Бар ақпарат ұлттың өзін-өзі сезінуіне, өзін-өзі танып-білу үрдісіне қызмет ете бастауы керек

Бар ақпарат ұлттың өзін-өзі сезінуіне, өзін-өзі танып-білу үрдісіне қызмет ете бастауы керек

Ермек Аманшаев, «Қазақфильм» АҚ президенті, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, жазушы-драматург:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Ераға, «Айтөбел» хабарына келген қонағымыздың әңгімесі Қазақ мемле­кетінің Тәуелсіздігінен басталады. Бұл үрдіс кейіпке­рі­міздің бәріне ортақ...
– Біздің Тәуелсіздігіміз – ата-бабалары­мыздың сан ғасырлар бойы армандаған ұлы мұраты. Жиырма жыл өткенмен, қоғамдағы бірталай қауым Тәуелсіздіктің мән-мағынасын әлі толық сезіп, білген жоқ сияқты. Ол үшін, әрине, ора­сан мол жұмыс­тар жасалу керек. Кез келген мемлекет әртүрлі кезеңдерді бастан өткізеді. Мысалы, балалық шақ, жастық шақ, орта жас, пісіп-жетілген тұс деген секіл­ді. Қазақ мемлекеті әртүрлі даму сатылары­ның алғашқы баспал­дақтарын аттады. Біздер бүкіл әлем таныған, оң-солын ажыра­та алатын, геосаяси жүйеде өзінің жөнін тапқан, іргелі жұрттар мойын­даған мемле­кет­ке айналдық. Жиырма жыл­дың ішінде дәл осындай мемлекет дәреже­сіне жету – кез келген елдің маңдайына жа­зыл­маған бақ. Алла тағала елімізге, жері­мізге қаншама құнарлы байлық көздерін берген. Енді соның бәрін ұқсата білу, барлығын халықтың игілігіне жұмсау, ұлттың өзіне деген құрметін арттыру, әлемдегі орнын анықтау – орасан зор жұмыстарды қажет етеді. Дүниежүзінде тәуелсіздік алған мемлекеттер көп, бірақ олардың қай қайсы­сы да дәл бүгінгі біздің ел секілді мойын­далып, бүкіләлемдік деңгейде, халықаралық масштабта құрметке бөленіп жатқан жоқ. Бұл – ең біріншіден, Елбасымыздың ерен еңбегі. Бүгінгі күнде ұлттық идея туралы әркім сан түрлі пікір айтады. Ұлттық идея дегеніміз – осы Тәуел­сіздік. Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында астананы көші­ру – бұл да ұлттық идея. Біздер ойлаймыз, ұлттық идея міндетті түрде тарихқа үңілу, баяғы сол біздің өсіп-өнген жолдарымыз, көшпенділік өмір т.с.с. деп. Біздің ата-бабаларымыз қалдырған талай ғажап салт-дәстүрлер бар. Олар ұлты­мызға өзінің нәрін, сөлін беріп, халқымыздың игілігіне айналып жатыр. Бірақ біз өткенімізді жаңғыртумен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Мен үнемі айтып жүремін, бізге жаңа дәстүрлер керек. Бүгінгі даму кезеңіне, еліміздің әлемдегі орнына сәйкес келетін ұстанымдар, әртүрлі жаңа салт-дәстүрлер қажет. Мысалы, елор­дамыз – Астана биік, таза арманға негіздел­ген ұлттық идея. Елордамыздың ешкімнің ықпалынсыз, өз еркімізбен бой көтеруі, әлемді қызықтыра­тын салтанатты қалаға айналуы, бұл менің­ше, кез келген ұлттың маңдайына жазыл­маған. Тәуелсіздіктің біз әлі де көптеген қырларын танып-білмей жатырмыз.
– Танып-білмеуімізді тарқатыңқы­рап айтсаңыз. Нені түсінбей жатыр­мыз?
– Қазір мысалы, жаһандану заманы. Біз жаһаннан қорқыңқыраймыз. Оны бір ұлт­тық мәдениетті ығыстыратын, үлкен өрке­ниет­тердің қазанына салып жіберетін оғаштау құбылыс деп есептейміз. Ал, шын мәнінде, жаһандану – өркениеттің келесі даму сатысы. Жаһандану арқылы өркениет жаңа сатыға көшеді. Көптеген ғалымдар, әлеуметта­ну­шылар, мысалы, Хантингтон, Фукуямолар өркениеттер қақтығысы деп санап: «Адам­затта тоғыз, он бес, он екі өркениет бар» деп жатады. Шын мәнінде, өркениет – біреу. Ол – адамзаттың өркениеті. Біртұтас өркениеттің құрамдас бөлігі – ұлттық мәдениет, ұлттық ұстаным, салт-дәстүр, тағылым. Біз осыны түсініңкіремейміз. Демек, жаһандану кезеңі арқылы өркениет жаңа сапаға көшеді деген сөз. Мәдениет­тердің бір-бірімен бұрын-соңды болмаған деңгейде жақындасуы, қоян-қолтық араласуы – заман талабы. Бұл жаһан заманы бірнеше ғасырларға созылып кетуі мүмкін. Біздің мақсат – біртұтас адамзат өркениетінің контексінде өзіміздің орнымыз­ды белгілеу. Ал ол үшін әртүрлі озық идеялар, техноло­гиялар, ақпараттық технология­лардың бәрін игеріп, әлемде болып жатқан үлкен-үлкен өзгеріс-үрдістердің мән-мағы­насын дер кезінде танып-біліп, сол деңгейде өмір сүруіміз керек.
– Қазақ мемлекеті заман талабы мен өмірдің сұранысындағы дүниелерді қаншалықты игерді? Бізге қажетті жаңа дәстүр, ұстанымдар мен көзқарастардан мысал келтіруге бола ма?
– Мысалы, ЕЫҚҰ-ның Астанада үлкен кеңесі өтті. Оған дүниежүзінен 57 мемлекет қатысты. Олардың барлығы Астанада бас қосты. Қазақстанда болып жатқан әртүрлі үрдістер мысалы, 130 ұлттың бір мемлекетте бейбіт өмір сүруі секілді. Дүниеде не болып жатыр? Ұлттық, діни негіздегі қақтығыстар болып жатыр. Ал Қазақстанда, Құдайға шү­кір, ол ұлттардың барлығы өздерінің бола­ша­ғы үшін бірлесіп, жұмылып жұмыс істеп жатыр. Немесе әлемдік дін басшыларының, дін өкілдерінің кездесуі. Бұлар – біздің өмір сүріп жатқан заманда болып жатқан оқиға­лар, құбылыстар. Соның бәрін дер кезінде мүмкін танымай қаламыз. Ал, шын мәнінде, бұлардың өте үлкен мәдениеткерлік мағы­насы бар. Өркениет соңғы отыз жылда тығы­рық­қа тірелгендей. Соңғы жиырма-отыз жылдың төңірегінде адамзат жаңа ұстанымдар, жаңа идеяларды шығара қой­ған жоқ. Бірақ осымен тығырыққа тірелген екен, тоқыраған екен деген ой тумауы керек. Бұл жаңа сапаға көшердің алдындағы өлара кезең бе екен? Яғни осы біздің заманымызда, менің ойымша, болашақтағы адамзат өрке­ниетінің негізгі, алғышарттары қалыптасады. Жаңағы мен айтып отырған дін басшылары­ның кездесуі сондай алғышарттардың бір көріністері. Егер біз оны әлемдік деңгейде қарастыратын болсақ, солай бо­лып шығады. Содан кейін мысалы, өзімнің 16 жастағы кіші ұлым, интернет арқылы Бразилиядағы Сан-Паулу қаласындағы өзінің замандасы, құрдасымен футбол ойнап отырады немесе ол әртүрлі рухани салада болып жатқан өзгерістерді үнемі біліп, жіті бақылап отыра­ды. Мен кейде ондағы ақпаратты білмеймін. Яғни бұл жаңа бір буын, жаңа бір ұрпақтың қалыптасып келе жатқандығын көрсетеді. Оларға қа­зақша, ағылшынша, орысша, қытайша, не­міс­ше, французша сөйлеу онша қиын шаруа емес. Яғни олар әлемдегі өрке­ниет­те болып жатқан әртүрлі құбылыстарды, өзгерістерді анықтап, біліп отыр және соның ортасында жүр деуге болады. Демек, осын­дай жаңа ұрпақ өсіп келеді.
– «Мысалы, ақпараттың көптігі ұр­пақты шатастырады. Ол ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алмайды. Бірінші, біз ұлттық болмысын жасауы­мыз керек» дегенді айтып жатамыз. Осы тұрғыдан келсек...
– Интернет – жаһанданудың құралы. Осыған сәйкес, өзінің шарттары бар. Яғни интернеттің жаһандану құралы екендігін сезіне отырып, сол деңгейде жұмыс істеу керек. Ұлттық болмысты қалыптастыру де­ген­де осындай алғышарттарды үнемі ескеріп отыруымыз керек. Интернетті былай қойған­да, баспасөзді алайық. Мысалы, журналис­тердің интеллектуалдық деңгейіне, әлемдік өзгерістерді, құбылыстарды сараптай білуі­не, оны халыққа жеткізуіне шынын айтқанда, кейде көңілің толмайды. Яғни бізде ізденіс жоқ. Қарап отырсаңыздар, қазақ баспасөзін­де айтатын тақырыптар шектеулі. Экономи­ка­дағы әртүрлі құбылыстар, «тренд» дейміз ғой, соларды тайға таңба басқандай қылып, ажыратып, көрсетіп, жазып жатқан журна­л­ис­тер аз. Мәдениеткерлік, әлеуметтану, қоғамдағы болып жатқан әртүрлі құбылыс­тардың барлығын зерттеп, бүгінгі біздің күнделікті тіршілігімізде қолданып жатқан дүниелерді саралап, дұрысына ұсыныс бе­ріп жатқан журналистер сирек. Яғни біздер әлемдік деңгейде болып жатқан әртүрлі үрдістерді игеріп, зерттеп, оны ұлттық топы­рақ­қа көшіріп беруіміз керек. Бұл – ұлы көш қой. Ұлы көштен қалмау үшін үнемі ізденіс үстінде жүру керек. Тек қана дәстүрлі құнды­лық­тарымызбен кетіп қалатын болсақ, ол да біржақты болады. Сондықтан біздің ұлты­мызға қажет нәрсені, әлемде қалыптасқан дүниелерді пайдаланып, өзіміздің тірлігіміз­ге қабыстырып отырсақ деген тілек-мақсат бар. Әрине, бұл – болашақтың ісі.
– Өзіңіз айтып отырған баспасөздегі мәселелер, яғни ғаламдық тақырып­тар­ды талдап, сараптап, халыққа жет­кі­зудегі кемшіліктердің туындауы білім­нің жетіспеушілігі ме, сауатқа бай­ла­­ныс­ты ма, әлде мәдениеттің деңгейі ме?
– Белгілі бір саланы таңдағанда адамның мұраттары болады. Сол мұраттың деңгейіне байланысты. Мысалы, кейбір журналис­те­ріміз, әріптестеріміз: «орта деңгейде жүрсем жарайды» дейді. Біреулер бар: «Жоқ, ол болмайды. Әлемдік деңгейде жұмыс істей алатын қалыпқа жетуім керек» дейді және   ізденеді. Бізде ізденіс жағы жетіңкіремейді. Мәселен, біз Еуразия кинофестивалін жасаймыз ғой жыл сайын. Сонда бір үлкен-үлкен, қызықты қонақтар келіп қалады. Сон­да ойлаймын ғой, «ана кісіден ананы сұраса, мынаны сұраса қызықты әңгіме бо­лар ма еді?» деп. Танымдық тақырып былай тұрсын, келген қонақтың өмірбаянын, шы­ғар­машылықтағы өткен жолын қарамай келе­ді ғой. Дайындығы толық болмағаннан кейін отырады, далаға лағып. Мен таңғала­мын. Журналистің қызықты, жақсы, деңгей­лі, қажет әңгіме өткізуі өзі үшін керек емес пе? Кейде сол жағы жетіспей жатады. Бізде интеллектуалдық базасы өте төмен әріп­тесте­рі­міз бар. Көбі белгілі бір қарабайыр принциптердің, ұстанымдардың төңірегінде жүреді. Міне, сол қынжылтады. Толғандырып жүрген, өркениеттегі болып жатқан құбы­лыс­тар жайында әңгіме қозғалса екен дей­сің, бірақ ол өте сирек. Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Бар нәрсені бар деу керек. Құдайға шүкір, баспасөзімізде жақсы-жақсы өзгерістер бар. Білімді, ойын тереңнен қозғай алатын әріптестеріміз жоқ емес. Олардың шығармаларын, мақалала­рын үзбей оқып тұрамыз. Бір жағы қуанасың. Бәрі нашар, жаман деп айтуға болмайды. Бар ақпарат ұлттың өзін-өзі сезінуіне, өзін-өзі танып білу үрдісіне қызмет ете бастауы керек. Мәселен, тіліміздің тағдыры бәрімізді алаңдатады. Мемлекеттік тілді соңғы кезде саяси ойындардың құралына айналдырып жүргендер кездесіп қалады. Тілдің өзіндік әртүрлі заңдылықтары, даму сатылары бар. Оның үнемі қолданыста болуы бір бөлек. Тіл де дамып отыру керек. Философиядағы, әлеуметтанудағы әртүрлі жаңа ұғымдар тілдік айналымға түсіп, өзінің баламасын тауып, қызмет етуі керек. Тілдің де ішкі интел­лектуалдық мүмкіншіліктері бар. Біз сол жағын дамыту керекпіз. «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында қыруар дүние қазақшаланды. Ондағы түпкі мақсат – күн­делікті айналымға бүгінгі таңдағы, әлемдік геосаяси жүйедегі болып жатқан әртүрлі бағыттағы терминдерді санамызға сіңіру. Біз осы жағына көп көңіл бөлмей жүрміз. Яғни жан-жақты, әртүрлі деңгейдегі даму болып отыру керек қоғамда.
– Ераға, енді әңгімені өзіңіз басқарып, еңбек сіңіріп келе жатқан салаңыз – киноға бұрсақ. Кино – өнер. Біз солай қа­рауымыз керек. Бірақ біз киноға тәрбие­леуші құрал ретінде біржақты қарайтын секілдіміз. Мәселен, кейбір киноның төңі­регінде: «Біздің ұлтқа зиян, ұлттығы­мызға кері әсер етеді, бізді мазақ етеді» деген сияқты әңгімелер туады. Демек, киноны өнер деп қабылдай алмайтын сияқтымыз. Оған біздің психологиямыз дайын емес секілді. Сіз не дейсіз?
– Оның бір ғана амалы бар. Бізге көрер­меннің көңіл күйін зерттеу керек. Біздің киностудияда көрерменіміздің сұранысын зерттейтін арнайы департамент бар. Жақында ғана біз «Көрермен аудиториясы» деген жобаны бітірдік. Мысалы, Қазақстанда негізгі көрерменнің жасы нешеде? Көрер­меннің жасы 14 пен 25 жастың арасында. Бұл тек Қазақстанда қалыптасқан жағдай емес, бүкіл дүниежүзінде солай. Сондықтан киноны түсірушілер, ең алдымен, осы жас­тың сұранысын ескеруі керек. Екіншіден, қазақ ұлттық киносына деген көзқарас өзгерген. Мысалы, менің Құдай қаласа, жиырма күннен кейін киностудияға келге­німе төрт жыл болады екен. Осы уақытта байқағаным, киностудия имидж жағынан әбден құлдыраған мекеме екен. Онымен ешкім жұмыс істемеген. Үшіншіден, біздер қазақ киносы деп айтып жатамыз. Мысалы, 2008 жылы біздің Қазақстандағы ұлттық прокат жүйесінде қазақ киносы 3 пайыздың деңгейінде болды. Мысалы, 240-250 кино шығаратын болсақ, жылына, мен басқа елді айтып отырған жоқпын, Қазақстанды айтып отырмын, соның 3 пайызы ғана қазақ кино­сы. Оның 1 пайызына жетер-жетпесі «Қазақ­фильм» киностудиясынікі. Ал енді жылына 2-3 фильм түсіріліп, шығарылатын болса, қазақ киносының сапасы жөнінде қандай әңгіме айтуға болады? Тағы да бір жағдай, көрерменнің саны күрт азайып кеткен. Мысалы, былтыр көрерменнің саны 10 мил­лионнан асты. Зерттеу көп жүргізілуі керек. Мысалы, көрермендерге қандай жанрлар ұнайды? Қандай тақырыптағы кино көргісі келеді? Қандай актерлер ұнай­ды? Олар киноны қалай таңдайды? Үйінде отырып интернеттен таңдай ма, әлде кино­театр­ға барғанда кассаның үстіндегі бағдар­ламаға қарап таңдай ма немесе кинотеатр­ларда көрсетілім алдындағы жарнамадан таңдай ма? Одан кейін барып, ол киноны қай кезде барып көргенді жақсы көреді? Аптаның қай күндері барғанды қалайды? Кіммен барғанды қалайды? Не керек, бұл – қым-қуыт, қыруар шаруа. Оны зерттеп отыру керек. Біз қазір осы жұмысты жүргізіп жатырмыз. Мысалы, бұрындары жыл са­йын, Қазақстанда киноға баратын көрер­мен­нің саны шамамен 500 мыңға артып отыратын. Мысалы, Қазақстанда 2009 жылы 7,5 млн билет сатылды, 2008 жылы 7 млн, 2007 6 млн 400 мың билет сатылған. Ал 2010 жылы бұл сан бірден 10 миллионға көтерілді. Бір жылдың ішінде көрермендер­дің саны өсті. Бұл – кино өндірісіне халықтың, қоғамының сұранысы артқаны де­ген сөз. Мысалы, экономикалық дағдарыс­тың бірінші кезеңі басталар тұста мынандай болжамдар жасағанбыз. Дағдарысқа бай­ланысты негізінен голливудтық фильмдер, еуропалық, мынау көрші Ресейде түсірілетін жаңа фильмдердің саны күрт азаяды деген   ақпараттар шыға бастады. Біз айттық, яғни казіргі кезеңде кинотеатрлар­дағы кино үлесінің 73 пайызы – америкалық, 24 пайы­зы – Ресей, 3 пайызы қазақ киносы десек, аналардың саны азайғаннан кейін бізге қосымша мүмкіншілік пайда болады. Осы мүмкіншілікті біз ұтымды пайдалансақ, онда көрерменнің де санын арттыруға болады. Фильмдеріміздің де санын арттыру­ға мүмкіншілік бар. Сол болжамымыз ақталды. Яғни соңғы үш-төрт жылдың көлемінде болып жатқан өзгерістер сол кез­дегі ұстанған тактикалардың дұрыстығының арқасы деп ойлаймын. Мысалы, ұлттық прокатқа «Жау­жүрек мың бала» фильмі 52 көшірмемен шығып отыр. Бұрын әрі кеткен­де 21-23 көшірме болатын. 52 көшірме дегеніңіз, бұл кино бүкіл Қазақстанның түкпір-түпкіріне барады деген сөз. Орталық емес қалалардың өзінде күніне екі-үш кино жүріп жатады деген сөз. Кинозалдарымыз­дың саны, Құдайға шүкір, 200-ге жетті. Осыдан үш-төрт жыл бұрын 100-ден сәл  асатын еді. Сол сияқты кинотеатрларының саны да көбейіп жатыр, жыл сайын. Яғни сұраныс бар, оған ұсыныс та артады. Кино­өн­діріс дегеннің өзі – индустрия. Оның өзінің бір тетіктері бар. Қазір, Құдайға шүкір, соңғы жылдары телеканалдар жақсы жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Қазақстан телеканалы­мен әлсін-әлсін қазақ киносының онкүндігін, апталығын өткізіп тұрамыз. Қазақ кинолары Қазақстан телеарнасы арқылы еліміздің әр түпкіріне таратылады. Кейінгі кездері елден көптеп хаттар келіп жатыр. Бәрі айтады: «Сіздерге үлкен рақмет, Қазақстан телеарна­сы­на рақмет, кино шығардыңыздар, көрдік» деп. Қазір кинотеатрлардан түсетін табыс пен каналдардан бірінші көрсету құқығын алғаннан кейінгі табыстар теңеліп келе жатыр. Яғни киноиндустрияның тетіктері жұмыс істей бастады. Қазір бізде DVD шы­ғар­тын компания пайда болды. Біз бір-бірі­мізге тәуелдіміз. Тек қана әріптестік қолдау деңгейінде жұмыс істеуіміз керек.
– Сіздің сөзіңізден бүгінгі қазақ киносының даму сатысына келдік деген түйін шығаруға болатындай. Енді соны туынды – «Жаужүрек мың бала» филь­мі­не тоқталсаңыз.
 – Әрине, фильмдер шығарамыз. Соның ішінде шоқтығы биік дүниелер болады ғой. «Жаужүрек мыңбала» киносы сондай фильм­­ге айналады. Яғни осы фильм арқылы тек қана «Қазақфильм» киностудия­сына ғана емес, сонымен бірге қазақ кинематог­рафиясына, кино өнеріне деген дұрыс көзқа­рас, бетбұрыс болу керек. Шын мәнінде, мен ойлаймын, бұл соңғы үш-төрт жылдың төңірегіндегі технологиялық жағынан бол­сын, қай жағынан да сай кино. Елбасы­ның қолдауының арқасында  прокатқа оннан астам фильм шығарып жатырмыз. Бұрын-сонды болмаған жағдай, бұл. Содан кейін біздің технологиялық базамыз да, Құдайға шүкір, әлемдік деңгейде деп айтуға болады. Еуропа дейсіз бе, алыс-жақын шетелден келген мамандар, продюсерлер біздің киностудияларымыздағы қондырғы­ларды, технологияларды көріп: «әлем­дік стандартқа сай екен»  деп мойын­дап жата­ды. «Жаужүрек мың бала» – «Қа­зақфи­льм» киностудия­сының бүгінгі мүмкіншілік­терін, даму деңгейін көрсете алатын фильм және зиялы қауымның берген бағасы да осы. Бұл, әри­не, бізді қуантады. Кино – белгілі бір уақыт­ты талап ететін өнер. Ол халықтың санасына сіңіп, ұлттық сана-сезімнің бөлшегі болып кету үшін, мысалы, «Қыз Жібек» фильмі сияқты оған белгілі бір уақыт керек. Уақыт – төреші. Уақыт қана бәрін өз орнына қояды. Көрерменіміз осы фильмді көрген сайын бойында өзінің еліне, тарихына деген бір құрмет ұшқыны жанса, фильмнің мақсатына жеткені.
– Ераға, сізден шығатын әңгіме бір хабардың аясына сыймасы анық. Бәріміз уақытқа бағынамыз. Сондықтан соңғы сұрақ деп қабылдасаңыз болады. Киноөнер ұрпақты қаншалықты тәр­биелей алады?
– Кинематографтардың арасында мы­нан­дай сөз бар: «Барлық өнердің ішіндегі ең маңыздысы – кино». Мұны біздер былай деп айтамыз: «Барлық өнердің ішіндегі ең маңыздысы – қазақ киносы». Киноның орны, жөні бөлек. Киноның тәр­бие­лік мәні зор. Бірақ кино – газеттегі ма­қала немесе көркем фильм – деректі фильм, очерк емес. Оның өзінің заңдылықтары, ұстанымдары бар. Осыны ұмытпауымыз керек. Мысалы, қоғамда қалыптасқан жүз жиырма зәру мәселе болса, жүз жиырма фильм түсіру мүмкін емес қой. Сондықтан оның кинема­тографиялық жолдары, әдістері бар. Егер солардың бәрі дұрыс, сауатты қолданса, әрине, тәрбиелік мәні үлкен болады. Ал, енді бізде көбіне ақпарттың жетіспей жатқандығы ма, соңғы жылдары жекемен­шік компаниялар жұмыс істей бастады ғой. Солар да көптеген кинолар шығара бастады. Мысалы, қандай кино шықса да «Қа­зақфильм» дейтіндер бар. Қазақ киносын тек «Қазақфильм» түсіріп жатқан жоқ. Менің ойымша, бұл ақпараттың жетіспей жатқандығы.
– Ераға, елге тілегіңіз...
– Уақыт бөліп, шақырғандарыңызға рақмет! Біздегі тілек – біреу. Қазақ киносына келіңіздер, көріңіздер, қараңыздар, бірге болайық!
– Әумин! Рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста