Бізде кәсіби футболшы түсінігі көптеген ойыншыда қалыптаса қоймаған

Бізде кәсіби футболшы түсінігі көптеген ойыншыда қалыптаса қоймаған

Қайрат БОРАНБАЕВ, «Қайрат» футбол клубы байқаушы кеңесінің төрағасы, «КазРосГаз» ЖШС бас директоры-басқарма төрағасы:

– Қайрат Советайұлы, «Қайраттың» биылғы маусымдағы ойынына көңіліңіз тола ма? Кешіріңіз, 10-орын «Қайрат» үшін көрсеткіш емес сияқты. Сұрақты басқаша қойсақ, «Қайраттың» бүгінгі қаржылай жағдайы мен нәтижесі бір-біріне сәйкес келе ме?
– Бүгінгі жағдай мен нәтиже сайма-сай келе ме дегенге айтарым, иә, қазір бәрі дәл осылай болып тұр. Бұл екеуі бір-біріне сәйкес келеді деп айтуға болады. Ашығын айтайын, біз әу баста футбол клубы шаруа­шылығында дәл осындай қордаланып қалған қомақты мәселелер бар деп ойлаған емеспіз. Біз клубты қолымызға алғанда, оның көптеген мәселелері бар екендігін білдік, әрине. Бірақ тамыры осынша тұң­ғиық­та деп ойламап едік. Сондықтан бірін­ші маусым клубпен етжақын танысуға, оның өзіндік қыр-сырына қанығуға кетті. Біз енді не істеу керек екенін жақсы түсінеміз. Біз футбол клубы деген не екенін жете түсінуге, оны тезірек меңгеріп кетуге айрықша көңіл бөлдік. Саралап зерттедік. Көптеген жиын-конференцияларға қаты­сып, өзімізде де осындай басқосулар өткіз­дік. «Рубин» (Қазан) және «Шахтер» (До­нецк) клубтарына барып, сол клубтардың барлық істерімен таныстық. Олар футбол клубы шаруашылығын қалай дөңгелетіп әкетті, соған айрықша көңіл аудардық. Сондай-ақ «Арсенал», «Шалке-04» клубта­ры­ның мамандарымен кездестік. Ресей мамандарымен де пікір алмасып, тәжірибе жинақтауға тырыстық. Яғни біз футбол клубы қалай жұмыс істеуі керек екендігін зерттедік. Сол себепті бүгінгі жағдайымызды саралай отыра  айтарым, қаржылай жағда­йы­мыз қоңды болғанымен, біз бірден бұ­дан артық нәтижеге қол жеткізе алмас едік.
– Маусым басында жоспарла­ры­ңыз бен ойларыңыз жақсы еді. Соның бәрін жүзеге асыра алды­ңыз­дар ма?
– Біздің әу баста жариялаған жоспар­ларымыздың бәрі дұрыс, орынды. Оның ешқайсысы да өзгерген жоқ. Басты қолға алар ісіміз – клубтың бірегей даму құрылы­мын құру, оны жетілдіре беру. Ол балалар футболынан бастап, негізгі командаға дейін қамтылуы керек. Бұл – біздің жұмыста­ры­мыздың басты темірқазығы. Футбол клубы деп, тек негізгі құрамға көңіл бөліп, соның жағдайын ғана ойлап, нәтиже қумай, ізбасарлар тәрбиелеу ісін дұрыс жолға қоюымыз керек. Біздегі клубтың инфрақұ­рылымын дамыту барысындағы жұмыста­рымыздың бәрі де бекітілген кесте бойынша жүзеге асырылуда. Мысалы, қаңтар айы­ның аяғында Каблуков көшесіндегі базаның құрылысы аяқталады. Біз оны балалар мектебіне бергіміз келеді. 12 гектар жер телі­мін сатып алғанбыз, қаңтар айынан бастап сол жерде құрылыс жұмыстарын бастамақпыз. Бұл – клубтың негізгі және қосалқы құрамдарының базасына арналған жоба. 14-18 жастағы бозбалалар акаде­мия­сындағы жөндеу жұмыстарын тамыз айында тамамдамақпыз. Яғни қыркүйектегі жаңа оқу жылы алдында бәрі іске қосылуы керек. Онда әр жас шамасындағы сыныпта іріктелініп алынған 25 баладан болады. Олар мектеп-интернатта оқып, аяқдоп өнерінің қыр-сырын үйреніп, сонда тұратын болады. Мұның бәрі – жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқан істеріміз.
Ал енді әр жас шамасындағы коман­дала­ры­мызға ойыншылар сұрыптап алу ісі – біздің сау басымызға сақина болып отырған мәселе. Мұндай жұмыстар біздің клубымызда қолға алынып, жүргізілді. Бірақ біз дәл осындай жауапты жұмыстарға білікті мамандар тарту керек деп ойлаймыз. Өйткені көптеген жаттықтырушыларда әр­түр­лі көзқарас қалыптасқан. Біз тіпті дарын­ды балаларды іріктеп алу жұмысын тек біз­дің клубта ғана емес, бүкіл республика аума­ғында жүргізіп, футболға икемі бар балалардың ең үздіктерін біздің клубқа шақыруымыз керек деп ойлаймыз.
– Биыл Қазақстан футбол федерациясы да балалар футболына көңіл бөліп, еліміздің әр өңірінен футбол орталықтарын аша бастады. Сіздердің жобалары­ңыз федерация жүзеге асыра бастаған футбол мектептерімен салыстырғанда қандай деңгейде?
– Екі жақтың жобасын салыстырып, жақсы-жаман деу дұрыс болмас. Біз феде­рацияның осы бір игілікті ісін қолдаймыз да, құптаймыз да. Ал оның сапасына баға беретін біз емес. Оның бағасын халық бере жатар. Біз өзіміз үшін «Қайрат» футбол клубын дамытудың техникалық бағдарла­ма­сын жасадық. Біз енді осы бағдарламаны енгізу үшін, жүзеге асыру үшін арнайы мамандар іздеп жүрміз. Жыл аяғына дейін өзімізге лайықты маманды тауып аламыз деп ойлаймын. Дәл қазір біздің назарымыз­да алты маман бар. Енді біз осы алтауының ішінен біреуін таңдап алу үстіндеміз. Олар­мен кездесіп, өзіміздің бағдарламамызды көрсетіп, талқылап жүрміз. Кейбіреулері әлден ұнамай жатыр. Өйткені бізге біздің бағдарламамызға өз ойларын қосатын, өз пікірлерін тықпалайтын мамандар қажет емес. Бізге өзіміздің бағдарламамыз бо­йын­ша жұмыс істеп, соны жүзеге асыратын маман керек. Сондай-ақ 6 жастағы жеткін­шек­тен бастап 17 жастағы бозбалаларға дейінгі топтардағы жаттығулар мен тапсыр­маларды толықтыра алатын сыралғы маман керек. Себебі 7 жастағы жас бала 14 жастағы футболшыға арналған жаттығу­ларды дұрыстап жасай алмайды. Өйткені олардың мүмкіндіктері мен қабілеттері бірдей емес. Біздің техникалық бағдарла­маның мән-мағынасы мен мақсаты – әр жас шамасындағы топтарға (балаларға) футболды дұрыстап (лайықтап) оқыту және үйрету. Сондықтан біз голланд маманына тоқталатын шығармыз. Жоғарыда айтқан алты адамның үшеуі біздің ойымыздан шығып отыр. Солардың біріне тоқталамыз.
Қазақстан футбол федерациясының балалар футболын дамытуға арналған бағдарламасы да жақсы шығар. Біз оны бастан-аяқ оқып шығып, талдаған жоқпыз. Тек тілеулеспіз. Ал бізде екі балалар акаде­миясы болады. Біреуі – Каблуков көшесін­дегі, екіншісі – Магнитная көшесіндегі базада. Содан соң бізде «Алматы қаласында «Қай­рат» футбол клубын дамытудың техни­калық бағдарламасы» деген тағы бір жоба бар. Бұл жобаны біз Алматы қаласының әкім­дігімен бірлесе отырып жүзеге асыра­мыз. Биыл бастаймыз ба деп едік, қаржы мәсе­лесіне байланысты биыл тұсауын кесе ал­ма­ды. Келесі жылы бастай­мыз деп ойлай­мын. Жоспар бойынша осы жобаның ая­сын­да біз Сайын көшесінен, сондай-ақ Райымбек көшесінен төменгі (арғы) аудан­дарда балалар футболын дамытуға ба­ғытталған он мектеп ашпақпыз. Бұл жұмыс істеп тұрған мектептердің қабырғасында іске қосылатын болады. Біз осы аудандар­дағы мектептердің бәрін аралап, көріп шығамыз. Үш-төрт мектеп бір-біріне жақын орналасқан аймақтардағы бір мектепті таңдап алып, сол жерге футбол алаңын саламыз. Өзіміз қаржыландырамыз. Тек онда футбол біздің техникалық бағдарлама бойынша үйретілетін болуы керек деген талап, шарт қоямыз. Ең бастысы, біз бұл мектептерге жаттықтырушы ретінде сту­дент­терді шақыруды жоспарлап отырмыз. Яғни бұл мектептерде Дене тәрбиесі инс­титуттарында (университеттерінде) немесе жаттықтырушылардың жоғарғы мектебінде оқитын болашақ мамандар дәріс беретін болады. Жалпы, біз жас мамандардың арасынан да білікті бапкерлер шықса дей­міз. Олардың да жұмыс жасаулары керек. Мұнымен біз жаттықтырушылар тәрбиелеу ісін де дамытуға ықпал етіп, олардың жұ­мыс жасауларына мүмкіндік туғызып, тәжірибе жинақтауларына жағдай жасауды көздеп отырмыз. Мұндай жоба бізде бар. Инфрақұрылымдық мәселелерімізді жөнге келтіріп алған соң осы жобамен айналы­самыз.
– Енді негізгі құрамдарыңызға, шеберлер командасына көшсек. Биыл сіздердің клубтарыңызды екі бапкер жаттықтырды. Басында команда тізгіні Дмитрий Огайға ұстатылды. Бірақ маусым бары­сын­да орнынан кетті. Неге сенімді ақтай алмады ма?
– Жоқ. Керісінше, Огай біздің сенімімізді толық ақтады. Ол – жоғары деңгейлі ма­ман. Мен оның команда тізгінін, шынымен де, қиын-қыстау кезеңде қаймықпай қолына алғанына ризамын. Ол чемпионат қарсаңында ғана, қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде команда жасақтап шығарды. Оның жұмысына көңілім толды. Тек біз ары қарай адымдау керек екенін түсініп, бас бапкерімізді ауыстырдық. Бұл екіжақты келісілген шешім болды.
– Одан кейін командаға испан маманы келді. Алайда Хосе Перес Серер де команданы өрге сүйрей алмаған сияқты...
– Мәселе испан маманында емес. Біз дәл сол кезде де бәрін таразыладық. Кімді шақырсақ екен деп, ойланып-толғандық. Испан мамандары жайлы да айтарым, олар да біздің команданың қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Футболшылардың ашыла түсулеріне жағдай жасады. Біздің түсінігіміз­ше, футболшылар техникалық ойынға көп көңіл бөлетін болды. Десек те, біз «Қайрат­қа» өзіне лайық бапкер керек екенін түсін­дік. Испан бапкерлерімен де түсіністікпен қош айтыстық. Біздің ойымызша, Хосе Перес Серер бастаған испан бапкерлері әзірше Қазақстан футболында жұмыс жа­сауға дайын емес. Біріншіден, ментали­тетіміз басқа. Содан соң олар Испания футболының үлгісі мен жүйесін толығымен біздің додаға енгізуді қалады. Ал бұған біздің футболшылар дайын емес. Бізде әлі кәсіби футболшы түсінігі көптеген ойын­шыларда қалыптаса қоймаған. Ал олар, яғни өз істерінің кәсіби мамандары – фут­бол­шыларға имандай сенеді. Футболшылар өз міндеттерін келісімшартта көрсетілген­дей, мүлтіксіз орындаулары керек деп ой­лайды. Осындай қарым-қатынасқа үйреніп алған. Олардың шеше алмаған проблемасы осы болды.
– Жақында бас бапкерлік қызметке Владимир Вайссты бекіттіңіздер. Словакия бапкері «Қайратқа» несімен лайық? Әлде оның бұрынғы жетістіктеріне мән берілді ме?
– «Қайратқа» бапкер табумен біраз айналыстық. Испан бапкерлері кете салы­сымен емес, соңғы төрт айда өзімізге қа­жет­ті маманды сабыла іздегенбіз. Біршама бапкерлермен кездесіп, емен-жарқын әңгімелестік. Солардың ішінде Владимир Вайссқа тоқталдық. Бірден айтайын, жаңа өзіңіз айтқандай, бұрынғы жетістіктеріне мән беретін болсақ, Вайсс секілді бапкер Қазақстанға әлі келген жоқ. Вайсс – Слова­кия құрамасын әлем чемпионатына алып шыққан маман. Вайсс – Чемпиондар лига­сында Еуропаның азулы клубтарына өз ко­мандасымен қарсы тұра білген жаттықтыру­шы. Түсіне білген адамға мұның бәрі – ерен жетістік. Содан соң Вайсстың орыс тілінде жақсы сөйлейтіндігіне де мән бердік. Бұл да маңызды. Тағы бір маңыздысы, ол Ресейде жұмыс жасаған. Ал Ресей мен бізде ұқсастық көп. Ол – словак, яғни менталите­тінде де ұқсастық бар. Ал маман ретінде айтарым, Вайсс – біздің елге келген өте білікті бапкерлердің бірі. Бұл тұрғыда біз аталмыш маманның біздің елде жұмыс жасауына келісім бергеніне қуануымыз керек. Өйткені оған «құда түсіп», «сөз сал­ған» клубтар аз болған жоқ. Ресей клубта­рының бірі тіпті үлде мен бүлдеге орауға дайын еді. Еуропадан да ұсыныстар түскен. Бірақ біз оған өзіміздің алдағы жоспар­ла­рымыз бен ойларымызды жеткізе білдік. Ол соның бәрін түсініп, келісім берді.
– Бізде бір жаман әдет бар. Сырттан келген бапкерлер көмекшілерін де, нөкерлерін де ала келеді. Өз бапкерлеріміз керексіз болып қалады. Өзіміздің бапкерлер осындай білікті маман­ның тым болмаса көмекшісі болып жүрсе ғой.
– Вайсс олай «нөкерлерімен» келмейді. Өзінің бір ғана көмекшісін әкеледі. Содан соң жаттығу жиындарына, жалпы, күш-қуат дайындығы маманы келуі тиіс. Қалғандары өз бапкерлеріміз болады. Вайсс олармен жұмыс жасауға келісімін беріп отыр.
– Кеңес Одағы тұсында «қазақ­тың «Қайраты» болған клубтары­ңыз сол дәрежеге қайта көтеріле ала ма? Қайтадан халық сүйіспен­шілігіне ие болып, Еурокубок додаларында доп тебетін бола ма?
– Мен сөзімнің басында айтып өттім ғой. Біз, жалпы, өз футболымыз бен «Қай­рат» клубында осынша проблемалар бар екен деп мүлде ойлаған жоқпыз. Біз қазір бәрін де жаңадан бастап, жаңа клуб құрып жатырмыз. Біздің клубымызда заман тала­бына сай жаңа лауазымдар мен қызметтер пайда болды: маркетинг департаменті, спорттық директор, ойыншылар таңдау қыз­меті, балалар академиясы тағысын тағы. Бұлардың бәрі бұрын атымен болма­ған. Былайша айтқанда, бұрынғы клубтан ештеңе қалмаған. Каблуков көшесіндегі базаның өзі өртеніп кетіп, жермен-жексен болған. Ел «Қайрат» деген клуб бар деп ойлады. Бірақ мұндай клуб жоқ еді. Тек аты бар, эмблемасы сақталған. Болды! Қазір біз «Қайратты» қайтадан қалпына келтіріп жатырмыз. Клуб деген күзетшіден бастап, бас бапкерге дейін өз ұжымына берілген, шежіресін дәріптейтін қызметшілер болуы керек. Біз қазір балалар мектебін ашумен қатар, жас ойыншылар мен «Қайрат» клу­бы­ның барлық жұмысшыларын тәрбиелеу­мен айналысып жүрміз. Бұл тұрғыда бізде толық бағдарлама жасалған. Олардың бәрі «Қайрат» деген не екенін білу үшін лекция­лар өткіземіз. Үлкен демей, кіші демей, «Қай­рат» клубының барлық мүшесіне біз­дің жанкүйерлеріміз бар екенін, біздің арда­герлеріміз бар екенін, біздің ел қызы­ғатындай тарихымыз бар екенін айтып түсіндірудеміз. Мен «Қайраттың» ізбасарла­ры жаттығып жүрген жерге барып, олардан команданың тарихы жайлы сұрасам, ешкім ештеңе білмейді. Тіпті қай жылы құрыл­ға­нынан да бейхабар. Тек бір топта бір бала Құралбек Ордабаевты атады. Бітті! Қазіргі команда сапындағы ойыншыларды да жа­рытып танымайды. Ал ағылшын клубтарын­да кімдердің ойнайтындарын жатқа соғады. Испания мен Англия құрамаларын түгелдей судыратады. Ал өз клубтарының тарих-шежіресін білмейді. Сұмдық қой! Енді ардагерлер күнделікті жаттығу алдын­да бір-бірлері туралы айтып, дәрістеме сабағын өткізеді (политзанятие). Сонда олар ардагерлерді көзбе-көз көріп, естерін­де сақтайтын, танитын болады. Әрі олардан тарихты тереңірек білетін болады. Мен «Қай­раттың» жейдесін киген әрбір жеткін­шек оның шежіресін білуі керек деп ойлай­мын. Олардың бәрі де «Қайраттың» жейде­сін кигендерін мақтан тұтулары керек. Осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынуда.
Ал дәл қазір осындай орын аламыз, осындай жетістікке қол жеткіземіз деп айту – әбестік. Бұл өзіңді-өзің алдау болады. Жалпы, біз алдағы үш жылға клубты жетіл­діру стратегиясын жасап бекіттік. Үш жылға футболшыларды, бапкерлерді таңдап алу қағидаларын белгіледік. Клубтың филосо­фиясын айқындадық. Барлық жұмысшылар мен қызметкерлер штатын және олардың міндеттерін бекіттік. Қаңтар айынан бастап осы жаңа үлгіде жұмыс жасайтын боламыз. Әрине, мен жанкүйерлерді де түсінемін. Олар жеңісті күндерді сағынды. Зарығып күтіп жүр. Өз кезегімде, жанкүйерлердің үміттерін үзбеулерін сұраймын. Бірер жылдан соң, жақын болашақта біз Еуропа лигасы мен Чемпиондар лигасында ойнай­тын боламыз деп ойлаймын. Әрі оған сенімдімін. Мен оған шүбә келтірмеймін. Тек бізге уақыт керек. Біз бірінші кезекте клубты толығымен қайтадан қалпына кел­тіріп, аяғына тік қойып алайық. Қазір біз ба­ғыт-бағдарымызды айқындап, алды­мыз­ға мақсат қойып, клуб философиясын енгізіп, жетілдіру стратегиясын бекіттік. Бәрі ретімен, бәрі өз орнымен жүзеге асуы керек.
– Қайрат Советайұлы, кешіріңіз, сіздер «Қайратқа», шынымен де, ұзаққа келдіңіздер ме? Әйтпесе «Қайратқа» жанашыр болып кім келмеді дейсіз?
– Осыншама маңызды да ұзақ мерзімді жобаларды қолға алып отырмыз. Егер ұзақ­қа келмесек, жоғарыда айтылған ауқымды жұмыстарды тереңнен бастар ма едік? Онда тек негізгі құрамның бүгінгі ойынына ғана мән беріп, тезірек тұшымды нәтиже көрсе­туге тырысар едік қой. Ауызекі тілмен айт­қанда, «Қайрат» – біздің ұжымымыздың бір бөлігі.
– Қыркүйек айында КСРО және «Қайрат» клубы ардагерлері арасын­да өткізілген жолдастық кездесудің мақсаты не?
– Жақсы сұрақ. Бірақ менің негізгі мақсаттарымның бірі – клуб ардагерлерін де ұмытпау. Солардың да жағдайын ойлап, оларға да қуанышты сәттер сыйлау. Арда­гер­леріміз өздерін әлі де «Қайраттың» бір мүшесі ретінде сезініп жүрсе екен деймін. Әлі де «Қайрат»  жасампаз» деп кеуделерін мақтаныш кернеп жүрсе деймін. Өзіңіз білесіз, сол кезде қазақстандық футболшы­лардың бәрінің, әсіресе теңбіл доптың соңына түскен әрбір жас баланың арманы «Қайраттың» сапында ойнау еді ғой. Соны да ұмытпайық. Ал сіз тілге тиек етіп отырған матч жөнінде айтарым, бұл жай ғана ойын емес, біздің жоспарымызға енгізілген шара болатын. Біз ардагерлерге арнап қандай мәдени-спорттық шаралар өткізетіндігімізді жыл басында күнтізбеге енгізіп, бекітіп қоямыз. Туған күндерінде ресми түрде құттықтап, сый-сияпат көрсетіп отырамыз. Бұл ардагерлер үшін мереке ұйымдастыру мақсатында атқарылған іс болатын. Біз ардагерлердің бәріне де «Қайраттың» не­гіз­гі құрамындағыдай біркелкі киім үлгісін тараттық. Яғни олар әлі де біздің ойыншы­ларымыз бен мақтаныштарымыз.
– Сөз соңында ел футболын­дағы бір кінәрат жайлы сұрайын деп қипақтап отырғаным. Өйткені кейбіреулер бұл сұраққа нақты жауап бере алмайды. Қазақстан чемпионатындағы төрешілер қызметіне көңіліңіз тола ма?
– Бірден айтайын, көңілім толмайды. Біздегі төрешілердің деңгейі өте төмен. Біз өзіміздің төрешілер шешіміне наразы екенімізді маусым барысында ашықтан-ашық білдірдік те. Қайталап айтайын, біз ел чемпионатындағы төрешілер деңгейіне риза емеспіз. Біздегі төрешілер деңгейін көтеру керек. Семинарлар өткізіп, олардың біліктіліктерін арттыру керек. Тек Қазақстан чемпионатында қазылық етіп, өз қазаны­мыз­да қайнай бермеулері үшін басқа да додаларға төрелік етіп, тәжірибе жинақтау­ларына жағдай жасау керек. Мысалы, футболдан әлем чемпионатына қазылық етуге өзбек төрешісі барды. Ал бізден қазақ әлі барған жоқ. Осының өзі-ақ біздің төре­шілеріміздің деңгейі төмен екендігін бідірмей ме?!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста