Бізде ядролық медицина бойынша нақты жобалар бар

Бізде ядролық медицина бойынша нақты жобалар бар

Бекзат ПІРМАНТАЕВА, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент:

– Бекзат Айдарбекқызы, бүгінде ядролық энергетика мәселесі қо­ғамда кеңінен талқылануда. Бұл ретте Қазақстанның атом энергия­сын өндіру саласындағы әлеуеті жайында жиі айтылып жүргенімен, қазақстандық қоғам оған әлі да­йын емес деген де пікір бар. Бы­лай­ша айтқанда, біз ядролық эн­ер­ге­ти­каның пайдасын жете түсін­бей жатырмыз. Сіздің ойы­ңыз­ша, бұл көзқарасты қалай өз­гер­ту қажет?
– Меніңше, ядролық энергетика сала­сының болашағын қоғам бірте-бірте түсініп келеді. Әрине, оны әр адамның жеке-жеке пікірімен дәлелдеуге болады. Бірақ нақты санның жөні бөлек қой. Мәселен, біздің кафедраға ядролық физика мамандығы бойынша түсетін жастар­дың саны жыл сайын көбейіп келеді. Ол ненің белгісі? Бұл қоғамның ядролық физика саласына деген ашық көзқарасы мен сенімін білдірсе керек. Енді қараңыз, 2005 жылы ядролық физиканы тек үш-ақ студент қана таңдаған болатын. Биыл бізге түскен түлектердің саны 67 адамды құра­ды. Жалпы, кафедра бойынша 211 студент, магистрант және докторант білім алуда. Олардың 25-і – «Алтын белгі» иегерлері. Бұл – жақсы көрсеткіш. Қазақ­стандық қоғам­ның ядролық физиканы қаншалықты түсініп жатқандығын осыдан-ақ байқауға болады.
– Ал дәріс беретін мамандардың тапшылығы байқалмай ма?
– Негізі, Қазақстанның ядролық физика саласындағы маман тапшылығы Тәуелсіздікке дейін де болған. Еліміз егемендік алып, бұрынғы жүйе тарап жатқан кезде біраз кәсіби маманның шекара асып, өзге елге қызмет етіп кеткені тағы бар. Ондай жағдай қазіргі ТМД мемлекеттерінің бәрінде де болған. Соған қарамастан, Қазақстан ядролық физиканы дамыту жұмысын назардан тыс қалдырған жоқ. Біздің кафедра осы бір үлкен әрі маңызды жұмыстың нәтижесі болса керек. Қазіргі кезде бізде дәріс беріп жатқан оқыту­шылардың 45 пайызы нақты ядролық физика мамандары болып саналады. Әрине, ол көп емес. Қазақстанда физик мамандар баршылық қой. Ал ядролық физика сала­сындағы мамандар тым аз. Сол себепті біз дәріс беретін мамандарды әзірше шетелден шақырып отырамыз.
– Мамандарды шетелден шақы­ру жұмысының шығыны көп. Өз мамандарымызды өзіміз қашан дайындаймыз?
– Қазақстандық мамандардың дайын­дық деңгейі жақсы. Өз басым отандық және шетелдік мамандардың арасында аса көп айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Бірақ ондай мамандар аз. Сол себеп­ті шетелден ғалымдарды шақыруға тура келеді. Оған қоса, ортақ жұмыстың жөні бөлек. Біздің қазіргі мақсатымыз – әлем­ге танымал ғылыми басылымдардан көрі­ніп, өзімізде жасалып жатқан ғылыми жұмысты көрсету. Осының арқасында Қа­зақ­станның ғылыми қауымдастық ал­дын­дағы беделі өседі. Осы орайда шетел­дік ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеу­дің маңызы зор: ортақ жобаларды қолға алып, біраз жетістікке жетуге болады.
– Қазір біз қандай ғылыми жаңалық­тармен мақтана аламыз? Білуімізше, ДЦ-60 ауыр иондар үдеткіші іске қосылған кезде осы қондырғыда арнайы сүзгілер жасалатыны айтылған болатын. Бірақ кейінгі уақытта ол бастама іске аспай қалды-ау деймін...
– Иә, тректік мембраналардың негізінде өндіріске қажетті сүзгілерді жасау бастамасы болған. Оның экономикалық пайдасы мол. Мәселен, ондай сүзгілерді авто­көлікке салып, қоршаған ортаға шығары­латын зиянды газдарды барынша азайтуға болар еді. Одан қала берді, бүгінде жылу электр стансыларының мұр­жасынан шы­ғатын түтінді тазартып, сүзгіден өтпей қалған қалдықтарды қайта өңдеу тәжі­рибесі де бар. Дей тұрғанмен, бізде бір қиындық бар. ДЦ-60 ауыр иондар үдеткішінің көмегімен ондай сүзгілерді жасауға болады. Бірақ ол сүзгі – тек шикізат қана. Ал осы шикізатты пайдаланып, дайын тауар ретінде шығаратын өндірістік орындар жоқ. Негізі, қазіргі кезде ондай сүзгілерге сұраныс жоғары. Одан басқа, тректік мембраналарды тамақ өнеркәсі­бінде, медицинада, ауызсу желісінде және тағы басқа көптеген салада кеңінен қолдануға мүмкіндік болады. Мен өзім қазір ядролық медицина саласына үлкен қызығушылық танытып отырмын. Себебі ол – біз үшін ғана емес, әлемдегі дамыған елдердің біразы үшін жаңалық. Негізі, медиктер физиканы көп біле бермейді. Қазіргі қондырғылардың негізінде олар тек томографиялық суретке ғана түсіріп, ауруды химиялық терапия арқылы емдей алады. Ал физиктер болса аурудың нақты қай жерде жасырынғанын нақты анықтап бере алады. Мәселен, қазір­гі кезде біздің мамандар Астанадағы Респуб­ли­калық диагностикалық орталықта орналас­қан ДС-18 үдеткіші негізінде науқастарды тек­серіп, адам ағзасындағы аурудың негіз­гі ошағын анықтап беріп отырады. Осы­ның негізінде дәрігерлер бұрынғыдай жал­пы терапияны қолданбай, нақты ауру оша­ғын емдейді.
– Ядролық изотоптардың көме­гі­мен қатерлі ісік дертін де емдеуге болатыны туралы оқығанымыз бар. Оны қалай жасайды?
– Бүгінгі таңда кардиология, онкология және психоневрология ауруларын емдеу саласында диагностиканың маңызы зор. Осы орайда ядролық медицинаға, оның ішінде позитрон-эмиссиондық томо­гра­фия­ға (ПЭТ) үлкен үміт артылып отыр. ПЭТ – бұл қысқа өмір сүретін ультра радио­изо­топ­тарды қолдануды көздейтін диаг­нос­тиканың жаңа әдісі. Оған қажетті өнім үдеткіштің негізінде даярланады. Негізі, ПЭТ кәдімгі глюкозаны егу арқылы жасалады. Бірақ оның құрамындағы тұрақ­ты фтордың орнына ра­дио­активті фтор қолданылады. Міне, осылайша «18-фтор­де­зок­сиг­лю­ко­за – 18FDG» деген радио­фар­ма­цев­ти­калық препарат пай­да болады. Оның адам денесіне қалайша тарай­тын­дығын арнайы аппарат арқылы бай­қауға болады. Негізі, ісік ошағында гли­колиз үдерісі жүреді. Ол кезде ісік жасу­шасына глюкозаның 19 есе артық мөл­шері қажет болады. Осындайда кішкентай ісіктің өзі біраз радиоизотопты тартып алады. Ал осы изотоптардың жинал­ған жерін, яғни ісікті арнайы қондырғы арқылы анықтауға мүмкіндік бар. Қатерлі ісікті анықтайтын ондай глюкозаларды бүгінде біз Респуб­ли­калық диагностикалық орталықтағы ДС-18 үдеткіші негізінде жасап жатырмыз. Ол науқастарға қатерлі ісіктің алдын алу дәрісі ретінде егіліп жатыр. Бұл жобаны біз жақында ғана ұсындық. Қазақ­стан бойынша ондай жобаны әлі ешкім жасаған жоқ.
– Жобаны іске асыру үшін қар­жы­ның қандай көлемі қажет? Ол шығын ақтала ма?
– Жобаның жалпы құны – 80 млн теңге. Бұл жұмысты біз үш жылдың ішінде атқарып шыға аламыз. Қазақстанда алғаш рет 18-F – радиофармацевтикалық пре­па­ратын шығарып, оны басқа аймақтарға да тарата аламыз. Бүгінде бір диагнос­тиканың бағасы 173 мың теңге тұрады. Астанада бір күнде 12 диагностика жасалады. Ал егер біз оны басқа аймақтарға тарататын болсақ, одан түсетін пайда көп болмақ. Жалпы, бұл жоба төрт-бес жыл­дың ішінде барлық шығынды ақтай алады.
– Бүгінде диагностиканың мұн­дай әдісін қолданып жатқан мемлекеттер бар ма?
– Қазіргі кезде әлем бойынша ПЭТ орталықтар қарқынды даму үстінде. Мә­се­лен, соңғы 10 жылдың ішінде АҚШ-та олардың саны 3,5 есеге артты. Эмис­сиондық томографтарды шығаратын фир­малардың басым бөлігі де осы елде ор­на­ласқан. Біз зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ондай әдістің Америкадағы медицинаның барлық саласында кеңінен қолданылып жатқандығына көз жеткіздік. Әсіресе кардиология мен онкологияда оған деген сұра­ныс жоғары. АҚШ ядролық кардиология саласы үшін арнайы мамандық та ашқан.
– Ал емханада істейтін физиктер үшін медициналық білім қажет пе?
– Жоқ, ондай мамандарды медицина­лық физик деп атайды. Олар үшін меди­циналық білім алу міндетті емес. Болашақта бәрі ойдағыдай болса, біз медициналық физика мамандығын ашуды жоспарлап отырмыз.
– Сіз ядролық физика саласының маманы ретінде Қазақстанда атом электр стансысын салу бастамасына қалай қарайсыз?
– Енді әлемдегі Жапония, Франция сияқ­ты мықты мемлекеттердің атом энергети­касын дамытуға деген құлшы­нысын түсінуге болады. Оларда табиғи байлық аз. Бізде бәрі бар. Сарапшылардың болжамы бойынша, Қазақстанда көмір­сутек қорына қарағанда, ядролық отын бірталай уақытқа жетеді екен. Әлемдік нарықта сатылатын негізгі ядролық отын – уранның 30 пайызы біздің үлесімізде. Сондықтан Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың болашағы зор деп білемін. Өз басым маман ретінде бұл бастаманы қолдаймын. Жалпы, Жапония­мен салыс­тырғанда Қазақстанның өз өнімі бар әрі жағрапиялық орналасуы атом электр стансысын салуға мол мүм­кіндік беріп отыр. Меніңше, ештеңеден қорық­пай, қазірден бастап ел байлығын халық үшін тиімді пайдалану жайын ойластыру қажет.
– Қазақстанда атом электр стансысы үш-төрт жылдың ішінде салынды дейік. Сосын оның жұмысын өзіміз дөңгелетіп алып кете аламыз ба?
– Білуімше, жапондықтармен бірігіп, Қазақстанда ядролық реакторды іске қосу жобасы бар. Егер ол жоба жүзеге асса, біз атом өндірісін қажетті мамандармен бірлесіп қамтамасыз ете аламыз. Әрине, бірден барлық жұмысты алып кету мүмкін болмас. Ол мәселені бірте-бірте шешуге болады. Негізі, атом электр стансысы сияқ­ты стратегиялық маңызы бар жұмысты қолға алудан бұрын, маман мәселесін шешіп алған жөн. Бүгінде ол жұмыс тек Қазақ ұлттық университеті мен Еуразия ұлттық университетінде ғана атқары­лады.
– Бәлкім, осы салаға қажетті мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарының санын көбейту қажет шығар?
– Жоқ, бізге саннан сапаға көшу қажет. Себебі қазірдің өзінде біз жылына 67 маманнан шығаратын болсақ, екі-үш жылдан кейін оларға жұмыс табылмай қалуы әбден мүмкін. Меніңше, ядролық физика маман­дығына мемлекеттік тапсырысты да азай­туға болады. Мәселен, біз үшін жылына 20 грант бөлсе де жарайды. Осы жастарды кәсіби маман ретінде шығарсақ, мұның өзі біз үшін үлкен жетістік болар еді.
– Былтыр Жапонияның «Фукусима-1» атом электр стансысында бол­ған апаттан кейін оқу үдерісінде де біраз өзгеріс болған шығар? Яд­ролық қауіпсіздік негіздеріне үй­рету жұмысы күшейген жоқ па?
– Әрине, «Фукусима-1» атом электр стансысында болған апат бүкіл әлемді дүрліктірді. Бірақ бәріміз жақсы білеміз, ол апаттың техникалық ақаулығы бол­ған жоқ, оған табиғат себеп болды. Сон­дық­тан осы төтенше жағдайдан кейін әлем бойынша ядролық энергетикаға деген сұраныс төмендеген жоқ, керісінше, өсе түсті. Осыған байланысты білім саласында да ядролық физика мамандығына деген сұраныс азаймады. Ал оқу үдерісіне келер болсақ, «Фукусима-1» апатынан ке­йін біраз өзгерістер болды деп айта алмай­мын. Бір атап өтер жайт, қазақ­стандық сту­дент Жапонияның тәжі­рибесін кеңінен зерт­теп, сол жақтағы мамандармен кеңі­нен араласуға ты­рысты.
– Жас мамандардың жұмысқа орналасу мәселесіне тоқталсақ, ядролық физика мамандығын бітір­ген жастар жұмыспен қан­ша­лықты қамтылған?
– Бізде жас мамандарға білім беріп, оларды жұмыспен қамтудың тиімді жүйесі жолға қойылған. Дубнадағы Адам, қоғам және табиғат халықаралық университеті, Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы, Ядролық зерттеулердің біріккен институты және Еуразия ұлттық университеті ара­сындағы келісімшартқа сәйкес, біз ядролық физика мамандарын екі дипломды бағ­дарлама бойынша даярлап жатырмыз. Мәселен, өткен жылы төрт студент жоғары білім туралы Қазақстан мен Ресейдің екі дипломын алды. Келісімшартта жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесі де ескерілген. Оқуды аяқтаған соң, олар бесжылдық келісімшартқа отырып, бізге жұмысқа келе алады. Бұл жерде жас ғалымдар Пәнаралық ғылыми-зерттеу кешенінің барлық мүмкіндігін пайдаланып, өздерінің ғылыми жұмыстарын жал­ғастырады, я болмаса Алматы немесе Кур­чатовқа барып, сол жақта қызмет ете алады.
– Сөз соңында өзіңіз басқарып от­ыр­ған Ядролық физика, жаңа мате­риалдар мен технологиялар халық­аралық кафедрасының бүгін­гі қыз­метіне қысқаша тоқтал­са­ңыз...
– Жалпы, Ядролық физика, жаңа ма­те­­риалдар мен технологиялар халық­ара­лық кафедрасын құрудың түпкі мақ­саты – ДС-60 ауыр иондар үдеткіші негізінде құрылған Пәнаралық ғылыми-зерт­теу кешенінің барлық мүмкіндігін пайдалана отырып, ядролық физика және нанотехнологиялар саласында кәсіби мамандарды даярлау, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру. Бүгінде біз маман даярлау жұмысын үшсатылы жүйе – бакалавриат – магистратура – докторантура аясында ядролық физика және наноматериалдар мен нанотехнологиялар бағыт­тары бойынша жүргіземіз. Былтыр екі дипломдық білім беру туралы келісім­шартқа сәйкес, төрт студент оқуды аяқтаса, биыл тағы төрт студент және бір магистрант Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Дубнадағы Адам, қоғам және табиғат университетінің дипломын алмақ.

Алашқа айтар датым...
«Ядролық физика» немесе «атомдық энергетика» сияқты сөздерден қорықпау қажет. Бүгінде бұл салалардың қажеттігін жете түсінетін кез келді. Оның бізге, біздің экономикамызға, жалпы, болашағымызға тигізер пайдасы мол. Ғылымның бұл саласының болашағы зор болатындығы анық. Сол себепті біз оны барынша дамытып келеміз. Әрине, ғалымдар зерттеу жұмыстары барысында экологиялық қауіпсіздік мәселелерін ескереді. Ал адамның жеке денсаулығына келер болсақ, одан келетін зиян жоқ. Біле білсек, радиацияның қажетті мөлшері адам өмірін ұзартады. Міне, әйел басыммен бұл салада істегеніме біраз уақыт болды. Бойымнан қандай да бір ақаулық байқаған жоқпын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста