Коммунизм мен фашизмнің еш айырмашылығы жоқ

Коммунизм мен фашизмнің еш айырмашылығы жоқ

Смағұл Елубай, жазушы:

– Смағұл аға, біз өзіңізді қазақтың тарихын терең зерттеп, өткен ғасырлардағы ұлтымыздың басынан өткерген зұлматтарын бүгінгі ұрпаққа жеткізуші қаламгер деп танимыз. Соның ішінде, әсіресе, ашаршылық жайында әлі жақ ашуға қорқатын, яғни компартияның қылышынан қан тамып тұрған кезде қазақ жазушыларының арасынан алғашқы болып шығарма жазған өзіңіз. «Ақбоз үйді» оқып отырып, талай қазақ көз алдында көмусіз қалып, қарға-құзғынға жем болған ата-бабаларының сүйегін елестетіп, егіле жылады. Таяуда сіздер, яғни еліміз арқа тұтатын зиялы азаматтар осы аштыққа байланысты баспасөз конференциясын ұйымдастырдыңыздар. Сондағы сіздердің көздеген мақсаттарыңыз қандай және нені талап еттіңіздер?

– Ашаршылық біздің тағдырымызға тікелей қатысты мәселе, өйткені біз кешегі қолдан ұйымдастырылған ашаршылықта cүйегі жиналмай кеткен төрт миллион қазақтың бала-шағасымыз. Көзімізді ашып, есімізді білгеннен әке-шешеміз өздерінің көрген қиындықтарын айтып отырды. Олар тірі тарих болатын. Бала болсақ та соны құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп өстік. Ашаршылықтың беті жаман болған. Біздің ел сол дүрбелеңде Ақтөбенің Байғанин ауданынан үстірт арқылы Қарақалпақстанға, одан әрі Түрікменстанға көшкен. Кейбір деректер бойынша, 1928-1933 жылдары сол бір ғана біз тұратын аймақтан 40 мың үй үдере көшкен екен. Әр үйде кемі алты адамнан деп есептесеңіз, 300 мыңға жуық қазақ атамекеннен ауып кеткендігін білеміз. Қазіргі күнге дейін сол дала бос жатыр, құдықтар қаңырап, кеуіп қалған. Қарақалпақстанның Маңғыт деген шағын қалашығының маңында бір құм болған, сол жерде ауылымыз уақытша қоныстанып тұрған екен.

Сол жерде 1947 жылы жертөледе мен туылыппын. Көп ұзамай Түрікменстанға өтіп кеткен де, менің туу туралы куәлігімді сол жақтан алыпты. 1936-1940 жылдар арасында Түрікмен-  станда қазақтардың көтерілісі болыпты. Ашаршылық жылдарында Қазақстаннан ауып барған қазақтардың арасында адамның етін жегендері болса керек. Соны олар біліп алып, «ей, адамның гөшүн (етін) йеген қазақ» деп бетімізге басқан ғой, соған қорланған қазақтар түрікменнің екі қаласындағы базарда отырған қазақтарды түгел аяғынан тік көтеріп, үкіметке мәлімдеме жасаған. Сосын барып партия нұсқау беріп, әлгіндей кемсіту тоқтатылыпты. Кешегі өткізген пресс-конференцияда Салық Зиманов ағамыз өз көзімен көрген бір оқиғаны айтып берді. Ол кезде он жастағы бала екен, өзі тұратын Атырау қаласына ауыл-ауылдан ашыққан халық ауып келіп жатыр дейді. Аштықтан құр сүйектері ғана терісіне ілініп қалған тірі аруақтар көшелерде құлап, өліп жатыр екен. Көбі ыңыранып, тұруға шамалары келмей жатыр дейді. Соларды үкімет бейне қоқысқа ұқсатып, көлікке тиеп алып, қаланың сыртындағы шұқырларға төгеді екен.

Сонда Салық ағамыз бастаған кішкентай балалар түктің мәнін түсінбей, шұқырда жатқан адамдардың қалай өлетінін көру үшін үймелеп барып қарап тұрады екен. Өлгені өлді, тіпті кеудесіне жаны бары өліп үлгермей жатып, күрекпен үстеріне топырақ салып, көміп тастапты. Осыдан шығатын қорытынды: сонда өкімет сол қазақтарды неге құтқармайды? Ең құрығанда, ауыздарына тамызатын су таппай қалды ма? Демек, «аштыққа ұрынып жатқандар бай-құлақтар, олар тап ретінде жойылуға тиіс, әйтпесе жаңа үкіметтің құрылуына кедергі жасайды» деген тенденцияның болғаны анық. Сондықтан коммунизм мен фашизмнің еш айырмашылығы жоқ, олай деуіме осы жағдай нақты дәлел бола алады. Қаннен-қаперсіз жүргенде бірден зауал төніп, қойша қырылған байғұс қазақ өздерінің не үшін жазаланып, кімнің кесірінен өліп бара жатқандарын түсінбеген күйі кетті. Оның жауабын біз енді ғана біліп жатырмыз. Себебі Кеңес үкіметін құрып жатқан тұста азық-түлік, яғни ет пен астық халықтың барлығына жетпейтін болды.

Осы арада үлкен құрбандық керек болды. Кім өлу керек деген мәселе шыққанда, қызыл әскер өлмесін, шенеуніктер өлмесін деп, құрбандыққа шаруаларды шалды. Жалғыз қазақ емес, орыстың, неміс пен украиннің де қолында астығы мен малы бар шаруалары қырылды. Сондықтан да біз осы нәубетті бастан кешіргендердің тікелей ұрпақтары ретінде оған саяси баға беру керектігін қозғап, мына дүниеден көзіміз кетпей тұрғанда бір конференция өткерелік деп шешкен болатынбыз. Өткендегі жиынымыз соның нәтижесі. Біз онда «төрт миллион қазақ қырылған сол зұлматқа саяси баға беретін кез келді» деп дабыл қақтық. Ал саяси баға беру деген – сол сұмдықты кім ұйымдастырған, аты-жөндерін атап, кінәліні тауып, соған сай шешім қабылдау. Егер олай етпесек, жазықсыз қырылған халықтың обалы жібермейді. Көзі тірілер сол құрбандардың алдында ақталуымыз керек. Біздің әрине, қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Алайда солай екен деп, кезінде сұраусыз кеткен, жоқтаусыз кеткен, қиянатқа құрбан болған ата-бабамызды жоқтамасақ, онда солардың арқасында шаңырақ көтерген мемлекеттің де бағасы бес тиын болуы мүмкін. Мінекей, Үкіметіміз, биліктегі басшыларымыз да сол халықтың перзенті ретінде бұл жанайқайға құлақ түруі керек. Елбасымыз, Парламент оны қолдайды деп сенеміз.

– Ал енді романға қалай келгеніңіз жайлы айтсаңыз...

– 1961 жылы біз Атамекенге оралдық, тарихта біз бастан өткерген ашаршылық жөнінде бір ауыз сөз жоқ. Ешкім ол жайлы жақ ашпайды да. Тура ол нәрсе болмағандай, тып-типыл. Тарих тола өтірік, «бірінші бесжылдық, одан кейінгі онжылдық салтанатты жеңіспен аяқталды» деген мәтін, тек «УРА! УРА! УРА»! Қалайша, сонда қаншама адам қырылған аштық, «жабулы қазан жабулы» күйінде қала бермек пе? Соны ойлай-ойлай мен бірінші курсқа түскенде роман жазуды ұйғардым. «Адасқан ауыл» деп тақырып та қойып қойғам өзімше. Алайда ол сол тұста мен көтере алатын шоқпар емес екен. Араға бірнеше жыл салып барып, жасым 35-ке толғанда әлгі романға отырдым ақыры. Ол 1982 жыл еді. Барлық жұмысымды тастап, Алматының шетіндегі Ақсай деген ауылда бір шопан ағамның киіз үйін тігіп, үш жыл тапжылмастан сол жерде жатып, «Ақбоз үй» деген романымды жаздым. Бітірген соң ұстазым, марқұм академик Зейнолла Қабдоловқа, сосын жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовке оқыттым. Екеуінің сын-ескертпелерінен кейін оны қайта түзедім. Ең қиыны кітапты баспаның тақырыптық жоспарына енгізу болды. Баспаның бастықтары, шыны керек, саясаттан қорықты. Зейнолла Серікқалиев, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртаза ағаларымыздың азаматтығының арқасында роман аман-сау қалды, баспаға жіберілді, бірақ ол бақандай бес жыл жарық көрмей жатып алды. Маған ол тым ауыр соқты. Кеңес заманындағы шындықты айтам деген жазушының тағдыры менің мына жаңадан шыққан трилогиямның үшінші кітабында жазылды. Егер де кеңестік тоталитарлық жүйе күйреп, шаңырағы ортасына түспегенде, біз, яғни жазушы мен де, мені жақтаушылар да түрмеге түсер едік.

– Сіздің замандастарыңыздың арасында кеңестік кезеңді жақтап, ақтап алғысы келіп тұратындар, қит етсе сол келмеске кеткен заманның бір жылт еткен жақсылығын айтып шыға келетіндердің бары жасырын емес. Олар сол кездегі оқу мен емделудің тегін болғандығын алға тартады. Сізге де осы мәселені көлденең тартқандар болған шығар, не деп жауап беріп жүрсіз?

– Әрине, ол заман түк бермеді десек, шындыққа қиянат жасаған болар едік. Иә рас, оқу, емделу тегін болды, оқуға деген құштарлық та зор болды. Бірақ Кеңес үкіметінің кемшілігі, қиянаты зор болды. Мысалы, «әлеуметтік әділет мал басы тең болған елде болады, адамдардың бір-бірінен байлығы аспауы керек, бай адамдар кедейлерді жалға алмауы керек» деген жалған ұранды алға тартты. Ал шындығында, сөйткен өкіметтің өзі халықты жалға алып жұмыс істетті емес пе? Соған лайық, адал ақысын төледі ме? Жоқ. Сенбесеңіз, мынаған назар аударыңыз, мәселен, сіздің еңбегіңіз 5000 рубльге татитын болса, сізге небары 500 рубль беріп, қанады. Соның өзінде ондай жалақыны министрлер ғана ала алды. Міне, сөйтіп халықты қанаудан құтқарамыз деп, керісінше, нағыз байлардың, буржуйлар мен кулактардың рөлін кеңестік өкіметтің мемлекеттік мәшинесі атқарды. Бұл демагогиялық идея болғандықтан, мемлекет өз қылмысына өзі сүрінді де, тарихтың күл-қоқысына барып құлады. Бүгінде сөйткен өкіметті қолдайтындар надан адамдар деп ойлаймын.

– Демек, айналып келгенде ештеңе тегін болған жоқ қой?

– Айналайын-ау, бүкіл халықтың маңдай терімен жиналған ақша ғой, соның белгілі бір бөлігі ғана еңбекші халықтың өзіне бұйырып, қалғанының бәрі дүниені төңкеру үшін шоқпар жасауға кетті емес пе? Баллистикалық, атом бомбаларын жасауға, оларды сынақтан өткізуге қаншама қаржы аямай жұмсалды. Сонысымен Кеңес Одағы дүниежүзі үшін өте қауіпті мемлекетке айналды. Әлі күнге біз сол кезде жиналған қаруды жойып үлгере алмай жатырмыз.

– Жалпы, қай кезеңде болмасын, шындық қашанда кешігіп жүреді. Біз оған өз тарихымызда талай көз жеткіздік. Дәл қазіргі заманның тарихын жазар шақ туғанда, қазіргі кезде айтылмай жүрген қандай шындықтар су бетіне қалқып шығар еді деп ойлайсыз?

– Қазақ әдебиеті дәл қазіргі күндердің тарихы алдында қарыздар деп ойлаймын. Бұл күндер көз алдымызда қырық құбылуда. Сондықтан оны тіптен қорыта да алмай жатырмыз. Араға біраз уақыт салып барып қорытылатын шығар деп үміттенем. Алайда мұның бәрі ақтауға жарамайтын сылтау ғана. Мысалы, қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлин ХХ ғасырдың 20-30 жылдары газеттерде қарапайым тілші бола жүріп, Қазақстанды аралап, сол тұстағы халықтың тұрмыс-тіршілігін бір жағынан, мақалаға арқау қылса, екінші жағынан, көркем әңгімеге айналдырып отырған. «Аштық құрбаны», «Күлпаш» деген әңгімелері сұмдық қой енді! Егер Бейімбет Майлин болмағанда, біз сол заманның сұрқын көз алдымызға келтіре алмас едік, ал менің «Ақбоз үй» романым да өз деңгейінде шықпаған болар еді. Себебі ашаршылық тұсындағы халықтың психологиясын бірден-бір дәл түсірген ұлы суреткер, өз заманының айнасы сол Бейімбет ағамыз ғана болды.

Әрине, ол кісінің сол тұстағы өте күрделі саяси жағдайларды бүкіл шындығымен қопарылған үлкен полотно жасауға да қабілеті жетер еді, бірақ оған мүмкіндік бермеді. Ондай дүниені шығармай-ақ, үйде жазып отырғаныңды білсе бітті, қызылжағалылар тіміскілеп тауып алып, атып жіберер еді. Ал енді Би-ағаң ондай үлкен дүние жазбай-ақ, жазықсыздан жазықсыз атылып кетті ғой. Бүгінде сол Бейімбет Майлин сияқты таланттар болмай тұр ғой деп ойлаймын. Әйтпесе жазар болса, жазушыға 90-жылдардың өзі таптырмас тақырып болар еді. Себебі өтпелі кезеңнің қиындығынан ел сол тұста сенделіп, сергелдеңге түсіп кетті. Қазақтың басына тарихи бақ қонған заман, яғни Тәуелсіздік келді. Бірақ тәуелсіздікті жариялай отырып, халық жабайы капитализмнің «джунглиіне» кіріп кетті. Әрине, отызыншы жылдардағы нәубетпен салыстыруға келмейді, дегенмен бұл кезде де бала-шағасына нан тауып жегізу үшін аналарымыз, өрімдей жас қарындастарымыз қапшығын арқалап, пойыздарға шығып кетті.

Осының барлығын тап сол күйінде көркем шығармаға арқау ете алмадық. Жалғыз ғана марқұм Мұқадес Есламғалиевтің «Тұман кешкен ауыл» деген романын мейлінше сол 90-жылдардың аласапыранын жақсы бейнелеген прозалық көркем полотно болды деп айта аламын. Алайда 90-жылдардан бастап біздің халық бастан кешіріп жатқан аумалы-төкпелі, аса шапшаң өзгеріп жатқан қоғам, сол қоғамдағы кешегі социализмнен шығып, бүгінгі мынау капитализмге үйрене алмай жатқан ауыл тағдыры, қазақ тағдыры әлі де өзінің авторын күтіп жатқан сияқты.

– Жоңғарды жеңген Абылай хан дүниеден өтер шағында өзінің жете алмай кеткен үш арманы жайлы былай депті: «Бірінші арманым – үш жүздің басын қоса алмағаным, екінші арманым – еліме мал емшегін емес, жер емшегін емізе алмадым. Сондықтан да үшінші арманым – бірлік болмаған соң елімнің ертеңгі еркіндігіне толық көзім жетпейді, сол – өкініш» десе керек. Абылай ханды алаңдатқан қазақтың бойындағы рушылдық болса керек. Содан бері қанша ғасыр өтсе де, халқымыздың бойында әлі де руға бөліну деген ауру қалар емес. Жалпы, рушылдық дерт пе, әлде оның да ұлтқа берері бар ма?

– Рушылдық өзінің тарихи миссиясын атқарды деп ойлаймын. Себебі кезінде оның прогрессивтік үлкен мәні болды. Мұның бәрі әскери тәртіппен жұмыс істеген далалықтардың елді, жерді қорғауға бағытталған ғажайып тактикасы болды. Ол жүйе бүкіл халықты гарнизон, отряд, взвод сияқты бөліктерге бөліп, соларға басшы тағайындап, әрқайсысының өзіндік Туын, Елтаңбасын енгізді. Сол себептен де даланың әскери құдіреті мықты болды. Оқ-дәрі пайдаланатын қару шыққанша, біздің даланы ешкім тісі батып қирата алмады. Бірақ біз қазір ұлт болып қалыптасатын кезеңде тұрмыз. Сондықтан қазіргідей капитализм заманында рушылдық тек музейлік құндылық болып қалуы керек те, ұлттық сезім, ұлттық бірлік алға шығуы керек. Мен әрине қазақтың тарихы ерекше болғандықтан, рудың тарихын біліп, аялап, әспеттеу керек деп ойлаймын. Себебі онда әрқайсымыздың генетикалық тамырымыз жатыр. Рулық сезімді үлкен бір бәйтеректің жапырағы деп білу керек, ал енді сол алып бәйтеректің діңгегі ұлт болуы керек. Бұл заманда ұлт болудан басқа бізге жол жоқ. Қазақы ұлттық сана тез қалыптасқанда ғана біз мемлекетті ұстап тұра аламыз.

– Ал осы жағынан біз қазір қандай деңгейдеміз? Ұлт болып ұйысуға деген біздегі құштарлық қандай?

– Бізде бұл әлі қалыптасып жатыр дер едім мен. Қалыптасып болған жағдайда біз жапондардың деңгейіне жетер едік. Ал жапондар «біз әсіресе, шетелге шыққанда сөйлеспей-ақ, бір-бірімізді көзімізге қарап ұға береміз» дейді. Мінекей, ұлттық сананың ең биік шыңы! Біз де бір-бірімізді көзбен ұғатын дәрежеге жетуіміз керек. Ұлт бірауызды, бірсөзді, бір мүддедегі тұтас тұлғаға айналуы тиіс. Ал мемлекеттің өз ішінде бірлік болмаса, онда сол мемлекетті құрушы ұлт өз төңірегіне қалай өзге халықтар диаспорасын топтастыра алады?!.

Бір басылымға берген сұхбатыңызда «Қазаққа тез арада ояну керек» депсіз. Кезінде Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп, Байтұрсынов «Маса» болып ұлтымызды оятқысы келді. Олай болса, қазақ сонда сол кезден әлі оянған жоқ па, әлде бір оянып, қайта қалғып кетті ме деген сауал туындайды екен. Бұған не дейсіз?

– Ахаңдардың кезінде бізде көзі ашық, көкірегі ояу мықты ұлттық интеллигенция болды. Бірақ солардың басын қағып, тілін кесіп алды, содан кейін ашаршылықты, репрессияны, әліппе ауыстыруды, соғысты бірінен кейін бірін бастан кешірген халық есеңгіреп қалды. Бейшара, бассыз халықты «уралаған» коммунистер өңгеріп алды. Сол коммунизмге бой алдырып, соның тізгініне жармасқан қазақтар, тіпті қазақ мектептері жабылғанда да селт етпейтін меңіреу күйге енді. Жеке-жеке мықты азаматтарымыз болды, бірақ 40-50 жылдары оларды да репрессияға ұшыратты. Атқан жоқ әрине, алғашқы кездегідей, алайда қызметі болса, креслосын жұлып алды, оларды сөйлеткізбей тастады. «Болашақта біз совет халқы боламыз, оның тілі ұлы орыс тілі болады, қазақ деген халық мүлдем жойылады» деген нәрсе біздің санамызға әбден құйылды.

Коммунистер басқарған мемлекет шовинизм жөнінен баяғы патшалық үкіметін жолда қалдырды, кіші ұлттарға деген қысым ашық түрде жүргізілді. Осы ашаршылық кезеңіне байланысты өткізген кешегі конференцияда Герольд Бельгер: «Сталин өзге халықтарды көшіріп алып келу үшін қазақтарды қыру арқылы оның жерін босатты. 20-30 жылдары халықты қырды да, 50-жылдары «тыңды игеру» деп өзге халықтарды қоныстандырды», – деп айтты ғой. Әйтпесе сол кезде тыңды көтеруге өзгені емес, сыртта жүрген екі миллионнан астам қазақты шақыруға болар еді ғой? Интернацонализм деген жалаң және жалған ұранды ту қылып көтерді, егер ол шынайы интернационализм болғанда, миллиондаған  халықты қырмағанда, кіші халықтардың тілін, дінін жоймағанда, ол үкіметті халықтың өзі қорғар еді. Қазаққа жасалмаған эксперимент жоқ, ең аяғы полигонға дейін біздің сайын даламызды қақыратты, кенезесін кептіріп, жерін улады. Қазақ халқы жауыздық эксперименттің құрбаны болды. Қаны қазақ, жаны дүбара ұрпақ пайда болды. Ал осыны көзбен көре тұра, «оян, қазақ!» деп айғайламағанда не деймін? Ол аз десеңіз, енді біз мәңгүрттіктің ұйқысына шалдықтық. Өз тілін білгісі келмейтін сол мәңгүрттер тәуелсіздігімізді алғалы 20 жыл өтсе де әлі күнге балаларын орыс балабақшасына қарай сүйреп жүр.

– «Қазақстандық ұлт» дегенді қалай түсінесіз және оған деген көзқарасыңыз қандай?

– Шенеуніктер оны «төлқұжатқа керек нәрсе» деп айтады. Расында, әлемде ондай тәжірибе бар. Мәселен, шетелге шыққанда елімізде тұратын жүз ұлттың әрқайсысының ұлтын көрсетпей, жалпы, «Қазақстан» деп қоя салады. Ол жағынан дұрыс. Паспортта ондай жол бұрыннан бар және сол күйінде қала береді де. Ендеше, соны айғайлатудың қажеті қанша еді? Немесе оны көтеру үшін алдымен қазақ деген ұлтты қалыпқа келтіріп алу керек еді. Қазақ әбден аяғына тұрып алғанда барып осыны қозғағанда, онда ол қайта бізге пайда келтірер ме еді?!.

Алашқа айтар датым...
Егер де мемлекетіміз «Тілдер туралы» жаңа заң қабылдап, Конституцияға «Әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді білуі керек» деген сөзді енгізбесе, шала қазақтарымыздың беті бұрылмай ма деп қорқамын. Олай дейтін себебім күнделікті өмірде өзі қазақ тілін таза біле тұра, немересімен орысша сөйлесетін қазақтарды көріп жүрміз. Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 18 жыл болды, ал қазақтар әлі күнге 18 грамм қазақша сөз білмейтін немере тәрбиелеп жатыр. Бұл не деген сұмдық? Ұлттық індет бұдан артық қалай асқынуы мүмкін? Кезінде бізді осы дертке Кеңес өкіметі душар етті, енді Тәуелсіз қазақ мемлекеті соны емдеп жазуы керек. Тез арада заң, Конституция, қажет болса Тіл инспекциясын қосу керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста