Елдегі білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі қандай болса, сол мемлекеттің экономикасының деңгейі де сондай болмақ

Елдегі білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі қандай болса, сол мемлекеттің экономикасының деңгейі де сондай болмақ

Данияр Бектұрғанов

– Данияр Базарбекұлы, мемлекетіміз жеке ел болып отау тіккелі ерекше мән беріп отырған саланың бірі – білім беру саласы. Осы негізде мемлекет басшысының қолдауымен «Болашақ» білім беру бағдарламасы дүниеге келді. «Болашақ» бағдарламасы өз миссиясын қалай атқарып жатыр деп ойлайсыз?
– Білім беру саласы – ел дамуының не­гіз­гі тірегі болғандықтан, қай мемлекетте бол­масын түйінді мәселелерінің бірі екені белгілі. Елдегі білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі қандай болса, сол мемлекеттің экономикасының деңгейі де сондай бол­мақ. Біздің ел де сол сүрлеумен келеді. Оның дәлелі осы «Болашақ» бағдарламасы деп айтуға болады.
Осы орайда, осыдан 17 жыл бұрын елі­міз үшін өте қиын, өтпелі кезең бол­ға­ны­на қарамастан, Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті Н.Назарбаев «Болашақ» бағ­дар­ламасының негізін қалады. Ондағы мақсат – қазақ жастарын әлемнің алдыңғы қатар­лы жоғары оқу орындарына жіберіп, білікті мамандар дайындау болатын. Демек, «Болашақ» халықаралық стипендиясы бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға бағытталған аса маңызды бағдар­ла­ма­лар­дың бірі болып табылады. Өткен 17 жылда ха­лықаралық стипендия өз өміршеңдігін көр­сетті.
Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасы Қазақстанның әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылуына септігін тигізетін бәсе­кеге қабілетті кадрлар даярлауда айрықша рөл атқарып отыр деп толықтай айта аламын. Оның бізге бүгінге дейін берге­нінен, болашақта берері көп. Қазақстан – қазіргі таңда өзінің дамуындағы жауапты кезеңге аяқ басып отырған мемлекет. Аталмыш бағдарлама осы үрдістің ең маңызды кезеңдерінің бірі болып табы­лады.
Жалпы, соңғы жылдарда әлемде орын алған қаржы дағдарысына қарамастан, Президенттің ұстанған салиқалы саяса­тының арқасында біздің стипен­диат­тары­мыз шетелдің алдыңғы қатарлы ЖОО-ларында өз оқуларын жалғастыруда. Олардың барлығының оқу қаражаттары, шәкіртақылары уақтылы төленуде. Жасы­ратыны жоқ, соңғы уақыттарда дамыған елдердің өзінде бюджеттік шығындар қыс­қартылып жатыр, ал қазақстандық стипен­диаттар ешқандай қаржылық проблема көріп отырған жоқ. Жыл сайын үш мың талантты азаматқа «Болашақ» бағдар­ламасының шеңберінде әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алулары үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Президенттің сөзімен айтқанда, «білім реформасы біздің мемле­кетіміздің әрбір азаматы тиісті білім мен біліктілік алған соң, әлемнің кез келген елінде жоғары сұранысқа ие маман бола алатын деңгейге жетуге тиіс». Әлем алдын­да елімізді жарқын етіп көрсетіп отырған «Бо­лашақ» бағдарламасы осындай мақсатта жұмыс істеуде. Ол өзіне жүктелген міндетті толықтай ақтап жатыр деп айта аламын.
XXI ғасырдағы Қазақстанды бәсекеге лайықты, қуатты әрі гүлденген мемлекетке айналдыру үшін жастардың бойында, соның ішінде болашақтықтардың жігерінде құлшыныс пен күш мол деуге болады.
– «Болашақ» білім беру бағдарламасы ТМД елдері түгіл, Батыс елдердің өзінде кездесе бермейтін әрі мемлекет қаржыландырып отырған теңдесі жоқ жоба екені даусыз. Бүгінге дейін қанша түлек бітірді?
– «Болашақ» бағдарламасына ұқсас бағдарлама басқа елдерде бар. Мысалы, Сингапурде дарынды жастарға негізгі мақсаты мемлекеттік қызметте басты ұстанымдарда болуы үшін елдегі жастарды іріктеу және даярлау болып табылатын президенттік стипендия тағайындалады. Студенттер Канадада, Қытайда, Францияда, Германияда, Жапонияда, Жаңа Зеландияда, Швейцарияда, Ұлыбританияда, АҚШ-та білім алады. Негізінен, стипендия бакалавр дәрежесін алу үшін беріледі, үлгерімі жақсы болған жағдайда магистратурада оқу мүмкіндігі ұсынылады. Оқуы аяқтал­ғаннан кейін стипендиаттар қайтып ора­лып, ағылшын тілді елдерде оқыған болса, алты жыл, басқа тілді елдерде оқығандар бес жыл мемлекеттік қызметте еңбек етуге міндетті болады.
Ресейде шетелде оқу үшін Ресей Феде­рациясы Президентінің стипендиясы бар. Ол жалпыресейлік ашық конкурс негізінде өткізіледі. Жоғары оқу орны ғылы­ми кеңесінің ұсынымын алған, оқу­дағы және ғылыми зерттеу жолында арнайы дипло­мымен немесе басқа да құжаттармен марапатталған Ресей Федерациясы жоғары оқу орындарының студенттері мен аспи­ранттары (олар міндетті түрде Ресей Федерациясының азаматтары болуы шарт) конкурсқа қатыса алады. Сонымен қатар жалпыресейлік және халықаралық олим­пиада, шығармашылық конкурстар мен фестивальдар жеңімпаздары, тың жаңа­лықтар саласында бір немесе одан да көп еңбек жазған, ресейлік және шетелдік ғылыми басылымдарда мақалалар жария­лаған авторлар шетелде оқу үшін Ресей Федерациясы Президентінің стипен­дия­сына үміткер бола алады.
Осыған ұқсас бағдарламалар АҚШ-та, Ұлыбритания, Франция секілді мемле­кет­терде бұрыннан бар. Ал қанша стипендиат оқуын аяқтап, елге оралды деген сұраққа тоқталсақ, 1994 жылдан бастап 2004 жыл­ды қоса алғанда «Болашақ» бағ­дар­ламасы шеңберінде 700 стипендиат әлем­нің 13 елінде білім алды. 2005 – 2010 жылдар аралығында 1715 азамат шетелдерде білім­дерін жетілдіріп келді. Бүгінгі күні «Болашақ» бағдарламасы бойынша бар­лығы 2415 стипендиат мемлекет есебінен оқып, елге оралды.
– Аталмыш бағдарлама аясында мемлекеттік тілге қаншалықты мән беріліп отыр. Шетелден білім алып келіп жатқан жастардың көбі қазақ тілін білмейтін секілді ғой.
– Жоқ, олай деп кесіп айтуға болмайды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге барып, білім аламын деген үмiткерлер қанша жерден шет тiлiн бiлсе де, қазақ тiлінен арнайы тест тапсырады. Қазақ тілін білу деңгейі ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы тексеріледі. Бұл – 2008 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу ережелерінің бір талабы. Үміткерлер тесте берілген 150 сұрақтың 90-ына дұрыс жауап қайтарса, келесі турға жіберіледі. Шетелдік озық тәжірибелердің негізінде Қазақстан заңнамасына сәйкестендіріліп жасалған жүйеде берілген тапсырмаларды орындау үшін үш жарым сағаттай уақыт қажет.
Үкілеп аттандырған ұл-қыздарымыз Отанының тарихын, салт-дәстүрін, асты да, үсті де байлыққа толы кең даласы, киелі топырағы, береке-бірлігі жарасқан халқы туралы білуі қазақ тілін меңгерумен бай­ланыстырылады. «Болашақ» бағдарламасы стипен­диаттарының форумында Мемлекет басшысы «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі елімізде тұрып жатқан барлық қазақ­стандықтарды біріктіретін болады деп санаймын. Бұл ешқандай жағдайда да мемлекетімізде өмір сүріп жатқан өзге этностарды кемсіту емес. Біз ортақ психо­логия мен идеология аясында болуымыз керек. Бұл мәселеде болаша­қ­тықтар мені қолдайды деп үміттенемін» – деген еді.
Қазақстандық талантты жастарға ше­тел­дің жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін бағдарлама осылайша мемлекеттік тілдің маңыз­дылығына аса мән беріп отыр.
– Аталмыш білім бағдарламасы елімізге не береді деп айта аласыз? Болашақ түлегі атанып, озық елден білім алып келіп жатқан сол жастар «болашақтың» есесін қалай қайтарып жатыр деп ойлайсыз?
– Бүгінгі таңда «Болашақ» түлектерінің көбі мемлекеттік қызметте, мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда, акцио­нерлік құрылымдарда жауапты орындарда, әртүрлі мемлекеттік және халықаралық жобаларда жұмыс істеп, мемлекеттің да­муына өз үлестерін қосуда.
– «Болашақ» бағдарламасымен ауыл жастарының да оқуына жағдай жасау үшін ауыл балаларына квота бөлінгені мәлім. Осы квотаның көмегімен оқуға ілігіп, шетелде білім алып келген жастардың саны қанша екен? Мұндай мәлімет бар ма?
– 2008 жылдан бастап үміткерлерді іріктеу ережесіне сәйкес ауылдық елді мекенде білім алған жастар үшін арнайы квота тағайындалып отыр. Жоғары арнаулы білім, бакалавр дәрежесін алу үшін ауыл­дық елді мекендердегі орта мектеп­терде, колледждерде немесе кәсіптік-техникалық училищелерде кемінде тоғыз жыл оқығандар квота бойынша білім алуға мүмкіндіктері бар. Ол үшін талапкер жергі­лікті атқарушы ұйымдардан ауыл мек­тебінде білім алғандығы туралы ресми расталған анықтама құжатын тапсыруы керек.
Ауылдың жастарына әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында бака­лавриат, жоғары арнаулы мамандық бойынша білім алуларына мүмкіндік жасалып отыр. Ауылдық мектептің түлектері үшін қосымша тілдік дайындықтан өтуге қосымша төрт оқу семестріне дейін арнайы уақыт беріледі. Яғни академиялық оқу жылы басталғанға дейін, стипендиат төрт оқу семестрі аралығында оқу орнында білім алатын тілді үйренеді. Тіл үйрену курсы шетелдегі өзі таңдаған оқу орнының базасында немесе тілдік мектептерде өткізіледі. Тілді еркін меңгерген соң ғана барып, шетелдің оқу орнына қабыл­дана­ды.
Ауыл жастарына жасалып отырған жеңілдіктің негізгі мақсаты – аймақтарды дамыту. Стипендиат шетелде білім алып оралған соң, өзі түлеп ұшқан сол елді мекенде бес жыл еңбек етуі шарт. Статис­тикаға жүгінсек, 2008 жылы 83 ауыл жа­сына «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша квота негізінде білім алуға жол ашылды. Ал 2009 жылы 44 ауылдық мектеп түлегі стипендиат атанды.
– Әңгімеңізге рақмет!

САРАЛЫ СӨЗ:
Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясы сайып келгенде әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында үздік білім алу мақсатында ғана құрылып отырған жоқ. «Болашақ» бағдарламасы – Қазақстанды әлемге танытатын имидждік құралдардың бірі. Сонымен қатар біздің талантты да дарынды азаматтарымыз шетелдің мәдениетін елімізге насихаттаушылардың қатарында болмақ. Олар шетелде білім алумен қатар дос табады. Бір салада білім алған жастар келешекте әріптес болмақ. Олардың арасындағы байланыс болашақта еліміздің дамуына, ортақ мәселелерді шешуде септігін тигізеді. Сондықтан да Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған бағдарламаның алатын ауқымы, ондағы идея көкжиегі тереңде жатыр.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста