Бізде халық емшілеріне медициналық білім беру ісі жолға қойылмаған

Бізде халық емшілеріне медициналық білім беру ісі жолға қойылмаған

Күлбану ТОҚМЕЙІЛОВА, дәрігер-биоэнерготерапевт:

– Күлбану Құсманқызы, ауруды бойдағы айрықша қасиетпен емдеу медицинасының бірден-бір өкілісіз. Осы биоэнерготерапия саласы елімізде қашаннан бері бар, алдымен осы туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл – халықтық дәстүрлі медицина. Елімізде 1991 жылдан бастап дамып келеді. Бірақ мен мұнымен 1985 жылдан бері айналысамын. Сол жылдары Ленинградта биоэнергияны тексеретін ғылыми орталық болды. Газеттен «кімнің бойында айрықша қасиет болса, хабарлассын, тексереміз» деген мазмұндағы мақаланы көріп хат жаздым. Одан кейін сол орталықтан мені Мәскеуге шақырды. Күллі Кеңес Одағынан 2,5 мың адам жиналып, бірнеше тексеруден өттік. Содан кейін қасиеті бар деген адамдарды сол жерде қалдырды. Кісі емдеймін дегендерге медициналық білім алуға кеңес берді, көріпкел боламын дегендерді ұлттық қауіпсіздік қызметіне көмектесуге жіберді. Мен Мәскеуде қалып, дәрігерлік білім алдым. Сегіз елдің ғалымдарымен адамның ерекше қасиеттерімен нені емдеуге болады, қандай ауруларға әсер етуге болады, жалпы, ғылымға не әкелуге болады деген мәселелерді зерттеуге қатыстым. Үш жылдан кейін Алмания жеріне кеттім. Онда бірнеше зерттеу институтында төрт жылдай жұмыс істеп, 1992 жылы елге қайттым.
Қазіргі уақытта дүниежүзінде халықтық медицинаны ғылыми медицинамен қатар қою бағытында жұмыстар жасалып жатыр. Өйткені әлем ғалымдарының дені ғылым жаза алмаған ауру түрлерін халықтық ем арқылы жазуға болатынын дәлелдеді. Бұл медицина – халқымыздың қанына сіңген, тұрмысында бұрыннан бар нәрсе. Мысалы, ата-әжелеріміз ауруды ұшықтап емдеген. Қазір ғалымдардың өзі осындай емдеу тәсілдеріне көшті. Ғылыми медицинаның өзінде «Адамның тәнін емес, алдымен жанын емдеу керек» деген қағида бар ғой. Мен бойымдағы қасиетті бедеулікті емдеуге арнап отырмын. Маған келген әйелдердің тәнінен бұрын жанын емдеуге тырысамын. Талай жерге қаралып, үміттері үзіліп келген аурулардың ішкі дүниесін емдеуге мән беремін. Олар мені көргенде жоғалтқандарын тапқандай сезімге бөленуі керек. Содан кейін қолыммен олардың ауыратын жерлерін ұстап көріп, сол ауруларын қоздырамын. Қозған ауруды шығаруға болады. Сол кезде оларда аурудан айығатынына сенім пайда болады, үміттенеді. 10-20 жыл бала көтермей жүргенінің себебін сезінеді. Осылай ұзақ жыл үміті үзіліп келіп, менің алдымнан бала көтеріп кеткендерді көп көрдім. Бір күні таңертең жұмысқа келсем, менде емделген төрт келіншек балаларын көтеріп келіпті. Сол күнгі қуанышымда шек болған жоқ. Бұл менің жұмысымның нәтижесі еді. Сонда көрдіңіз бе, халықтық медицина – өте терең, әлі талай зерттеуді қажет ететін сала. Ал оны ғылыми медицинамен ұштастыра отырып қолданғанда нәтижесі өте жоғары болады.
– Қазіргі уақытта өзін халықтық медицина өкілі ретінде таныстырып, кісі емдеумен айналысып жүрген медициналық білімі жоқ адамдар да бар ғой. Олар жайында не айтасыз?
– Көптеген адамдардың бойында шынымен қасиеті болады. Біреу қамшысымен, біреу қолымен кісі емдеп жатады. Бұл – ежелден келе жатқан дәстүрлі медицинаның жалғасы. Бірақ халықты емдеумен айналыспақ болған адам міндетті түрде медициналық білімді меңгеруі керек. Білім бәрібір қажет. Кәсіби білімсіз емші соқыр сияқты. Әрі арнайы білімі болмағандықтан, олардың кейбірі өз бойында қасиет бар екенін, оны қайткенде дұрыс пайдалануға болатынын дәлелдей алмайды. Ондай емшілердің бәрін бірдей кінәлауға да болмайды. Өйткені халық емшілерінің арасында кәсіби білімсіз-ақ ауруды керемет емдеп отырғандар бар. Жалпы, емшілерге медициналық білім беру ісі бізде жолға қойылмаған. Ал шетелдерде бұған көңіл бөлініп отыр. Мәселенің тағы бір жағы – 90-жылдары халықтық медицина жаңа-жаңа дами бастағанда, адамдар мұны табыс көзі деп түсінді. Сол себепті емшілікке көптеп бет бұрды. Мен халық емшілерінің қауымдастығында жұмыс істеген кезде емшілердің еңбек кітапшаларын қарап отырсам, олардың бәрінің тұрақсыз адамдар екеніне көзім жетті. Емшілер бір жылда бірнеше жерде алуан түрлі жұмыс істеген. Имандылық жолы да осы секілді болып кетті. Әйтеуір, пайдалы іс екен деп, қазір кім болса сол дінге ұмтылады. Ішкі дүниесі жамандық атаулыдан тазармаған адам бес уақыт намазын қаза қылмай, Құранды жаттап алып жүрсе де, одан ізгі адам болып қалыптаса қоймайды.
– Сіздің өзіңіздің іс-әрекетіңізге күмән келтіріп, «шарлатан» деп айыптаушылар болды ма?
– Алғашқы кезде болды. Тіпті мен ең басында дәрігермін деп айтуға қорқатынмын. Маған «сен дәрігер болсаң, мұндай іспен айналыспауың керек» дейтін. 5-6 жыл солай болды. Кейін барып, ақырындап бұл медицина жайында сеніммен айта бастадық. Қазір ешкім күмән келтірмесе де, «мынаны істеуге болмайды, ананы істеуге болмайды» деген әңгімелер әлі айтылады. Жақында бесжылдық жұмысымның есебін берейін десем, маған шенеуніктер «Сізге екіқабат әйелге төніп тұрған қауіпті емдеуге болмайды, онымен тек медициналық орталықтар ғана айналысуы керек» дейді. Ал олардан нәтиже болмай, маған арқа сүйеп келіп тұрса, неге емдемеймін? Мен дәрігерлердің қорытындысына сүйенемін.
– Биоэнергиямен емдеу медицинасы көпқырлы. Негізінен, психикалық ауруларды емдеуде қолданылады екен. Ал сіздің мұны бедеу әйелдер денсаулығын жақсартуға пайдалануыңызға не себеп?
– Мені асырап баққан шешем – 12 жыл бала көтермеген әйел. Құсман деген көріпкел атамыз бір келінінің аяғы ауыр болғанда, «ішіңде бала бар екен, ол – ана абысыныңа Алланың берген баласы, оны аман-есен туып, сол кісіге бер» деген. Сөйтіп, мені өз шешем абысынына бергеннен кейін асырап алған анамыз бір қыз, үш ұл дүниеге әкелген. Кішкентай кезімнен мені «артыңнан бала келеді» деп тәрбиеледі. Менің киімдерімді баласыз отбасыларға ырымдап тарататын еді. Осыдан болуы керек, мен баласы жоқ адамдардың қандай күй кешетінін сезініп өстім.
Әйелдердің бала көтермеуінің үш-ақ себебі болады. Біріншісі – әйелдердің ұрықтарының өспеуі, екіншісі – олардың күйеулерінің ұрықтары қозғалысының нашарлығы, үшінші себеп – екеуінің біреуінің ұрық жүретін жолдарының жабық болуы. Қалғанының бәрі себеп емес. Қазір бедеулікке, жыныс мүшелерінің қабынуы, гормондардың өзгеруі, инфекциялық ауруларға ұшырауы себеп деп жатады, оның бәрі – бос сөз. Жоғарыда аталған үш себеп болмаса, қалған жағдайда әйел бала көтеруі тиіс. Күнделікті тәжірибеден байқап жүрміз, не әйелдің ұрығы өспейді, не жолдасының ұрығы нашар болмаса олардың ұрық жүретін жолдары жабық. Біз осыны рентгенге түсіру арқылы анықтап, құрсақтың ұрықты көтеруіне жағдай жасаймыз. Оны тоғыз айға дейін сақтауға тырысамыз. Осы кезде де бойымыздағы энергиямен төніп тұрған қауіптерді кетіріп, ұрықтың жетіліп кетуіне мүмкіндік береміз. «Бедеулікті емдеп жазуға болмайды» деген пікір қате. Әйел қалайда бала көтеруі тиіс, бедеуліктен құтылмайтын әйел болмайды. Тек көп жағдайда бұған қыз-келіншектеріміздің жақсы дәрігерге кездеспеуі кедергі келтіреді. Білікті дәрігерге қаралғанның өзінде аталған үш себеп тексерілмейді. Қазір әйелдер арасында түрлі ісік аурулары жиі кездесетін болып кетті. Тіпті күйеуге шықпаған қыздардың өзінде кистаның бірнеше түрі, миома, фибриома сияқты аурулар көп. Әсіресе, ісіктер ұрық жүретін жолдарда пайда болады. Сол жерлерге су, ірің жиналады. Ғылыми медицина ол органдарды кесіп алып тазартуды ұсынады. Ал мен өз орталығымда оны энергиямен тазартуға тырысамын. Бұл – өте қиын жұмыс.
– Сіздің қызметіңіз «ЭКО» орталығының жұмысымен мазмұндас екен. Ондағы дәрігерлермен байланысыңыз қалай?
– «ЭКО-мен» байланысымыз бар. Біз сол орталыққа пациенттерді дайындаймыз. Онда мені түсініп, қолдайтын дәрігерлер бар. Бірақ олардың жұмысына қатысты айтатын қарсылықтарым бар. Біріншіден, мұндағы қызмет түрлерінің құны өте қымбат. Пациенттерден көп ақша талап етіледі. Екіншіден, орталық дәрігерлері гормонотерапияны қатты қолдайды. Жас отбасылардың бәрі соған ұмтылып жатыр. Ал оның нәтиже бермейтін кезі көп. Мұндай жағдайда бала көре алмай жүрген ерлі-зайыптылар одан сайын қатты күйзеліске түседі. Осы орайда мен бұл орталық қызметінің ақысын азайту керектігін айтқым келеді. Тіпті «ЭКО-ның» оншақты адамға ақысыз қызмет көрсетуге де мүмкіндігі бар. Өйткені оны мемлекет қолдап отыр. Неге үнемі үкіметтен көмек күтеміз? Әйелдердің жағдайы келетіні бар, келмейтіні бар, солардың мәселесін неге ойламайды? Мен осыған наразымын. Жылап келіп тұрған келіншекке жеңілдік жасалса жақсы ғой.
– Қазіргі күнделікті өмірімізде адамдардың жүйкесі жиі сыр бергіш болып кеткен сияқты. Түрлі психологиялық аурулар көбейіп барады. Депрессия деген екінің бірінің басында бар. Адамдардың ішкі энергетикасының әлсіреуіне не себеп?
– Иә, қазір кішкентай балалардың өзі шетінен ашушаң. Өйткені аналар екіқабат кезінде қатты уайымға түседі, біреулермен ұрсысып қалады, болмашы нәрсеге кейиді. Осының бәрі құрсақтағы сәбидің жүйкесіне әсер етеді. Әрі аналардың көбінің денсаулығы нашар болады. Бала көтерсе ауырып қалады. Сәби жүйкесінің әлсіз болуына теледидардан көрсетіліп жатқан түрлі дүниелердің де әсері бар. Мультфильмдердің өзі адамның жанын түршіктіреді. Мәскеудің ғалымдары атыс-шабыс, зорлық-зомбылықты насихаттайтын көркем туындылардың өсіп келе жатқан бала психологиясын бұзатынын дәлелдеп шықты. Олар мұндай мазмұндағы мультфильмдерді телеарналардан алып тастау қажеттігін ұсынып жатыр. Қазіргі жастар ерте темекі шегіп, арақ ішеді. Жыныстық қатынасқа ерте түседі. Бір кісімен емес, неше түрлі адаммен қатынаста болады. Бұл да ішкі дүниеге, олардың болашақ сәбилерінің денсаулығына кері әсерін тигізеді.
Ал қазіргі адамдардың не болса содан депрессияға ұшырайтын халге жетуіне біздің өміріміздің құбылмалылығы себеп. Тұрмысымыз өзгеріп жатыр, бұған адамдардың бәрі бірдей бейімделе алмайды. Сол себепті жүрек-жүйке аурулары көбейді. Өмірден түңілу белең алды. Адамдар «мен асылып өлемін» дегенді жиі айтады. Ал мұндай сөзді айтқан адам оны түбінде қалайда жасайды. Өйткені мидың бір түкпірінде жасырынып қалған ой ақыр түбі іс-әрекетке айналады. Біз кішкентай балаға көз тимесін деп, «Өй, жаман қыз, жаман бала» дейміз. Негізі, олай айтуға болмайды екен. Бұл сөздер баланың өсуіне кері ықпал етеді. Содан кейін балалардың көзінше «ой, ана пәленшені қойшы, олар бай, біз кедейміз, бізге ондай болу жоқ, бізге осы да жарайды» деген сықылды әңгіме айтамыз. Мұндай сөздер де баланың өзіне-өзі сенімді болып ержетуіне кедергі келтіреді. Біз, керісінше, «ондай боламыз, одан да артық боламыз» деп айтуымыз қажет. Себебі адамдардың энергиясы, сөзі, қимылы табиғатпен үйлесіп жатыр. Жаратушы солай жаратқан. Жалпы, адамның өз миына игі ойларды сыйғызғаны жөн. Адам өз ойына сай әрекет етеді, талпынады, соған жетуге тырысады. Қазіргі жастарды біз дәл осылай тәрбиелеуіміз керек.

Датым...
Халықты емдеумен айналыспақ болған адам міндетті түрде медициналық білімді меңгеруі керек. Кәсіби білімсіз емші соқыр сияқты. Арнайы білімі болмағандықтан, олар өз бойында қасиет бар екенін, оны қайткенде дұрыс пайдалануға болатынын дәлелдей алмайды.

Ғылыми анықтама
Биоэнерготерапия – акупунктурлық нүктелерге әлсіз электрлі импульстермен төмен жиілікті әсер ету арқылы емдеу, ол қол массажы қимылына, қыздыру мен ине түйреу әдісіне тең.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста