Әзірше қазақтың көңілден шығатындай тарихы жазылған жоқ

Әзірше қазақтың көңілден шығатындай тарихы жазылған жоқ

Хайролла ҒАБЖӘЛЕЛОВ, «Алаш» тарихи ғылыми-зерттеу орталығының президенті:

– Хайрулла аға, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығынан қазақ ру-тайпаларының тарихына қатысты бірқатар еңбектер жарық көріп отыр. Осыған байланысты бұл жерде «Жекелеген ру-тайпалардың тарихы қазақ тарихында қаншалықты маңызға ие?» деген сауал көлденеңдейтіні анық.

– Қазақ халқының тарихы рулық-тайпалық құрылымдармен тығыз байланысты екенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қаласақ та, қаламасақ та, бұл – біздің ұлтымыздың тарихына тән сипат. Тайпалық-рулық қауымдастық ерекшеліктері біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардан бастау алып, кешегі ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы кеңестік дәуірдің берік орнығуы кезеңіне дейін біздің ата-бабаларымыздың әлеуметтік, саяси-шаруашылық өмірімен тығыз, біте қайнасып, өрбіп, өрістеп келді. Осы уақытқа дейін ежелгі дәуірлерден бүгінге дейінгі үлкен тарихымызды жазуда жекелеген тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттік құрылымдар тарихын зерттеуден әріге бара қойған жоқпыз. Бұлардың қатарында сақтар, түркілер, ғұндар, әртүрлі қағанаттар, қыпшақ, үйсін, қаңлы, жужан, түргеш, қырғыз, қарлық, сарыұйғыр, қарахан, қарақытай, керейіт, найман, сармат, оғыз мемлекеттері бар. Тайпалық-этникалық негізде құрылған бұл одақтардың рулық құрылымдары тарихымызда әлі толық ашыла қойған жоқ.

Тарихымызда Шыңғыс хан жаулауынан кейін пайда болған мемлекеттік бірлестіктер негізінен әлі де саяси тұрғыдан жазылуда. Олардың рулық-тайпалық құрылымы және осы құрылымның ордалық мемлекеттер мен хандық бірлестіктердің саяси, әлеуметтік және әскери өмірдегі дәстүрлі шаруашылық пен болмыстағы маңызды да шешуші рөлдері және алатын орны туралы арнайы ауқымды еңбектер тарихымызда жоқтың қасы. Алғашқы қазақ хандары тұсында мемлекетіміздің шаңырағын көтеріскен тайпалар тарихы да әлі күнге дейін үстірт те жалпылама баяндалып келе жатқаны құпия емес. Мұның төңірегінде ойланатын мәселелер де жеткілікті. Шын мәнінде, кейінірек «қазақ» деген халықты құраған осы ежелгі тайпалар тарихы көптеген рулар тарихынан тұратынын да ескере бермейміз. Кеңестік тоталитарлық жүйенің орнығуына дейінгі қазақ халқының тарихын жазумен әуестенушілер рулық-тайпалық бірлестіктердің түбегейлі орнығуының арқасында қазақ деген ұлттың этникалық тұрғыда жүйелі түрде ұйысып, қалыптасқанына, әрбір ру мен тайпаның шыққан жерін, көшу жолдарын, жайылымдарын және қыстауларын сыртқы жауларынан белсенді қорғап, оларды үздіксіз ұлғайта берулерінің нәтижесінде, саны көптеген халықтардан әлдеқайда аз болған қазақтардың бүгінде Қазақстан деп аталатын аса ауқымды территорияны басқаларға бермей ұстап қалғандарына баса мән бере қарауымыз керек. Қазақ ұлтының басын құрап, осындай ұлы да мәрт, ержүрек те дархан, жомарт мінезді ерекше халықты тарихтың көрнекті сахнасына алып шыққан, бүгінде бәрімізге белгілі қазақтың 40-тан астам руының ежелгі заманнан бастау алатын шынайы тарихы әлі күнге дейін жүйелі түрде тұтас жазылған жоқ.

– Қазақ тарихын зерттеуде тың әдістер мен соны көзқарастар тұрғысынан келу керек дейсіз ғой?

– Біз алдымен әрбір ру-тайпаның халқымыз бастан кешкен ортақ тарихи процестердегі өзіндік ерекше тарихын айқындап алуымыз керек. Міне, сонда ғана біздің ұлттық тарихымыз ауқымды сипат алып, кең құлашпен көсіліп жазылады. Ал енді бұрынғыша бәрімізге белгілі тарихи дәуірлерді, кезеңдерді және этаптарды, сондай-ақ қазақты құраған негізгі тайпалар тарихын жалпылама түрде ғана қамтып жазу,  керісінше, тарихымызды жазудың методологиясын таптаурын болған ескі соқпаққа түсіреді. Бүгінде «Қазақстан тарихы» оқулықтарына байланысты мұндай ахуалдың айқын көрініс беріп отырғаны шындық. Мұның өзі қызықты да тартымды, күрделі тарихымыздан басқаларды, әсіресе, өзіміздің жас ұрпақты бездіреді. Оны оқып үйренушілер қатарын сирете түседі. Қазақ халқын құраған әрбір тайпаның немесе рудың өмір жолында ортақ этникалық, саяси-әлеуметтік заңдылықтарымен қатар, өзіндік ерекшеліктері де аз емес. Оларды зерттеп білудің ұлт тарихының толыққанды болып жазылуына, тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» жоюға және жалпы қазақ халқының күрделі тарихи жолындағы оған тән құбылыстар мен процестерді айқындауға үлкен ықпал жасауы сөзсіз.

Жалпы, ұлтымызға ортақ процестерде де, шиеленісті тарихи құбылыстарда да әрбір қазақ тайпасының немесе руының өзіне тән үлесі бар. Қазақ тарихын жазудың этникалық және методологиялық бағыты ретінде ру-тайпалар тарихын кеңінен және арнайы зерттеуге ұмтылдырып отырғаны осыдан. Жалпы, қазақ халқының рулық-тайпалық қауымдастық арасында өрбіген тарихын жазудың негізі бұрынғы ғасырлардан бастау алатынын ұмытпауымыз керек. П.И.Рычковтың, В.В.Вильяминов-Зерновтың, А.И.Левшиннің, А.И.Аристовтың, Г.Е.Грумм-Гржимайлоның, В.В.Бартольдтің, ақырында өзіміздің Шәкәрім Құдайбердіұлы мен М.Тынышбаевтың еңбектеріне назар аударуымыз қажет. Халқымыздың рулық-тайпалық тарихын белсенді, тиянақты әрі терең зерттеген осындай ғалымдар болмаса, бүгінгі Қазақстан тарихы толыққанды бола алар ма еді? «Қазақ халқының әрбір жеке руының шығу тегін алдын ала зерттемей, сондай-ақ оның кіммен және қандай уақыттарда бас қосқанын анықтамай, қазақ халқының тарихи тағдырының жалпы көрінісін көзге елестету мүмкін емес» деген М.Тынышбаевтың пікірі өзектілігін жоғалтқан жоқ.

– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда шежіре жазушылар көбейді. Мұның өзі ру-тайпа тарихын зерттеуге қосылған үлес деп есептеуге бола ма?

– Дүниежүзінде 2500-дей ұлт бар. Осылардың барлығы ру-тайпалардан шыққан. Дегенмен ешбірі дәл қазақ сияқты жеті атасын жаттап, түп-тұқиянын ұмытпай сақтап қала алған жоқ. Жеті атасын білген адам өзінің кем дегенде 150-200 жылдық тарихын біледі. Қазақ қашан да «жеті атасын білмеген жетесіздерді» құрметтей қоймаған. Мұның астарында ата-бабаға деген шынайы бауырмалдық, туыстық және қандастыққа негізделген абзал сезімдер жатыр. Ұлтымызға тән тағы бір ерекшелік – ағайынды, туысты, құда-жекжатты, дос-жаранды, жиен-нағашыны әрқайсысын өз орнымен қастерлейтін қасиеттерінің басымдығы. Оның үстіне, қазақ жеті атадан аспай ешқашан қыз алысып, беріспеген. Қанының тазалығын сақтаған. Бұл тұрғыдан алғанда, шежіренің алар орны ерекше.

Дегенмен рулардың тарихын шежіремен ғана шектегісі келетіндер қатты қателеседі. Шежіре – тарих емес, ол ата-баба жылнамасын біршама анықтап беретін тарихи дерек. Ал тарихи дерек тарихқа қызмет етуі үшін әрбір қазақ руының халқымыз бастан кешкен тарихи процестердегі өзіндік ерекше тарихын айқындап алуымыз керек. Кез келген шежірені алып қарасаңыз, ХV ғасырға барып тіреледі. Одан әрі аңыз-әңгімелерге кетеді. Қазақтың ата-бабасындағы ру-тайпалар түркітілдес халықтардың барлығында да кездеседі. Ру-тайпалар тарихын зерттейтін тарихшыларымыздың басты міндеті – қазақ ру-тайпаларының ұлт болып қалыптасып, мемлекет құруын теориялық-методологиялық негізде зерттеу, ар жағында түркі халықтарының негізін қалаған тайпалар екенін дәлелдеу.

Түркі халықтарының басын қосатын ел – Қазақстан. Себебі қазақ жері – түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы. Осы ру-тайпалардың шығу тегін, қайсысы қаншасыншы ғасырда қандай аймақтарды мекендеді, әрбір тарихи кезеңдердегі олардың рөлі, олардан шыққан тарихи тұлғалар жайлы жүйелі түрде зерттеуіміз қажет. Біз қазақтың әрбір сүйем жеріне рулардың орналасу тарихын айқындай отырып, болашақта болуы мүмкін территориялық дау-дамайдың алдын алып отырмыз. Қытайлар өз мектептеріндегі тарих пәнінде Жетісу жерін қытайдың жері деп оқытып жатқаны қаншама әңгіме болды. Біз болсақ олардың Ли Бай деген ұлы ақынын Шуда туған деп дәлелдеуге тырысамыз. Арамызда ұлты қазақ, тарихшы қытай агенттері жүрген сияқты. Осындай істерімен олар басқа елдің мүддесіне жұмыс істеп отыр. Тарихымыз ұлттық қауіпсіздігіміздің бір кепілі болып, Қазақстандағы әрбір азамат ел бірлігіне қызмет жасауға міндетті.

Бүгінде әркім өзінің руын ғана дәріптейтін көзқарастың заманы әлдеқашан өткен. Керісінше, әрбір азамат өзінің ата-бабасының ұлтымыздың өркендеуіне қосқан үлесін айқындап, дұрыс пайымдайтын уақыт басталды. Оның үстіне, кеңестік жүйеге дейін қазақтың әрбір руының өзіндік ата-қонысы, шаруашылық көшу жолдары, ел басқарған рубасылары, от ауызды, орақ тілді шешендері, қол бастаған ерен батырлары, ұлтымыздың рухани-діни және мәдени өмірінде із қалдырған сал-серілері, дарынды әнші-күйшілері, адуынды жыраулары т.б. ірі қайраткерлері болғаны белгілі. Қазақ руларының тарихын білу деген сөз осындай тарихи тұлғалардың тағылымын мақтаныш ету әрі болашаққа үлгі ету болып шығады. Ірі тұлғаларды рулық емес, ұлттық деңгейде насихаттауға дағдыландық. Әрине, бұл – өте құптарлық нәрсе. Солай бола тұрса да, олар белгілі бір тарихи кезеңдерде өздерінің руымен бірге рулық-тайпалық әлеуметтік қоғамда әрекет жасағанын неге ұмытуымыз керек? Мұндай тарихи бейнелер өзінің туған руының ортақ тарихынан жеке-дара қалмауы керек. Руды ұмытып, ұлт жасаймыз деу – тарихи қателік.

– Олай дейін десек, ел арасында руға бөлінушілік белең алып, лауазымды, қаржылық мүмкіндіктері бар адамдар өздері шыққан руларының құрылтайларын өткізіп, рубасыларын сайлайтын дәрежеге жетті. Заманның келбеті өзгерген уақытта осындай істер бізге не береді?

– Бұл – болашағымызға жасалынып жатқан үлкен қиянат. Ішкі бірлігімізге өз қолымызбен іріткі салып отырғанмен бірдей. Ақсақалсымақтарымыз осы істерімен мемлекетімізді ыдыратуға негіз салып отыр. Осы бетімен кете беретін болса, жақсылыққа апармайды. Мұның бәрі надандықтан, намыссыздықтан шығып отыр. «Бір адам таққа мінсе, қырық адам атқа мінеді» деп, басшы болған адам өзінің орынбасарлығына туысын не руласын, тіпті болмаса жүздесін қояды. Ал кәсіби мықты маман ескерілмейді. Осындайдан барып қоғамда әділетсіздік орын алып отыр. Ақсақалдарымыздың елдің бірлігін ойлап, адасқанда ақ серкедей елді бастаудың орнына, ұсақ-түйекке бой алдырғандары қынжылтады. Ірі тарихи тұлғаларды өз руларынан шықты деп талас-тартыс тудырып, бір руды жоғары, енді бірін төмендетіп, тіпті баспасөз бетінде де айтысып, асқындыруда. Осындай келеңсіздіктерді ұлтына жаны ашитын зиялы азаматтарымыз бітімгершілік жасап, тыйып тастаудың орнына, өздері солардың арасында жүреді. Бүкіл ұлтымызға, мемлекетімізге қатысты мәселелер аз емес қой. Халқының алдына шығып, оң-терісін талдап, түсіндіретін зиялы ақсақалдарымыз жоқтың қасы.

– Қазір біздің тарихымызды кім жазбай жатыр? Тарихшы мамандармен қатар, қарапайым тарихқұмарлар да жазу үстінде. Сіз де басқа саладан келіп, тарихпен айналысып жатырсыз. Неліктен?

– 1992 жылы алғаш қазақтың теңгесін жасауға Англияға жұмыс тобын бастап бардым. Сонда теңгемізде бейнеленген ұлы тұлғаларымыздың тарихта қандай адамдар болғандығын дәлелдеуге тура келді. Олар Қазақстанды жер бетінде жаңа пайда болған мемлекет деп қабылдады. Біздің тереңде жатқан тарихымызды олар түгіл, өзіміздің де жете білмейтіндігіміз анық еді. Кеңестер Одағы кезінде Қазақстанның 5 томдық саяси тарихы жазылған. Оның өзінде «отарлаушы елдің тарихы отарланушы елдің тарихынан жоғары тұруы керек» деген қағидамен өз тарихшыларымыздың қолымен жаздырды. Енді қарап отырсақ, бүкіл болмысымыз тарихқа келіп тіреледі екен. Тарих – бұл біздің Отанымыз, мәдениетіміз, идеологиямыз, философиямыз, саясатымыз, экономикамыз.

«Өткенімізді білмейінше, болашақ болмайды деген» Л.Гумилевтің сөзі бар. Қазақстанның әлемдегі орны қандай? Бұрын қандай ел болған? Қазір қандай? Болашақта қандай болады? Жаһанданып жатқан әлемде дүние сапырылысып кетіп, қазақ деген халық мүлде жойылып кете ме? Мұның бәрі кімді ойландыруы керек? Осы мәселелердің бәрінде тарихшылардың жауапкершілігі күшті. Тарих келешек ұрпақ үшін жазылады. Ал қазіргі жастарымыз тарихымызды қаншалықты біледі? Көзіміз көріп отыр, өзінің ана тілін, салт-дәстүрін, шыққан тегін білмейтін жастарымыз аз емес. Болашақта елге ие болатын жастарымыздың сиқы осы. Жүйелі түрде жазылған тарихымыз болмай, мектеп қабырғасынан жас жеткіншектерімізге шынайы тарихымызды оқытпайынша, бойларына отансүйгіштік қасиетті дарытпайынша, болашақ та жоқ.

Әзірше қазақтың көңілден шығатындай тарихы жазылған жоқ. Осыдан алты жыл бұрын Президентке хат жазып, тарихи-зерттеу орталығын құрып, тарихымызды зерттеуге атсалысқым келетіндігін білдірген едім. Елбасы бастамама қолдау білдіріп, құптайтындығын айтып жауап жазды, осылайша, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы құрылды. Отызға тарта тарихшы мамандарды жинап, оларға барлық жағдайларын жасап, жалақыларын беріп, қолға алған ісіміздің халықтың игілігіне айналуына бар күш-жігерімді де, қаражатымды да аямай жұмсадым. Осы уақыт аралығында қазақ ру-тайпалары хақында 36 том кітап жарыққа шықты. Сирек кездесетін өте құнды тарихи кітаптар қорын жасадық. Ру-тайпаларға қатысты қытай, парсы, араб деректерін, Петербор, Омбы, Қазан, Ташкенттегі архивтерден алдырып, 3000-дай кітап жинастырдық. Біздің тарихшыларымыз ру-тайпадан от басқандай қорқады.

– Бізде қаншама тарихи-зерттеу институттары бар. «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстарға қандай баға бересіз?

– Елбасымыздың өте ауқымды «Мәдени мұра» деген әлемде теңдесі жоқ бағдарламасы бар. Бұл дегеніміз – өте үлкен идеология. Қаншама қаражат бөлінуде. Кешегі аштықты алыңыз. Украиндар оны өздерінің ұлтына жасалған геноцид деп бағалады. Ал біз болсақ Тәуелсіз ел бола тұрып, Сталиннің атын айтуға қорқамыз. «Тарих спираль сияқты қайталанады» деген Маркстің сөзі бар. Кезінде Аттила Еуропаны күшпен жаулап алса, қазіргі таңда Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға болып отыр. Қазақстан бүкіләлемдік діндердің басын қосып диалог орнатып отырса, көптеген діндердің шығуы көшпенділер өркениетінен бастау алатындығы дәлелденді. Осының бәрі сыртқы саясатымыздың дұрыс екендігін көрсетеді. Ал болашағымыз баянды болуы үшін ішкі бірлігіміз мықты болып, Отанымызға аянбай еңбек етсек, Қазақстан тарихта ата-бабаларымыз құра білген мемлекеттердей бүгінгі әлемнің де маңдайалды еліне айналатыны сөзсіз.

Алашқа айтар датым...
Біз өзіміздің тегімізбен мақтануымыз керек. Және де бұл бөлуші емес, біріктіруші фактор болуы тиіс. Жақсы адам жүрген жерінде екі адамның басын қосып жүреді, жаман адам екі адамның арасына от салып жүреді. Сондықтан да ел бірлігі әр адамның саналылығына, арлылығына байланысты. Қазақта халықтың тұтастығы, ел бірлігі жөнінде қаншама аталы сөздер бар. Соларды естен шығармайық. Қандай салада еңбек етсек те, ұлттың бірлігіне, елдің болашағына қызмет жасайық.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста