Атқамінер азаматтарға «Аяз биді» қайта оқуға кеңес берер едім...

Атқамінер азаматтарға «Аяз биді» қайта оқуға кеңес берер едім...

Ақұштап Бақтыгереева, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын:

– «Жайықтың Ақшағаласы» – Ақұштап апамыз Алматыға келіпті» деп естіген бетте өзіңізбен тілдесуге асықтық. Кіндік қаныңыз тамған Оралға қоныс аударғаныңызға да біршама жылдың жүзі болды. Ол жақта руханиятқа қандай үлес қосып жатқаныңызды білеміз. «Алаш айнасының» тұрақты оқырманы екеніңізді айтып қалдыңыз, жалпы, осы «Алаш» сөзі сізге қалай әсер етеді, Алаш десе, сіз нендей күйге енесіз?

– Алаш десе, алдымен ұлтымның тарихы, өткен тағдыры еске түседі. «Алаш айнасын» оқыған сайын «сол Алаш жұртының өткені мен ертеңі, бүгіні қандай болуы керек, қазір Тәуелсіз ел атанған қазақтың не жетістігі, не қиындығы бар» деген сияқты алуан ойлар қамауға алады. Біз кешегі желтоқсанды көрдік. Желтоқсан жастары не үшін арпалысты, не үшін өздерінің жастық шақтарын қиып, өмірлерін қатерге тікті? Өйткені олар – Алаштың тарихын аз да болса білгендер, сол өз ұлтының тарихы мен намысының тапталып бара жатқанын көргендер. Қашанғы өзге тілде сөйлейді? Қашанғы өзге елдің ықпалында өзге елдің әнін айтып, жырын жырлайды? Міне, осындай намысты шақта оларды қорғайтын ешкім болмай, қорлықпен тізе бүктіргенін көзіміз көрді. Бұл – енді тарихтың мойнына жүк. Алаштың нағыз жоқтаушылары сол желтоқсаншылар еді.

– Бүгінгі «Алашым» деушілердікі бекер ме сонда?

– Жоқ, бәрі бекер дей алмаймын, қазір біздің жоғалған, тапталған тарихымыз оянып жатыр. Бірақ кейде осы жолда көңіл толмайтын әрекеттер де орын алып кетіп жатады. Әсіресе, мәдениетте осы олқылық қатты білінеді. Мұның басты себебін мен кейде істің басында отырғандардың сол орынға сай еместігінен деп түсінем. Себебі біз ұлт руханиятының басына бірыңғай тәжірибесіз жастарды қойып қойған сияқтымыз. Бұл сөзімді біреулер жастарға мүлдем қарсылық деп ұқпасын, оның да өз жөні, өз реті бар. Кезінде ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқан мына бір сөзді қаперге алсақ: «Жас баланың қолына берілген билік  жас сәбидің қолындағы қанжар секілді. Не ол өзін кеседі, не өзгені жаралап алады». Ұлттық тілді білмеген, ұлт тамырынан сусындамаған, ел сыйлау, ата сыйлау, тамыр сыйлау, тек сыйлауды білмеген жастар басшылық орындарға отырды да, не өздері ұқсата алмады, не өзгеге билік бермеді. Сол кезде біздің небір таланттар, небір керемет жазушыларымыз шетте қалды, өткен тарихымыз бүгінгімен жалғаспай қалды. Бүгінде біздің әр жерден үйреген әуенге селкілдеп отырғанымыз соның кесірінен. Сонау ұлттық рухқа тәрбиелейтін құралдар – батырлар жыры, ғажайып дастандарымыз тек қазақша тіл білетіндердің үлесіне ғана қалды. Ал 60 пайызы өз тілінде сөйлемейтін ұлттан басқа не күтуге болады?

– Мемлекеттік тіл мәртебесі деген мәселе бізде Тәуелсіздік алғалы бері 20 жылға жуықтаса да, әлі бірінші орында тұр. Осы жиырма шақты жылда талай айтылып та, жазылып та жатыр, айғайлай-айғайлай шаршағандар да бар, талай  жобалар    мен бағдарламалар да қолға алынды, бірақ неге осыны біржақты ете алмай жүрміз? Әлде аталған іс-әрекеттің барлығы жұртты алдаусырату үшін жасалған көзбояушылық та, тілдің жоғын жоқтап жүргендер тек ұлт жанашыры шекпенін киіп алғандар ғана ма?

– Бұл – түгелдей ұлттың намысының жолға қойылмағандығының бірден-бір дәлелі. Бірер адамның «тілім керек, дінім керек» деп шырылдағанынан ештеңе шықпайды. Бізде, жалпы, тілді дамыту тек әдебиет пен мәдениеттің айналасында жүргендердің ғана ісі деп қараушылық басым да, содан келіп басқа саладағылар қазақшаға мүлдем мән бермейді. Біздің ұлттың бір мақтанар тұсы бар еді, ол ар жағында жатқан текті тұлғалары болатын. Біз өзімізді Қобыланды батырдың, Абылайханның, жаудан қайтпайтын Кенесары сынды батыр қолбасшының ұрпағымыз дейміз, біз Махамбетті бетке ұстаймыз дейміз. Бірақ солай дегеніміз болмаса, оны дәлелдейтін ұрпақ жоқ! Ең соңы, кешегі Бауыржан Момышұлы мен Жұбан Молдағаливтер болған секілді. Қазақтың қайсар рухы солармен бірге қаза болғандай. Бәрінің алдында жалпылдап тұрған қазақты көргенде, «Бұлар неге осылай етеді?» деген Алаштың намысы жүрегіңді ауыртады. «Көкбөрінің ұрпағымыз, ұлы даланың перзентіміз» дейміз, бірақ өзіміз сол ұлы даланың мәдениетінен жұрдаймыз. Өзге тілде сөйлесе, өзге мәдениетті қабылдаса, өзге киімді кисе, ол ұрпақ қалай Алаштың намысын ту ете алмақ? Мен, әрине, өз киіміміз дегенде, «байырғы қос етек көйлекті қайта ки» деп отырған жоқпын, осы заманның киіміне кішкентай болса да өз ұлтыңның белгісін қосуға болмай ма? Неге біздер елордамыздың өзінде жаңа ашылған әсем ғимараттар мен дүкендерге ағылшынша «palasсе», «paty» деген бірдеңелерді қосып жазып қоямыз? «Біз – Алаштың ұрпағымыз» деп именбей айту үшін ұрпағымыз ұлттық рухта тәрбиеленуі тиіс. Қазақ мектебінде қазақ қызының ұлттық тәрбиесі жүруі керек.

– Біз – «ұл тәрбиелей отырып, жер иесін, ал қыз арқылы ұлтты тәрбиелейміз» дейтін халықпыз. Сіз Оралға бара салысымен, бірінші осы қыздар тәрбиесіне кіріскен сыңайлысыз. Оған не түрткі болды?

– Мен өзімнің өсіп, қалыптасып, саналы өмірімді өткерген Алматымнан неге Батысқа көшіп кеттім? Өйткені ол – біріншіден, менің кіндік қаным тамған жер. Сондағы Қыз Жібектің сіңлілерінің жағдайы, олардың орыстанып, тіпті Батысқа біржола бет бұрып, кіндік ашып жүруге арланудан қалып бара жатқаны мені қатты алаңдатты. «Сен сөйттің» деп өрімдей жас қыздардың қайсыбірін кінәлаймыз, онымен қызды жөндемек былай тұрсын, біржола теріс қаратып алмаймыз ба? Бар кілтипан олардың анасында болып тұр ғой, ана сүтімен бірге ана тілін үйретпесе, бесік жырының орнына басқа тілдегі әнді айтсақ, одан қалай қыз қазақы болып бойжетпек? Елімізде күн сайын перзентхана табалдырығынан табылып жатқан тастанды балалар қайдан шығып жатыр? Қаракөз қазақ баласын қазақ қызынан басқа кім туады? Бәрінің әкесі-шешесі, ата-әжесі бола тұра, баласы мен немересін тірі жетім атандырып жатқандардың арасында бақуатты отбасылар да бар. Олай болса, қыздары перзентін көшеде тастап кету арқылы ұлтқа зардап келтіріп отырған осындай жандарды біз егеменді елдің толыққанды мүшесі деп айта аламыз ба? Тастандыларға арнап кезінде еліміздің барлық  аймақтарында балалар қалашығын салдық. Ол жерде кәдімгі үй тәрбиесін көріп, білім алып-ақ өседі, бірақ бәрібір 18-ге толғаннан кейін бала  өзінің жетімдігін сезінеді. Себебі ол жерден кетуі керек. Міне, сол кезде әлгі жетім бала екі көзі жәудіреп, «тағдыр» атты теңіздің асау толқынымен бірге  жағаға лақтырылып  қалғандай болмай ма? Барар жер, басар тауы жоқ жас жеткіншек сонан соң түрлі жағдайлармен ұшырасады. Сөйтіп жүріп, аяғы ауырлайды. Әсіресе қыз бала, өзі жетімдер үйінен шықты, сондықтан ол өзінің туған перзентін кімнің үйіне апарады? Міне, тастанды қайдан шығады. «Сол тастандылар ертең өсіп шыққанда, бұл қоғам не болады?» деген ой мені қатты мазалайды. Тастандының 18-ге толғаннан кейінгі тағдырын кім шешуі керек? Министрлік пе? Үкімет пе? Әлде облыс басшылары ма? Бәлкім, «мен – Алаштың азаматымын» дейтін саналы азаматтары шығар.

– Сана дейсіз, әңгімемізді сол арнаға бұрсақ... Біз бүгінде барлығын ақшаға әкеп тіреп, ақшамен өлшейтін болдық. Ал сана ше? Сана байлығы жайлы біздер ойланамыз ба осы? Ол жайлы әңгіме бар ма өзі, қай жерде айтылып жатыр?

– Мен тап осы тұста ақылы оқудың санаға кері әсері жайлы айта кеткім келіп тұр. Қазір ешкім оны елең қылып отырған жоқ. Бірақ бұл – бүгін білінбегенімен, күндердің күнінде бізді құрдымға апарып тірейтін мәселе. Білім сапасын былай қойғанда, адамгершілік сапасын да төмендетті. Мен оған бірнеше мысал келтіре аламын. Айталық, ақылы оқуда оқыған дәрігер сенің қай жеріңнің ауырып отырғанын емес, «Қанша ақша төледі екен?» деген оймен отырып, қайта сенің жаныңды жаралап жібереді. Ақылы оқуды бітірген заңгер «осы адам қанша ақша төлейді екен, қалайда осыдан көбірек ақша алып, қымбатырақ көлік мінсем» деп отырып, адам тағдырын қорлап жатыр. Осы бір ақылы оқу мәселесін шешпесек, біз оңбай ұтылып отырмыз. Біз білімді, парасатты жоғалтып отырмыз. Себебі ол жерде ондай нәрселер айтылмайды және жүрмейді, тек ақша ғана үстемдік құрады. Бәлкім, бұл басқа елдерде дұрыс қабылданып жатқан шығар, ал бізде «ақшамды төлеп, диплом алсам болды» дейтін түсінік қана бар. Қай мамандық болсын алдымен сана тәрбиесі мен ұлттық рух, Отанды сүю деген қасиеттер керек. Бұлардың барлығы да бесікте жатқан кезден ананың әлдиімен, әженің ертегісімен, домбыраның үнімен беріледі. Біз сияқты ешбір елде әбден үлкен болып өскен балаға жиналыс ашып, «Отанды сүю керек» деп айтпайтын шығар?!. Осындай кісінің күлкісін келтіретін тәрбиеден кейін шетелге оқуға жіберген балаларымыз, әрине, барған елінен қайтпайды. Себебі ол Отанды сүю дегенді сезінбейді, сөйтеді де, жанының рахаты үшін туған елін сатып жебере салады. Қазақстанға еңбек ету, елінің ешкімнен кем болмауын ойлаған бала өз басының тәтті тұрмысы үшін шетелде қалып қоймас еді. Қазір қарасаңыз, қалталылар шетелден есепшот ашып, балаларын сонда оқуға жіберіп жатыр, тура ертең ел басына күн туа қалса, өзіне қашатын пана іздеп жүргендей...

– «Жапон жапонды елден жырақ жүргенде көзіне қарап-ақ түсіне береді» деген сөз бар. Ал қазақ қазақты дәл солай ұға ала ма?

– Ұлттық тәрбие берілмеген жерде біздің Тәуелсіздігіміздің көрінісі үстірт болады. Әйтпесе, қазақ ұлты талантты. Суырыпсалма, яғни импровизациясы қазақтай мықты ел аз. Өкінішке қарай, біз сол қасиетімізді бүгінде сақтай алмай, «сен барасым ба, мен келесім бе?» деген дүбара жағдайға жетіп отырмыз. Біле-білгенге қазақтың бір мақалының өзі – тұнған философия! Мағынасыз сөздермен сөйлейміз, арзан әзілге құмармыз. Мәселен, Жиреншені, одан да басқа би-шешендеріміз бен жырауларымыздың айтқандарын оқып, сондағы ойды тоқитындар бар ма? Сол Жиренше шешен бірде жанына ерген жас жігіттердің бірін жүгіртіп, «анау ауылдан кімдер көшіпті, байқап келе қойшы» деп жұмсапты. Сөйтсе, әлгі құйғытып барыпты да, қайтып келгенде: «Бұл өңірден ауыл көшіп кетіпті, бейбастақ елдің жұрты жатыр», – дейді. Көшіп кеткен елдің жұртына баға береді. Сонда Жиренше: «Шырағым, бейбастақ деп неге айттың?» – дейді. «Көшкен орнын жинамай, ошағының күлін көмбестен, көсеулерін күйе-күйе қылып тастап кеткен елді бейбастақ демей не дейін? Оған «орныңды жина» дейтін ақсақалы, «ошағыңды өшіріп, күліңді көм» дейтін әжесі болмаған, келіндері көргенсіз, балалары бетімен кеткен ел екенін бей-берекет жатқан көш ізі көрсетіп отыр», – депті. Тұнып тұрған экология емес пе? «Отырған орныңды ретке келтір, далаңды қайта қалпына келтір» деп тәрбиелеген қазақ. Қазір дәл сол Жиреншенің жанына ерген жас жігіт айтқан бейбастақ жұрт біз болып отырмыз. Жағажайға барсақ та, саяжайға барсақ та, орнымызды жинамаймыз. Керемет көлік мінген қыз бен жігіт қоқысын өзенге лақтырып, біз қойған ескерткіштердің түбінде сырасын ішіп, бөтелкесін сындырып кете барады. Ал ол оқыған қыз бен оқыған жігіттің істеп тұрғаны! Немене, біреуді біреу «әй, өйтпе, әй, сөйтпе» деп қашанғы күзетіп жүреді? Алаштың үміт артар ұрпағының санасы осындай болса, онда біз немізбен мақтанамыз? Қарт әжем: «Ақырзаман болғанда, су тартылады, қарап тұрған жігітке қыз артылады. Сондай кез келеді, көрерсіңдер, ұят кетіп барады ғой», – деуші еді. Расында, қазір көшеде қазақ қызы жігітті өзі ұстап алып сүйеді. Айналада адамдар кетіп барады, оны тіпті елең де қылмайтын сияқты. Еркіндік, жастық деген күннің өзінде, оның кішкентай да болса қазақ қызына тән инабаттылығы болуы керек қой. Ал егер бірі – француз, бірі ағылшын, қытай болам деп, соларға күйеуге шығып, азып-тоза берсе, Алаштың арманын аяққа таптағаны емей немене? Одан қыздарымыз күндердің күнінде өзін, тегін жоғалтады да, өмірінің соңында «мен осы дұрыс өмір сүріппін-ау» дейтін нүкте болмайтын секілді көрінеді маған. Жұрт тіпті қыздарының шетелге тұрмысқа шыққанына мақтанып жүр. «Онсыз да аз халықпыз, қыздарымызды өзге ұлтқа берсек, басымыз кеміп, келесі ғасырларда жойылып кетпейміз бе?» деген ой санада үрей туғызады.

– Біз тағы нені ескермей, қандай қауіпті сезбей отырмыз?

– Ұлттық сезімді тәрбиелейтін ауыл еді ғой, мейірімді ауыл еді ғой, «көршіңмен тату тұр» дейтін ауыл еді ғой. Ауылдан шыққан ұл мен қыз Англия мен Америкадан махаббат іздемей-ақ, бір-бірімен үйленіп, балаларын өсіріп, бақытты болып еді ғой?.. Міне, біз осылай өз мәдениетімізді тонатып, қазір енді әр баламыз теледидарды жастанып жатып, шетелдің шектен шыққан көргенсіз көріністерін тайсалмай тамашалауда. Соны көрген қыздарымыз жалаңаштанды. Өзім үш қыз өсірдім, қазақша оқыттым, ешкімнен кем емес. Керек десеңіз,  төрт тілде сөйлейді. Итальянмен – итальянша, ағылшынмен – ағылшынша, испанмен – испанша, орыспен орысша сөйлесе алады. Баласын да туып үлгерді. Мен оларға бесіктен қазақша сөйледім, осында қазақ мектептері жабылып жатқанда да, қазақ мектебіне бердім, домбыра күйін тыңдаттым, оқимын деген оқуын оқыттым және ең бастысы, «сен – қазақтың қызысың» деп өсірдім. Әр үй, әр ата-ана өзінің бесігіне ие болуы керек. Ол үшін сол шаңырақтың әйелі мықты болуы шарт. Неге тек «қыз-қыз» деп кетті демеңіздер, оның себебі қазақ қызын қолға алмайынша, біз шәлдір-шатпақ жігіттерімізді тәрбиелей алмаймыз. Себебі қыз – ұлттың анасы. Әрине, мен оларды қайта ХVІІ ғасырдың қызы еткім келмейді, ете де алмаймын, жұмысын істесін, көлігін айдасын, ешкімнен кем болмасын.

– Қазір онсыз да қыздар күш алып бара жатқан сияқты, өзін-өзі қамтамасыз ету жағынан да, қызметтегі белсенділігі жағынан да қыздар алдыңғы шепте көрінеді. Осыдан ба, әйтеуір, қазір қазақ қыздарының арасында отырыңқырап барып, өзінен 5-10 жас кіші жігітке тұрмысқа шығу үрдісі кең етек алып бара жатқандай. Бұл алаңдарлық мәселе емес пе?

– Бұл да – сол ұлдарымыздың бойында ұлттық намыстың оты сөніп бара жатқандығының белгісі. «Мен – қазақтың қайсар рухты перзентімін, өз жеріме, өз жарыма қорған боламын» дейтін жігіт бұлай етпес еді. Мысық құсап басынан сипағанның бауырына кіріп кете баратын ол қандай ер, қандай жігіт? Ата тек қасиетін бойына сіңірмеген  соң, ұл осылай өз бетімен өседі де, әншейін бір жәндік сияқты жүреді. Оның кеудесіне елдік намыс, азаматтық ар мен абырой, батырлық рухтың дәні егілмеген. Ел билеп отырған жігіттеріміз Жиреншені оқыса ғой, шіркін! Шешендік сөздер, жыр-дастандар, білгенге – қазақтың ғасырлап жинаған рухани байлығы. Бірақ сол байлығымыз қадірін білмес ұрпаққа қор болып кете ме деп қорқам. «Мәдени мұрамен» әр жерге кесене саламыз, ескерткіш қоямыз. Ал ұл-қызымыз оны жай қара тас құрлы көріп, төбесінде ойнақ салады. Алдымен саналы бала өсіруіміз керек, сосын барып ескерткіш қойсақ, ұрпағымыз оның қадірін білетін болады.

Алашқа айтар датым...
Тәуелсіздігіміз бізден басқа кімге керек? Ұлымыз қызтеке, қызымыздың бәрі қытайға тиіп кететін болса, сонда біз кім үшін егемендік алдық? Кім үшін біз «халық жауы» боп атылдық? Осы жолда құрбан болған батырлар мен Әлихан, Ахаң, Мағжан сынды арыстарымызды ұмыттыратын болсақ, бұл Тәуелсіздік неге керек? Он шақты байларымыз халқын тонап, шетелге қашатын болса, ата-баба жеріне кім ие болып қалады? Мұның барлығы – анау-мынау емес, кәдімгідей қоғам болып ойланатын нәрсе.

Бір мысал
Қазір тағы бір белең алып келе жатқан дерт – дүниеқоңыздық. Ол жайлы баяғыда әжелеріміз былай деуші еді: көңді арқалап жүрген қоңыз бір кезде бай болыпты. Байыған үстіне байи түсуді ойлап, жоқ-жұтаңға көмектесуге дүниесін қимапты. Содан сараңдықтың шегіне жеткенде, Құдайдың қаһарына ұшарып, жылқылары қоянға айналып секіріп кетіпті де, қалған мүлкі қиға, өзі қоңызға айналып кетіпті. Енді ол ақыретке дейін мәңгі  бақи сол дүниесін арқалап жүреді екен. Неге біз осыны немеремізге ертегі қылып айтып, мультфильм түсірмейміз? Тәрбие ғой тұнып тұрған?!. Ал мұндай аңыз, мұндай философия қазақта көп. Мен билік басындағы атқамінер азаматтардың барлығына «Аяз биді» қайта оқуға кеңес берер едім. Кабинеттерінің төріне өмірінің ең бір қиналған кезінде киген шоқпыт шапандарын ілгізіп қояр едім. «Ей, Аяз, әліңді біл!» деп отырса, осыншалық тоңмойын болмас па еді?

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста