Арал қасіреті бүкіл әлемнің қасіретіне айналудың алдында тұр

Арал қасіреті бүкіл әлемнің қасіретіне айналудың алдында тұр

Сағит ИБАТУЛЛИН, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетінің төрағасы:

– Сағит Рахматоллаұлы, Арал теңізінің жойылып кету қаупінің салдары Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылуына негізгі себеп болып отыр. Ал осыған байланысты, ең алдымен, Арал теңізін сақтап қалу үшін қандай маңызды міндеттерді алға тартып отырсыздар?

– Арал теңізінің тағдыры бүгінде әлем жұртшылығын толғандырып отырғаны рас. Арал теңізінің бассейні Қазақстан және Өзбекстан территориясын алып жатыр. Теңіз бассейніне Әмудария мен Сырдария өзендері енеді. Осы өзендер басты шекарааралық су артериялары болып саналады. Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменстан және Ауғанстан секілді алты елдің аумағын қамтиды. Сондықтан да су үлестері мен суармалы жерлердің бөлігі осы елдер арасында әртүрлі деңгейде. Арал проблемасы қазіргі уақытта тек осынау алты мемлекеттің үлесіндегі мәселе болып отырған жоқ. Аралдағы экологиялық жағдай келешекте әлем елдерінің де климатына елеулі әсерін тигізетін апат ретінде қарастырылуда. Бұған дәлел, Арал бассейнінен ұшқан тұз қиыршықтарының әуе арқылы ұшып, циклон арқылы осы аймақтан тыс құрлықтардың климатына әсер етуі. Арал қасіреті алдағы уақытта бүкіл әлемнің қасіретіне айналуға шақ қалып отыр. Тіпті сонау Гималай, Скандинавия тауларында Арал тұзының қалдықтары табылып жатыр. Ал егер де Арал түгелдей тартылып кетсе, планета климатының қандай жағдайға ұшырайтыны айтпаса да түсінікті. Сол себепті жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, бүкіләлемдік деңгейде Арал теңізін құтқару жобасының екінші сатысын қаржыландыру керек. Халықаралық ұйымдар мен демеушілер қаражаттарын Арал өңірінің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға пайдалану – теңізді сақтап қалудың бірден-бір жолы. Айта кету керек, бірінші сатысында едәуір оң нәтижелер байқалуда. Арал бассейнін қалпына келтіру жобасының құрамдас бөлігі ретінде Аралдың Қазақстанға қарайтын солтүстік бөлігінің су деңгейін көтеріп, арнасын кеңейту үшін 13 шақырымдық бөгет салынды. Аралға құятын өзен суын үнемдеу үшін Орталық Азия елдері су ресурстарын үнемді пайдалануға ниет білдіре бастады. Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік банктің өкілдерімен бірігіп, Аралдың Қазақстанға қарайтын солтүстік бөлігін қалпына келтіру үшін жақсы мүмкіндіктерді қолға алуда. Сонымен қатар қор Арал теңізінің дағдарыс зардаптарын тоқтату немесе азайту, теңіз бассейнінің арнайы жобалары мен бағдарламаларын іске асыру және осы апатты бақылай отырып, халықаралық қауымдастыққа мәлімдеп отыруды міндеттеніп отыр.

– Қорды қаржыландыру мәселесі қалай шешіліп отыр?

– Бұл қор бүкіләлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, алдын ала жоспарланған жұмыстарды тоқтатпақ емес. Жуық арада Сырдария өзеніне құйылатын суқойманы бақылайтын жобаның екінші сатысына көшкелі отыр. Жалпы құны 191 млн долларды құрайтын бағдарламаның сегіз құрамдас бөлігі жүзеге асырылғалы отыр. Осы уақыт аралығында Арал теңізінің проблемасын шешуде бірқатар халықаралық ұйымдардың ішінде Бүкіләлемдік банк, Азия даму банкі, Еуропа экономикалық комиссиясы және глобалды экономикалық қорлардың тарапынан жалпы сомасы 325 млн доллар бөлініп, көмек көрсетілді.

Қордың қызметін қаржыландыратын Орталық Азия мемлекеттерінің жарналарынан, оның ішінде Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан өз бюджетінің кіріс бөлігінің 0,3 пайызын, ал Қырғызстан мен Тәжікстан 0,1 пайызын АҚШ доллары бойынша ұлттық валютамен қор шотына аударып отыруға міндетті. Сонымен қатар қорды қаржыландыру мақсатында халықаралық қаржы ұйымдарының, донор беруші елдердің заңды және жеке тұлғаларының, Орталық Азия мен өзге де шетел мемлекеттерінің қайырымдылық көмектері жинақталуда. Қазіргі уақытта Халықаралық Аралды құтқару қорына БҰҰ құрамындағы арнайы өкілдіктер, халықаралық ұйымдар мен донорлар тарапынан көмектер көрсетіліп отыр.

– «Арал теңізі бассейнінің проблемасы» жобасының екінші бағдарламасы жайлы кеңірек әңгімелеп берсеңіз.

– Екінші жобаны жүзеге асыру барысында пайда болған су шаруашылығы, экологиялық, әлеуметтік және экономикалық болып бөлінетін ірі төрт құрылым қарастырылды. Соңынан ілесе бағдарламаның 14 құрамдас бөлігі жұмыс істеуде.
Жоба бағдарламасы біздің аймақтың экологиялық жағдайына қарай қарастырылғанымен, өкінішке қарай, донорлардың қатысуынсыз жасалды. Бастапқы бағдарламаны жасап болған соң, донор берушілерге ұсындық. Нәтижесінде, кейбір мәселелерді шешуде ойымыз бір жерден шықпады. Дамыған елдерде осы секілді бағдарламалар тек қана бүкіләлемдік донорлар қатысқанда ғана жүзеге асырылады. Дегенмен де қаржылай мүмкіндіктеріміз бен күш-жігеріміз пайдаланып 2010 жылдың аяғына дейін жеткізуге тырысып отырмыз. Сондықтан да осындай кемшіліктердің алдын алып, Аралды құтқарудың келесі үшінші бағдарламасын жасауды жоспарлап отырмыз. Бағдарлама Арал теңізін құтқару мақсатында ғана емес, бассейн маңында өмір сүретін 45 млн халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға арналмақ.

– Сағит Рахметоллаұлы, «Арал теңізі бассейнінің проблемасы» жобасының үшінші бағдарламасы (АТБП-3) қандай міндеттерді атқаруға арналмақ?

– АТБП-3 солтүстіктегі мұздардың еруін қадағалай отырып, мониторинг өткізуді жоспарлап отыр. Мұның келешек ұрпақ үшін маңызы зор болмақ. Сонымен қатар, бағдарламада көрсетілгендей, Арал теңізі бассейнінің өзен-көл жүйесін, жайылымдық жерлерге жиналған лайлы-су көлшіктерге зерттеу жүргізу міндеттенуде. Ең бастысы, 50 жылдан кейінгі Арал өмірінің болашағына зерттеу жасап, анықтайтын боламыз.

2010 жылдың аяғында АТБП-3 жобасын қайта жасап, құрылтайшылық етуші мемлекет басшыларына бекітуге ұсынып отырмыз. Бірақ та біздер қаншалықты керемет бағдарлама жазып шықсақ та, донорлық қолдау болмаса, оны жүзеге асыра алмайтынымызды тағы да атап айтқым келеді. Осы жылдың басында әртүрлі донорлық ұйымдардың қатысуымен халықаралық конференция өткіздік. Біз осы орайда АТБП-3 жобасы аясында жүзеге асырылатын бағдарламаны ұсынғалы отырмыз. Яғни бұл дегеніңіз – сол уақытқа дейін қол қусырып қарап отырады деген сөз емес. Қазірдің өзінде донорлармен әртүрлі ұсыныстарды қарастырып, жұмыс жүргізудеміз.

– Аралға мәселесіне тікелей қатысты басқа да қандай қиындықтарды атап айтар едіңіз?

– Аймақта жергілікті тұрғындар жыл санап көбейіп келеді. Шамамен жылына 450 мың адам қосылуда. БҰҰ-ның өлшемі бойынша, бір адам жылына 1700 шаршы метр суды пайдалануы керек екен. Ал оны қайдан алмақ? Қазір біздегі онсыз да азғана суды жан-жақтан жырып, тартып алуда. Демек, бізге су айдаудың түрлі тәсілін жетілдіріп, тез арада инфрақұрылымдарды тарту керек. Бұл да – өз алдына үлкен проблема. Біздің есебіміз бойынша, егер де суды үнемдеп жинайтын технологияны іске қосса, сонда ғана 23-24 миллиард шаршы метр суды үнемдеп алып қалуға болады екен. Бұл жылдан-жылға көбейіп келе жатқан халықтың суға деген сұранысын өтеп отырар еді.

– АТБП-3 жобасын іске асыру үшін қандай көлемдегі қаражат керек деп ойлайсыз?

– Алдын ала есептеулерге сүйенсек, барлық Орталық Азия елдерінің жобаларын жүзеге асыру үшін 2 миллиард доллар шамасында қаражат қажет екен. Әрине, бұл оңай қаржы емес, сондықтан АТБП-3 жобасының бірнеше құрамдас бөліктері жеке-жеке қаралып, донорлармен біріге егжей-тегжейлі есептеліп құны шығарылмақ.

– Соңғы жылдармен салыстырғанда, теңіздің экологиялық ахуалы қандай дәрежеде деп ойлайсыз?

– 1960 жылдармен салыстырғанда, Үлкен Арал теңізінің экологиялық ахуалы нашарлап, ондағы 30-ға тарта балық түрлері мүлдем жойылып кетті. Теңізге жақын орналасқан елді мекендердегі балық құрдымға кетіп, жұмыссыздар саны көбейді. Кеме жасау зауыттары да өз жұмысын тоқтатты. Арал теңізінің тартылып кеткен жерлерінен ұшқан тұзды дауыл барлық бағытта 100 шақырымнан астам қашықтыққа таралып, аурудың көбеюіне, өсімдік түрлерінің, аң-құстар санының күрт азаюына әкеліп соқтыруда. Солтүстік бөлігі Қазақстанға, оңтүстігі Өзбекстанға қарайтын Арал теңізі өткен 40 жылдың ішінде өзінің бастапқы көлемінен төрт есеге дерлік тартылды. Солтүстік (Кіші) және Оңтүстік (Үлкен) Арал болып екі бөлікке бөлінді, ал 2000 жылдан бастап үшке бөлініп кетті.

Бүгінгі күні «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының бірінші фазасының жүзеге асырылуына байланысты Кіші Арал теңізі Арал қаласына 40 шақырым жақындап келді, ал деңгейі 40-42 метрге дейін көтерілді. Кіші Арал теңізіндегі жиналған су көлемі 27,4 текше шақырымға жетіп, тұздылығы 6-17 г/л төмендеді. Оңтүстік Аралда (Үлкен Аралда) 90,0 текше шақырымға жуық су көлемі қалды, ал тұздылығы 90-120 г/л-ге жетті.

– Келешекте теңіздің қалпына келуіне толық негіз бар деп ойлайсыз ба? Арал теңізін құтқару үшін, ең бірінші, қандай мәселені көтеру керек?

– Бұл сұраққа кеңінен ойланып жауап бергім келіп отыр. Шындықты айтуымыз керек, Арал теңізін бұрынғы қалпына келтіру туралы әңгіме болмау керек, себебі ол шындыққа жанаспайды, яғни мүмкін емес. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – ол Арал өңірінде орналасқан елдің әлеуметтік мәселелері. Ол үшін қандай шаралар бірінші кезекте жүзеге асырылуы керек? Бүгінгі күні ең маңызды мәселе – ол ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейлерде шаралар ұйымдастырылып, үйлестірілуі керек. Ол үшін экологиялық, әлеуметтік, экономикалық, саяси факторлар тағы басқа жергілікті мәні бар мәселелер есепке алынбақ. Уақыттың өзі көрсетіп отырғандай, Орталық Азияда Халықаралық Аралды құтқару қорының су қорын дұрыс пайдалану мәселесін үйлестірудегі орнын атап өтуіміз керек. Осындай қиын жағдайларда ХАҚҚ-ы институттары: Басқармасы, Атқару комитеті және басқалары су бөлісуде, экологиялық қауіпсіздік, экономикалық даму мәселелерін бірінші кезекте әр елге қажеттілігін ескере отырып шешіп отырды. Бұл – өте қиын міндет. Сондықтан да ол тек қана мемлекетаралық келісімдер арқылы жүзеге асады деп ойламын. Себебі бүгінгі күні әртүрлі қарама-қайшы ғылыми, теориялық пікірлер туындауда. Себебі Арал теңізі екі өзен – Әмудария мен Сырдариядан түскен суға тікелей байланысты. Ол үшін теңізге түсетін суды реттеп отыру қажет. Яғни бұл мәселе Арал бассейнінде орналасқан мемлекеттердің келісіміне, су қорын бірігіп пайдалануына қатысты. Арал бассейнінде барлық деңгейде суды үнемдеу үшін суды негізгі пайдаланушы – ауыл шаруашылығын реформалау қажет, яғни ауыл шаруашылығы дақылдарының құрамын, көлемін өзгерту, суды аз пайдаланатын дақылдармен ауыстыру (дақылдарды әртараптандыру), су үнемдейтін технологияларды кеңінен насихаттау арқылы жүргізу керек.

Мамандар Арал теңізін бұрынғы орнына қайтып келмейтін құбылыс деп санайды. Бірақ теңіздің кейбір бөліктерін сақтап қалуға толық мүмкіндіктер бар.

– Арал өңірінде ғылыми зерттеулер қалай жүргізілуде? Нәтижелер қалай болады деп күтілуде?

– Арал теңізін зерттеулерді сонау ХІХ ғасырдың ортасында орыс ғалымдары жүргізген болатын, одан кейін Одақ кезеңінде жалғасын тапты. Зерттеу нәтижелері көптеген басылымдарда талқыланып, Арал туралы бағдарламаларға негіз болды. Сол кезеңдердегі зерттеу нәтижелерін негізге ала отырып, әрі қарай дамытуымыз қажет. Қазіргі кезеңде Арал теңізі бассейнінде жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары әртүрлі бағытта бір-бірімен байланыссыз жүргізілуде. Арал мәселесі әртүрлі бағдарламалар аясында жүргізіліп, олардың басын біріктіретін үйлестіру жұмыстары жоқтың қасы. Нәтижелі ғылыми жұмыстар да бар, мысалы, бассейндегі су ресурстарын нақтылау, Сырдария өзенінің арнасын реттеу, тоғандар қауіпсіздігін арттыру, суармалы жерлерде жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу және климат өзгерісінің су ресурстарына әсер ету сияқты бірнеше ғылыми зерттеулер нәтижелерін атап өтуге болады. Әлі де болса ХАҚҚ-ы көптеген әлемдік ғылыми орталықтармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмыстар жүргізуі керек.

Қалпына келтіру жобасының құрамдас бөлігі ретінде Аралдың Қазақстанға қарайтын солтүстік бөлігінің су деңгейін көтеріп, арнасын кеңейту үшін 13 шақырымдық бөгет салынды. Арал теңізінің суы солтүстігіндегі портқа әлдеқайда жақын келді. Бұрын 100 шақырым қашықтықта болатын. Енді, міне, 15-20 шақырымға дейін жақындады. Сарапшылардың мәлімдеуінше, теңіздің солтүстік бөлігінің ауқымы бастапқы көлемінің 40 пайызына жуық қалпына келді. Теңіз орала бастады деуге негіз бар.

– Аралды құтқару қоры құрылғалы қандай жетістіктерді атап көрсете аласыз?

– ХАҚҚ құрылған күннен бастап Әмудария, Сырдария өзендері бассейні инфрақұрылымын жетілдіруге, Арал өңірінде ауызсу сапасын арттыруға көптеген септігін тигізді. «Солтүстік Арал теңізін сақтау және Сырдария өзені арнасын реттеу» үлкен масштабтағы жобаның бірінші фазасы Бүкіләлемдік банктің қаржылай көмегімен жоба арқасында Кіші Арал теңізі Арал қаласы порттарына қайта оралды, теңіз деңгейі 40-42 метрге көтерілді, теңіз суының тұздылығы төмендеп, балықшылар өз кәсібіне кірісіп кетті. Жаңадан балық өңдейтін зауыттар ашылып, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайы біршама жақсарды.

Айта кететін тағы бір айтулы оқиға – ол ХАҚҚ-ының өткен жылы желтоқсан айында Біріккен Ұлттар Ұйымына бақылаушы мәртебесін алуы, ол халықаралық қауымдастық алдындағы қор беделінің өскендігін білдіреді. Өткен жылы Орталық Азия ХАҚҚ-ына мүше мемлекеттер басшыларының 28 сәуірде Алматыда өткен саммитін айтуға болады. Бұл саммитте мемлекет басшылары Біріккен мәлімдеме қабылдап, ХАҚҚ-ының стратегиялық бағытын айқындап берді. Біріккен мәлімдемеде 2011-2015 жылдарға арналған Арал теңізі бассейнінің жаңа бағдарламасын дайындауға тапсырма берілді.

Қазіргі кезеңде Халықаралық Аралды құтқару қоры Неміс техникалық ынтымақтастық агенттігімен бірігіп, құны 180 млн АҚШ доллары болатын үлкен жобаны жүзеге асыруға жұмыс істеуде. Жобаның негізгі мақсаты – ХАҚҚ-ының құрамына енетін өңірлік ұйымдардың байланысын арттырып, ғылыми-зерттеу негіздерін күшейту және бағдарламаның дайындық жұмыстарына көмек көрсету.

Қорыта айтқанда, шекарааралық су ресурстарын бірігіп пайдалану мәселесі – өте күрделі әрі шешуі қиын мәселе. Ол үшін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының өзара түсіністігі саяси деңгейде бір жерден шығуы тиіс. Яғни бірлік бар жерде тірлік бар. Су проблемасының дұрыс шешілуі әлемдік деңгейде тоғандар мен суқоймалар қауіпсіздігі, шекарааралық су сапасы, суды үнемдеу, ауа райы өзгеруінің Орталық Азиядағы су ресурстарына оң әсер беретін мықты жобалар арқылы жүзеге асады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Өзекті  пікір
Қазір біздегі онсыз да азғана суды жан-жақтан жырып, тартып алуда. Демек, бізге су айдаудың түрлі тәсілін жетілдіріп, тез арада инфрақұрылымдарды тарту керек. Бұл да – өз алдына үлкен проблема. Біздің есебіміз бойынша, егер де суды үнемдеп жинайтын технологияны іске қосса, сонда ғана 23-24 миллиард шаршы метр суды үнемдеп алып қалуға болады екен. Бұл жылдан-жылға көбейіп келе жатқан халықтың суға деген сұранысын өтеп отырар еді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста