Интеграцияны тиімді еңбек бөлінісінен бастау керек

Интеграцияны тиімді еңбек бөлінісінен бастау керек

Алғатбек Қыдырбек-ұлы, Бағалау және құрылыс академиясының ректоры:

– Алғатбек аға, әңгімемізді таяудағы Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауынан бастасақ, ондағы сізді елең еткізген қандай мәселелер болды?
– Елбасы таяудағы өз халқына Жол­да­уын­­да энергетикалық тапшылық және өңір­­лерді энергетикалық тәуелділіктен босату мәселесін шешуді тапсырып, Үкімет алдына бірқатар міндет қойды. Егер өз-өзімізді электр қуатымен толықтай қамта­ма­сыз ете алатын жағдайға жетсек, бұл еліміздегі инфрақұрылым секілді басқа да әлеуметтік-экономикалық мәнге ие көпте­ген мәселені шешіп берер еді. Осы жағынан алғанда, бұл міндетті орындау бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп білемін. Қалай дегенмен де, аталған мәселеге жаңа көзқа­рас­пен қарау керек. Мысалы, Жапония энергия өндіруге қажетті шикізаттың 99 пайызын, Франция 96 пайызын сырттан сатып алады. Дамыған елдер ішінде АҚШ-тың тұтынатын энергети­калық ресурсының 70 пайызы импорт бол­са, ал қалған 30 пайызды өзі қамтамасыз етеді. Ал Қазақстан 70 пайыз энергиясын өзінде өндіріп жатыр. Біз энергияның ба­сым бөлігін іште өндіре­міз, тек 30 пайызды көрші қырғыз бен өзбектерден аламыз. Сонда салыстырмалы түрде біздің өндіретін энергиямыз көп, бірақ басқалардан жағда­йымыз нашар. Неге? Өйткені бұл арадағы мәселе тек қана энергияға қатысты емес.
Біз қайтадан өңдеуші саланы әлі жан­дан­дыра алмай жатырмыз. Осы ел эконо­ми­касына мықтап тұсау болып отыр. Яғни энергия көздері – мұнай, көмір секілді отын түрлерін экспортқа шикізаттай емес, энергия ретінде шығаруымыз керек. Мы­салы, Италияның энергия өндірісі мұ­най энергетикасына негізделген. Ал Италия мұнай секілді жер байлығына ие емес. Оны Иран-Араб елдері, басқа дамушы мемле­кеттер мен ТМД елдерінен сатып алады. Сөйтіп, оны өздерінде өңдейді. Тек энергия ғана емес, одан неше түрлі зат өндіріп шығарады. Сондықтан еліміздің батысында мұнайхимия, газхимия кешендері құрылы­сын салуды, сондай-ақ өңірлерді газдан­дыру саясатын жалғастыру туралы Жолдау­дағы Мемлекет басшысының Үкімет ал­ды­на қойған өзге де тапсырмасы энергия тапшылығын жою бойынша қозғаған мәсе­ле­сімен тығыз байланысты деп түсіну керек. Яғни   бұлар – бір-бірінен ажыратылмай, бір кезеңдегі сабақтастықта атқарылар міндеттер.
Әрине, Жолдауда тапсырма берілгеннен кейін, Үкімет оны жүзеге асыру бойынша жоспарын жариялап, аталған мақсаттарға бөлінетін бюджет қаржысын игеру опера­циясын банк секілді қаржы институтына нысаналы несиеге  арнап тапсырса, жөн болар еді деп ойлаймын. Қалай болса да, банк тарапынан жүргізілетін несиенің иге­рілуін бақылау-қадағалау тетіктері тиімді екенін дамыған елдерден көріп отырмыз. Кезінде еліміздегі көптеген әлеуметтік жо­баны қаржыландыруды жергілікті әкімдік жанындағы мемлекеттік мекемелер атқар­ға­ны өздеріңізге белгілі. Арты немен тынға­ны да аян... Сондықтан мұндай тиімсіз тетік­терден уақытында бас тартқанды жөн көремін.
– Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Төлемдерді 30 пайызға өсіру туралы айтуды тоқтатыңдар, алда дағдарыс келеді, біз еңбекақыны, зейнетақыны, басқасын да тек инфляция көлемімен өсіреміз, болды», –  деді. Бұл ретте, маман ретіндегі пікіріңізді біле отырсақ...
– Мемлекет басшысы дұрыс айтады. Экономикалық заңдылық бойынша жала­қымыз инфляцияға қарай өсуі тиіс. Одан ары өссе, ол сатып алушылардың сатып алу икемділігін өсіреді де, сатушылар оны бай­қай салып, дереу бағаны өсіріп жібереді. Яғни сұраныс сәл ғана көбейсе, ұсыныс ба­ға­сы демде-ақ өсе кетеді. Ал бағаның өсуі, ол – инфляция, қаражаттың құнсыздануы.
Негізінде, нарықтық экономика асау ат секілді, мемлекет қанша жерден реттеп отырса-дағы, онша бой бере бермейді, ауыз­дықтасаң-дағы мөңкіп, қашағандап тұрады. Яғни нарықтық экономиканың қашан қарғып, ауыздықты жұлып әкететінін білмейсің. Сол себепті оның тізгінін бос жіберуге болмайды, ол ұдайы қадағалауда болуы керек. Алайда бапкер де білікті болуы керек.
Экономикалық заңдылықтар дағдарыс­тың қашан болатынын, оның қай кезеңде  аяқталатындығын, ал қай уақытта қайтадан өрлеу басталатынын шамалап болжай ала­ды. Сондай арнайы ғылыми негіздегі оқу­лық­тар бар: бұрынғы Кеңестің Кондратьев,  АҚШ-тың Кузнец, Леонтьев деген ғалым­дарының ірі еңбектері. Қазір сол оқулық­тарды ешкім оқымайтын секілді. Елдің бәрі өзін данышпан сезінетін болып кетті. «Ол бұрынғы заманның  классикалық экономи­касы, қазір оның бәрі жоқ», – дейді. Сөйтіп, дағдарыстың теориясы жоқ дегенді айтады. Меніңше, бұл – оқығысы келмейтін адам­дар­дың сөзі.
Дағдарыс кезінде заң бойынша инфля­ция тоқтауы керек. Себебі тауарлар өтпейді, сәйкесінше, олардың бағасы арзандайды. Осы жағынан алғанда, қарапайым тұтыну­шыға дағдарыс деген жақсы. Жинаған ақшасы болса, арзандау кезін пайдаланып, біраз бұйымдар алуына болады. Ал инфля­ция деген – бағаның көтерілуі. Дағдарыс кезінде, керісінше, баға түседі. Яғни дағдарыс кезінде инфляция тоқтауы немесе баяулауы тиіс. Ал бізде дағдарысқа дейінгі кезеңде де инфляциялық көрсеткіш 7 па­йыз болды, дағдарыста да 7 пайыз,  қазір де 7 пайыздан асты.
– Неге?..
– Себебі ол кездегі мемлекеттің саясаты солай болды. Дағдарыстың соққысы көбі­рек ықпал еткен қаржы жүйесін қалыпқа келтіруді мақсат етті. Дағдарыс әлемнің барлығын шарпығандықтан, халықаралық нарықтағы тауарлардың долларлық бағасы да төмендеді, сонда бізге сырттан тасымал­данатын тауарлар арзанға келетін еді. Бірақ біз ел ішінде доллардың курсын әлсірет­педік, оны қолдан нығайтып, бағамын көтердік. Сөйтіп, 1 АҚШ долларының баға­мын 120-дан 150 теңгеге бір-ақ көтеріп жібердік. Шетел тауарларының теңгелік бағасы өсе берді, импорт қымбаттады...
Есесіне, мемлекет алдына қойған мақ­сатты жүзеге асырды. Қаржы саласын дағ­да­рыстан аман алып шықты. Сондықтан бұл дер кезінде қабылданған, тиімді шара болды. Әрине, ол халықтың өмір сүру деңгейіне біршама теріс әсерін жасады. 
– Кеден одағының басты тиімділігі – біз шикізатты экспор­таушы ел ретінде тасымалдар жеңілдігіне ие боламыз. Осы бағыттағы пайдамызды қалай бағалар едіңіз?
– Соңғы кездері елімізде жанар-жағар­май тапшылығы белең алды. Себебі Павло­дар мұнай өңдеуші зауытын қамтамасыз ететін Сібір мұнайы дер уақытында келмей жатты. Мүмкін одақ шеңберінде осы мәселені реттеуге қол жеткізетін шығармыз. Яғни тасымал тарифіндегі, баж салығының болмауы секілді жеңілдіктер ресейлік шикі­зат секторын игерушілерге тартымды болуы тиіс. Осы жағынан алғанда, өз-өзімізді жанар-жағармаймен қамтамасыз ететін кезеңге, Мұнай және газ министрлігі айтып жүргендей, 2014 жылға дейін Ресей Сібір­дегі мұнайымен Павлодар және Шымкент зауыттарын қамтамасыз етіп отырса, жақсы болады. Дегенмен мұны мәселенің нақты шешімі деп айтпас едім.
Жалпы, шикізат қанша тұрады, одан қан­ша пайда табамыз?.. Ал импорт  жанар-жағармай қанша, оны тасымалдау үшін қанша шығынданамыз? Бізге осыны есеп­теу керек. Біздің шикізатты сатып алушылар одан он түрлі тауар жасап шығарады, оның тек біреуін бізге 10 есеге қымбатқа сатады. Осыдан-ақ біздің пайдамыз бен шығыны­мыздың көлемін байқай беруге болады.
Негізі, мұнайды тұтынушылар бізді екі есеге алдап жатыр: «Сендердің мұнайла­рыңның салмағы ауыр, өте қою, өңдеуге қиын, ішінде мазут пен қарамай көп, бізге шикізат бензин мен керосин шығаруға отын ретінде керек, арзандатыңдар» дей­ді. Біздікілер бұған келіседі. Ал, шынында, егер мұнайды отын ретінде қарастырсақ, салмағы ауыр Қазақстан мұнайынан артығы жоқ. Яғни біздің мұнай отын ретінде де қымбат болуы керек.
Ауыр мұнай – мұнайхимия зауыттарына қажетті шикізат. Яғни пластмассалар, рези­налар шығаратын өндіріске табылмайтын шикізат. Сондықтан бізге мұнайдың ауы­рын, жеңілін, сұйығын, тығызын осы жер­ден бөліп, сұранысы бар өндірістерге жібе­ру керек. Сонда есебіміз дұрыс болады. Ал біздің мұнай ешқандай сұрыптаусыз сыртқа кетіп жатыр.
Үкімет жылда мұнай өнімдері нарығын сынға алады, «бағаны ауыздықта, тапшы­лықты болдырма» деп түрлі ведомствоға тапсырма береді. Бірақ делдалдар түрлі жолмен сытылып кетіп жатады. Себебі біз­де бағаға қатысты арнайы заң шығаруға Парламенттің қауқары жоқ. Сондықтан «қазан­шының өз еркі қайдан құлақ шығар­са» дегеннің кері келіп жатыр. Мұндай ерік берілмеуі керек. Құр айқайға қазір ешкім бағынбайды. Де­пу­таттар не үшін отыр? Олар заң қабылдауы керек. Бір жылға арналған. Мәселен, «2012 жылдың мұнай өнімдерінің бағасы, оның ішінде АИ-92 бензинінің құны 106 теңгеден аспауы тиіс» деген. Осы белгілі шек­тен асырды ма, жанар-жағармай нары­ғына қатысушыны қылмыстық па, әлде заңда қарастырыл­ғандай әкімшілік пе, әйтеуір, жазаға тарту керек. Себебі ол заң­ды бұзды. Сонда нарықта тәртіп болады. Инфляция да баяу­лайды.
Біреулер «бір жылдық заң болмайды» дейді. Неге? Болады! Бюджет туралы заң жыл сайын қабылданады ғой, экономи­калық жағдайды ескере тұра. Мұны да солай жасау керек. Қазақстан өз халқы үшін өз мұнайын арзан бағаға пайдалануға толықтай құқы бар. Бұл ұсынысты жұрттың бәрі қолдайды. Елбасымыз Жолдауда: «Бұрын сатылып кеткен активтердің бірқа­тар маңызды бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді «Богатырь», Қарашы­ға­нақ, Қашаған кен орындары мен ЕNRС, «Қа­зақмыс» компанияларының басым активтері мемлекет иелігінде болады. Ке­зін­де мен «мынадай жағдайларға байла­нысты сатып жатырмыз, қазір жекешелен­діру керек, уақыты келгенде қайтарамыз» деп айтып едім. Міне, енді бәрі қайтарылу­да. Барлық акциялардың пакеті Қазақстан­да. Енді өзіміз барлығына ықпал жасайтын боламыз», – деп мәлімдеді. Демек, жоға­ры­да аталғандай, жақсы заңды қабылдауға болады. Оған мүмкіндігіміз жеткілікті. Бірақ, меніңше, сондай заңды жасап шығу­ға Парламенттегілердің шамасы жетпейтін секілді. Ондағылардың көбі экономикаға, есепке шорқақ. Содан кейін басын қатыр­ғысы келмейтін сияқты. Әсіресе бағаға қатысты.
– Парламенттегілер дедіңіз. Оны биылғы жасақталған депутаттарға қатысты айтып отырсыз ба?
– Мені бұл ретте бір нәрсе қатты қын­жыл­тады. Яғни даңғаза саясаткерлердің өзінің арзан жарнамасы үшін бәріне бара­тындығы. Қазақта «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген сөз бар. Біздің кейбір саясаткерлер ойланбай сөйлейді, бірақ одан өздері «өлмейді», жұрттың тынышын бұзып, есін шығарады. Мысалға, мінберге шыққан депутат «зейнеткерлердің зейне­т­ақысын пәленбайға көтеру керек» дейді. Оны теледидардан базардағылар тыңдап отыр. Ертеңінде шу ете қалады, «зейнетақы­ны өсіргелі жатыр екен» деп. Зейнетақының көтерілуіне әлі пәленбай ай бар, бірақ ба­зар­дағылар бағаны бүгін көтеріп жібереді. Сондықтан, негізінен, заң шығарушы адам­дар экономиканың қыр-сырын білуі ке­рек.
Негізінен, Парламенттің ісінде мемле­кеттің ауқаты – экономиканы дұрыстау үшін заң қабылданады, ол үшін экономикалық заңдылықты білу керек. Ал заңгерлер соны құқық тілінде оқи алатын қалыпқа келтіріп, заң ретінде шығаруы қажет.
– Жолдауда «Ұлттық қордың ақшасы ел экономикасын несиелен­діруге жұмсалсын» деген сөз айтылды...
– Әрине! Капитал деген – жұмыс істеуі тиіс құрал. Сондықтан Ұлттық қорда жатқан ақша іске қосылуы лазым. Ол сол үшін де табылып, жинақталады. Яғни Ұлттық қор­дағы ақша айналымға түсіп, өз-өзін өсіруі керек. Өз-өзін өсірген ақша ғана пайдалы. Ал пайданы нақты сезіну деген елдің өмір сүру деңгейінің артқандығын білдіреді. Осы жағынан, Елбасының бұл ұсынысын толықтай қолдаймын. Ақша тектен-текке жатпауы керек. Қазір қаржылық саладағы дағдарыстың басым бөлігі осы сектордағы бос ақшаның жұмыс істемей жатқандығынан туын­дау­да. Демек, бос ақшаны ел экономи­касын дамытуға жұмылдыру қажет.
– Қазір елімізде тоғыз арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп жатыр. Олардың әлеуетін қалай бағалайсыз?
–  Арнайы экономикалық аймақтар арнайы құрылады әрі бірнеше мақсатты көздейді. Ерекше болғандықтан, ол жер­лер­де салық деңгейінің төмендігі, сауда жасауға ыңғайлылығы секілді тартымды­лықтар болады. Мұндағы басты мақсат – инвесторларды тарту. Бірақ қазір сол аймақтар жоспарлағандай жұмыс атқарып жатқан жоқ. Себебі сол нарыққа ұсынатын өз тауарларымыз жоқ.
Бір жағынан, бұл аймақтар интеграция деген түсінікті береді. Яғни интеграциялық ынтымақтастықтың бір амалы. Егер аймақ­тар­дың интеграциялық бағдары дұрыс болса, жұмыстары ұдайы алға жүріп отыра­ды. Сондықтан әр аймақ «біз нені басқа­лардан жақсы өндіре аламыз» деген сауал­ға жауап іздеп, сол негізде дамуға кірісуі керек. Одан кейін көрші жатқан мемлекет­пен интеграцияны бөлісіп жасауы тиіс. Яғни шығарған өнімін бір-біріне жарайтын­дай етіп. Мысалы, дүниежүзінде ең жақсы бидай, түсті металдар біздікі. Мал шаруа­шы­лығы бойынша қазаққа жететіні жоқ. Нақтырақ айтқанда, мал өсіруге біздің жа­йы­лым жерлер өте қолайлы. Атам заманнан ата-бабамыз өзбектерге мал мен астық, ал өзбектер бізге жеміс-жидек тасымалдап отырған. Интеграция деген – осы. Демек, интеграцияны осындай тиімді еңбек бөлісінен бастау керек. Аймақтарда сондай интеграциялық нүктелер болуы қажет.
– Ресей үкіметінің басшысы В.Путин «Бізге жаңа экономика керек» деген биылғы Жолдауында Қазақстанды былайша үлгіге алады: «1 қаңтардан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістік режимінде бірге жұмыс істеп жатқан көрші Қазақстанның көрсеткішін үлгіге алайық. Дүниежүзілік банктің ба­ға­­лауынша, бұл мемлекет биз­нес­ке жағдай жасау индикаторы бойынша 47-орында, ал Ресей 120-орында тұр. Осыған байланыс­ты алдағы бірнеше жыл ішінде бизнесті жүргізу жайлылығын анықтайтын барлық көрсеткіш бойынша теңесу мақсатын міндеттеймін»...
– Дүниежүзілік банктің жариялаған бағамы дұрыс, ондағы құбылыстар да орынды деп білемін. 16 миллион халқы бар Қазақстан секілді шағын мемлекетке кішкентай, 150 миллионнан астам адамы бар Ресей секілді ірі мемлекетке үлкен көрсеткіштің теңестірілуі – заңды. Яғни еті тірі Алматы мен Астана қаласындағылар артынан азғантай қазақты сүйрей алып отыр. Ал бір Мәскеу 150 миллионнан астам адамды тартуға физикалық жағынан шама­сы жетпейді. Иә, пайызбен, статистикамен санағанда, біз Ресейден әлдеқайда озық тұрған секілді көрінуіміз мүмкін. Бірақ, меніңше, екі елдің даму жағынан айырма сол көрсеткіштегідей көп болмауы мүмкін. Әрине, мақтанып қоюға да болады: «Ұлы Жібек жолының басым бөлігі біздің елдің үстінен өткен, сондықтан кәсіпкерлік – қазақтың қанында!» – деп. Дегенмен ол қабілетімізді бүкіл ел болып әлі қолдана алып жатқан жоқпыз.  
– Тұшымды әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Менің әкем жазушы-журналист Балғабек Қыдырбекұлы Тәуелсіздік алып, мемлекеттік басқару жүйесі бір формациядан екіншісіне ауысып жатқан алмағайып, қиын-қыстау заманда тоз-тозы шыққан жұртын көріп: «Қазақ ұлт ретінде сақталып қалуы үшін грузиндер секілді тәкаппар, қытайлар секілді еңбекқор, немістер секілді ұқыпты, еврейлер секілді ақылды, шешендер секілді бандит болуы керек», – деп айтқан еді. Бірер жылдан кейін күйініп отырып: «Қазақ осының соңғысын орындады, арамыздан керемет бандиттер шықты», – деді. Ол кісі 1995 жылы дүниеден озды.
Мен үшін де ел дамуы әкем айтқан сол қасиеттермен ұштасып жатуы тиіс.
Алайда Тәуелсіздіктің 20 жылын еңсерген бүгінгі Қазақстан мұның бәрін бүтіндей игерген жоқ. Демек, жүзеге асырылмаған мақсаттарымыз көп. Әсіресе білім деңгейін көтеру жағынан. Жоғарыда аталған қасиеттердің басым бөлігі тек озық біліммен келері хақ.
Әлемдегі барлық дамыған елдердің экономикалық қарыштауға адам капиталын арттыру, адам білімінің қазіргі замандағы құндылығы мәселесіне айрықша көңіл бөліп, арнайы бағдарлама қабылдап, соған қомақты қаржы бөліп отырғандығының арқасында қол жеткізгендігі кездейсоқтық емес екенін білуіміз керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста