Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз

Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз

Қайрат Жолдыбайұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы:

– Өзіңізді елге танымал дін ғалым­да­рының бірі деп білеміз. Дінге сіңірген еңбегіңіз ретінде бірнеше кітап шы­ғар­ды­ңыз. Әсіресе бүгінгі қазақ қоғамында өзекті әрі даулы деп танылған, тура жол мен адасушы ағымның ара­сын­да­ғы мәселелердің тамырын дөп басып жауап берген «Дін мен діл», «Күдікпен күрес» секілді еңбектеріңіз көпшілікке жол тартты. Бүгінгі қазақ жастарының шатақ дінге шырмалып, жат ағымның етегінен ұстап, жетегіне кетуі өзекті өр­теп тұр. Оның ішінде уахабилік ағымын айтуға болады. Жалпы, бұл ағымның дәстүрлі дін ұстанымына кереғар тұстарын айтып берсеңіз.
– Уахабилік, яғни сәләфилік деген – бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемде бо­лып жатқан құбылыс. Бұл ағымның ар­тында үлкен институттар жұмыс істеп, оған үлкен қаржы құйылып жатыр. Мұның ар­тын­да сыртқы күштердің де ықпалы болуы мүмкін. Жалпы, сәләфилік немен ерек­ше­ле­неді дегенге келетін болсақ, бұл ағым буква­лизм­мен ерекшеленеді. Яғни аят-хадис­тердің астарына, мақсатына үңілмей, бетін қалқып қана алып, үстінен желіп өтіп кететін түсініктен барып осындай ағым пай­да болады. Себебі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисіне, оны қандай заманда, қа­лай, кімге арнап айтты, қандай жағдайда, қандай мақсатта айтты, осының бәрі әбден зерттеліп барып қана амал етіледі. Пай­ғам­ба­рымыздың 23 жылда әртүрлі жағдайда, әртүрлі адамға айтылған хадистерін жалпы ұстаным ретінде қабылдап, соны берік ұстанып қалу 14 ғасыр бойы жасап келе жатқан дәстүрлі исламға кереғар түсініктер туындатады. Дін деген кең нәрсе. «Менікі ғана дұрыс» деп өзімшілдік таныту – ақиқаттан монополия жасаудың бір түрі. Сәлә­филік те «біздікі ғана дұрыс, қал­ған­дар­дың барлығы адасып жүр» деген сенім­ге байланған. Бұдан қоғамда шиеленіс туады. Сондықтан да бұл дәстүрлі исламға қайшы ағым. «Сәләф» сөзі «бұрынғылар» дегенді білдіреді. Яғни діни терми­но­ло­гия­да «салихалы салафтар» делінген кезде са­ха­балар, оларды көзі көрген табиғиндердің және оларды көзі көрген табаға табиғиндер меңзеледі. Бірақ діни терминологияда белгілі бір ағымға «салафтар» делінбейді. Ай­тып отырған ағым өкілдері осыны бет­перде етіп, яғни «бұрынғы Пайғамбар за­ма­нындағы мұсылмандардың жолын ұста­намыз» деп, жекелеген адамдардың идея­сын насихаттап жүргендер.
Олар өздерін «мәзһаб ұстанбаймыз» деп айтады. Бірақ шын мәнінде олар мәз­һаб ұстайды. Өз көсемдерінің пікірінен шы­ға алмаған соң, ол соның мәзһабында де­ген сөз. Бірақ ол – шатақ мәзһаб. Басқа мәзһаб­тарды танымайтын, қоғамда ши шы­ғаратын, бүлік жасайтын, анархия туғы­за­тын мәзһаб. Төрт мәзһабты мойын­да­ма­ған соң әркім Құранды өз нәпсісіне, түсіну деңгейіне қарай тәпсірлеп, талқылайды. Бұдан қоғамда анархия, хаос пайда болады. Ал төрт мәзһаб – осындай жағ­дайға жібермей отырған үлкен күш, дінді реттеудің тетігі. Әркім өзінің білім деңгейіне қарай пәтуа беретін болса, онда бір-біріне кере­ғар, қайшы, бір-бірін мойындамайтын ағым­дар пайда болады. Сондықтан кез келген мемлекетте белгілі бір мәзһабқа ба­сым­дық беріліп, қолдау көрсетіледі. Қазақ дала­сында ханафи мәзһабы салт-дәс­түр­лерімізбен сабақтасып кең етек жайған. Қазақ осы мәзһабты ұстана оты­рып өзінің әдет-ғұрпын да сақтап қалған, на­мазын оқи отырып қымызын да ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауын да кескен, Аллаға сәжде ете отырып келі­ні­не құрмет ретін­де сәлем де салдырған, аза­нын шақы­ра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналады. Біз шариғат пен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз.
– Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасына бағынған әрбір мешіттің осындай ағыммен күресі қандай сипат­­та болуы керек?
– Расын айту керек, біз Тәуелсіздікке қол жеткізген кезде қолымызда Шәкерімнің дін туралы өлеңдері мен «Мұсылмандық шартынан», Ыбырай Алтынсариннің «Мұ­сыл­мандық тұтқасынан» және Абайдың қара сөздері мен діни өлеңдерінен өзге діни еңбек болған жоқ. Бұл дінге келіп жат­қан жастарымыздың күнделікті сұранысын заман ағысына қарай қажетті деңгейде өтей алмайтыны анық еді. Тіпті шариғатты талдап беретін ауыз толтырып айтатындай ғалым-ғұламаларымыз болған жоқ. Бы­лай­ша айтқанда, рухани тоқырауды бастан кештік. Біздің дініміз кеңес кезінде тек қана салт-дәстүр, әдет-ғұрып­та­ры­мыз­дың арқа­сын­да ғана сақталып қалған еді. Ұлт ретін­де жойылып кетпеуіміздің, діні­міз­ден мүл­дем ажырап кетпеуіміздің үлкен себебі осы болды.
Осындай рухани тоқырауды өткер­ген­нен кейін халықтың рухани сауаты да төмен болатыны табиғи жағдай. Дәл осы кезде жас­тарымыз да еш қадағалаусыз, бей-берекетсіз шетелден оқып келе бастады. Олар сол жерде көрген мектебін парқына бармай, ақиқаты осы деп өзінікін наси­хат­тады. Он бес-он алты жастағы бұғанасы бе­кіп, қанаты қатаймаған жастар діннің пар­қын білмей, біржақты оқығанын елге жайды. Діни сауаты төмендеу халық та солардікін жөн деп санап, қабылдап алды. Енді мұнымен күресудің бір-ақ жолы бар. Ол, біріншіден, шетелге діни ілім алуға кетіп жатқан жастарымызды қадағалап, қолға алу. Бұрыс бағытта оқып жатқан жас­тарды депортациялап, кері қайтаруымыз керек. Жастарды қай жерде оқыту керектігін дұрыстап шешуіміз қажет.
Менің ойымша, осындай ағартушылық жол ғана жарамызға ем, дертімізге шипа болады. Оларға қысым көрсету мәселені толық­тай шеше алмайды. Әрине, құқық қорғау органдары тарапынан қатаң қада­ға­лау болуы тиіс. Десек те, негізгі күрес жолы – ағартушылық. Ол үшін бізге ғы­лы­ми-зерттеу орталығы жұмыс істеуі қажет. Біз­де қазір исламды зерттеп, зерделеп, дер кезінде әртүрлі ағымның бетпердесін ашып, пәтуа беретін беделі жоғары инс­ти­тут жоқ. Оның өзіндік себептері де жоқ емес.
«Нұр Мүбәрәк» университеті жанынан Бас мүфти хазіреті Әбсаттар қажы Дербі­сә­лінің бастамасымен «Әбу Ханифа» ғы­лы­ми-зерттеу орталығын ашқан едік. Бірақ ол орталық әлі күнге дейін етек-жеңін жинап, аяғынан тік тұрып кете алмай жатыр. Себебі қаржы жоқ. Міне, сондай ғылыми-зерттеу орталығында білікті де білімді мамандар шоғырланса, олардың жағдайын жасасақ, олар арнайы жоспармен жұмыс істеп, пә­туа­лар шығарып, қоғамға қажетті еңбектер жазса дейміз.
Бұдан басқа, қазаққа ұлттық-діни бағытта жұмыс істейтін радио қажет. Оның 60 пайызы ұлттық нақышта болса, қалған 40 пайызы дін болуы керек. Бүгінде радио тыңдамайтын адам жоқ. Осы бағытта діни басқарма ұсыныстарын жоғары жаққа жеткізіп жатыр. Құдай қаласа, ұсыныс қол­дау тауып, қаржы мәселесі шешіліп жатса, мұны алып кетуге біздің қауқарымыз жетеді. Тіпті бұл міндетті маған жүктесе де, бұл шаруаны дөңгелетіп алып кетеміз деген сенімдемін.
– Түрікменстан шетелде дін оқуында жүрген оқушыларын елге қайтарып алды. Татарстан да Ресейден басқа жер­де оқуға тыйым салып жатыр. Сіз ше­тел­де дін оқып келген еліміздің алғаш­қы түлектерінің бірісіз. Біздің ел де шәкірт­терді шетелге жіберіп оқы­туды қыс­­қар­тып жатқан секілді. Жал­пы, шәкірт­­те­рімізді өзімізде оқытуға дайын­быз ба? Яғни діни білім жағынан еліміздің әлеуеті қаншалықты?
– Әрине, шетелге мүлдем жібермей өзімізде де оқытуға болады. Бірақ ол үшін өзімізде ашылған діни оқу орындарының деңгейін мейлінше жоғары көтеруіміз қа­жет. Ол жерге әлемде мойындалған, ха­на­фи мәзһабын ұстанатын шетелдік ма­ман­дар­ды арнайы келісімшартпен тарт­қанымыз дұрыс. Мұндай тәжірибе бар­лық салаларда бар, мейлі экономика не қаржы саласында болсын. Яғни білікті маманның тәжіри­бе­сімен, білімімен бөлісу деп аталады. Сол кезде жастар да шетелге шығу құмар­лы­ғы­нан арылады. Өзімізде білікті мамандар жүрсе, жастар шетелде оқып не қылады, Отанын, елін, туған-туыс­қанын сағынып?..
– Шәкірттерді шетелге жіберіп оқы­ту дегеннен шығады, бүгінгі күні елі­міздің жастары Сауд Арабиясына, яғни Мекке мен Мәдинеге барып оқуға құ­мар. Бұл екі қала қазаққа қасиетті са­нал­ған­дық­тан солай ма, білмейміз. Сұ­рамағымыз, бұл елдің біліміне қан­дай баға берер едіңіз?
– Мекке мен Мәдинаға келетін болсақ, ол жердегі негізгі идеология – сәләфилік, уахабизм. Мекке мен Мәдинадағы идео­ло­гия қазақ даласында қабылдануы тиіс деген нәрсе емес.
– Дін істері агенттігінің төрағасы Қай­рат Лама Шәріп өзінің бір сөзінде елі­міздегі дін өкілдеріне Қазақстан ау­мағында уағыз жүргізуге рұқсат бе­ре­тін куәлік үлестіру жайында бір жа­ңа­лықтың ұшын шығарып қалып еді. Яғни ондай куәлік енгізілгеннен кейін куәлігі жоқ кез келген адамға елді жиып алып уағыз айтуына рұқсат жоқ. Егер ондай куәліксіз уағыз жүргізетін болса, оны құ­қық қорғау органдары жауап­кер­шілікке тарта алады. «Бұл елде дәстүрлі дінімізге жат ағымдарды уағыз­дау­шы­лардың әре­ке­тіне тос­қауыл қояды» деп есеп­тейді Қай­рат Ла­ма Шәріп. Егер мұндай бастама шы­ғып жатса, қолдар ма едіңіз?
– Мен ондай ұсынысты толық қол­дай­мын. Көлденең жүрген көк аттылар елі­міз­де уағыз айтпауы керек. Уағыз айтушы діни басқарманың рұқсаты арқылы куәлік алған дін қызметкерлері ғана болуға тиіс. Алда-жалда басқа салада жүріп дінді на­си­хат­таймын деген, біздің дәстүрлі діннен сауаты бар, ханафи мәзһабын қолдайтын маман­дар болса, оларды да діни басқарманың ғұла­малар кеңесінде қарап, куәлік беруге болады.
– Кезінде бабаларымыздың сопы­лық­ты ұстанғанын әдебиеттен, тарих­тан білеміз. Бүгін де елімізде «сопылық жолдамыз» деген бір топ бар. Сол топ­тың кейбір ұйымдары экстремистік деп те танылып жүр. Кезіндегі баба­ла­ры­мыздың ұстанған сопылығы мен қа­зіргі солардың ұстанып жүрген со­пы­лы­ғының айырмашылығын айтып бер­сеңіз...
– Ең әуелі сопылық деген не, соған тоқ­талып өтсек. Сопылықтың діндегі негізі ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадис­терінде анық көрініс тапқан. Мысалы, «Жә­бірейіл хадисі» деп аталып кеткен хадисте Алла Елшісі (с.а.у.) дініміздің үш негі­зін тілге тиек етеді. Біріншісі – иман, яғни сенім мәсе­­лелері, екіншісі – ислам, яғни құл­шы­лық, қарым-қатынас түрлері, үшіншісі – ихсан. «Ихсан деген не?» дегенде, Пай­ғам­­барымыз: «Алланы көріп тұрғандай ғибадат ету. Сен оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр», – деп жауап берген. Демек, ихсан – терең имани кемелдікке жету. Ал сопылық ілім осы ихсаннан бастау алады. Яғни сопылық – әрбір әрекетімізді Алла көріп тұрғандай жасауға ұмтылу деген сөз. Сопылық – рухани кемелденуге бастайтын діни ілім.
Тарихқа үңілсек, нақшбандия, қадария, руфаия, йассауия, шазилия сияқты көп­те­ген сопылық мектептер болған. Сопы­лықты, тариқатты ұстанатын адам ең әуелі шариғат ілімін жақсы меңгеруі тиіс. Ясауи бабамыз «Миратул-Қулуб» (Жүректердің айнасы) атты шығармасында әуелі шари­ғатты, одан кейін ғана тариқат, мағрифат, ақи­қат деп сопылық жолының мәрте­бе­лерін көрсеткен. Ендеше, бұл жолды ұстануда білімнің орны ерекше. Әубәкір Кердері атамыз бұл турасында:
Сопылық жолы ауыр жол,
Ұстап көрсең тәуір жол,
Сопылықты ұстансаң,
Оқыған көп ғалым бол,
– деп, ілімсіз сопылықтың болмайтындығын білдірген.
Сондай-ақ әйгілі имам Ғазали еңбек­терінің бірінде Әл-Жунейдтің: «Менің ұстазым маған: «Алла сені алдымен хадис білгірі, содан соң сопы етсін, әуелі сопы, сосын хадис білгірі ете көрмесін» деп бата берді», – деген сөзіне төмендегідей түсі­ніктеме берген: «Кім алдымен хадис білгірі болып, сосын сопы болса, үлгереді. Ал кімде-кім хадис ілімін үйренбей жатып сопы­лыққа түссе, өз басын қатерге тіккені». Ясауи бабамыздың өзі білімсіз сопылықты:
«Тариқатқа шариғатсыз кіргендердің
Шайтан келіп, имандарын алар екен»
деп мінеген.
Демек, сопылық ілімінің бірегей шарты – шариғатты білу. Жалпы, халықты, білім деңгейі төмен жұртты жаппай сопылыққа үгіттеу қате нәрсе. Міне, біздің бабамыздың ұстанған сопылығы осы.
Әр нәрсенің төлнұсқасы мен жасан­ды­сы, ақиқаты мен жалғаны болатыны секілді сопылықтың да жалғаны, көзбояушысы, адасты­рушысы кездеседі. Бұрын да болған, қазір де бар. Бүгінде өздерін зікіршіміз деп жүрген азаматтар – сол бағыты күмәнді сопылықтың шырмауына іліккендер. Оның өзіндік себептері жоқ емес. Меніңше, бұл соңғы 15 жылда елімізде бой көрсетіп жүрген сәләфилік, уахабилік секілді ағым­дардың іс-әрекеттеріне қайшы туындаған реак­цияның әсері. Жалпы, кез келген бір ағым­ның қоғамда қалыптасып, қанат жаюы үшін сол ортада оған ықпал ететін жағдай болуы керектігі заңды. Мысалы, 1995 жылдардан бастап шетелдерде оқып келген кейбір жастар қазақтың салт-дәс­түр­леріне, ұлттық мұраларға, тари­хы­мыз­ға, мәдение­тімізге шүйліге бастағанын білеміз. Ал бұл дүмшелерге қарсы тұруға азамат­тарымыз­дың діни терең білімі жоқ болды. Сөйтіп жүргенде Ясауиді, Абайды, Шәкерімді аузы­на алған, «Ясауи баба­мыз­дың мұра­герімін» деп өз жарнамасын жасаған біреу шықты. Аузында Ясауидің хикметтері мен Шәкерімнің шумақтарын айтқан адамды көрген кезде бар ашуы іште қайнаған ұлтжанды азаматтар «біздің іздегеніміз осы еді» деп оны қуана қолдай кетті. Өз іздеген нәр­селерін тапқаннан кейін оның арғы жағына назар аударып жатпады. Себебі ол ұлтжанды азаматтарда өзінің ұлтына деген шынайы махаббаты болға­нымен, оны терең талдап, таразы­лай­тын діни білімдері жоқ еді. Сіз сұрап отыр­ған ағым осылай сала­физм мен уахабизмге реакция ретінде пай­да болды.
– Қазақ қоғамына қай ағым ерекше қауіпті: «сопымыз» деген зікіршілер ме, әлде сол зікіршілерге өш уахаб­шы­лар ма?
– Негізінде, қазіргі біздің қоғамға жал­ған сопылық та, сәләфилік те қауіпті. Өйт­кені жалған сопылықтың белең алу қар­қы­ны тоқтады. Себебі жалған сопылықтың сүйенетін негізі жоқ. Жалған сопылықтың қауіптілігі сол – адамдар оларға қарап шы­найы таза сопылықтың өзіне күмәнмен қарайтын болады. Тіпті кейде жалған сопылықтан қашамын деп уахабилікке ұрынатындар да бар. Былайша айтқанда, жалған сопылық сәләфиліктің күшеюіне белгілі бір дәрежеде әсер етуі мүмкін. Екеуі де қауіпті дейтінім сол себепті. Бірақ сәләфилік өте қауіпті. Ал өз басым шынайы таза сопылыққа қарсы емеспін. Сопылыққа қатысты сауалдарға «Дін мен діл» атты кітабым­ның екінші томында кеңірек жауап жазып жатырмын.
– Еліміздің діни басқармасы «Зекет» қорын құрғанын білеміз. Қордың аяқ алысы қалай?
– Өздеріңіз білесіздер, діни басқарма мем­лекет тарапынан қаржы­ланды­рыл­май­ды. Қаржыға байланысты көптеген мәсе­ле­лерді біз өз күшімізбен, мешітке түсетін садақаның көмегімен шешіп отырмыз. Ме­шіт­тің жылуы, суы, жарығы, күзеті, қыз­мет­кер­лердің айлығы, осылардың барлығы халықтың берген садақасы есебінен қамта­ма­сыз етіледі. Еліміздегі тоғыз медреседегі оқу тегін. Соларды да қамтамасыз етіп отыру үшін қаржы қажет. Кей адамдар «мешіттегі садақалар қайда кетіп жатыр осы» деп мешіт қызметкерлеріне күдікпен қарайды. Оларға садақалардың бәрін біз жамбастап алып жатқанға ұқсаймыз. Кей­бір отбасылар пәтерінің төлемақыларын тө­лей алмай қиналып жатады. Соның ор­нына үлкен мешітті қойып, шығынын салыс­тырып көріңіз.
Бірақ көптеген ауылдардағы, аудан­дар­дағы мешіттерде сол аймақтарда кәсіп­орындардың болмауынан, халықтың аздығынан имамдардың әлеуметтік мәсе­ле­лері шешілмей жатады. Ол жердегі имам­дарымыз көп жағдайда айлықсыз жұмыс істейді. Қосымша қызметкерлер де ала алмайды. Былайша айтқанда, мешіттің отымен кіріп, күлімен шығатын өздері. Ал әлеуметтік мәселесі шешілмеген жерлерде діни бағытта дұрыс жұмыс жүргізілмейді. Өйткені «сананы тұрмыс билейді». «Отба­сымды қалай бағам, мешіттің жарығы мен жылуына ақшаны қайдан табам» деп тұр­ған имамдар қайтіп өз білімін жетілдіреді, қайтіп ағартушылықпен айналысады? Сол себепті осындай күрделі мәселелерді шешу үшін Әбсаттар қажы Дербісәлінің бастамасымен «Зекет» қорын құрдық. Қа­зір­гі таңда барлық облыстарда қордың фи­лиалдары ашылып, жұмыс істеп жатыр. Қазір, құдайға шүкір, қарқын жаман емес. Әрине, мемлекет тара­пынан да қолдау керек. Мәселен, Ақтөбе, Тараз, Павлодар облыстарының әкімдері «Зекет» қорына қолдау көрсетіп отырғанын айтуымыз ке­рек. Соның арқасында бүгінде осы облыс­тар­дағы ауыл-аудан имамда­рының әлеу­меттік мәселелері шешімін тапты. «Зекет» қоры бүкіл облыстарда қайырым­дылық іс-шараларын жасап шықты. Барлық об­лыстардағы балалар үйіне, қарттар үйіне, мұқ­таж адамдарға көмектесті.
– Қазақ жастарына қандай кітап оқуға кеңес бересіз?
– Діни кітаптарды айтатын болсақ, Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­ма­сының діни сараптау комиссиясынан өткен кез келген кітап жастарымызға пайдалы деп ойлаймын. Ал адамдармен қарым-қаты­насты реттеуде көп көмегі тиетін Дейл Кар­негидің кітаптарын оқуға кеңес бере­мін. Әдеби кітаптардан Смағұл Елу­байдың шығармаларын өз басым жақсы оқимын. Ал «мен қазақпын» деген адам міндетті түр­де «Абай жолын» бір оқып шығуы керек.
– Қазір қандай еңбек жазып жатыр­сыз?
– Қазір «Дін мен ділдің» екінші кітабын жазып жатырмын. Құдай қаласа, бұл еңбегім бірнеше айда оқырманның қолына тиіп қалады деп отырмын.

Алашқа айтар датым...
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы иманның рухымен, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған осынау байтақ жеріміз бізге аманат. Оны сақтап қалу – біздің міндетіміз. Сол бағытта бәріміз жұмыс істеуіміз керек. Әрине, аз халықтың осындай ұшса қанаты талатын, шапса тұяғы сынатын байтақ жерге ие болып қалу оңай емес. Сондықтан да біз аз болсақ та, сапалы, білімді, иманды, интеллектуалы жоғары, қазақы жастарды тәрбиелеуге тиіспіз. Сонда ғана біздің болашағымыз жарқын болады.

Алашымыз, қазағымыз аман болсын. Елімізден татулық кетпесін.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста