Бай әдеби мұрамыз бола тұра, шығарманы жіліктеп шағып, сараптап жатқан сыншы жоқ

Бай әдеби мұрамыз бола тұра, шығарманы жіліктеп шағып, сараптап жатқан сыншы жоқ

Әшірбек СЫҒАЙ, театртанушы, сыншы:

– Әшірбек аға, алдымен жұрт өзіңізді белгілі сыншы ретінде таниды. Сіздің баспасөз бетінде жазған талай сыныңызды, театр тарихына қатысты кітаптарыңызды жұртшылық жақсы біледі. Сіздің осыдан біраз жылдар бұрын «Жас Алаш» газетіне берген «Жалпақшешей сынға жаным қас» атты мақалаңыз есімде. Сол кездегі сынның шынайы сын емес, жалпы, мақтауға бұрылып жатқанын айтып едіңіз. Алайда қазір жағдай сол кездегіден де тіпті нашарлап, сын жанры мүлде кенжелеп, өшіп бара жатқандай. «Айта-айта Алтайды...» дегендей, әлде еш нәтиже шықпаған соң, шаршадыңыздар ма?

– Сын деген сөздің өзі – кісіге қандай құштарлықпен, сүйіспеншілік сезіммен қарасаң да, үрей туғызатын ұғым. Себебі сын айту деген – мақтау, мадақ айту емес. Бірақ Әуезов айтқандай, сын шын болсын, шын сын болсын. Негізі, сын жанрын түрткілейтін, қозғайтын – әдеби материал, ал театрға аударып айтсақ, ол – спектакль не болмаса опера, бір сөзбен айтқанда, өнердің өзі. Егер қоғамда сын бар болса, ол – театрдың жақсылығы, дұрыс жолда келе жатқандығының айғағы, ал сын жоқ болса, демек, қойылымдардың әлсіздігі.

– Яғни сіздіңше, тап қазір сын жанрының кенжелеп қалуы сынауға тұрарлық дүниенің жоқтығынан ғой?

– Әңгіме осында... Және де мұндай ахуал тек театрдың басында ғана емес, әдебиетіңізде сын сыңсып тұр ма, айтыңызшы? Қазақтың ақынжанды халық екенін әлем мойындады деуге болады. Эпостық дастандарымыз бен Батырлар жыры қандай? Жалпы, ауыз әдебиеті қазақтай кең дамыған ел санаулы. Бірақ парадокс – сондай бай әдеби мұрамыз бола тұра, шығарманы жіліктеп шағып, сараптап жатқан сыншы жоқ. Егер осы айтып жатқаным жалған десеңіз, айтыңызшы, қазақ поэзиясына келген тың туындыларды қайшылап, пышақтап, бұтын – бұт, қолын қол қылып іреп жатқан қандай сыншыны атай аласыз? Әдебиетте сын мүлдем тоқтады.

– «Сын тоқтады» деп қалдыңыз, олай болса, сынның дәуірлеген шағы қай тұс және қай кезден бастап оның дәурені кете бастады?

– Тәуелсіздік алғалы бері мен тұшымды әдеби сын оқыған емеспін. Кезінде Баламер Сахариев, Ахат, Айқын Нұрхатовтар, сол сияқты Мұхаметжан Қаратаев, Мүсілім Базарбаевтардың жазған сындары қандай еді, шіркін?! Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаевтардың эстафетасын қағып алып, бүгінгі әдеби процеске кеңірдегінен ала қырып-жойып жатқан сыншыны мен көрмеймін. Қазақ әдебиетінде сараптау, талдау жоқ! Сәтті шығып жатқан өлең жолдары, прозалық шығармалар жоқ емес қой, бірлі-жарым болса да бар. Ал соны ел құлағына жеткізіп, әбден бүге-шігесіне дейін оқып, ағы мен қарасын айтатын сыншы қауымы қайда? Драматургияда да дәл сондай жағдай. Себебі оның да әуел басы әдебиеттен басталады. Сахналанып жатқан туындыларды сынап жүргендерден қазір жалғыз мен ғана қалдым. Рымғали ағамыз қойды, бұрын осы салаға арналған «Күретамыр», «Айдын» деген дүниелер жазып еді. Әбділда Тәжібаев 1971 жылы «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы», Нығмет Ғабдуллин «Ғабит Мүсірепов – драматург» деген зерттеу еңбегін жазды. Осы сияқты кісілер болмаса...

– Бағыбек Құндақбаев ше?

– Ол ағамыз шамданбай-ақ қойсын, бірақ драматургияға көп мақалалар, еңбектер арнаған емес. Таза театрды зерттеумен айналысты, оны енді ешкім жоққа шығара алмайды. Өз басымды сұрар болсаңыз, драматургия саласында шамам келгенше біраз нәрселер жаздым. Қазақ әдебиетінің он томдығындағы «Егемендік дәуіріндегі қазақ драматургиясы» деген тарауын мен жаздым. Сондықтан драматургия саласын бір кісідей білетін адам ретінде айтарым, театрдың бүгінде әлсіреп тұруының басты сыры – әдеби сынның жоқтығынан. Себебі драматургия кезінде тергеліп-тексерілмеген материал театрға барады. Әрине, сахна өз корректурасын жасайды, алайда режиссер, актер сыншы емес. Қанша жөндедік, күзедік, түзедік десе де, кәнігі сыншы, зерттеушілердей шұқшия кірісе алмайды. Сосын шала-шарпы, әлсіз драматургиялар сахнаға шығып кетпей, не істейді?

– Шыны керек, қазір көрерменнің театрға деген құштарлығы анау айтқандай емес. Театрға барғанда залға бажайлап көз тастасаңыз, ықылассыз келген мектеп оқушылары мен студенттерді көресіз. Белгілі режиссер Болат Атабаев театрдың мұражайға айналып бара жатқанын, ондағы әртістердің ойынында қан-сөл жоқ екенін айтады. Бұл – ненің әсері, әлде біздің актерлерді даярлау әлсіз бе, режиссерлер жоқ па? Болмаса, актерлерді оқыту жүйесі, мектебі ескірген бе? Бұған не дейсіз?

– Мектебі ескірген деу тым артық кеткендік болар... Өйткені мектеп деген не? Ол – дәстүр. Қазіргі актерлер аспаннан салбырап түскен жоқ, баяғы Хадиша Бөкевадан, Ыдырыс Ноғайбаевтан, Нұрмұхан Жантөриннен, одан бері Асанәлі Әшімов пен Тұңғышбай Жаманқұловтардан сабақ алған актерлер. Ал олар сонау Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Жұмат Шанин секілді «дала академиктерінен» дәріс алды. Сонда қалай, біз «мектебіміз дұрыс қалыптаспаған» деп кінәні бүгінде көзі жоқтарға аудара саламыз ба? ХХ ғасырда Орта Азияда, тіпті шығыстық белдеуде қазақ актерлік өнерінің шоқтығы өте биік болған, өзбек, түрікмен, қырғыз, тәжік театрларының алдында тұрмаса, соңына қалып көрген емес. Ал дәл қазіргі театрдың жағдайына келтірген күдігіңе келісуге болады. Мұнда әртістердің де, режиссердің де кінәсі бар. Негізі, театрды жасайтын – режиссер. Актер деген режиссер қалай бағыттаса, солай қарай жүретін – жиһанкез. Оны тоқтату, түстендіру не болмаса түлетіп жіберу, тіпті адастырып жіберу – режиссердің қолындағы нәрсе. Режиссер – театрдағы ең басты сиқыршы. Ол – ұйымдастырушы әрі ұстаз. Өткен ғасырда режиссура өзінің актерлік өнер мен драматургиядан кенже туғанына қарамастан, театрдың тағдырын түгелдей алақанында ұстады. ХХ ғасыр театр тарихында режиссура ғасыры болды. Сол шалыққа біздің қазақ театры да ілікті. Мәселен, әлдебіреулер Әзірбайжан Мәмбетовтің етегінен тартқысы келеді. Бірақ қазір сол Әзірбайжан Мәмбетовке зар болып отырмыз. Жұрт не десе де, ол кісі спектакль қою жөнінде көптеген жаңалықтар ашқанын жоққа шығара алмайды. Бәлкім, актерлермен жұмыс істеуде аса жарқырап көрінбеген шығар, әйтсе де, жалпы, спектакльдің жасау-жабдығын жарқыратуда, режиссерлік қою өнерінде Әзірбайжанның алдына шыққан режиссер болған жоқ. Оның спектакльдері фильм сияқты жүріп жатты, уақыт жағынан үнемдей білді, театрды тұрмыстық деңгейден биікке алып шықты, сөйтіп, жұп-жұмыр сахналық трюктер жасады. Ол 1962 жылы қойылған «Абай» спекталінен,1967 жылғы «Қобыландыдан», т.б көрінді. Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Райымбек Сейтметов, Сәбит Оразбаев сынды керемет актерлік күштерді тәрбиеледі. Ол кісі театрдың қарашаңырағының тізгінін 35 жыл ұстады. Бұл оңай шаруа емес!

– Олай болса, біз неге сол деңгейді сақтап, одан әрі дамытып кете алмадық?

– Театр өнерінде өзі аспандау, асқақтау кезеңдері болады. Қарапайым ғана мысал, нан ашытқанда кейде көпсіп, ыдыстан тасып төгілсе, кейде еш көтерілмей қояды ғой. Содан соң мұхит та тасиды және қайтады. Әсіресе таңғы уақытта толқындар жағалауды шайып кетсе, түстен кейін толқындар жағалаудан алыстап, қашып кетеді. Театр өнері де дәл сол мұхит секілді, бірде шарықтау шегіне жетеді, кейде құлдырайды. Ол ылғи да сүт бере беретін сауынды сиыр емес. Кейде ол да тоқырайды, кейде ол да ойланып қалады, тосқауылдарға тіреліп қалады. Ондайда көзін ашып жіберу керек...

– Қазіргі кезде театрдың басынан кешіп жатқан кезеңді қалай атауға болады, тоқырау дейсіз бе?

– Тоқырау деуге болмайды, сәл бір тежелулер бар. Мұндай жағдай тек қазақ театрының ғана емес, әлемдік театрлардың көбінің басында бар екен. Жақында ғана Түркияның Тробзон қаласында халықаралық театрлар фестиваліне барып қайттым. Оған Испания, Канада, Франция, Польша, Германияның театрлары, ал Қазақстаннан Қарағандының С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры «Домалақ ана» деген қойылыммен қатысты. Сонда байқағаным, бүгінде әлем театрларының көбі моноспектакльге көшіпті. Ол – бір ғана актердің театры деген сөз.

– Бастан-аяқ жалғыз кейіпкердің монологымен өрби ме сонда? Көрерменді жалықтырып жібермей ме?

– Бір актер өзі хабарлайды, өзі ойнайды, бірде – кейіпкер, бірде автор болып кетеді. Жалықтыру былай тұрсын, керісінше, жұрт сілтідей тынып, соңына дейін қыбыр етпей көреді. Мәселен, испандық актер – бір сағат 25 минут, Польшаның актрисасы 59 минут көрерменді ұстап тұрды. Румындар «Махаббатшыл Гитлер» спектаклін көрсетті, олар 48 минут бойы көрерменді тырп еткізбей тастады. Бір-ақ актер ойнады, бірақ енді жарық беруі, музыка беруі, режиссерлік жұмысы жойқын.

– Бұл театр өнеріндегі заман талабынан туындаған жаңалық па?

– Жоқ, кеңестік кезеңде Владимир Рецептор деген адам монотеатрдың негізін салды. Бізде де оған ұмтылыстар болды. Халық әртісі Жұмабай Медетбаев Абай туралы моноспектакльде ойнады, сол сияқты «Ақан сері-Ақтоқтыны» Халық әртісі Тілектес Мейрамов сондай үлгіде шығарды. Қайта Батыc енді ғана соған ойыса бастапты. Ол екі нәрседен құтқарса керек, біріншіден, көп актілі пьесаны сүйрелеп әуре болмайды. Қазіргі дағдарыс кезінде 10-15 әртісті гастрольге алып бару да оңай емес, осы жағынан алғанда, монотеатр көп тиімді. Тробзондағы халықаралық театрға Қазақстаннан 25 адам барса, әлгі аталған елдерден бір ғана актер келген. Дағдарысқа бейімделу деген – міне, осы. Бұл, әрине, тығырықтан шығудың жолы емес, жалғыз ғана актермен бір елдің театр мәдениетін бағалау өте қиын.

– Руханият саласы жалғыз ғана театрмен шектелмейтінін білесіз, біздің кинематография, анимация саласында қордаланған мәселелер жетерлік. Бүгінде сыншылар түгілі, қарапайым көрерменнің көңілінен шыға алмай жатқан фильмдер көп. Мәселен, таяуда ғана Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмінің тұсаукесерінде болдық. Ұлттық намысымызды аяққа таптаған туынды! Бірақ сол жерде жүрген кино мамандары мен режиссерлер, белгілі актерлердің арасында фильмге сыни пікір айтатын бірде-бір адамды таба алмай, дал болдық. Бұл не сонда, бәріміздің көзімізді шел басқан ба, әлде етіміз өліп кеткен бе? Әлде мұндай туындылардың түсірілуі заңды ма?

– Қазіргі киноны өсірмей, керісінше, өшуге итермелеп жатқан – мақтау мен мадақтау. «Көшпенділерден» бастасақ, «ойбай, біз қазақты әлемге танытатын фильм түсіреміз» деп мемлекеттен бәлен миллион бөлдірді. «Ол фильм шыққан соң, дүниежүзі көзін жұмып, аузын ашады» деп шуылдады. Соған иланып, асыға күттік. Актер таппағандай, Америкадан сидаңдаған біреулерді әкеліп түсірді. Халқының қамын ойлап, Қытай мен Ресей ортасында керемет дипломатия ұстап, сол арқылы қазақты тырнақтыға бүргізбей, тұмсықтыға шоқыттырмай алып шыққан Абылай ханды көре алмай, дал болдық. Дүниежүзі түгілі, қазақтардың өз көңілінен шықпаған осы бір шалажансар дүниеден кейін-ақ кинематографиядан көңілім қалған. Қазір «қазақша жаңа кино түсіріліпті» десе, көкейде тек күдікті сауалдар мен көп нүкте ғана тұрады. Одан қалса, түсірілуі ашішектей созылған «Мұстафа Шоқай» фильмінің сиқы – анау. Жанып тұрған от деп ойлаған Мұстафамыз қайраткерлік қасиеттен жұрдай, жай ғана бір лирикалық кейіпкер болыпты да қалыпты. Көрермен Алашы үшін аласұрып, шиыршық атқан, ұйқы-күлкі көрмеген Мұстафаны күтіп еді, оған мүлдем кереғар, әйелін алып, шетелге қашып кеткен біреуді ғана көре алды. Тағы бір жаныңның күйетіні – қазақта Абылай ханды, Мұстафаны ойнайтын ұл тумаған соң, осыншама күш салып оқытып жатқан актерлеріміз кімге керек? Қазақ әртістері енді басқа қандай киноларда, кімнің рөлімен көрінеді? Әлде қазақ актерлері тек қайыршы, есерсоқ, алқаш, мүгедектердің ғана рөлінде ойнауы керек пе?

– «Келінді» көрдіңіз бе?

– Жоқ, көргем жоқ, бірақ естуім бар. Жас бала ешкімен жақындасады, төсек қатынастары тұрпайы түрде көрсетіледі дей ме? Дәл осыған сын жазылмады емес, Дулат Исабеков жетер жеріне жеткізіп, сай-сүйегіңнен өтетіндей-ақ етіп жазды. Тыңдап жатқан бірі бар ма? «Көшпенділерді» Сәкен Жүнісов, Бауыржан Нөгербек, Дулат Исабеков, мен төртеуміз қалай сынадық?!. Кім оны құлағына қыстырды? Жауап та жоқ. Өйткені біздікі дұрыс.

– Қарап тұрсақ, бұл – үнсіз фильм. Үнсіз болғаны да дұрыс болды ма, әйтпесе «неге қазақша емес» болмаса «неге мынадай сөз айтты» дер ме едік? Бірақ бір түсінгім келетіні, адамдар кейде алға ұмтылам деп, керісінше артқа шегінгенін байқамай қалатын секілді. Олай дейтінім, кезінде телевизия өнері болмаған тұста кейіпкерлері көрінбейтін радиоочерк, радиодрамаларды жұрт кәдімгідей тыңдап, содан соң әркім өз қиялында бейне құрастырып алатын. Ал қазір техника дамыды, бейнені де көріп, дыбысты та естуге болады, әйтсе де бір жаманы, қазір сөздің қадірі кетіп, бар есіл-дертіміз – картина, яғни көрініске ауып кеткен секілді. Дыбыссыз да кино түсіруге болатынын аталған фильм режиссері көрсетіп берді. Бұл жетістік пе, әлде кері кетушілік пе?

– Меніңше, бұл фильмді түсірушінің өзі не айтатынын білмеген секілді. Оқиғалар тізбегін түсіріп, көрсете беру ең оңай іс қой. Дегенмен қазақ болсын, басқа халық болсын, сөзбен түсініскен ғой. Сөз өнері дамымаған ел – ел емес. Адамның хайуаннан артықшылығы – тілдесе білуінде. Қазір де екеуміз сөз арқылы көп нәрсені талқылап, байыбына жетіп отырмыз. Ал енді үндемей, ыммен сөйлессек, екеумізге ғана түсінікті болуы мүмкін, ал басқалар не ұғады? Бұл дамып барып, кейін құлдырау дей де алмаймын, себебі біз соншалықты мәдениет пен өркениетті ерттеп мініп, ақ бұлттың үстіне шығып кеттік десек, бұл – кісінің күлкісін келтірерлік жағдай. 300-400 жыл кедейлік көрмеген Америка мен байлыққа кеңірдектен батып отырған Еуропаның өзі «болдық-толдық» дей алмай отырғанда, бізге не жорық? Адамзаттың әлі қол жеткізбеген жетістіктері қаншама? Замана жылдамдығына кісінің ақыл-ойы әлі ілесе алмай келеді. Қарапайым ғана ауа райын адамдар реттей алмайды, ертең не болып кетерін ешбір ғалымың айтып, соған тосқауыл қоя алмайды. Не болмаса қаншама ғарышқа ұшып жатқанымызбен, жеті қат аспанды бойлай орналасқан өзге ғаламшарларда не болып жатқанын адамзат біле алмай отыр. Бұл нені аңғартады? Адамзат әлі интеллектінің жоғары сатысына көтеріле алған жоқ. Етегінде ғана жүр. Дәл қазір адамзатты ғылым биігіне көтеруге талпыныс жасап жатқан жетекші халық болатын болса, ол – жапондар. Кіп-кішкентай аралда отырған ел, қарасаңыз, қандай кереметтерге қол жеткізіп жатыр. Қазақ әлі қаламсап та шығармайды, кілең шикізатпен ғана күн көріп отырмыз.

 – Жапон дегеннен шығады, бүгінде бала атаулы Наруто болып ойнайды, оған «қой» дей алмаймыз. Себебі ақпарат кеңістігіне өз қаһарманымызды шығаруға жарамай отырмыз. Бірақ бізде де Ер Төстік, Алпамыс, одан қалса Саққұлақ, Көлтауысар дейтін ертегі кейіпкерлері жетеді ғой? Аниматорларымыз қалайша соларды көрмейді?

– «Баланы – жастан, әйелді – бастан» деген бар қазақта. Ертеңі жайлы ойлауға үндейтін халық едік қой біз, бірақ дәл бүгін балаларымыздың болашағы не боларын біз білмей отырмыз. Немерелеріміз – Жапонның, Американың мультфильмін көреді, қазақтың өз балаларына көрсетіп отырған несі бар? «Қарлығаштың құйрығы неге айырды» қашанғы көреді? Оны жасаған Әмен Қайдаров қазір тоқсанға толып қалды, одан ендігіде бірдеңе дәмету де ыңғайсыз. Ол кісі негізін салды, бірақ ізін қуған толқында екпін солғын ғой. Неге десеңіз, ақша жоқтығын алға тартады. Бір телехабарға аниматор жігітпен қарсылас болып қатыстым, сонда қыспаққа алып сұрадым ғой, «мемлекет көңіл бөлмейді, ал жекелеген байшыкештер өнерге, оның ішінде мульфильмге ақша жұмсамайды» дейді жыларман болып. Байлардың тарылатыны – өнерде қайтарым жоқ. Ол халықты рухани нәрлендіреді, бауырын көтереді, қиялын қозғап, ой-сезімін тәрбиелейді. Ал бизнесменге мұндай рухани құндылықтан гөрі, материалдық дүние қымбат. Сондықтан қаржысын құмға кеткен су еткісі келмейді. Одан да монша салып, казино тұрғызу сияқты пайда түсетін салаға құйғаны оған әлдеқайда тиімді. Міне, сол себепті өнерге, руханият саласына қай уақытта да мемлекеттің жылы көзқарасы, материалдық қолдауы ауадай қажет. Бар мәселе – осы! Кәсіпкерлер қол созбаса, мемлекет назар аудармаса, қазақ баласының қажетін кім орындай алады? Ал біз мұнымен ұтылып жатырмыз, өйткені Батыстың ықпалында тәрбиеленген жеткіншектер ертең өз ұлтына жатбауыр болып өседі. Өйткені ол өзінің қандай рухта екенін түсінбейді, мәдениетін қабылдай алмайды. Ер Төстікті, Алпамысты білмеген балаға қалай қазақ театрын қабылдата алмақпыз? «Қазақфильмнің» де бұл қаперіне кіріп-шығып жатқан жоқ. Түсіргендері – өңшең ат үстінде жыныстық қатынасқа барған екеу, болмаса хайуанмен қатынасқа түскен бала, әйтеуір, миға сыймайтын нәрселер. Оны көрген елдер қазақты қандай халық деп түсінеді? «Ұяттан жұрдай, әдепсіз, тағылық деңгейде қалып қойған халық» дейді де қояды. Өз халқын әлем алдында жығып берген режиссерлер өздеріне сыйлықты кімдердің не үшін беріп жатқанына жетесі жетпей ме? Шетелдік кинофестивальдерде көп болған адам мендей-ақ болсын, сонда көзімнің жеткені, кинофестивальдерді өткізетін – байлар. Олар бір тиын шығарып, он тиын түсірмесе, маған айтыңыз. Неге? Фестиваль ұйымдастырады, ал келген қонақтар олардың қонақүйіне, мейрамханасына қанша пайда түсіреді. Көрдіңіз бе? Сондықтан біреу бір тиын береді екен деп ұлтымыздың абыройын сатуды қояйық!

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста