранын мемле­кет­тік, яғни қазақ ті­лін­де оқыту туралы емес, то­лық қазақ тілінде бі­лім беруді құптар едім. Егер қазақ мем­ле­кеті бір ел, бір халық, бір тағдыр ұранымен өмір сүрсе, абыро­йы­мыз артып, ұтарымыз анық.
– Саяси элитаның мойнын 100% мем­­­лекеттік тілге бұру үшін не істеу ке­рек? Шенеуніктеріміздің арасында өзге ұлт өкілдері бар дегендей... Жалпы, заңға сәй­кес мемлекеттік қызметкер үшін мем­­лекеттік тілді білуі керек деген та­лап­ты орындатудың саяси жақтары да бар ғой...
– Қазақтың тілін дамытудың қажеті жоқ, се­бебі қазақтың тілі – дамыған, өнген, өріс­теген тіл. Бұрын қазақ тілі дипломатиялық істерді атқарған. Қазір талаптың, қажетті­ліктің және сұраныстың жоқтығынан қазақ тілі кенжелеп жатыр. Егер талап болса, біз ең алдымен, шенеуніктерімізге сол талапты қояр едік. Мәселе де сонда – талап жоқ! Біз айтар едік, «егер сен мемлекеттік қызметкер болып, сол креслоға отырғың келсе, қазақ тілін біл, орыс тілі мен ағылшын тілін біл, бірақ басымдық бірінші орында мемлекеттік тілде» дер едік қой?! Бұл тұрғыда қазаққа екі міндет жүктеледі: біреуі – ана тілі ретінде, екіншісі – мемлекеттік тіл ретінде білуі керек. Ал мемлекеттің тілі, қазақтың тілі барша қазақстандыққа ортақ болуы тиіс. Тіл ортақ болмай, қоғам топтаспайды. Қазақтың тілі тек Қазақстанда ғана өседі, өркендейді, мемлекеттік тіл бола алады. Қазақтың тілі Қазақстан территориясында ұлтаралық тіл бол­са деймін. Дүниеде тіл мен сөзден асқан құ­діретті ештеңе жоқ. Темір тозады, тас мұ­қа­лып құм болады, адам өмірден озады, өл­мейтін – көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана. Тіл – тағдырдың адам баласына тарт­қан сыйы. «Тіл – қатынас құралы» деп бая­­ғыдан-ақ айтып келеміз. Тарихымызды да, әдебиетімізді де, мәдениетімізді де өз­ге­ге жеткізетін – сол тіл. Тіл – ұлттың жаны, ең құн­ды дүниесінің құн­дысы. Сондықтан тілдің орны ерекше деп біл­геніміз абзал. Қазақта «тіл білген құ­шақ­тасады, білмеген пышақ­та­сады» деген да­на­лық сөз бар, бірақ саяси эли­таға қатысты талап ойдағыдай емес. Ел­басымыз да әрбір Жолдауында қазақ тілі, біз­дің мемлекеттік тіліміздің деңгейін кө­теріп, беделін асқақтату керектігі жөнінде әр­дайым халыққа айтып оты­рады, бірақ іс жү­зінде білек сыбана кі­рісіп жатқандар ша­малы. Өмірдің барлық саласында қазақ тілін пайдалану керек. Сәкен Сейфуллин атамыз айтқандай, тіл – ауыз­дың ішінде, оны шы­ға­ру керек. Яғни біз сөйлеуіміз керек, қазақ тілінде сөйлемей тұ­рып, қазақша ойланып, қазақтай толғанып, те­біреніп, жан дүниені түсіну мүмкін емес. «Адам жазған сайын қа­лып­тасады, сөйлеген сайын жетіледі» де­мек­ші, қазақ тілін жетіл­дірудің, өрісін кеңейтудің бір жолы – барлық са­лада мемлекеттік тілді еркін қолдану. Мы­салы, жұмысқа орналасар кезде сізден орыс және ағылшын тілін білесіз бе деп сұрайды. Сон­да қазақ тілін неліктен сұрамасқа, нелік­тен талап етпеске? Бұл орыс мемлекеті емес, ағылшын мемлекеті емес, қазақ мемлекеті емес пе?! Қанша тіл білсеңіз – сонша ұлттың өкілі, сонша бай адамсыз деген де сөз бар. Көп тілді білген адам сон­ша­лық биікте тұра­ды, оның еш әбестігі жоқ, бірақ мемлекеттік тіл­дің орны бәрібір бөлек. Оған мемлекеттік тіл ретінде ба­сымдық беріліп, бірінші орын­да тұруы керек! Заң да бар, Үкіметтік қолдау да, қаржы да бар, бірақ ниет жеткіліксіз. Мем­лекетті мемлекет, елді ел ететін жалғыз құрал тіл болғандықтан, немқұрайдылық бұл орайда орынсыз дүние екенін естен шығармаған дұрыс.
– 1 Мамыр мерекесінің тұжы­рым­да­масы қандай болуы керек деп есеп­тей­сіз? Бәлкім, осы күнге арналған дәстүрлі ұран қажет шығар?
– 1 Мамыр – әрбір қазақстандық үшін Отан­ға деген сүйіспеншілік пен патриоттық се­зім­нің, адамзаттық борыш пен жал­пы­ұлттық келісімнің мерекесі. Бұл күні ел аза­мат­тары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі та­рихын дәріптеп, әлемдік қауымдастық та­рапынан жоғары бағаланған қазақстандық тату­лық пен келісімді паш етеді. Ал 1 Ма­мыр­дың ұраны – бірлік! «Бірлік бар жерде тір­лік бар» дейтін атам қазақ, бірлікті өсиет деп біледі. Яғни бірлік – ата-баба өсиеті, бө­ліну – заман қасіреті. Сол заманның қа­сі­ретіне ұрынбай, тату-тәтті өмір сүрген қа­за­қы рухта ұрықтанған елдің басшысы, Пре­зидентіміз бірлік мәңгі болсын деп 1 Ма­мырды бірлік күніне арнады. Біз жұ­ды­рық­тай жұмылып, бір білектей сыбануымыз ке­рек. Бұл күні мен үшін қазақтың ұлттық киі­мін киіп, қазақша сөйлеп, ән шырқау бә­рінен артық. Шынымды айтсам, бұл күні әзір­байжан киімін киіп шығуға на­мыс­танамын. Мен неліктен Қазақстанда тұрып әзір­б­айжанша киінуім керек? Қазақстанда әзір­байжанның бір нәрсесі ұмыт қалып жат­са, оның өз елі бар, ол жақта ұмыт қалмайды. Ма­ған салса, 1 Мамырда бір қазақ үйді орыс­қа, бір қазақ үйді ұйғырға деп бөліп бер­мей, бір дастарқан жайып, барлық ұлт­тың басын сол ақ дастарқан басында қосар едім. Өйткені қазақ деген даласындай дар­қан, тұлпар шапса тұяғы мұқалатын, сұңқар ұшса қанаты талатын, сонау шынарлы Аты­рау­дан алтынды Алтайға, жер жаннаты Же­тісуға шейін барлығы қосылғанда неткен бай­тақ дала десеңізші?! Осы дарқан да­ла­мызда сан-саққа бөлінбей, басымыздың бір жер­де қосылғаны дұрыс. Қазақтың тілі қан­дай шұрайлы?! Ең таза, мөлдір, нәзік қазақ тілін қалайша сүймессің?! Мен әрда­йым айтып жүрем, Қазақстандай жер, қа­зақ­тай ел жоқ!  
– Жастардың өзге тілге бейім бо­луы­ның себебі неде деп ойлайсыз? Бұл шетелдік идеологияның мықтылығы ма, әлде өз идеологиямыздың әлсіздігі ме?
– Өскелең ұрпақтың өзге тілге бейім бо­луының себебі – қазіргі саясат пен талаптың әл­сіздігінен. Қазақ – өте алғыр халық. Алай­да ұлттық рухты бойымызға сіңіріп, өзіміздің қа­зақ даласында тұрып жатқанымызды ұмыт­­пауымыз керек. Қазақ – сонау VIII ға­сырда алып арабтарға да, XIII ғасырда те­геу­рінді моңғолға да, XIX – ХХ ғасырда ор­ман­дай қаптаған орысқа да төтеп беріп, өзінің қазақтығын сақтап қалған киелі ел. Бірақ сол қасиетті қазіргі ұрпақ өз дәре­же­сінде ұғып, бағалай алмай, қастерлей алмай отыр, мені сол қынжылтады. Әйтпесе, Тә­уел­сіз ел бол­ғанымызға 20 жылдан асты, мем­ле­кеттік тілімізді, қазақ тілін өз тұғырына қон­дырар күн баяғыда-ақ жетті емес пе?! Мен «үш тұғырлы тіл» дегенде «тұғыр тек қазақ тіліне ғана тән, өзге тілдер өз елінде өз тұғырына ие болып отыр» дегенмін. «Менің айтуым керек, айтпасам жанып кетем, қа­за­ғыма боламын анық бөтен, бай тілді баяндай ал­май, көрге кіргім келмейді» деп айтып өтем! Жұқса маған асыл қасиет тіл арқылы қа­зағымнан дарыған, бойға біткен қабілет тұрған елден дарыған, құдіретіне бас иіп, қа­зағыма табынам да, мемлекеттік тіл – қа­зақ тілінің өз дәрежесіне көтеріліп, тұ­ғырына қонуын сағынам!  
– Кейбір ұлт өкілдері «Қазақстан – ме­нің екінші Отаным» деп жатады. Адам­да жалғыз Отан болады емес пе? Жал­пы, Отаным деген азамат сол елдің тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білуі тиіс деп есептейсіз бе? Осы ретте мем­ле­кеттің міндеті қандай болуы керек?
– Тәуелсіздігімізді алғалы бері айтып келем, адамда бір ана, бір Отан болады. Ол – сен қай елде тұрсың, қай жердің суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрсің, сол жер – сенің Отаның! Менің бір анам бар мені өмірге әкелген, ал Отаным – құтты қоныс, мейірімді мекен етіп отырған Қазақстаным! Сондықтан «тарихи Отан» деген ұғымды да өз басым бала кезден-ақ мойындаған емес­пін. Себебі мен қай елде тұрмын, сол ел менің Отаным деп білем. Адам бойында бір кесім таза ет бар, ол – жүрек. Егер әрбір аза­мат сол жүректей таза пейілмен «Отан!» де­ген қасиетті сөздің мағынасын жан дү­ние­сі­мен, адал ниетімен, кең пейілімен ұғына біл­се, әрине, тілді де, салтты да, дәстүрді де өз бетімен-ақ үйреніп, сүйіп, құрметтеп, қас­тер­леп өтеді. Елге адал болу керек, ал адал­дық адамды еш уақытта адас­тырмайды. Мем­лекет өзіне тиесілі міндетті атқарып, те­гіміз бөлек болса да, теңдігімізді бірдей ұс­тап тұр. Бірақ ұлттық тәрбиеге келгенде кем­шін тұстарымыз жетерлік. «Отан отба­сынан ба­с­талады» демекші, Отанды сүю ата-ана­ның тәрбиесінен, сүйіспеншілік бесіктен пай­да болады. Ұлттық тәрбие, ұлттық рух – адами асыл қасиеттер ананың ақ сүтімен, бесіктің бал жырымен дариды.
– Ал өзіңіз ұлтыңызды «қазақ» деп жаздырар ма едіңіз?
– Ешбір ойланбастан «қазақ» деп жаз­дырар едім. Өйткені мен Қазақ елінің аза­ма­тымын. Азаматтық қоғамда еркін, тең құ­қық­та өмір сүріп келемін. Сыртқа шыққанда да мені қазақ деп қабылдайды.
– Әңгімеңізге көп рақмет, апай. 1 Ма­мыр құтты, бірлігіміз мәңгі болсын!

Алашқа айтар датым...
Қазақстан тұрғындарының барлығына татулық, бірлік, достық, түсіністік тілей отырып, дендеріне саулық, бастарына амандық, ортаймас бақыт, сарқылмас күш-қайрат тілеймін. Еліміздегі шаттық, қуаныш тарқамасын, гүлдері жайнасын, жапырақтары сол­масын, әрбір азаматтың басынан бағы, астынан тағы таймасын, бас­та­ры дәулетті, төңіректері перзентті болсын!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста