Мұхтар ӨТЕУОВ, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының бас директоры:
– Мұхтар Жамашұлы, биыл қазақ өнері мен мәдениетінің қара шаңырақтарының бірі, бүгінде өзіңіз басқарып отырған мемлекеттік филармонияның 75 жылдық мерейтойы екен. Бұл – біздің сонау Мәскеу онкүндігіне барып, ұлттық өнерімізді паш еткен Күләш апаларымыздың ізі қалған киелі мекен. Бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермес, сондықтан әңгімемізді кейінге шегініс жасап, осы орданың арғы-бергі, аумалы-төкпелі тарихы жайлы аз-кем естеліктерден бастасақ...
– 1934 жылы Ахмет Жұбанов 14 адамнан домбырашы тобын құрып, арада жыл өткен соң 1935 жылы Қазақстан Орталық комитетінің қаулысымен Қазақ филармониясы ашылған еді. Ондағы мақсат қазақ музыкасын насихаттау, дүниежүзілік классикалық музыканы қазаққа жеткізу болған. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігіне Жамбыл атамыз бастап барып, содан 1938 жылы осы филармонияға Жамбылдың аты берілген болатын. Содан бастап ұжым ұлғая бастады: хор капелласы, оркестр қосылды. Сол кездегі шағын ғана оркестр осы бүгінгі Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің атасы болды десек еш қателеспеспіз. Филармония құрылған алғашқы күннен бастап-ақ ауыл-ауылдарға барып, лекция концерттер ұйымдастырып, қазақ композиторларының шығармаларын насихаттауға кірісті. Соғыс кезінде де Күләш Байсейітова, Жамал Омарова сынды маңдайалды өнерпаздарымыз оқ борап жатқан майданға барып, жауынгерлерге арнап концерт берген. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда қандай да бір шаралар біздің ұжымсыз өтпеген. Бірінші директоры әрі көркемдік жетекшісі Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Сыдық Мұхамеджанов, Ілияс Есенберлиндер осы қара шаңырақты әр кездері басқарып, алақандарының табы мен табандарының ізін қалдырған. 1958 жылы филармонияның құрамында біздің қазіргі академиялық симфония оркестрі құрылды. Оның негізін қалап, жолға қойған – Қазақстан, Татарстан және Ресейдің Халық әртісі, профессор Фуат Мансұров. Содан бері де талай тарландар ол ізді жалғастырып әкетіп, академиялық дәрежеге жеткізіп отыр. Бізде сондай-ақ бүгінде Б.Байқадамов атындағы хор капелласы да бар. Лебедьев, Виноградова, Молодов секілді азаматтарымыз оны дамытуға барынша үлес қосты.
1982 жылы қазан айында бізге тағы бір ұжым қосылды. Ол «Отырар сазы» оркестрі еді. Алдында шағын ғана ұжым болды. Кейін 25 адамға жетіп, «Фараби сазы» деген атқа ие болды. Ұжымды тағы екі есеге өсіріп, үлкен бір оркестрге айналдырған Халық қаһарманы, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық иегері Нұрғиса Тілендиев ағамыз еді. Барған сайын ұжымдар саны артып, филармония ауқымы кеңейе түсті. Мемлекеттік камералық оркестр қосылды. Оны басқаратын – есімі елге, қала берді әлемге әйгілі музыка майталманы, ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева. Бұл оркестр де талай шетелдерде болып, шетелдің талай-талай атақты дирижерлері біздің елімізге келіп, филармония жұмысын әрі қарай дамытуға өз үлестерін қосып келеді.
– Филармония құрамында бүгінде фольклорлық, яғни өзіміздің дәстүрлі өнеріміз қамтылған ба?
– 1950 жылдары, оған дейін, 1990 жылға дейін бізде музыкалық лектория деген болған. Әу деп бастағанда филармонияда Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Ғарифолла Құрманғалиев, Ахмет Жұбанов ағамыздың өзі жүрген жерлерінде қазақ әні мен күйін орындап қана қоймай, солардың арғы тарихын баяндап, халыққа дәстүрдің майын тамыза дәріптейтін болған. Сол дәстүр айтып тұрғанымыздай 90 жылдарға дейін жалғасты. Музыкалық лекторий құрамында өз домбырашыларымыз, әншілеріміз, өкінішке қарай, заман қыспаққа алған тұста қысқарып кетіп, бүгінде осы жағынан ұяттылау боп отырмыз.
– Осы үрдісті қайта жаңғыртып, дәстүрлі өнерімізді филармония құрамына қайта енгізу ойда бар ма?
– Әрине, ондай арман, ондай ой көкейде бар. Заманалардан келе жатқан інжу-маржандарымызды бүгін де тамаша күйде халыққа жеткізе алатын керемет дарын иелері де көп. Өзім осы қызметке енді ғана кірісіп жатқандықтан, атқарылар шаруалар әлі алда дей аламын. Тек біздегі бір кемшілік, қазір консерваторияда қазақтілді және орыстілді лекторлар дайындамайды. Сол жағы аздап қиындау.
– Классика деген дүниенің өзін қазақ қалай қабылдайды? Әуел баста қалай қабылдаған? Себебі шетел классикасының қазақ даласына келе бастағанының өзі күні кеше. Содан бері ол дүние қазаққа сіңді ме, әлде әлі де болса сіңбей жатыр ма? Концертке халық қаншалықты келеді?
– Құдайға шүкір, бізде қазір А.Жұбанов, К.Байсейітова атындағы музыкалық мектептер мен Чайковский атындағы колледж, одан жоғары деңгейде консерватория бар. Симфониялық оркестр, хор капелласының концерттеріне көбіне өзі музыкант, оқып, білім алғандар келеді. Кез келген адам ол концерттерге келе бермейді, келген күнде де қабылдап, түсініп кетуі екіталай. Арасында «Чайковскийдің музыкасы жақсы болады ғой» деп кездейсоқ келетіндер де болып тұрады. Бір сөзбен айтқанда, көрермен мұнда бағдарламаға қарап келеді. Біздегі қазіргі қолданыстағы орган – Орта Азиядағы ең сапасы жоғары орган. Таяуда ғана реставрациядан өткен. Сол орган музыкасынан берілетін концерттерге халық көп жиналады. Ал фольклорлық музыкадан берілетін концертке бұрындары Елшілік қызметкерлері жиі бас сұғатын. Қазір олар консулдық болып, бізден біраз алшақтап кеткен сияқты, алайда соны жақындатпақпыз. Осы сәуір айында Венгрияның елшілігімен бірге концерт өткізгелі отырмыз. Олар онда өз солистерін де шақырып отыр.
– Гастрольдық сапарларға қаншалықты жиі шығып тұрасыздар? Оған мүмкіндіктеріңіз қандай?
– 2006 жылы 80 адам Германияда болдық. Сонан соң Есет Қосыбаев 80 адамды Оңтүстік Кореяға алып барып, сонда концерт қойғанымыз бар. Өздеріңіз білесіздер, бәрі де бүгінде қаражатқа байланысты. Мәдениет министрлігі қаржы бөлмейді емес, бөледі. Үкімет тарапынан ұйымдастырылған шаралар болса, біздің ұжымды қосуға тырысады. Десек те, ұжымды тұтастай емес, ішінара алуларына тура келеді. Ал енді ауылдарға бару дегенге келсек, ол үшін арнайы автобус қажет. Бізде ол жоқ. Соған қарамастан, арасында өзіміз жалдап болса да демеуші тауып, ауылға барып тұруға тырысамыз. Бірақ осы тұста бір нәрсені айту орынды. Ауылға біз үлкен дайындықпен баруымыз қажет. Баратын жерде қандай шығарманы қалайды, соны ескеру үшін, алдын ала біліп алуымыз шарт. «Мынаны тыңдайсың» деген, әрине, болмайды. Мәдениет министрлігі бізге еліміздің түкпір-түкпіріне жылына кем дегенде бір рет шығуға мүмкіндік туғызып тұрады. Соның өзі оңай емес. 80 адамбыз өйткені. Ал енді ауылдардағы халықтың қабылдауы керемет. Кейбірі тіпті бір аспаптарды өмірінде бірінші рет көруі мүмкін. Жалпы, ауыл халқының симфониялық оркестрді қалаға келіп көре беруіне мүмкіндігі жоқ қой. Сондықтан ауылдарға барып тұрған жақсы.
– Авторлар мәселесіне келсек. Бүгінде симфониялық оркестрлерге арнап музыка жазатын композиторлар бар ма? Соның ішінде қазақта. Болмаса тек бұрынғы авторларға ғана сүйенуге мәжбүрсіздер ме?
– Көбінесе орындайтынымыз Еркеғали Рахмадиевтің шығармалары. «Құдаша-думан», «Дайрабай» осы симфонияға арнап жазылған. Сосын Е.Брусиловскийдің шығармалары бар. Ерте қайтыс болып кеткен Тілес Қажығалиев есімді композиторымыз болды. Кейінгі буында ол кісілердің ізін жалғап жүрген Жоламан Тұрсынбаев, Артық Тоқсанбаев, Балнұр Қыдырбекова, Алмас Серкебаев сынды авторларымыз бар. Бірақ олар жазу үшін оны орындауы керек қой. Ал орындау үшін қаламақы керек. Авторлық құқық деген бар. Біз оларға қаламақы төлемей, шығармаларын орындай алмаймыз.
– Оркестрде 100 музыкант, 100 түрлі аспап болса, соның бәрін саусағының ұшы мен иегінің тұсына тізгіндеп, шығарманы бір деммен шығаратын дирижер деген «сиқыршы» бар емес пе. Нұрғиса ағамыздай болмаса да, соған ұқсап бағатын, сол кісінің ізін жалғаушы бүгінгі дирижерлердің беталысы қалай?
– Рас айтасыз, дирижер деген – оркестрдің темірқазығы. Кезінде осы біздің симфониялық оркестрде керемет деген бір емес, бірнеше теңдессіз дирижерлер толқыны болды. Соңғы тұяқтары Мыңбаев пен Салауатовтар болды да, сосын тоқтап қалды. Одан кейін деңгей тіпті төмен түсіп кетті. Дирижерде сұмдық қырағылық, саққұлақтық, тық еткен дыбыстың нотасын дәл айтатын есту қабілеті болуы шарт. Сонадайда кетіп бара жатқан машинаның даусын «мынау мынадай дыбыс» деп дәл айтып беретін сондай ерекше қабілет Нұрғиса ағамызда болатын. Тұтас бір оркестр тартқан шығарманың қай жерінде қай аспаптың даусы қалай шығып тұрғанын түгел айыру деген кісі таңғаларлық қасиет қой. Фуат Мансұров та қазақтың атын әлемге танытқан сондай бір тұлға, мақтанышымыз болды. Енді қазір сондай мықтылардың көзі кеткен соң, кім көрінгеннің дирижер болғысы келеді. Өз шамаларымен, қабілет-қарымының деңгейімен шаруасы жоқ. Егер шынында өзімізде суырылып алға шығып, өзінің теңдессіздігімен көрініп тұрған музыкант болса, шеттен дирижер шақырмас едік қой.
– Қазақтың біршама музыканттары шетелге кетіп қалып жатады. Сол жақтан жарқырай көрініп жатқандары бар. Солардың елімізден кетуінің негізгі себебі тек қаржы және әлеуметтік жағдай ғана ма? Басқа да біз білмейтін қалтарыстары болуы мүмкін бе? Осы саланың маманы, білікті басшы ретінде не айтар едіңіз?
– Кезінде Кеңес Одағы бойынша біздің симфониялық оркестр үшінші орын алатын. Рафаэль Хизматулин деген концертмейстер, скрипкашымыз болған, сол кісі қазір Испанияда. Мадрид қаласындағы королева опера театрының бас концертмейстері. Талай музыканттарымыз шетелде жүр. Өзге ұлт өкілдері болып келетін музыканттарымыз егемендік алған тұста тарихи отандарына кетті. Бірақ, Құдайға шүкір, ақсақалдарымыз дер кезінде А.Жұбанов мектебін ашты. Сондықтан бүгінде сол кеткендердің орнын біртіндеп жас буын, қазақ музыканттары басып жатыр. Ал егер ол мектепті ашпағанда бүгінде шетелден маман алдырып оркестр құрап, соларға екі-үш есе шығынданып жүрер ме едік?
– Мәселен, әншілер қосымша табыс табу үшін тойға шығып жүр. Ал енді айталық, скрипкашы, болмаса фортепиано, т.б аспаптың шеберлері олай ете алмайды ғой. Жалақысы жан бағуға жеткенімен, үй алып, әлеуметтік жағдайын түзеуге жетпесі анық. Осы себептен музыкаға келуші жеткіншектер азайып не болмаса майталман музыканттардың өз жағдайын түзеуі үшін басқа салаға кетіп қалу қаупі төніп тұрған жоқ па?
– Мүмкіндігі барына қосымша табыс табуға шектеу қоймаймыз. Мүмкін, аспапта ойнап ақша табар, болмаса бірі асаба болар дегендей. Бірақ, шынында, оған көбінің мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан тағы бір қосымша табыс көзі – музыканттар үшін мектептерде музыка пәнінен дәріс беру. 2006 жылы 80 адам Германияда болдық. Сонан соң Есет Қосыбаев 80 адамды Оңтүстік Кореяға алып барып, сонда концерт қойғанымыз бар. Өзім де консерваторияда 240 сағатқа дәріс беремін, үш-төрт шәкіртім бар.
– Киім мәселесі қалай?
– Ол жағы аздап қиындау. Бірақ Мәдениет министрлігі мен Қазақ әуендері, хор капелласы Саммитке, Тәуелсіздік күніне орай өткен концертке қатысып, киімдеріміздің біршама жаңарып қалған жайы бар. Ал жалпы, филармония киімдерін жаңартатын уақыт жетті.
– Классика десе, опера, балет секілді батыстан келген өнер түрлері деп түсінеді екенбіз, қоғамда солай қалыптасқан. Ал, негізінен, классика деп халықтың байырғы заманнан біте-қайнасып келе жатқан өнерін, мәдениетін, шығармашылығын айту керек емес пе?
– Дәстүрлі өнеріміз – бізге классика, ал шетелдерге – экзотика. Дәстүрлі музыка бізге, біздің болашағымызға керек. Ал классикалық музыкалар мәдениетіміздің деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді. Мысалы, Ғазиза Жұбанова атындағы шекті аспаптар квартетіміз бар. Біз сол квартетпен талай шетелдерге бардық. Сонда шетелдік музыканттардың шіреніп тұрып ойнағанын, біздің балалар жай отырып-ақ, еш қиналмай керемет орындап бере алады. Былайша айтқанда, музыканттарымыз классикалық шығармаларды орындағанда кез келген елді қалпақпен ұрып ала алатындай. Біздің деңгейіміз өте жоғары. Ал енді дәстүрлі музыкадан одан да жоғары.
– Жеке шығармашылығыңыз қалай? Қызметтің тасасында қалып қойған жоқ па?
– Бұрындары қол үзбеуші едім. Фуат Мансұров «Мұхтаржан, оркестрдің ішінде тұрмасаң, көңілім көншімейді» деп шақырып тұратын. Енді қазір бір музыкантқа барып «сен былай тұршы, мен отырамын» деу ыңғайсыз секілді. Соңғы жылдары кітап жазуға ден қойдым. Филармонияның тарихына негізделген «Ғасырдан – ғасырға» атты кітап жаздым. Құдай қаласа, 75 жылдық мерейтойға қарсы фотошежіре жасамақпыз. Кезінде жазылған әлгі кітаптың бүгінде көп көмегі тиіп жатыр. Себебі сол кезде жинаған дүниелер, көптеген түпнұсқа суреттер қазір қарасам, ұшты-күйлі жоғалып кеткен.
Алашқа айтар датым...
Қазір қазақтардың ішінде балаларын музыкаға беретіндер азайып барады. Бұрын ауыл-ауылдардан қаншама дарынды, тума талант балалар келуші еді. Қазір ондай жоқ. Сондықтан «бара-бара қайда барамыз?» деп алаңдаймын. Сондықтан мәдениет жағында жүрген жастарға көбірек көңіл бөлінсе екен. Музыка мектептеріне қамқорлықты күшейту керек! Қазір бізде ең үлкен проблема – трубачтар мен волтарнистер. Кезінде қазақтарды осы аспаптарға тәрбиелемеген, себебі жаны ашымастар отырған. Бұл – олардың өнерге жасаған ең үлкен қастандығы.