Бүгінгі журналистика өнер мен кәсіп қана емес, ол – үлкен ғылым саласы
Cағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, филология ғылымының кандидаты, Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің доценті:
– Сағатбек аға, осыдан біраз уақыт бұрын қарашаңырақ – Қазақ ұлттық университетінің өзіңіз қызмет ететін журналистика факультетінде бір дүрлігу болды. Әркім әртүрлі әңгіме айтып, жағдайға түрліше баға берді. Біршама өзгеріс те болған сияқты. Дүрлігудің ішінде кетпей, жай-жапсардың ақырын бағып, не де болса, осы жағын өзіңізден сұрауды жөн көрдік...
– Біздің ауыл – Қарқара өзенінің бойында. Бала күнімізде қармақпен, тормен балық аулайтынбыз. Балықтың біз үшін екі-ақ түрі бар. Біріншісі – ақбалық. Мұны жеуге болады. Екіншісі – итбалық. Мұны арам, жеуге болмайды дейді. Осы итбалық өте қу. Қауіпті байқаса, бауырымен судың түбіне жатып алып, тұнық суды лайлайды: өзін жасыру үшін. Жемді бірден тістемейді. Әуелі құйрығымен қармағындағы ішегін ұрғылайды. Қапты екен деп тартып қалсаң, дәнеңе жоқ. Ол лай судың астында көзге көрінбей жүре береді. Лайланған суға баға беру үшін алдымен ол су тұнуы керек, мөлдірленгенде барып оның астында не жатыр, жалпы қандай су екеніне баға беруге болады. Әлгі иткенді де көріп қаласың. Ал енді нақты жағдайға келсек, қауесет деген нәрсе тез тарайды. Өйткені біздегі осал мінез: көзбен көреміз, сараламаймыз, құлақпен естиміз, сол кезде айтып тастамасақ, ішіміз жарылардай тағат таппаймыз. Ақылға, парасатқа салып барып, содан қорытынды шығарып айту дегеннен ақсап жатырмыз. Осы тұрғыдан келгенде, өткендегі Елбасымыздың «барлық саланы ғылыми негізде дамытайық» деген идеясымен университеттерді болашақта ғылыми зерттеу бағытына оңтайландыру мәселесін көтергенде істен бұрын тілге жүйрік қазақтың аузынан талай дақпырт шығып үлгерді. «Самаурын қайнады» дегенді шала естіп, «Самарқанды су алып кетіпті» деп гулеткендей, біздің сыртымыздан түрлі болжамдар таңылды. Біреу «журналистика филологияға қосылады екен-міс» десе, енді бірі «халықаралық қатынастарға қосылады екен» деді ме... Ал ондай түрлі сипаттағы алыпқашпа әңгімелер ұлт журналистикасына ертең өз үлесімді қосып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтаймын деген қазақ жасының жүрегіне тікен болып қадалғаны рас. Аттанға айғай қосқандар да табыла кетті, арандатушылар болғаны да – шындық.
– Қызық екен...
– Нағыз нарық, адал нарық кезінде әділ бәсеке өздігінен алға шығады. «Өнер – бәсеке, бәсеке «неге озып кеттің» деп етектен тарту емес, «неге қалып қойдым» деп, өзіңді-өзің қамшылау болсын», – деген ұлы Мұхтар Әуезовтің сөзін біз ескере бермейміз. Әсіресе бүгінгідей жанталас заманда мүмкіндігінше қара пияр жасап, өзіне ұпай жинағысы келетіндер бар. Өзінің жаман екенін жасыру үшін өзгені жамандауға икемді адамдар тұрады. Қызғаныш, тырнақ астынан кір іздеу, жасырынып жатып оқ ату – өзіне сенбейтін әлсіздердің ісі. Әлсіздер тас-талқан жасамақ ниетпен «торпедо» қылып пайдаланбақ болған, қоғамдық-әлеуметтік мәні зор, жұрттың бәрі кетәрі болмайтын екі мәселе бар еді. Елбасымыз өзінің соңғы Жолдауында енді он жылда еліміздегі барлық мектеп түлектері мемлекеттік тілде таза сөйлейтін болады дегенді айтты. Мұндай болжамды Елбасымыз неге сүйеніп жасап отыр? Өйткені қазірдің өзінде кешегі біздің факультеттің бірінші курсына түскен 27 бала қазақ бөлімінде болса, орыс бөлімінде небәрі алты бала оқиды. Ал жалпы кафедрада 81 бала – қазақ, 22 бала – орыс тобында. Осы мемлекеттік тілде сөйлеп, сол тілде таза білім алып жатқан баланың айтайын деген ойын, арман-мақсатын, егер өзім мемлекеттік тілде сөйлемесем, қалай түсінемін? Ол маған қалай түсіндіреді? Осындай табиғи жолмен мемлекеттік тілдің алға озып бара жатқаны ұлттық рухтың күшеюіне апарары сөзсіз. Бұл – бір.
Екіншіден, өндіріс пен ғылым қоян-қолтық байланыста болуы керек деген өте орынды мәселеге қатысты университетімізді қайта құру талабы туғанда біздің ішімізден ғана емес, сырттан келіп жатқан бір ықпалды күш арандатуға барын салып жатыр. Журналистика факультеті кезінде бір-ақ жерде – осы Қазақ ұлттық университетінде ғана болғаны мәлім. Кейін Қарағандыда ашылса, соңын ала көбейе-көбейе, қазір 20-дан астам жерде оқытылады екен. Енді қазіргі принцип: журналистерді оқу-әдістемелік базасы жоқ, материалдық-техникалық мүмкіндігі жоқ, оқытушы-профессорлар құрамы жасақталмаған, тәлім беру дәстүрі қалыптаспаған ұсақ-түйек бөлімше, бөлімдерде даярлау дегенді доғарып, яғни сол ұсақ-түйек бөлімдерді жауып, екі-ақ жерде қалдыру керек. Мемлекетіміз алға қойып отырған өндіріс пен ғылымды біріктіру мәселесі шешімін табатын шаққа келгенде, баяғы бөлімше, бөлім, факультетсымақтардың шымбайына бата ма? Әрең ашылған, оңай жабыла салғысы келмейді. Күреседі. Онда да ашық күреске бара алмайды, сонау 77 жылдық тарихы бар оқу орнының беделін түсіру арқылы өзіне ұпай жинамаққа бел байлайды. Ең сорақысы, оған кеше ғана университет есігін ашып, әлі оң-солын танымаған, аңғал, албырт жастарды алдына салып қоймақ. Өздеріңіз көрген таяудағы журналистикаға қатысты «у-шудың» басты қозғаушы күші осы екі ағыс деп ойлаймын. Ал негізінде «факультет жабылмайды» деген әңгіме одан бір апта бұрын ректорымыздың аузынан шыққан болатын. Бұл қалай да журналистерді даярлау ісін нығайтып, қалай соны ғылыми жолға саламыз деген ізгі ниеттен туған ой, сондай қадам болатын.
– Жалпы, журналистика шығармашылық па, өнер ме, әлде ол да ғылымның бір бөлшегі ме?
– Бізде газет-журнал кейін, яғни кешегі ХІХ ғасырдың соңына таман шыққан соң, «журналистика» деген ұғым да кенже келді. Публицистика одан да кейін. Қазір журналистика ғылым болды, алдында ол кәсіп еді, өнер еді. Кәсіп дейтінім, қаламмен жазған дүниеңді сата аласың, жазғаныңа қарай қаламақыңды аласың. Былайша айтқанда, ақпарат сату арқылы ақша таба аласың. Ал енді қоғамдық ойды қалай тудырамын, қандай әдіс-тәсілдер арқылы дегенде сізде Алла тағала берген үлкен қарым-қабілет, ерекше қасиет болуы керек. Әйтпесе екінің бірі журналист болып кетер еді ғой. Демек, дарын, қабілет, бейімділік, шабыт, яғни жалпы шығармашылық тұрғысынан келгенде, бұл – өнер. Өйткені әр мақалаға сіз сөздің сөлін, ойдың нәрін жұмсайсыз. Ал ғылым дейтінім, бізде журналистиканың тарихы қалыптасты, теориясы бар, тәжірибесі, журналистиканың сыны да бар. Сондықтан журналистика – өнер, кәсіп, ғылым ретінде де толысқан үлкен бір сала.
– Журналистика басқа салалардан гөрі, тәжірибені көп қажет ететін, машықтанудың арқасында шеберлікке жететін сала десек, онда болашақ журналистерді даярлауда оларды шабыттандыру үшін әр саладағы белгілі журналистерді, баспагерлерді мастер-класс өткізуге неге шақырмасқа?! Осы жағы ескеріле ме сіздерде?
– Әрине, біз былтырдан бері осы жағын қолға алғанбыз. Әр аптада бір баспа келіп, осында өз көрмесін ұйымдастырып, мастер-класс өткізеді. Бас редактордан бастап, журналистер, дизайнерлер – бәрі де студенттермен шеберліктерін бөлісіп тұрады. Онымен қоя салмай, біз өзара пікір, маман алмасамыз, яғни біз оларға – шәкірт, олар бізге бір маманды әлгі шәкіртке ұстаз етіп береді. «Мектеп», «Ана тілі», «Білім», «Қазақ энциклопедиясы» баспалары, «Атамұра» корпорациясынан мамандар келіп, мастер-кластар өткізеді. Сондай-ақ телевизия саласының білгір мамандары, атап айтқанда, Артур Платонов, Қайнар Олжайлар біздің студенттерімізге дәріс оқиды.
Кезінде кластерлік жүйе деген әлі пайда болмай тұрғанда мен мынадай ой айтқанмын: әр мединституттың емханаларда өзінің лабораториясы бар, болашақ дәрігер болатын студенттер сонда барып, тәжірибе жинайды, осы сияқты біздің баспа ісі кафедрасының неге әр баспаханада өз аудиториясын, лабораториясын ашпасқа деген ұсыныс, ой тастаған болатынмын. Ол ойым қабылданбаса да, мінеки, таяу болашақта баспа, баспахана ашылатын болса, біз алысқа бармай-ақ, тікелей тәжірибе мен өндірісті дамытар едік.
Бәлкім, сіз тәжірибе мен өндіріс, оқу-ғылымды біріктіру турасында сөз қозғағанда көкейіңізде «неге бүгінде журналистердің білім сапасы төмендеп бара жатыр» деген ой қозғағыңыз келген шығар. Мұндай сөз, яғни «біздің кезімізде керемет еді, қазір неге ондай емес» деген – қай заманда да айтылған, айтыла да беретін сөз. Мен де, мәселен, ішінара «ой, Темірбек Қожакеев барда қандай еді...» деп қалуым мүмкін. Ол заңды да. Осы қарашаңырақтың 75 жылдық тарихы туралы кітапты құрастыруға атсалысқанымда оқу орны ашылғалы бері осында өзінің терін төккен талай тұлға жайлы жаздым. Сонда бір қызық нәрсеге көз жеткіздім, өзіміздің журналистиканы бітіргендердің ішінен шыққан тұлғалардың 70-80 пайызы қазақ тобында білім алғандар болып шықты. Орыс тобында білім алғандардың ішінде санаулы ғана. Демек, қазақ қоғамына қазақтілділер, нағыз қазақтар ғана қызмет етуге мүдделі. Жалпы, қазаққа қазақтан басқа жаны ашитын адам жоқтығына менің жүз пайыз көзім жетті.
– Бұл мәселе өз алдына, ал енді журналист мамандарды даярлау дегенде, сіз жергілікті жерлердегі оқу орындарынан ашылған журналистика бөлімдерін жауып, тек бұрыннан келе жатқан қарашаңырақтарды қалдыруды қолдайтын секілдісіз ғой? Расында, ол журналистиканың абыройын арттырып, сапасын көтеруге кепілдік бола ала ма? Керісінше, шалғай ауылдардағы қаншама жас дарын, талай таланттың үлкен қалаларға баруға жағдайы келмей, солайша талай үміттің отын өшірмейміз бе?
– Қазақта «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген сөз бар. Өзіңіз бағамдаңыз, 27 жерде болғаннан екі-ақ жерде болса, онда таңдаулылардың таңдаулысы іріктеліп, сұрыпталып келер еді ғой. Шын мәнінде, журналист боламын деген бала қандай қиындыққа болсын төзіп, бір жылы құласа да, келесі жылы тапсырып, әйтеуір барынша тырмысады. Солай әзер қолы жеткен адам қатты қастерлей ме оқуды, әлде еш қиналмай, оңай қол жеткізген адам біле ме бағасын? Бұл бір десек, екіншіден, «жағдайымның жеткені – осы» деп, өз жерінде әйтеуір бөлімшеге түскен бала қандай білім алып жатыр? Кім оқытып жатыр оны? Оқытушы профессорлар құрамы жоқ екені рас қой ол жақтарда. Ендеше, сондай сапасыз білім беріп жатқан жерді жапсақ, кімге зиян, кімге пайда? Әрине, білім сапасының артпаса, кемімесі анық, тек біреулер нансыз қалмаса... Ал енді біреулер нансыз қалмасын деп, журналист кадрларды сол жолда құрбан етіп жүре бермекпіз бе? Мықты деген маман болса, өз жеріндегі бөлімше жабылса да, өзіне лайықты жұмыс табары сөзсіз. Өз біліміне сенсе, қайта ол республикалық жоғары оқу орындарына келер еді.
– Соңғы кездері журналистикаға келген жастардың бойында тек бірыңғай тележурналист болуға деген ұмтылыс байқалатындай. Бұлай кете берсе, газет-журнал, интернет, радиоға кім қызмет етеді сонда?
– Бұл да болса – жастықтың лебі ғой, «мені әке-шешем көрсе... сонау бір әдемі қыз, не жігіт көрсе... ауыл көрсе...» деген балаң көңілден, аппақ арманнан туған құштарлық. Негізінде, тележурналистика – тәжірибемен келетін нәрсе. Біріншіден, сол мамандыққа деген ішкі құштарлық, тек құштарланып қана қоймай, дайындық, өзін-өзі шыңдау, ең бастысы, жұрт алдына шыққанда айтар ойы, сөйлер сөзі болуы керек қой! Әйтеуір, шалдыр-шатпақ сөз айтып, өзін көрсетіп кете салуды көрермен кешірмейді. Қазір көрермен сауатты. Тек өзіне қажетті пікірді ғана естігісі келеді, артық ақпармен өзінің санасын тоғытқысы келмейді. Себебі қажетін өтейтін арна да, қызықты бағдарламалар да жетіп-артылады, арнаны ауыстыра салады, бітті. Бұл тек арналарға ғана емес, газет-журнал, интернет сайттарына да қатысты. «Жақсы жазатын шәкірттеріңіз бар ма, аға» деп сұрайды баспасөзден. Бәрі керемет дей алмаймын, бірақ жақсы жазатын бірді-екілі студент табылмай тұрмайды. Негізі, өзі сондай бір заңдылық бар сынды, мықтылар өзі бір толқын болып келеді. Суырылып тұратын кіл мықтылар тіпті әлсіздеулердің өзін сүйреп алып кетеді. Керісінше, бір толқын келеді: кіл құлықсыздар, тіпті талпынатын бір-екеудің өзін жұтып қояды. Тағы біреулер болады, сабағы жақсы болмаса да, кейін өндірісте өзін керемет көрсетіп, мықты журналист болып кететін. Сондай-ақ керісінше, енді біреуі студент кезінде бір сабақты жібермей, қоғамдық істерде жарқырай көрінгенімен, оқуды бітіреді де, сөніп қалады. Ешбір жерден аты шықпайды, тіпті басқа салаға кетіп қалуы да ғажап емес.
– Бүгінде «салалық журналистика» деген ұғым жиі ауызға алынып жүр. Осы тұста әркімдер әртүрлі ұсыныс айтады, біреулер «таза заң мен құқықты жазуға бейімдеу керек» не болмаса «таза экономиканы жазуға бейімдеу керек» десе, енді біреулер журналистиканы мүлдем жауып тастап, әртүрлі сала мамандарын жазуға бейімдеу керектігін алға тартады. Тікелей осы салада қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстазсыз ғой, осының қайсысы көкейге қонымды?
– Әр елде қалыптасқан принципке байланысты бұл. Мәселен, елдің алдына шығып, жұрттың сөзін сөйлейтін мамандарды арнайы оқыту кеңестік идеологиямен тікелей байланысты. Себебі КПСС-ті дәріптейтін журналистер керек болды. Сондықтан да журналистика жеке сала болып оқытылды. Ал кейбір елдерде басқа сала мамандарын бір-екі айлық курстан өткізіп, жазуға, сөйлеуге машықтандырады. Ал менің ойым, әлгіндей дәрігер болсын, экономист болсын, олар о баста сол мамандығын таңдаған, сол сала бойынша жақсы біледі. Ондайлар керек. Бірақ жалпы қоғамға қозғау салар ой айтып, ұлттық мүддеге қызмет ететін журналисті кім дайындайды? Міне, журналистика факультетінің қажеттігі – осында. Журналист – тек жазушы, тек сөйлеуші емес, жұртты жұмылдырушы, елді ұйымдастырушы. Шын журналист – ұлтқа, еліне шын жаны ашитын журналист. Оның жұмысы ақпаратты елге тек жеткізумен шектелмейді. Қолға алған ісін, яғни қозғаған мәселесін соңына дейін жеткізіп, содан бір нәтиже шығармай, тынбайды. Айталық, тіл мәселесін айтса, содан бір жақсы қорытынды шықпай, тоқтамайды, сол сияқты баспанасыздар жайлы айтса, оның да бір жағына шықпай, тынбайды. «Айттым – бітті, қалғанын басқалар істесін» деген ой журналисте болмауы тиіс.
Алашқа айтар датым...
Жалпы қоғамға қозғау салар ой айтып, ұлттық мүддеге қызмет ететін журналисті кім дайындайды? Міне, журналистика факультетінің қажеттігі – осында. Журналист – тек жазушы, тек сөйлеуші емес, жұртты жұмылдырушы, елді ұйымдастырушы. Шын журналист – ұлтқа, еліне шын жаны ашитын журналист. Оның жұмысы ақпаратты елге тек жеткізумен шектелмейді. Қолға алған ісін, яғни қозғаған мәселесін соңына дейін жеткізіп, содан бір нәтиже шығармай, тынбайды. Айталық, тіл мәселесін айтса, содан бір жақсы қорытынды шықпай, тоқтамайды, сол сияқты баспанасыздар жайлы айтса, оның да бір жағына шықпай, тынбайды. «Айттым – бітті, қалғанын басқалар істесін» деген ой журналисте болмауы тиіс.