Кәсіпкерлердің ісін дөңгелетуге тұсау болып отырған әкімшілік кедергі көп

Кәсіпкерлердің ісін дөңгелетуге тұсау болып отырған  әкімшілік кедергі көп

Нұржан Әлтаев, Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының директоры:

– Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға ниет етушілер көбейіп келеді. Бірақ олардың істі неден бастарын, қандай құжаттар жинау қажеттігін білмейтіндігі рас. Сондықтан Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының ашылуы дер кезінде қолға алынған игі істердің бірі болды деуге толық негіз бар. Дегенмен қолбайлау болып отырған жағдайлар да аз емес шығар?
– Елбасы былтырғы жылғы шілде айын­да Тараз қаласында өткен жиында кәсіпкерлерге қолдау көрсететін орталы­қ­тар ашу жөнінде ұсыныс айтқан болатын. Орталығымыз сол тапсырманың негізінде ашылып отыр. Қарап отырсаңыз, бүгінгі таңда кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан көптеген көмек, жеңілдіктер жасалып жа­тыр. Түрлі бағдарламалар бар. Осындай бағ­дар­ламалардың саны 30-дан асып жығы­лады. Оның ішінде «Бизнестің жол карта­сы», «Экспортер», «Инвестор» атты бағ­дар­ламалар бар. Бірақ ол бағдарла­малардың көмегі дер кезінде кәсіпкерге жетпейді. Жасыратыны жоқ, бүгінде еліміз­де кәсіпкер­лердің ісін дөңгелетуге тұсау болып отырған әкімшілік кедергі көп. Егер бір зауыт саламын десеңіз, құ­ры­лыс жүргізуге, техника­лық құжаттарға рұқсат алам дегенше шашы­ңыз ағарып, месе­ліңіз қайтып қалады. Рұқ­сат беретін құ­жаттарға қол жеткізу үшін адам­дар айлап емес, жылдап күтуге мәж­бүр. Екіншіден, қаражат та қалтасын қаға­ды. Үшінші мәселе – оқыту. Кеңес Одағы кезінде еш­кім кәсіпкерлікпен айналыс­қан жоқ. Тек жалақымен ғана күнелтті. Нарықтық қатынасқа көшкеннен кейін жұрттың қайраңдап қалған қайықтай не істерін білмей сенделіп қалғаны да рас. Ертерек ес жиып, тірлігін түзеп, өз кәсі­бі­нің несібе­сін жеп отырғандардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Бүгінгі қолға алы­нып отырған бағдар­ламалардан хабар­дар болып, бизнес­пен айналысқысы келетін­дер қатары күн санап артып келеді. Деген­мен кәсібін неден бастауды, бизнес-жос­пар­ды қалай құрып, қалай жүр­гізу керектігін білмейтіндер көп. Кейбіреу­лер зейнеткерлікке шыққан соң, енді біреулері жұмыстан шығып қалған соң кәсіпкерлік­пен айналысқысы келеді. Бірақ қалай бастау керектігін білмейді. Орталық­та үш бағыт бойынша жұмыс істейміз. Әуелгі жұмыс – кәсіпкерлерге рұқсатнама құжат­тарын алуға көмек­тесу. Мемлекеттік орган­дарға барсаңыз, «анау керек, мынау керек»  деп саны жоқ көп құжаттың тізімін береді. Оған жүгіру де оңай емес. Екінші міндет – қаржылан­дыру көзін табу,  мемлекеттік бағдарла­малар бойын­ша көмектерді алып беру. Бір ғана мысал. Бір кәсіпкер көмек сұ­рап келді. Ол медици­налық құрал-жабдық шығара­тын зауыт салып жатыр екен. Оған банктен несие  алып бер­дік. «Биз­нестің жол картасы» бағ­дар­ламасы бойынша ол кісі банктен 14 пайызбен несие алатын болса, Үкімет 7 пайызын субсидиялап береді. Сол бойын­ша шешім қабылданып жатыр. Елімізде инвестиция туралы заң бар. Сол заң баптарын қарап отырсақ, кәсіп­керлер  зауыт салу үшін құ­рал-жабдық­тарды шетелден алып келеді. Ал кеден­нен алып өткенде қаншама қара­жат төлеу қажет. Негізі заң бойынша, құ­рал-жабдықтарды алып кел­ген кезде кеден алым-салығынан толықтай босаты­ла­ды. Мұндай жеңілдік бар екені­нен олар мүлдем хабарсыз болып шықты. Сон­дай-ақ көптеген басқа салықтан боса­тыла­тын­ын да білмейді. Жер және мүлік салығынан жеті жылға дейін толық бо­са­ты­лады. Яғни осы аралықта бір тиын да төлемейді. Тех­ни­калық дамудың ұлттық агенттігі тара­пынан да көп көмек бар. Зауытқа қажетті құралдар жоғары технологиялы жабдық­тарға жатады. Сол бағдарламалар бойын­ша кәсіпкер­дің 1 миллион долларға дейін грант алу­ға мүмкіндігі бар. Негізі, олардың құрал-жабдықтарының бағасы 2 мил­лион доллар тұрады. Біз 1 миллион долларын мемлекеттен грант есебінен алып беріп жатырмыз. Қай­тарымсыз. Дұрысы, мемле­кет тарапынан жасалып жатқан қамқор­лықтың ең үлкені деуге де болады. Тағы бір үлкен қолдаудың бірі – инженер сынды мамандарды білік­тілігін арттыру үшін шетелде оқыту­ға қажет 2 миллион теңге­нің 40 пайы­зын мемлекет өз есебінен төлейді. Мұны да әлгі кәсіпкер білмейді екен. Шетелден маман шақырт­қан жағ­дайда да 40 пайызын Үкімет төлейді. Ресми құжаттар, өндіріс кіріс-шығыстары үшін де грант алуға болады. Оның 70 па­йы­зы мемлекеттің мойнында.  «Экспортер – 2020» бағдарламасы бойын­ша кәсіп­кер Ресейде де өз өнімдерін шығара алады. Ол жақта өнім өндіру үшін сер­ти­фи­кат алу керек. Мұндай құжат бол­маса, өнімін ол елде сата алмайды. Сол сертифи­катқа жұм­салатын қаржының 50 пайызын мем­лекет төлейді. Шетел­дерде құжат рәсім­деудің де 50 пайызын мем­ле­кет өтейді. Сондай-ақ шетелде өз өнімдері­ңіз­­дің көр­месін өткізгіңіз келсе, жалдаған залдың 50 пайыз ақысы мем­лекеттен қайтарылып беріледі. Ол жақ­тан өкілдік, қойма, дүкен ашатын бол­саңыз, жұмсаған қаражаттың 50 па­йы­­зын мемлекет өз қал­та­сынан қай­тарып береді. Егер жарнама беріп, билборд ілетін болсаңыз, телеарна­ға бер­сеңіз, тағы да 50 пайызы – Үкіметтің мой­нында. Брендинг, вэб-сайт ашу, шетел­дік рынокқа маркетингтік зерттеу жүргізу, экспорттық стратегияны бағ­дар­лау – бәрінің 50 пайызын мемлекет өтейді. «Қазмедприбор» зауыты келе­шекте өнді­ріл­ген өнімнің 40 пайызын шетелге экс­порт­таймыз деп отыр. Олар­дың Ресеймен келісімшарттары да бар. Қаншама бағдар­ла­маның ішінде көптеген жеңілдік бар. Өкінішке қарай, мұның барлығын кәсіп­кер­лер біле бермейді. Біздің негізгі мінде­ті­міз – ал­дына үлкен мақсат қойып келіп отырған әр кәсіпкерге шынайы жанашыр­лықпен қолдау көрсетіп, көмектесу. Бұрын­дары көмекті алу үшін түрлі мемлекеттік меке­мелердің табалдырығын тоздыруға тура келетін. Мәселен, «Экспортер»  бағ­дар­ламасы­ның көмегін алу үшін Ас­танаға «Казнекске» бару керек болатын. Ұлттық компаниялардың облыстарда өкілдіктері жоқ. Бүгінгі таңда аталмыш компаниялар­мен келісімшартқа отыр­дық. Енді өкілдік­тер­дің де қызметін атқарамыз. Кәсіпкер бір құжат үшін Астанаға ат арытып бармай­ды. Орталы­ғымызға келіп, барлық көмекті бір ме­зет­те алуына болады. Алдымызға кел­ген кез келген кәсіпкерге қандай жо­­балар бар, қандай бағдарламалар бар, сон­дағы барлық жеңілдіктерді айтып, бағыт береміз. Құжаттарының бәрін өзіміз жинаймыз. Екі айдың қоры­тын­дысы бойынша орталығымызға 1000-нан ас­там кәсіпкер келді. 1000 ға­на емес, оның ар­тын­да қаншама отба­сы, қаншама жұмыс­шы тұр. 650 кәсіпкер көмек алды. Жоба­ларды қаржыландыру бойынша  оқыту, рұқсат беретін құжаттарға қол жеткізді. Қаржыландыру бойынша 500-ден астам кәсіпкер көмек сұрап келді. Оның жарты­сынан астамы, яғни 270-і қаражатқа бай­ла­нысты көмекке қол жеткізді. 100 кәсіп­кер рұқсат беретін құжаттарға байланысты көмек сұраса, оның 48-інікі қанағаттан­ды­рылды. Жұмысының жеңілдегеніне, құжат­тарға тез қол жеткізгеніне қуанған кәсіп­кер­лер арнайы келіп, алғыстарын жау­ды­рып жатыр. Сайрам ауданынан келген бір кәсіпкер екі жыл бойы құжаттың соңынан жүгіріп, тірлігін тындыра алмаған соң, біздің орталыққа көмек сұрап келді. Мәсе­лесін бес күннің ішінде шешіп бер­дік. 400-ден астам кәсіпкерді оқыттық. Жылыжай шаруашылығымен айналы­суға ниет еткен адам келсе, біз, ең ал­ды­мен, оны кәсіпкер­ліктің қыр-сырына қанықтырамыз, биз­нес-жоспар жасау­ға, қаржылық талдауға үйретеміз. Жы­лыжай салу үшін қанша қаржы кетеді, өнімді сатуды қаншаға өтке­ре­сіз, қанша табыс қалады, соны сарап­тау­ға жәр­дем­десеміз. Одан кейін арнайы жылы­жай шаруашылығымен айналысатын маман­дар­ды, агрономдарды шақырып, қандай көшетті алу керек, қандай плен­ка­мен жабу керек – соның бәрін тәжіри­бе жүзінде көрсетеміз. Тегін оқытамыз. Жұмыс істеп тұр­ған жылыжайға апарып көрсетіп,  қаржыландыру жағының қа­мын жасай­мыз. Операциялық залымыз­да түрлі банк­тердің өкілдері отыр. Қазагроқаржы,  Ауыл шаруашылығын қолдау қоры, Агро­несие корпора­циясының өкілдері отыр. Барлығы да бір орталыққа тоғысты­рылған. Сервис­тік компания да бар. Ол биз­нес-жоспар жасауды үйретіп, заң, марке­тинг бо­йын­ша кеңес береді. Әрі барлығы да тегін. Облыс­тағы ең мықты, тәжірибелі салық маманын осында жұмысқа қа­был­дадық. Ол кісі са­лық­қа байланысты барлық сұрақтарға жауап береді.
– Кәсіпкерлерге көмек көр­сете­тін орталықтың Алма­тыдан кейін екінші болып Шымкентте ашы­луы­ның сыры неде?
– Алматы қаласындағы орталықтың жұмысы біздікіне қарағанда бөлектеу. Онда тек қана кеңес берумен айналы­сады. Біздегідей рұқсат беретін құжат­тарды реттеумен айналыспайды, оқыту мүлде жоқ десе де болады. Оңтүстік Қазақстан облысы еліміз бойынша ең көп кәсіпкер шоғырланған орталық болып саналады. 120 мыңнан астам кәсіпкер бар. Бұл – жұмыс істеп тұрған ірі және орта бизнес көздері деген сөз. Еліміз бойынша мұнша­ма кәсіпкерлік нысандарымен ешбір облыс мақтана алмайды. Облыс орталығынан бөлек, аудан орталықтарында да филиал­дарымызды ашуды көздеп отырмыз. Ауыл тұрғындары қалаға жүгіріп әуре болмайды. Аудан орталығына келіп-ақ тірлігін тын­дыра алады.
– Орталыққа келіп жатқан кәсіпкерлердің дені қай салаға ниет етіп отыр? Тыңнан түрен салуға ниеттілер бар ма?
– Басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытады. Аграрлы облыс болғандықтан бұл түсінікті де. Оның үстіне, кәсіпкерлердің көбінікі шағын бизнес. 3-5 миллион тең­ге­нің көле­мінде көмек көрсетуді сұрап келіп жатқан­дар көп. Шағын цех, тігін цех, скотч жасай­тын цех ашқысы келіп көмек сұрайтындар бар. Мал өсірумен, бордақы­лаумен айна­лысуға ниет ет­кендер басым. «Жұмыс­пен қамту-2020» – өте тамаша бағдарла­ма. Ауылдықтарға 3 миллион теңгеге де­йін несие беріледі. Екінші дең­гей­лі банк­тердің дені ауылға бармайтыны, ауылдықтарға несие бер­мейтіні белгілі. Кәсіпкерлікке ниет еткен соң, кепілдік, әлбетте, болуы керек. Бағдарлама бойын­ша «Ырыс» МКО нес­ие береді. Олар саман үйлерді, жерді қабылдай береді. Ал банктер алмайды. 
– Кәсіпкерліктің қыр-сырын оқытатын оқытушыларыңыз­дың біліктілік деңгейі қандай?
– Оқытудың екі бағыты бар. Біріншісі – кәсіпкерліктің алғышарты. Бизнес жоба­лау деген. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ден, банктің директорлары біз­бен келісім­шарт­қа отырып оқытуға құл­шыныс танытып отыр. Жылыжай шаруа­шылығымен айна­лысқысы келген­дерге агрономдарды ша­қыр­тып, оқыта­мыз. 
– Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндігі шектеулі жандардың да көптеп ниет етіп жатқаны белгілі. Алайда соларға өз деңгейінде көңіл бөлінбей отырғандай. Кәсіп­керлікпен айналысқысы келген мүгедектер­ге қандай жеңілдік­тер бар?
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға «Даму» қорынан байқау арқылы 400 мың теңгеге дейінгі гранттар бөлінеді. Кейбір мүмкіндігі шектеулі жандар кө­мек сұрап келеді. Бірақ олардың биз­нес-жоспары – 400 мың теңге емес, 3 мил­лион­нан аса­тын жобалар. Осыған қарап, оларға бөлек бағдарлама қа­был­данса деген тілек бар. Жеңілдіктерді қарас­тыратын арнайы бағдарла­малар жоқ. Сондай-ақ шағын несиелерді кепілдіксіз беру жағын қарастырса жақсы болар еді. Мүгедектерге де, он екі мүшесі сау кәсіп­керлерге де бірдей бағдарла­ма ұсыны­лады. Мүгедектерге тек қана салықтық жеңілдіктер, «Даму» қо­ры­ның азғана жеңілдігі бар. Одан басқа жеңілдік қарас­тырылмаған. Жуыр­да орталығы­мыз­ға бір аяғынан айырылған мүм­кіндігі шектеулі жан келді. Массаж каби­нетін ашқысы келеді екен. Жоспарын қарастырып жатырмыз. «Жұмыспен қам­ту» бағдарламасы бойынша наурыз айын­да ақша түсе бастайды. Қыс айларында құжаттарын түгел дайындап береміз. «Ырыс» МКО-ның несиелері онсыз да аз, 6,5 пайыз­бен беріледі.
– Ірі кәсіпорын немесе үлкен сауда орнын ашқысы келетін кәсіпкерге жер алу мәселесінде мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі ме?
– Кәсіпкер рұқсат беретін құжатқа қол жеткізу үшін арызы мен сенімхатты біздің маманға тапсырады. Ол ары қа­рай әкімші­лікпен жұмыс істейді. Инвес­тиция да қарастырылған. Жер қазір аукцион бойынша сатылып, жалға беріледі. Онда да ол жерде нақты инвестициялық жобаларды іске асыра­тын болсаңыз ғана. Заңда нақтыланған талаптар бойынша шешімін табуға көмек көрсете­міз. Жер аламын дегеннің бәріне, әрине, жер алып бере алмай­мыз. Ол бұл учаскеде қандай бизнес көзін ашады, қанша қара­жат салады – бәрін нақтылаймыз. Соңғы­сын әкімші­лік шешеді. Қалада бос жер жоқ. Кәсіп­керлікті жүргізу үшін десеңіз, қаланың сыртында бос жатқан жерді беруі мүм­кін. Индустриалды аймақ ашылған. Сол аймақтан алып беруге мүмкіндік бар.
– Орталық тарапынан қанағаттандырылмай қайтып жатқан жобалар бар ма?
– Әрине, бар. «1 миллиард теңгеге зауыт салайын деп едім» деген фантас­тикалық қиял­мен келетіндер де бар. «Әуелі қара­жаттарыңды беріңдер, ары қарай көре жатармыз» дейді. Біз өзіміз­дің де, олардың да ұятқа қалмау жағын қарастырамыз. Келешегінен көп үміт күттіретін жобалар да болады. «Бизнес­тің жол картасы» бағдар­ламасында арнайы бөлім бар. Егер кепілге қоятын жылжымайтын мүліктің құны жетпесе, 50 пайызына мемлекет өзі кепіл­дік беруі мүмкін. «Үкімет асырауы керек» дегенді санасына сіңіріп алғандар «те­леар­­налардан айтып жатыр, маған не­сие бері­ңіздер» деп келеді. Оларға «біздің орта­лық­тың ақшасы жоқ, біз тек көмек береміз. Жобалардың ішіндегі ең тиімдісін, пайыз­дық ставкасы төменін таңдап, құжаттарды өткізуге көмекте­семіз. Әр банктің өз ішкі тәртібі бар. Біз одан аттай алмаймыз» деп түсіндіреміз.
– Оңтүстік өңірде кәсіп­керлер өндірмейтін өнім жоқ десе де болғандай. Дегенмен аймақтағы кәсіпкерлердің арасында өндірген өнімін шетелге шығарып жатқан­дары бар ма?
– Олар өздері өндіргенімен, бүкіл қаланы қамти алмайды. Әсіресе азық-тү­лікпен, оның ішінде жеміс-жидек, кө­­кө­ніс, етпен. Бұл – өте ауқымды нарық. Ресейлік кәсіпкерлер келіп, осы өнімдерді алып кетпек болып келісім­шарт­қа отырмақ болған. Мәс­кеуді көкө­ніспен қамтуға біздің облыс­тың қауқары жетпейді. Облыстың бүкіл кәсіпкерлері жұмыла жұмыс істесе де қамти алмайды. Ресейліктер кез келген өнім түрін қанша тонна болса да алып кетуге дайын. Алайда біз оған дайын емеспіз. Өйткені облыстағы кәсіп­керлік нысандары шағын. Ресей кәсіпкерлері «біз аралап, бәрінен біртін­деп жинап жүрмейміз. Бізге 6 мың тонна қызанақ ке­рек болса, біз оны бір жерден алып кетуіміз керек» дейді. Біздің жылыжайларымыз шағын ғана, 1 гектар, ары кетсе 5 гектар. Одан көп өнім жиналмайды. Осы мәселені шешу керек. Әлеуетіміз үлкен. Қаншама қыза­нақ өндірсек те, ол өте аз болады. Қан­шама мал асырап, ет өндірсек те бәрі­бір жетпейді. Ал қазақстандық нарық үлкен емес. Кедендік одаққа кіргелі жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Ешқандай ке­ден­дік кедергі жоқ, әкеліп сата бересіз. Бізге «Мер­седес» шығарудың қажеті жоқ. Бәрі­бір біз немістер сияқты жасай алмаймыз. Одан да өзіміздің қолымыз­дан келетін істі жетілдіруіміз қажет. Біздің облыс ауылша­руа­шылық өнімде­рімен-ақ нарықты толық жаулап ала алады.
– Қытайдың, Өзбекстанның дәмсіз жемістері мен көкө­ніс­тері базарларымызды толық жау­лап алған десе де болады. Олардың өнімдерін базар сөре­сінен қуып шығуға қауқа­ры­мыздың жетпеуі­нің бір себе­бі осында жатыр ма, қалай?
– Еліміз бойынша салынған жылы­жай­лардың 70 пайызы – біздің облыста. Бірақ сонда да болса аз. Өзбекстаннан келетін өнімнің жолы жабылды. Оларда жұмыс күші арзан тұрады, сондықтан базарлары­мызды кезінде өзбекстандық өнімнің басып алғаны рас. Бүгінде оларда газ жағынан проблема туындап отыр. Ол жақтан келетін өнімнің азай­ғаны бізге көп көмек болып тұр. Өзіміз­дің өндірісіміз артып келеді. Алма бұ­рын Қытайдан әкелінетін. Бүгінде оны да нарықтан қуып шығатын кез алыс емес. 2011-2012 жылдары облысы­мызда алма бақ­тары отырғызылды. Бірақ ол алма ағаштары енді үш жылдан кейін өнім бере бас­тайды. Сол кезде өнімді қайта өңдейтін зауыттар салу керек болады. Өйткені алма тамыз айын­да піскеннен кейін сатылғаны саты­лады да, қалғаны жерге түсіп рәсуа болады. Не қойма жоқ, не өңдейтін зауыт жоқ, бекерге рәсуа болады. Өнім сақтайтын қой­ма­лар салынып жатыр. Одан кейінгі мәсе­ле – қайта өңдейтін, яғни шырын, пави­дло, алмадан жаса­ла­тын өнімдер шы­ғаратын зауыттар салу керек. Кәсіпкерлер үшін бұл – үлкен мүм­кін­дік. Қытайдағылар бұрын өзде­рін­дегі алманы біздің рынокқа әкеліп сататын. Қазіргі таңда халқының саны өсіп жатыр. Соған орай, тұтыну­шы­­лық қабілеттері де артып отыр. Бұ­рын олар тек күрішті азық етсе, енді қарапайым халқының өзі дұрыс тамақ­тануды үйре­ніп келеді. Олар апель­син, алма, көкөніс өнімдерімен азықтануға бет бұрып келеді. Алдағы уақытта Қы­тай алмасын экспорттамайтын болады. Өйткені өз халқын қамтамасыз ете алмай қалуы мүмкін. 1,5 миллиард тұрғынның тама­ғын тауып беру де оңай емес, әрине. Ішкі тұтыну нарығын тол­ты­ра алмай қалуы да ғажап емес. Сонда олар бізге экспорт­тамақ түгіл, өздері бізден таси­тын болады. Қытайлар бізге сұраныс жасап отыр. Сояны қанша кө­лем­де бол­са да сатып аламыз деп. Алайда облыста сояны өсіру өте қиын­дық тудырып отыр. Жаңа технология­лар енгізбесе, өте қиын. Өйткені сояны комбайнмен жинаған кезде шашылып кетеді. Сондықтан ин­но­вациялар енгізу керек. Тұрғындардың жақсы өмір сүруіне, кәсібінің нәсібін жеуіне көмек көрсетіп, тамшыдай болса да үлес қоса алсам, еңбегімнің жанғаны.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста