Ясауи мен Шәкәрім — осы топырақтағы руханияттың негізі мен темірқазығы

Ясауи мен Шәкәрім — осы топырақтағы руханияттың негізі мен темірқазығы

Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми зерттеу институтының директоры:

– Сіздер жуырда ғана Ясауидің «Рисала дар адабу тариқат» еңбегін тауып алған екенсіздер. Сол еңбек жөнінде айтып берсеңіз, жаңалық боларлықтай не бар екен?

– Бұл еңбек екі ай бұрын табылды. Онда тариқаттың моральдық-этикалық мектебінің ішіндегі шәкірт пен ұстаздың арасындағы байланыстар айтылады. Екінші тариқат дегеніміз не, оның принциптері, негіздері, мақсаттары, шариғатта алатын орны – осының барлығы егжей-тегжейлі қаралады. Одан кейін әрбір шәкірттің білуі тиіс мәселелері де қамтылған. Ясауи мемлекеттің төрт негізгі принципін көрсетіп кеткен. Мемлекет болу үшін бірінші шарт – заман, екіншісі – мекен, үшіншісі – ихуан, төртіншісі – Рабти султан. Заман – «тыныштық» категориясы. Қандай да бір елдің дамуы үшін ол елде тыныштық болуы керек. Мекен – кеңістік деген сөз. Яғни Отаны мен мекені (жері) болу керек. Үшіншісі, яғни ихуан – халықтың бауырмалдығы. Төртіншісі – сұлтанның халқына адал болуы және халқының да сұлтанына сенімі керек. Осы іспетті ұстанымдарын бүгінгі қоғамға алып келсек, дәл сол кесек қалпында қабылдай салуға болады. Мүлде ескірмеген. Қысқасы, қолға түскен еңбек ясауитану ғылымына көп үлес қосады.

– Ендеше, сол ясауитану зерттеулері жөнінде айтып берсеңіз, маңыздылығы мен мәні қандай?

– Ясауи ілімі сопылық дүниетанымға негізделген. Басты ұстанымы – ғашықтық, мұраты – Алла. Гносеологиялық құрылымы Алла мен адам арасындағы тылсымға негізделген эпистемиологиялық жүйеден тұрады. Бұл ілім діни терминологияда хал ілімі, батин (ішкі ілім) немесе ладунни (терең) ілім деп аталады. Сондықтан онда әлемнен форма емес, мән ізделеді. Ясауи ілімі – Құран мен хадиске сүйенген, ар түзейтін ілім. «Менің хикметтерімнің мәні – Құран» деген Ясауи Аллаға да, сөзіне де, пайғамбарына да махаббатпен үндескен. Кешегі жетпіс жылдық дінсіздендіру және құдайсыздандыру саясаты кезінде адам затқа айналды. Материалдық имманентизм сипатындағы жиіркенішті ой, өре үстемдік етті. Осындай апаттан ұлттығымызды аман сақтап қалған Ясауидің рухы, ілімі, мәдениеті, жолы, кесенесі және ізбасарларының шығармалары негізіндегі абайтану, әуезовтану, түркітану, ясауитану сияқты ғылым салаларының дамуы заңды құбылыс болатын. Тарихта түріктер арасында сопылық дүниетанымның таралуы мен тариқаттар дәуірінің басталуы Қожа Ахмет Ясауи атымен тығыз байланысты. Ясауи – құқықтық жағынан Имам Ағзамның жолында, ақаид жағынан Имам Матуридидің жолындағы сунни тариқаты.

Ясауи жолы – құқықтық (шариғат) жағынан Имам Ағзам Әбу Ханифаның, доктриналық (ақаидтық) жағынан Имам Матуридидің іліміне негізделген, түркі халықтары арасында кең тараған, нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы. Ясауи ілімі – Қазақстандағы дінішілік қана емес, дінаралық татулық пен толеранттылықтың темірқазығы. Ол үшін Ясауи мұрасын өз деңгейі мен дәрежесінде меңгеріп, соған лайық болуымыз керек.

Тарихтағы Ясауи жолы – дін іші тұтастыққа және діндер арасы татулық пен толеранттылыққа шақырады. Бұл жолдың ұстындық негізі – шариғат, психотехникалық жүйесі – тариқат, танымдық негізі мағрифат және ақиқаттан тұрады. Ясауи ілімі бойынша шариғат Алланың жаратқан бақшасында қалай жүруді ұсынады. Алла адамға ақыл, ерік, қайрат беру арқылы сынап, осы бақшаны адаспай аралағандарға жаннатты нәсіп етеді. Яғни шариғаттың мұраты – жаннат. Сол бақшаның ішінде гүл бар. Ол гүлді тек қана Алланың дидарын талап еткендер ғана іздейді. Мұны тек Аллаға ғашық болғандар қалап алады. Олар үшін Алланың жұмағы да, тозағы да емес, өзі керек. Яғни тариқаттың мұраты – Алланың дидары. Сондықтан да оларды «дидар талап» дейді. Сынға төзгендер ғана «сырға қанығады». Бұл – мағрифат сатысы. Ол сыр арқылы Алла туралы танымға, «нұрға» қол жеткізеді. Ақиқат сатысында Алла мен адам арасындағы ақиқатқа көз жеткізеді. Бұл мақам – Мұса (с.ғ.с.) мақамы: Құранда «Мен Сені (Алланы) көргім келеді» аятына негізделген. Міне, қарап отырсаңыз, Ясауи ілімі бірінсіз-бірі болмайтын процестер мен тұтастық теориясынан тұрады. Осы әрбір сатыда суфидің иман дәрежесі де өсіп отырады. Бірінші шариғат мақамындағы иманға – «имани бостан», тариқат мақамындағы иманға – «имани гүл», мағрифат мақамындағы иманға – «имани сыр», хақиқат мақамындағы иманға «имани нұр» делінген. Абайдың «имани гүл» категориясы – осы тариқат сатысының иманы. Онда «Адамды сүй, Алланың хикметін сез!» дейді. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті» деп дініне қарамастан, адамзаттың бәрін бауырым деп сүю керектігі осы Ясауи мәдениетінен келген.

– Ясауи ілімі мен қазақ мемлекеттілігінің, жалпы, қазақ деген ұғыммен ара-қатынасы қандай?

– Қазақ деген болмыстың өзінде, өзегінде сопылық таным жатыр. Қазақтың құқықтық, моральдық, саяси және танымдық жүйелерінің желісінде Ясауи ілімін көруге болады. Алғашқыда қазақ деген болмыстық ғарыққа кіру үшін ол рудың сұлтаны мен қожасы болу шарт болатын. Мысалы, Абылай кезіндегі керейлер өздерінің сұлтаны мен қожасын анықтап, қазақ болды.

Сопылық – қазақтың ұлттық болмысы мен мемлекеттілігінің, мәдениетінің негізі. Ол ешқашан мемлекетке, оның саясатына қиғаш болмаған. Керісінше, қазақ мемлекеттілігінің негізгі ұйытқысы болды.

Тарихымызда алғаш дінді ұғыну мен ойлау ерекшеліктерін қамтитын түрік-ислам мәдениеті мен өркениет көкжиектеріне алғаш болып жол салған түрік тілінде жазған Жүсіп Хас Хажиб Баласағұнидың «Құтадғу Билиг» атты еңбегі, Махмұт Қашқаридің «Диуан-и лұғат-ит-турк» атты еңбегі, Әдиб Ахмет Йүгнекидің «Атибат-ул-Хақайиқ» атты еңбегі, Рабғузидің «Қиссас-ул Әнбийа» сияқты діни-этикалық еңбегі және Ясауидің хикметтері дінді ұғыну мен ойлаудың негізін қалады. Қашғар, Баласағұн, Өзкент қалаларындағы түркітілді медреселер түріктер арасына исламдық ғылымдарды таратып, дінді түсіндірушілер (муфассирлер), хадисшілер (мухаддистер), исламдық құқықшылар (факихтер), тарихшылар (муаррихтер), тілшілер (мантиқ(ин)шылар) мен әдебиетшілердің (адиптердің) өсіп-жетілуіне ықпал етті. Осы дәуірлерде Құранның алғашқы аудармалары мен түсіндірмелері жасалып, әсіресе құқықтану саласында ханафи фиқхының Сарахси, Баздауи, Дабуси мен Марғинани сияқты өкілдерінің еңбектері түріктердің ханафи мазхабына кіруіне әсер етті. Х ғасыр ортасында Құран түрікшеге аударылды. Жалпы, орта ғасырда Түркістанда үш жүзден астам ғұлама төрт жүзге жуық діни мұра қалдырған. Бұларды енді ғана біліп, игеру үстіндеміз.

– Осы қазақтың мұсылмандығы Ханафия мазхабынан тарайды дегенді айтамыз. Бірақ біздегі түрлі ұстанымдағы исламдық діни қайраткерлердің барлығы өздерін «Ханафия мазхабын қолдаушылармыз» деп таныстырады. Сонда бұларды қалай ажыратуға болады және жаңа өзіңіз айтып өткен Матуриди мен Ясауи ілімінің сабақтастығы жөнінде түсінік беріп өтесіз бе?

– Әл-Матуриди – хикметтің анықтамасын алғашқылардың бірі болып жасаған мутакаллим. Ол даналыққа Тәңірді, әлемді, адамды, болмысты, жаратылысты, заттың мәнін, пайғамбарлықтың (нубууат) сырын білуді, Тәңір (мағрифатуллах) туралы ойлау, терең ой (тафаккур) ретінде анықтама береді. Ең бастысы – Құранды түсіну мен түсіндірудегі «тауил» әдісінің негізін жасаған. Сол арқылы сопылықтың теориялық негізі қалыптасты. Ясауидің, Абайдың «тауилін шақ» деп жүргендегі тұғыр Матуридиге барып тіреледі. «Тафсир» әдісінде ақылдың функционалдық қыры логика мен аналитикалық талдау қабілеті болса, «тауил» әдісінде функционалдық қыры синтездеу, топтау және аналогия жасау болып табылатын интуициялық қабілет болады.

Матуридидің «Тауилат-ул-Куран» атты еңбегі мен «тауил» ұстанымының түріктердің өзіндік түркілік мұсылмандық болмысқа ие болуында суннилік және сопылық танымның қалыптасып, дамуындағы орны ерекше. Осы ұстаным арқылы өзіндік ілім қалыптастырған, мұсылмандықты қабылдауымыздың теориялық және практикалық негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи және оның мектебі болатын. Ясауи ілімі – барлық түркі халықтарының мұсылмандығының айнасы. Ол тек қазақ мұсылмандығының ғана негізі емес, қырғыз, өзбек, түркімен ағайындардың арасында әлі күнге дейін хикмет дәстүрі үзілген емес. Олар хикметті жатқа айтуды дәстүрге айналдырған. Хикметті жатқа айтатындарды «абыз» дейді.

– «Зікіршілер Түркістанды екінші Мекке, «Диуани Хикметті» екінші Құран деп түсінеді екен немесе олар намаз бен зікірді қатар қояды» деген пікір жиі айтылады, бұл қаншалықты рас сөз?

– Мал бағатын адамды малшы, сиыршы, жылқышы дейміз, ал көлік айдайтындарды жүргізуші дейміз. Өйткені бұлар кәсіп, ал зікір салу мамандыққа, кәсіпке жатпайды. Сондықтан зікір салатын адамды «суфи», «дәруіш» дейді. Олар Ясауи хикметтерін Құранмен қатар қойса, мұнда қорқатын ештеңе жоқ. Хикмет – Құдайдан келген «құт» деген сөз. Құранда «Хикметті қалаған адамыма беремін» делінген. Ясауи – құт дарыған, Алланың досы – әулие. Ал әулие – пайғамбар емес, пайғамбарды кәміл адам деп танитын, үлгі тұтатын, соған еліктейтін мирасқоры. Жалпы, сопылық таным бойынша «Диуани Хикметті» түріктер «Дафтари сани», «Түрки Құран» деп дәріптесе, арабтар Имам Ғазалидің «Ихиау улумуддин» деген еңбегін «Құранның көшірмесі» десе, парсылар Маулана Румидің «Маснауи» еңбегін «Құранның мәні» – деген. Сопылық танымды түсіне білетін адамға бұл қиындық тудырмайды.

Ясауи ілімінде зікір салу бес парызға қарама-қарсы ешқашан қойылмайды. Ясауи ілімінде шариғатсыз тариқатқа өтуге болмайды. Демек, бес парызды суфилер ешқашан жоққа шығармайды. Зікір салу – Алланы ұмытпаудың әдісі. Адамды арабша  «инсан» дейді. Этимологиясы – «ұмытшақ» деген сөз. Соңғы пайғамбарымызға түскен Құранның бір аты да – «Зикр», яғни Алла адамзатқа осы Зикр-Құранды ақиқатты, Алланы ұмытпауы үшін түсірген. Кешегі жетпіс жылдық қыспақта, бодандықта болған кезімізде, біздің тарихымызды зерттеген орыс ориенталистері руханиятымыздың негізінде осы Ясауи ілімі мен мәдениеті жатқандығын дөп басқан.

– Соңғы кездері сопылықты исламға оппозиция ретінде бағалау тенденциясы байқалуда, сіздіңше, солай ма?

– Иә, маман еместер, яғни мәселені білмейтіндер сопылық туралы теріс пікір айтып жатады. Мұның өзіндік себептері бар. Ең басты себеп  құдайлық таным мен адамдық таным арасындағы қатынас мәселесінде жатыр. Құдайлық танымның объектісі – мәтін, Құран – Алланың сөзі. Мәтін мен Ясауидің ішкі тәжірибесі немесе ойлау жүйесі арасындағы ең үлкен қиындықтардың біріншісі – шектеулі сөздер феномендерінің шексіз рухани ақиқаттарды жеткізу тұрғысынан жеткіліксіз қалуы. Сопылық – басқа танымдардан ерекше исламдық дүниетаным формасы. Яғни сөз арқылы сопылық ақиқатты жеткізу шектеулі әрі қиын. Сопылықта сөз екінші орында, бірінші кезекте хал тұрады. «Сөз» деп отырғанымыз «қал» болса, рухани тәжірибеміз «хал» болады. Шексіз болмысты адамның шектеулі мүмкіндігі қай дәрежеде қамти алады? Міне, осы тұрғыдан суфи, әулие Ясауи шетсіз, шексіз рухани ішкі әлеміндегі тәжірибелерін қаншалықты сөз арқылы түсіндіре алды? Бұл – мәселенің бірінші қыры. Сопылық тариқатқа тақуалар ғана ене алады. Өзі мүшрік, өзі мүртөт адам тариқат жолын қалауы – абсурд. Өйткені суфи тариқатқа өз еркімен кіруі шарт. Мүрит болу керек. Зорлап ешкім ешкімді суфи қыла алмайды. Тариқаттан бұрын шариғат бар. Осыны терең меңгергендер ғана тариқаттан жоғын іздейді. Сопылыққа жала жапқысы келетіндер үшін айтарым – оның жолы бұл емес. Сопылық ешқашан исламға сырттай оппозициялық сипатта болған да емес! Сопылық – исламның мазмұны, мәні. Ал форма мен мазмұн біртұтас нәрсе ғой. Ересиолог айтқан жаланы суфизмге кезінде кеңестік режим тұсында ғылыми атеизм мамандары жеткілікті дәрежеде жазып қалдырған. Өйткені сол заманда сол режимге сопылық тариқатындағылар ғана толассыз наразылық білдірген. Әйтпесе Кеңес құрамындағы 15 республиканың ішінен неліктен қазақтарға қатты өшікті деп ойлайсыз? Сопылық исламның, мұсылмандардың ең қиын-қыстау кезінде қорғаушысы бола білген. Мысалы, тарихта моңғол шабуылына қарсы – кубраийа, крестшілерге қарсы – шазилия, орыстардың отарлауына қарсы – ясауиа, қалмақтарға қарсы – нақшбандиа, Африкада француз империалистеріне – сенусийа, тижанийа, ағылшындарға қарсы сухрауардийа тариқаттары үздіксіз соғыс жүргізді. Көрдіңіз бе, сыртқы дұшпандарға қарсы тұру тариқаттар арқылы мүмкін болған еді. Бұл соғыс мәдениетін, еркіндігін, азаттығын, Отанын қорғау үшін жүргізілді. Ендеше, ол қалайша исламға оппозиция болады?!

– Ясауиді кейбіреулер ашықтан-ашық мүшрік, «ересь» деп жүр. Бұл туралы не дейсіз?

– Көпшілікке мәлім, діни таным мен діни білім беру, өзара құрмет туралы түсініктің қалыптаспауы қоғамымыздағы діндарлардың бас-басына муфти болуына әкеліп соғуда. Діни ұстанымдары әртүрлі топ өкілдері тек өздерінің жолын ғана «ақ», ал өзгенің ғибадаты мен діни сезімін төмен санап қорлау белең алып бара жатыр. Дәстүрлі діни түсінік пен бүгінгі діни тіршіліктің арасында сабақтастық пен сұхбат жоқ. Соның салдарынан қазақ мұсылмандық түсінігінің негізін қалаған Ясауи бабамыздың атына құрмет былай тұрсын, мін тағыла бастады. Негізінен, ең бірінші – әрбір дін зерттеушісі діни сенім – ақида және діни таным арасын ажыратып көрсете білуі керек. Діни сенім біреу. Сондықтан ислам да біреу. Оның біріншісі, екіншісі жоқ. Ал діни таным көп, сондықтан мұсылмандық формалары да көп. Бұл – өте табиғи құбылыс. Ал ясауийа, қадирийа, сухрауардийа тариқаттары діни ақидасы жағынан ахл-сунна, Имам Ағзам Әбу Ханифаның мектебіне жатады. Діни танымдық жағынан тариқат, яғни өзіндік психотехникалық рухты тәрбиелеудің принциптері мен мұраты қалыптасқан, Аллаға қарай бағытталған жол. Аллаға қарай бет бұрған жолдардың ешқайсысы, ересиологиялық категорияға кірмейді. Сосын аузында Алласы, ділінде Аллаға деген ғашықтық оты жанған жандарға ересиолог түгіл, пайғамбар да «сен ерессің» демеген! Негізінен, ересиология христиандарға, батысқа тән. Дегенмен ересиологке сопылық жолындағылар, ділінде хикметтің шамы, үстінде жүннен тігілген қарапайым шапаны, таза құдайды пәктеу мен ұлылау жолына түскен саф көңіл адамдар туралы батыстың емес, ориенталистік бағытта емес және уахабилік, таймийалық тенденциядан тыс ұстаныммен жазылған еңбектерді де оқып шыққан абзал. Сосын сопылық туралы нақты пікір айту – екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Бұл – өз алдына жеке, терең ғылым. Сопылықтың мәніне көз жеткізу үшін Имам Ғазалидің «Ихиа-ул-Улуми-д-дин», Ибн Арабидің «Футухат-ул-Маккийа», Имам Раббанидің «Мактубат», Қушайридің «Рисала», Сухрауардидің «Ауариф-ул-Маариф» және Ясауидің «Мират-ул Қулуб» атты еңбектерін қарап шыққан дұрыс.

– Дінбасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Асылбек Төлеген мырза: «Бүгінгі Ясауи, Шәкәрімнің шығармалары мен еңбектері бұған дейін филологиялық, эстетикалық тұрғыда талданып келсе де, күрделі теологиялық зерттеуден өтпеген. Қолда бар Ясауи шығармаларының үлгілері, әрі кетсе, ХІХ ғасырдың жазбалары. Яғни нақтылы түпнұсқа жоқ. Абай да, Шәкәрім де – ғалым кісілер. Абай – исламды жоғары деңгейде түсіне білген ғұлама. Шәкәрім болса Азия мен Еуропаның түрлі діни ағымдарын салыстыра отырып, философиялық байлам айтқан. Бірақ оның өлеңдерінде кездесетін даналықтар толығымен таза исламның өзегінен тұрады деуге әлі ерте», – дейді. Бұл пікірмен келісуге бола ма?

– Әлбетте, суфилер Ясауи мен Шәкәрімнің танымы мен даналығын үйреніп, жаттайды, рухтарын сомдайды. Егер Ясауи мен Шәкәрімнің еңбектеріне күрделі теологиялық зерттеулер жүргізілмесе, оны халық оқымауы керек пе? Оның үстіне, бұл тақырып мүлде жабық жатыр деген пікірмен мен келісе алмаймын. Ясауи туралы елімізде 30-дан астам монография, 500-ден астам магистрлік, докторлық, бакалаврлық диссертация қорғалды. ХІV ғ. бастап бүгінге дейін Ясауи түркі сопылығын насихаттаушылардың, зерттеушілердің негізгі объектісіне айналып келеді. Ол туралы ең ескі қолжазба нұсқалары – ХІV ғасырға, хикметтері де ХVІІ ғасырға тән. Биыл Ясауитану ғылыми-зерттеу орталығынан Ясауи мәдениетіне тән алты кітап жарияланады. Ясауи шығармалары – «Диуани Хикмет», «Мират-ул Ќулуб», «Рисала дар адаби тариқат», «Илмул Ахуал», «Китабул Танбиһ ул-даллин». Ал Ясауи мен Шәкәрім – осы топырақтағы руханияттың негіздері мен темірқазықтары. Бұл философияны мойындамаушылықты дәстүрлі дүниетанымға революция жасауға ұмтылыс деп бағалауға болады.

Алашқа айтар датым...
Мұсылмандар өзара түсінісе алмай, келісе алмай жүргенде, қоғамды миссионерлер шырмап матап жатыр, ағайын! Сол үшін құқықтық және қоғамдық институттар қайта қаралып, оны дамытуды қолға алуымыз керек. Діни мамандарды дайындайтын теология факультеттері ашылып, ҚМД басқармасына жоғарғы білімді мамандарды ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындап беруі тиіс. Дінді социологиялық, психологиялық, саяси, тарихи, феноменологиялық және гносеологиялық, аксиологиялық және культурологиялық тұрғыдан зерттейтін институт керек. Бұл институт ҚМДБ жанында, бірақ тікелей Үкіметтің қолдауы мен бақылауына берілуі керек. Бұдан зайырлылық принципіне ешқандай нұқсан келмейді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста