Білім және ғылым министрлігінің негізінде екі министрлік құрылуы керек: Білім министрлігі және Жоғары білім мен ғылым министрлігі

Білім және ғылым министрлігінің негізінде екі министрлік құрылуы керек: Білім министрлігі және Жоғары білім мен ғылым министрлігі

Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

– Жақында «Әлемдегі және Қазақс­тан­дағы білім берудің сапасы» атты кітабы­ңыз жарық көрді. Салыстыра отырып еліміздегі білім сапасын қандай дәре­жеде деп бағалар едіңіз?
– Бүгінгі таңда еліміздегі білім сапасының деңгейі қанағаттандырарлық деңгейде деген болар едім. Жалпы, әрбір елдің білім беру жүйесі жөнінде сөз қозғағанда оның өте күр­делі жүйе екенін ескеруіміз керек. Дүние­жүзінің білім жүйесін зерттеген шетелдік ғалымдардың еңбегін зерделей отырып, бі­лім беру сапасын жоғарылатуды қамтамасыз етуге себепші маңызды алты фактор анық­талды. Ол факторларға жеке-жеке тоқталар болсақ: білім беру стандартының халықа­ра­лық талаптарға сәйкес келуі, педагог кадрлар мәртебесі және олардың кәсіби біліктілігінің деңгейі, білім беру сапасын бағалаудың шынайылығы, өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру ісінің тиімділігі, білім беру саласындағы ғылыми зерттеулер, білім беруді басқару жүйесінің тиімділігі. Осы алты фактордың негізінде жүйелі жұмыс жасаған жағдайда ғана білімнің сапасы арта­ды. Өзіңіз айтқан еңбекте еліміз Тәуелсіздік алған 20 жылда осы факторлар негізінде қандай істер атқарылғаны сараланды. Өкінішке қарай, ешқандай бағыт бойынша елімізде жүйелі жұмыс істелмеген екен. Елбасының өзі жыл сайынғы Жолдауларында білім сапасы еліміздің басты құндылықта­рының бірі екенін айтып келеді. «Кеңес Одағы кезінде білім беру деңгейі жоғары болды» деген пікір көп айтылады. Қазір жыл өткен сайын білім беру саласына бөлінетін қар­жының көлемі ұлғайып келеді. Білім сапасын көтеру мақсатында әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар да қабылданды. Мектептің материалдық базасын жақсарту, электронды оқу құралдары, компьютерлік техникамен қамтамасыз ету секілді шаралар атқарылуда. Әйтсе де білімде сапа болмай тұр. Білім беру саласы – біртұтас жүйе. Осы жүйе жақсы жұ­мыс істеуі үшін оның барлық саласы бірдей жақсы жұмыс істеуі керек. Дүние­жүзінде мектепте білім беру сапасы бес түрлі көрсет­кішпен бағаланады: қанағаттандырарлықсыз, қанағаттандырарлық, жақсы, өте жақсы, үздік. Бұл дүниежүзілік зерттеулер арқылы белгіленеді. Мысалы, Қазақстан 2009 жылы PISA халықаралық зерттеуіне қатысты. Қазақстандық оқушылардың нәтижелері көңіл жұбататындай болған жоқ. Онда 15 жастағы оқушылардың білім сапасы мате­матика, жаратылыстану ғылымы және оқу сауаттылығы бағыттары бойынша анық­талды. Сонда қазақстандық оқушылар 65 елдің ішінде 53-60-орындарды иеленді. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Дамыған елдерде білім сапасы ортадан төмен деңгейде болуы­ның өзі үлкен мәселе ретінде талқыланып, мемлекеттік деңгейде көптеген шаралар қолданылып жатады. Мәселен, Финляндия барлық халықаралық зерттеулер бойынша алдыңғы орында тұр. Қазір Еуропа Финлян­диядағы мектептік білім беру жүйесіне «Еуро­­паның эталоны» деп баға беріп отыр. Демек, халықаралық зерттеулердің нәтиже­сін дүниежүзі мойын­дайды. Өйткені ол зерттеу­лер адал, таза, ғылыми негізде жүргі­зіледі. Білім дең­гейін анықтайтын PISA, TIMSS, PIRLS секілді халы­қаралық зерттеулер бойынша  біз білім сапа­сы жоғары елдерді анықтадық. Олар: Фин­лян­дия, Гонконг (Қытай), Синга­пур, Оңтүс­тік Корея, Жапония, Тайвань, Канада, Жаңа Зе­лан­дия және Шан­хай (Қытай) елдері. Олар осындай халықара­лық білім зерттеу­лерде тұрақты түрде сапалы білімдерін дәлел­деп келеді. Білім – мемле­кеттің даму негізі. Егер мемлекет жас ұрпаққа сапалы білім бере­тін болса, ол ел келешекте озық техноло­гиямен жабдықталған, ғылы­мы, экономикасы да­мығ­ан елге айналады. Жоға­ры­да балалары жоғары білім көрсеткі­шін көрсеткен елдердің барлығы экономи­касы дамыған елдер. Сондықтан мектептегі білім беруге әлемнің барлық елдері ерекше көңіл бөледі. Орта білім беру жүйесін сапалы ету мақса­тында көптеген ізденіс жұмыстары жүргізіледі.
– Біздегі мектептік білім беру жүйе­сіндегі басты кемшілік не?
– Біздегі орта білім беру жүйесінде көпте­ген түйткілдер бар. Білім беру жүйесіндегі тек кадр мәселесін алып қарастыратын болсақ, білім сапасын көтеру үшін жақсы ұстаздар сабақ беруі керек. Қандай мектепте, не сыныпта болсын бір жақсы ұстаз сабақ берсе, сол сыныптың балаларының білімі жақсы болады. Осы орайда мектепте сабақ беретін ұстаздардың кәсіби біліктілігі жоғары болуы керек. Қазақта «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деген сөз бар. Ешқашан оқушының деңгейі ұстазының білімінен жоғары болмай­ды. Демек, мектептегі оқушының білім деңгейін оған сабақ беріп тұрған ұстаздың деңгейімен анықтауға болады. Осы орайда еріксіз еліміздегі ұстаздардың әлеуеті қандай деген сұрақ туындайды. Бір кездері қоғам­дағы ұстаз әлеуеті, олардың алатын еңбе­кақысы төмен болды. Отба­­сын асырай алма­ған соң ер адамдар жалақысын азсынып, ұстаздықты тастап кетті. Осылайша мектеп­тер­де ұстаз ер адамдар қалмады. Қоғамдағы ұстаздардың статусы жоғары болса, олардың еңбекақылары да жоғары болар еді. Бұл – олардың статусының төмендегенін білдіреді. Ұлттық бірыңғай тестілеуден орташа, орташадан төмен дең­гейде білім көрсеткен түлектер ұстаздық мамандықты таңдауда. Демек, олардың өзі мектепте дұрыс білім алмаған оқушылар. Мектепте дұрыс білім алмаған оқушы ЖОО-да жақсы білім ала алмайды. Мектепті, ЖОО-ны орташа бітірген ұстаздан сабақ алған баланың білім деңгейі қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Осыдан келіп білім сапа­сы төмендей бастады. Осылайша біз біраз уақыт өткізіп алдық. Бұл – бір ғана жағдай. Ал білім сапасын төмендетуге себеп болып отырған мұндай мысалдар жетерлік. Осы орайда айта кетер жайт, білім сапасы жоғары елдерде мектепті өте жақсы бітірген оқушы­лар ғана ұстаздық мамандыққа қабыл­данады. Басқаларына рұқсат жоқ. Тіпті олар­ды ұстаздық мамандық­қа қабылдау үшін арнайы тест жүйесі жасал­ған. Ұстаздың бойын­да көптеген қасиеттер болуы керек. Адамзатқа ағартушылық білім беріп, тәрбие­лейтін ұстаз мамандығы – Алладан берілетін қасиет. Ұстаз адами қасие­ті мол, шапағатты, мейірімді, адал, принцип­шіл, білімді болуы керек. Ұстазды көрген оқушының бойында білімге деген құштарлық оянатындай болуы қажет. Балалар ұстазына табынып отыруы керек. Бізге де ұстаз маман­дығын таңдайтын талапкер­лердің бейімді­лігін анық­тайтын жүйе керек. Әйтпесе қазір елімізде білімі төмен жандар­дың ұстаз ата­нуы үлкен мәселеге айналып отыр. Мектепте білімі нашар бір ұстаз сабақ беретін болса, ол білім беру жүйесіне 40 жыл зиянын тигізеді екен. Білімнің негізі бастауыш сыныпта қаланады. Сол үшін, мы­са­лы, Фин­лян­дияда, бастауыш сыныпта ма­гистра­тураны бітірген мамандар ғана сабақ береді.  Ал бізде педа­го­гикалық колледж бітірген мамандар бас­тауыш сыныптарға сабақ бере береді. Білім­нің негізін қалап, балалар­дың бойында білімге деген құштарлығын ояту – бастауыш сынып ұстаз­да­рының мін­деті.  
– 12 жылдық білім беру жүйесіне қалай қарайсыз?
– Қазір біз 12 жылдық білім беру жүйе­сіне көшеміз деп отырмыз. Кейбір мамандар айтады, Кеңес Одағы кезінде 10-11 жылдық біліммен де сапалы білім алдық қой деп. 1980 жылдарға дейін кеңестік орта білім беру жүйесі жоғары болды. Соған сай ғылымы да дамыды. Одан кейінгі жылдары ғылым қарыштап дами бастады. Сала маман­дары ғылым жетістіктерін мектепте оқыту мәселесін көтеріп, оларды оқу бағдар­лама­ларына кіргізе бастады. Сөйтіп, мектептегі балалардың жүктемесі үнемі артып отырды. Балаларға берілетін сабақ шектен асып кетті. Бұдан соң мектептегі барлық пәнді ешбір бала толықтай меңгере алмайтын дәрежеге жетті. Осы жөнінде Ресей ғалымы В.Н.Бацын «Ең қымбат жаста, 10-12 жыл бойы алған мектептегі білімнің 90 пайыздан астамы қажетсіз болып қалды» десе, Э.Д.Днепров «Оқушыларға шамадан тыс жүктеме беру бүгінгі күні мектептің ең негізгі ішкі қырсы­ғына айналды. Жұмыс пен тапсырмалардың барлық түрін ескергенде жоғары сынып оқушыларының жүктемесі аптасына 167 сағатты құрайды. Ал аптада небәрі 168 сағат бар» дейді. Яғни осынша үлкен жүктеме келді де, жалпы, Кеңес Одағындағы білім сапа­сының төмендеуіне алып келді. Ал осы уақытта басқа дамыған елдер бастауыш сыныпта, негізінен, тәрбие берумен, орта мектептің екінші сатысы 7-8-9 сыныптарда барлық білім, ғылым салалары бойынша белгілі бір деңгейде аяқталған білім беріледі. Ал жоғары 10-11-12 сыныптарда әр бала өзінің таңдаған мамандықтары бойынша терең білім ала бастады. Мектепте барлық саланы қатар меңгеру мүмкін емес. Сондық­тан таңдаған саласы бойынша білімді игерсе болғаны. Мәселен, келешекте дәрігер бола­мын деген бала биология, химияны, гумани­тарлық саланы таңдап, осы сала бойынша пәндерді тереңдетіп оқиды. Сонымен, әрбір бала жоғары сыныпта өзінің таңдаған саласы бойынша терең білім алып, қалыптасты. Біз білім алудың негізі білім, білік, дағды десек, дамыған елдер нәтижеге бағдарланған білімді мақсат етеді. Бізде, мысалы, филолог болып шыққан маман мектептегі физикадан, химиядан алған білімін өмірде толық пайда­ланбасы анық. Химиялық элементтер барлық маманға өмірде қажет емес. Біздің білім бір жұмалық, бір айлық, бір жылдық уақытша білімдер болды. Оқытылады, ұмытылады. Яғни білім нәтижеге негізделмеді. Ал шетел­де, керісінше. Оқушы бостан-босқа білім алмайтын болды. Мәселен, 7-сынып оқушы­ларына қандай аквариум сатып алған тиімді екенін анықтау жөнінде тапсырма беріледі. Осы сұраққа жауап беру үшін оқушылар аквариум көлеміне қарай керекті балық санын, олардың тиімді түрлерін, оларға бері­летін қорек түрлерін және шамасын, олардың құнын, күтуге кететін шығынды және т.б. жағдайларды анықтап, бар шығынды есеп­тей отырып, өз шешімдерін дәлелдеулері керек болады. Міне, осындай қарапайым тапсырманы орындау үшін олар қаншалықты ізденеді. Нәтижеге бағдарланған білім беру­дің қарапайым бір мысалы – осы. Барлық пәндер бойынша оқушылардың білімдеріне сай осындай нақтылы тапсырмалар берілетін болса, онда олар тек қарапайым білім алушы емес, білім беру үдерісіне қатысушы  объек­тіге айналады. Дамыған елдер қазір осындай білім беру жүйесіне көшкен. Ал біз бұрынғы жүйеде қалып қойдық. Сондықтан біздің білім көрсеткіштеріміз төменгі деңгейде болып тұр. Осы орайда мен 12 жылдық білім беру жүйесін қолдаймын. Ондағы біздің мақсатымыз – мектеп оқушысының бойында құзыреттілік қасиеттер қалыптастырып, нәти­жеге бағдарланған білім беру  болуы керек. 12 жылдық білім беру идеясы дұрыс. Бірақ бір өкініштісі, бізде әлі күнге 12 жылдық білім беру жүйесінің стандарты бекітілген жоқ. 2015 жылы 12 жылдық білім беруге көшеміз, сонда қандай стандартқа сүйеніп оқимыз? Стандарттың негізінде әр пән бойынша қандай білім беретініміз сарала­нып, оқулықтар жазылуы керек, 12 жылдық білім беретін ұстаздарды оқытып шығаруы­мыз керек. Ал оны 2015 жылға дейін қалай үлгереміз?
– Еліміздегі оқулықтардың сапасы сын көтере ме?
– Оқулықтану ғылымы Францияда жақсы дамыған. Олар «жақсы оқулық жазу үшін 3-4 жыл керек» дейді. Ал біздің бүгінгі күні авторларымыз 12 жылдық білім жүйесіне оқулық жазуға бейімделмеген. 12 жылдық білім жүйесінің нәтижеге бағдарланған арнайы оқулығы жазылуы керек. Біз оқулық сапасы жақсарсын десек, еліміздегі оқулық­тану ғылымын дамытуымыз керек. Оқулық­тану ғылымының 200 жылдан астам тарихы бар. Қазақстанда оқулықтану ғылымы мүлдем дамымаған. Академик А.Колмогоров «Бір оқулық жазу бір реактивті ұшқыш жасау­дан қиын» дейді. Ұшақ жасау үшін қаншама ғылыми-зерттеу және жобалау институттары, сынақ орталықтары, өндіріс орындары бірлесе отырып, ұзақ уақыт еңбек етеді. Біздер оқулық жазудың қаншалықты қиын екенін, оған қаншама тер төгіп, қанша ізденіс жасау керек екенін түсіну үшін оқулықтану ғылымын игеруіміз керек. Оқулық жазатын авторларымызға оқулық жазудың ғылыми теориясын меңгертуіміз керек. Оқулық жазу­дың негізгі талаптарының қатаң сақталуын бақылайтын орган керек. Дәл қазір Қазақс­танда дүниежүзіндегі озық оқулықтардың талаптарына сәйкес келетін бірде-бір оқулық жоқ. Біздің оқулықтарымыздың сапасы тө­мен. Себебі оқулықтану ғылымы дамымаған. Авторларымыздың одан терең білімі жоқ. Ал енді өзі сол оқулықтану ғылымын меңгер­меген, ол салада терең білімі жоқ маманның қолынан шыққан оқулықтың қандай боларын бағамдай беріңіз. Бізде тіпті оқулық сапасына баға берудің ғылыми негізі жасал­маған. Біз оқулықтың сапасына дұрыс баға бере алмайтын болсақ, біздің оқулықта­ры­мыздың сапасы қандай болмақ?  Осы орайда айта кететін тағы бір жайт, бізде оқушы білі­мінің сапасын анықтау жүйесі де дұрыс емес. Қандай жұмыстың нәтижесі болсын оның қорытындысы, оған баға берумен анық­тала­ды. Оқушының күнделікті сабақ айтуымен емес, оның жалпы алған білімі арқылы білім деңгейі анықталуы керек. Білімді бағалаудың да арнайы жүйелері бар. Қазақстанда білім сапасын бағалау ғылымы да дамымаған. Біз, әдетте, мектеп қабырғасында «2», «3», «4», «5» деген бағалар арқылы баланың білімін бағалаймыз. Мәселен, 500 мектепте сабақ беретін мұғалімдердің барлығының қойған бағасының дәрежесі бірдей болмасы анық. Мықты сыныпта отырған баланың «4»-і әлсіз сыныпта отырған баланың «5»-інен жоғары болуы мүмкін. Сондықтан біздің оқушылары­мыздың білімін анықтайтын біртұтас жүйе керек. Мәселен, «мектептегі физика пәнін еліміздегі оқушылар қалай меңгерді?» деген сұраққа жауап беру үшін ортақ бір жүйе керек. Мұндай жүйе қазір дамыған елдердің барлығында бар. Ал бізде ол да жоқ. Қазір қит етсе, тест дейміз. Біздегі тестінің деңгейі Ұлттық бірыңғай тестімен өлшенеді. Тестоло­гия ғылымы тұрғысынан қарасақ, мұндай тест дүниежүзінде балалардың тек белгілі бір тақырыпты немесе тарауды меңгергенін анықтау үшін пайдаланылады. Бұл – тестоло­гия ғылымының ең төменгі сатысы. Мысалы, баланың білімін анықтау бірнеше сатылы дейтін болсақ, біздегі тест – соның ең төменгі сатысы. Ол келешекте «осы баланың білімі белгілі бір ЖОО-да білімін жалғастыруға жете ме?» деген сұраққа жауап бере алмай­ды. Бұл – өте төмен деңгей. Біз осындай тест арқылы бүкіл Қазақстандағы мектептегі балалардың білімін төмен түсіріп жібердік. Біздегі тест жүйесі білімнің сапасына кері әсер етіп отыр.
– Демек, сіз тест жүйесін қолдамайсыз ғой?
– Елімізде ҰБТ кезінде беріліп жүрген тестіні алсақ, тестіде сұрақ көп, берілетін уақыт 3,5 сағат. Әр сұраққа жауап беру үшін мөлшер­мен 1,5 минут беріледі. Сол уақыттың ішінде сұрақты оқып, түсініп жауап беріп те үлгеру керек. 10-сыныптың бір есебі бірнеше фор­му­ла арқылы шешіледі.  Осындай есептерді шығару үшін кем дегенде 5-7 минут уақыт қажет болады. Ал тестідегі есептер өте қара­пайым, бір формуланы пайдалану арқылы шығарылатын есептер болады. Олай болса, математиканы терең меңгерудің қажеті қанша? Немесе әдебиет, тарих пәндері бойын­ша берілетін тест сұрақтарын қарайтын болсақ, олардың 70-80 пайызы адамдардың аты мен олардың шығармаларының тақыры­бынан, жылнамалардан тұрады. Ал тарихтың бәрі датадан, әдебиеттің бәрі қаламгерлердің атынан тұрады деп кім айтты? Тестіде бір адамның романын талдау немесе бір физи­калық формуланың жілігін шағып айтып беру жоқ. Осыдан кейін еліміздегі оқушылар терең білімді ысырып қойып, дата жаттап, бір сұраққа бір жауапты жаттауға ғана көшіп алды. Осылайша білімнің сапасы құлдырап кетті. Рас, дүниежүзінде тестіні қолданып отырған елдер көп. Бірақ оларда тестология ғылымы дамыған. Осының арқасында олардағы тестінің деңгейі ҰБТ деңгейінен әлдеқайда жоғары. Біздегі тестінің сұрағы мен жауабы жаттанды дүние. Онымен білім деңгейі анықталмайды. Бізде тіпті тестолог мамандар да дайындалмайды. Оны ғылым деп санап, дамытуды ойламаймыз. Бізге білім сапасын анықтайтын арнайы институт қажет. Білім сапасын бағалау жоқ жерде, білім саласы дамымайды. Мысалы, АҚШ-та білім саласына бөлінетін қаржының 25 пайызы білім сапасын бағалауға бөлінеді. Тағы бір айтатын жайт, білім сапасы жоғары елдер жастарға рухани адамгершілік тәрбие беру мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Мен біздің бастауыш сынып пен Жапонияның бастауыш сыныптарына сабақ беру жүйесін зерттеп көрдім. Оларда балаларға рухани адамгершілік тәрбие беретін сабақтар көп. Жапонияның бір мектебінде болғанымда, «мектептің негізгі міндеті – балаларға рухани адамгершілік тәрбие беру» дейді. Пән арқы­лы қалай адамгершілік тәрбие беруге болады десем, «математика пәнін меңгеруге матема­тика пәнінен сабақ беретін ұстаз жауапты, ал мектептің негізгі мақсаты – бала тәрбиелеу» дейді. Және бір айта кетер жайт, менің алдыма бастауыш сыныптың оқушысының шығарған есебін алып келді. Ешқайсысында қызыл қаламмен түртілген ескерту белгі жоқ. «Мыналардың барлығы есепті дұрыс шығар­ған ба?» деп таңғалып сұрадым. Сөйтсем, анықтап көрсетті, бір баланың шығарған есебінің жанына көрінер-көрінбес етіп қарындашпен белгі соғыпты. «Мына бала есепті дұрыс шығармаған, қайтадан ойлан деп қайтып бердім» дейді. Қызыл қаламмен баттитып сызбаған, жай ғана қарындашпен белгі соққан. «Барлық бала білімді игере алады. Менің міндетім – сол бала әлгі есепті өзі шығара алғанша білім беру» дейді. Ұстаз балаға ескерту айтпаған соң, тіпті қатесін бат­титып көрсетпеген соң, балалар ұстазда­рын қатты жақсы көреді, олардың беделі де жоғары.
– Осы саладағы жиі жасалатын рефор­маларға қандай баға берер едіңіз?
– 20 жылда білім саласында 12 министр ауысты. Әр министр өз өзгерісін, жаңалығын алып келді. Бұл сонда бір бала мектеп бітір­генше 5-6 өзгеріске ұшыраған білім жүйесі бойынша білім алды деген сөз. Сонда ол баланың білімі не болды? Сондықтан дамыған елдерде білім беру саласында орта есеппен 10 жылда бір реформа жүргізіледі. Келген жаңа министр бұрынғы министрдің реформасын алға сүйрейді. Реформаның көздеген мақсатына жетуге ұмтылады. Сондай-ақ оларда көбінесе министр сол министрліктің ішінен өсіп шыққан тұлға болады.  Ал ондай тұлғалар сатылап өскен соң, сол саланың мәселелерін жақсы біледі. Дамыған елдерде жақсы мектеп директоры болу үшін алдымен жақсы ұстаз болады, сосын әдіскер, жақсы орынбасар болады. Дамыған елдерде мектеп директорының бірінші міндеті – ұстаздардың білім сапасын көтеру. Ал біздің директорлар – админист­раторлар. Білім саласына қаражат бөлініп жатыр, бірақ кешенді жұмыс істейтін біртұтас жүйе болмай тұр. Ол болмайынша, білім беру саласында сапа болмайды. Сондықтан білім саласын дамытамыз десек, Білім және ғылым министрлігінің негізінде екі министр­лік құрылуы керек: Білім министрлігі және Жоғары білім мен ғылым министрлігі. Білім министрлігі жоғарыда айтылған барлық мәселелерді шешу, 12 жылдық білім беру жүйесіне дұрыс өту секілді мәселелермен айналысса, екінші министрлік жоғары білім, ғылым саласының жұмыстарын жүргізу секілді мәселелермен айналысуы керек. Бүгінгі білім және ғылым саласындағы мәселелер бір министрліктің мойнына ауыр, өте ауқымды. Әр елде қалыптасқан жағдай­ларға орай басқару механизмі өзгеріп отыра­ды. Қазір елімізде орта білім беру саласында жағдай күрделенгенін ескере отырып, біз осындай қадамға баруымыз керек.  

Алашқа айтар датым...
Бәсекеге қабілетті ел болу үшін бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу керек. Ал бәсекеге қабілеттілік жақсы тәрбие мен жақсы білімнен болмақ, яғни оның негізі отбасы мен мектепте қаланатын болады. Отбасында баланың бірінші тәрбиешісі оның анасы болғандықтан, ана баланың өсу ерекшелігін, яғни бала психологиясын, бала физиологиясын, бала педагогикасын білгені абзал. Бойында мол адами қасиет, мейірімділік, тазалық, даналық, өмірге деген құштарлық бар жан ғана шынайы ұстаз болмақ. Осыны жақсы меңгеріп, іске асырар болсақ, ел ертеңі баянды болады.  

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста