Абайдың екі-үш өлеңін жаттап алып, мен абайтанушымын дейтіндер де бар

Абайдың екі-үш өлеңін жаттап алып, мен абайтанушымын дейтіндер де бар

Жандос ӘУБӘКІР, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент:

 Алаштың ардақты азаматы, білімпаз ғалымы Ахмет Байтұрсынов: «...Қазақ­тың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ бала­сында біз білетін ақын болған жоқ...», – дейді. Ал Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға деген көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қаза­ғын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді...» деп пікір білдіріпті 1995 жылы. Күні кеше ғана сан ғасырлық азап пен сынақтан өтіп, бүгінде азат ел болып өмір сүріп жатқан қазақ қоғамына Абай әлі де жақын, әлі де жанашыр. Оның «қалың елі» үшін қайғырған дана сөздері болашағымыз үшін ауадай қажет екенін сеземіз. Төменде 70 жылдан астам тарихы бар Абайдың мемлекеттік тари­хи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры, фило­логия ғылымының кандидаты, доцент Жандос Әубәкірмен сұхбатты назар­ларыңызға ұсынамыз.

– Жандос Мағазбекұлы, әуелі Абай­дың дүниеге келген күні туралы айт­сақ...
– Қазақ даласында ұлы ақынымыз Абай­дың туған күнін тойлау әлі де бір ізге түспегендігі бізді де, Абай мұрасына аса ыждаһаттылықпен қарайтын азаматтарды да қатты алаңдатары сөзсіз. Ақын туған кү­ні­не қатысты екі ұдай пікірдің қалыптасып келе жатқандығы елдігімізге сын екендігі де ақиқат. Тамыз айы басталысымен Абай­дың дүниеге шыр етіп келіп, кіндік қаны тамған уақытты кең-байтақ тәуелсіз мем­ле­кетіміздің әр жерінде бір күнде емес, әр­қилы той­лауы­мыздың мәнісі де осы бір тоқ­тамға кел­ме­ген­дігінен екендігі де ақи­қат.
– Ел болып 1995 жылы 10 тамызда той­ладық емес пе, сол күнге тоқтай сал­сақ болмай ма? Абайтанушылар қай­сы­сына тоқтап отыр?
– Шындығында да, бүгінге дейін ұлы ақын­ның туған күні 10 тамызда тойланып кел­ді. Бұл ретте мына жайларды да ескере кет­кен жөн: 1909 жылғы жинақта да, Ә.Бө­кей­­хановтың жазғандарында да ақынның нақты қай күні туғаны туралы еш жазыл­ма­ған. Ал абайтанушы Қайым Мұ­ха­мед­ха­нов­тың сөзін келтірсек: «Мұхтар Әуезов сол 1933 жылдан бастап, өмірінің соңғы жыл­да­рына дейін Абайға арнаған мақа­ла­ла­рында (Тегінде Мұхтардың Абайдың өмір тарихына арналған еңбегінің төрт нұсқасы бар: 1933, 1940, 1943 және 1950 жылы жаз­ғандары), ең соңғы монографиялық үлкен еңбегінде де Абайдың туған айын, күнін атап жазған емес». Шындығында да, М.Әуезов Абай ғұмыр­намасын төрт рет жазғанда да ақын­ның туған күнін атамай-ақ: «Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайла­ған тобықты руының ішінде 1945 жылы туған», – деп жазған. 10 тамыз деген деректі беруші – Әрхам Ысқа­қов. Абай өмірі туралы мол мағлұмат берген ғалым: «1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұлы дүниеге кел­ді», – дейді. Жаңаша деп тұрған жоқ, ескіше 10 тамыз деп жазылған. Ал Қазақ календарі 1975, 1976 жылдары және 1985 жылдан 1990 жылға дейін 8 тамыз деп де мағлұмат беріп келді емес пе. Қайталап айтсақ, ақын­ның туған күні 23 тамыз болса, ендеше, біз неге алдағы уақыт­та қате күнмен тойлауымыз керек. Өткенге өкініш білдірмей-ақ енді бір ізге түсуіміз, яғни қате кеткен жерлеріміз болса, түзеуіміз қажет. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» емес пе?
– ХІХ ғасырда дүниеге келген ақын-жазушыларымыздың туған күндері қалай болмақ?
– Қазақтың көзі ашық, оқыған азамат­тары өмірлеріне қатысты күндерді бірден реттеп алғандығына, жаңа стильді бірден пайдаланғандығына дәлел ретінде ұлы жа­зу­шымыз Мұхтар Әуезовті алсақ... М.О.Әуе­зов­тің 28 қыркүйек күні дүниеге келгендігі баршамызға аян. Барлық еңбектерде де осылай жазылған және бұл – ақиқат. Назар­ла­рыңызды ұлы жазушының жүз жыл­дығы кезінде жарық көрген ғұламаның ту­ған күнінен бастап, әр өмір кезеңін қамтитын бір кітапқа аударғанды жөн санадым. Яғни 1997 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» атты кітаптың маңызы зор. Соның алғысөзден кейінгі 1897 жылғы маңызды өмір сәттері жазылған 9-бетіндегі бірінші дерекке, алғашқы сөйлемге көз жүгіртсек: «Мен 1897 жылы қыркүйектің 15-інде туып­пын. Туған жерім – Семей уезіне қараған тобықты іші». Бұл сөздерді жазып отырған автор кім, ол – М.Әуезов. Өзінің туған күні туралы жазып отыр. Және де 28 қыркүйек деп отырған жоқ. Осы ретте құрас­ты­ру­шының жақша ішіндегі жазғанын да кел­ті­рейік: «Бұл ретте туған күнін жылнаманың ескі есебі бойынша көрсеткен болуы керек». Міне ғұлама ғалым бір ғана жерде өзінің туған күнін 15 қыркүйек деп ескі стиль бойын­ша жазыпты. Басқа бір жерден кез­дес­тіре де алмайсыз. Яғни біз дауласпасын, шатаспасын деп М.Әуезов өз туған күнін бірден жаңа стильге, 28 қыркүйекке ауыс­ты­рып қойған. Бұдан артық дәлелдің қажеті де жоқ сияқты. Қаныш Сәтбаевқа қатысты ең­бектерді оқысақ та, ескіше 31 наурыз және жаңаша 12 сәуір деген күндерді байқай аламыз.
Бұл жерде де өзге халықтардың бұл ба­ғыт­тағы жеткен жетістіктерін айтпай кетпеске болмайды. Мысалы, Пушкиннің, Толс­той­дың әр күнгі өмір тарихы жазылып қойыл­ған, белгісіз күндері мен сағаттарына дейін жазы­лып жатыр. Әрине, оған естеліктер жазы­луы­ның әсері, зерттеулердің көптігі, хаттарының сақталуы себеп бола алады. Егер біз Абайдың туған күнінен бастап, өмі­рінің әр уақытын жылнама етіп жазып шық­сақ, нұр үстіне нұр болады емес пе.
– Мұражайдың бүгінгі тыныс-тір­ші­лігіне тоқталып өтсеңіз...
– Мұражайдың күнделікті іс-шарасы – Абай мұрасын насихаттау. Оны жас ұр­пақ­тың санасына құю. Абайдың шығармалары мен ақын шәкірттеріне қатысты шара­ла­ры­мыз науқаншылық сипат алмайды. Десе де дәс­түр бойынша, біз 23 тамыз күні таңер­тең­нен Абайдың өлеңдері аулаларда дыбыс­ты қатайт­қыш қондырғылар арқылы шырқа­ла­ды. Абайдың ескерткішіне гүл шоқ­тарын қоя­мыз, ақындар өлеңін оқиды, содан кейін мін­детті түрде әдеби-танымдық кеш өткі­зе­міз. Биылғы кешіміз Абайдың 1902 жылы жазған өлеңдеріне 110 жыл то­луына орай өтпек. Жидебайда құран бағыш­талып, іс-шара­лар ол жақта да жалға­са береді. Биылғы жылы сонымен қатар Әсеттің 145 жылдығы. Мақаншыдағы мұра­жай­дың бөлімшесінде танымдық кеш өткізу жоспарланып отыр. Абайдың қараша­ңы­ра­ғында күнде ашық есік күні болады десе де болады, өйткені мұра­жай­ға кіру тегін. Ал 23 күні біз түрлі тақы­рып­тық, бағытты экскур­сия­лар жүргіземіз. Тағы басқа көрмелер жасап, жергілікті теле­ар­на­лардағы хабар­лар­ға да қатысатын боламыз. Ал Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығы биыл да ерекше түрде аталып өтіледі. Бұл шаралар қыркүйек, қазан айларына жоспарланып отыр.
– Байқағанымыз, мұражайда күрделі жөндеулер жүріп жатқан сияқты, құрылыс жұмыстары қашан аяқталады?
– Абайдың 150 жылдық мерейтойы кезінде Абай мұражайы өзінің қанатын кеңге жайып, үлкен-үлкен ауқымды істер атқа­рылды. Бірақ содан бері қанша уақыт өтті. Күрделі жөндеу қажет ететін тұстар көп. Осы мұражайдың бас ғимаратында да, Жиде­бай­дағы кешенде де, Бөрілідегі, Мақаншыдағы бө­лімшелерде де, «Алаш арыстары» мұра­жайында да кезегін күткен жөндеу жұмыс­тары көп-ақ. 2010 жылы осы мұражайға басшы болып келгеннен бастап, осы түйт­кілдерді Мәдениет министрлігі алдына қойып, ол жақтан зор қолдауға ие болдық. Өткен жылдан бері үлкен шаруалар атқа­ры­лып жатыр. Ол, біріншіден, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесі. Кезінде құры­лыс­ты тез бітіру мақсатында асығыстықтар, шала істелген жерлер болған. 2011 жылдан бастап «Қазқайта жаңғырту» мекемесі жөндеу жұ­мыс­­тарын жүргізіп жатыр. Ол биыл да жалғасты. Бүкіл амфитеатр тастары алынып, астарында су кетеді деген жерлерге гидрои­зо­ляция жасалып, арнайы төсеніштер қойы­лып, шамдары жаңартылуда. Ол жұмыс­тар, Алла қаласа, тамыздың аяғында бітуі тиіс. Сонымен қатар Семейдегі Ахмет Риза мед­ресесі де, мешіті де күрделі жөндеуден өтуде. Осы күнге дейін бұл жұмыстарға рес­пуб­ли­ка­лық қазынадан шамамен 80 млн теңгедей қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар алдағы жыл­дары да жалғасын табатын болады.
– Абайдың ақын шәкірттерін дәріптеу қандай деңгейде?
– Көкбай мұражайының былтыр 150 жылдық тойы кезінде құжаттарын жөндетіп, өз меншігімізге толық алдық, енді 2013 жылға министрліктен штаттық бірлік сұрап отырмыз. Мақаншыда Әсет мұражайы жақ­сы жұмыс істеп тұр. Болашақта Әріп мұра­жайы да ашылса деген асқақ ойымыз бар. Аягөздегі жерлестеріне, әріптанушыларға арнайы ғимарат болса деп айтып жатыр­мыз. Жақсы ғимарат табылып, ел болып көмек­тесетін болса, болашақта біз өзіміздің менші­гімізге алып, мұражай қылып аша аламыз. Абайдың басты ерекшелігі оның баға жетпес құнды бай мұрасы, шығар­ма­лары болса, одан кейін оның ақын шәкірттер тәрбиелеуі. Заманында Абай сияқты артына мектеп қалдырған бізде ақын жоқ деуге де болады. Абай мектебінің шәкірттері Шәкәрім, Ақылбай мен Мағауия, Әсет пен Әріп, Көк­бай­лардың әрқайсысының қазақ әдебиеті тарихындағы орны ерекше ғой. Бұған біз Абай мектебі дәрежесінің соншалықты кең, биік екендігін көре аламыз. Ендеше, біз Абайды таныту үшін Абайдың айналасын да танытуымыз керек. Абайдың жаққан жары­ғының ел-елге, жер-жерге жеткендігін қада­ғалауымыз керек.
– Бүгінде мұражайда қанша жәдігер бар?
– Қазір 19 891 жәдігер бар. Соның ішін­дегі ең құндысы – Абайдың өз қолымен тапсырған дүниелері. 40-жылдары мұражай ұйымдастырылған кезде Әрхам мен Қайым ағаларымыз осы жәдігерлерді жинақтаумен шұғылданды. Сол тұста басқа да көптеген адам ерікті түрде Абайдың туыстарында, жора-жолдастарында, жалпы көптеген кісіде қалған дүниелерді жинақтаған. Біздің мұра­жайдың құндылығы – Абайдың өз зама­нындағы жәдігерлердің сақталуы. Мысалы, Жидебайға барсаңыз, Абай қолдан­ған заттар­­ды, отбасы мен ұрпақтарында қалған жәдігерлерді көре аласыздар. Ал Семей­де Абай­дың кезінде өз қолымен өлке­тану мұражайына тапсырған заттары тұр. Таза қазақтың тұрмысына қажетті 17 бұйым­ның біз үшін алатын орны ерекше.
– Жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынуда қандай тың ізденістер бар?
– Біз қазір «Абай мұражайының кітап­ха­насы» сериясымен кітаптар, мұражай бөлім­дері туралы кітапшалар, «Абай мұра­жайы­ның жәдігерлері» деген буклеттер шығара бастадық. Өйткені екінің бірінің осында келіп, көне архив деректерімен, естеліктермен танысуға мүмкіндігі бола бермейді. «Абай мұражайының хабаршысы» деген журналды жүйелі түрде шығарып отырмыз. Мұражайда сақталған заттардың әрқайсының тарихы жайлы сыр шертіп, мәліметтер ұсынып келе­міз. Мұражайдың тыныс-тіршілігіне арнал­ған кітапшаларымыз да бар. Күнделікті іс-шара­ларымызды таныстырып тұратын, мұра­жайдың тарихы мен бөлімдері, тарихи ескерт­кіштер туралы мол мәліметтер жинақ­талған арнайы сайтымыз да жұмыс істейді. «Асыл қазына» атты газетті де шығара бас­тадық.
– Шетелдердегі мұражайлармен бай­ла­нысып тұрасыздар ма?
– Ресейдің өзіміз сияқты мұра­жай­ла­рымен байланысты жандандырып жатыр­мыз. 2010 жылы Ясная Полянаға барып, Толстой музейінде болдық. Олардың ерек­шеліктерін байқап, үлгі алатын тұстары көп екенін байқап қайттық. 2011 жылы Мәскеуде өткен халықаралық «Интермузей» жиынына Қазақстаннан арнайы барып Абай мұражайы ғана қатысты. 2011 жылы Михайловскідегі Пушкин мұражайын көріп қайттық. Ол жақ­тағы ең бір қатты қызығатын дүние – Пуш­кин­ге деген халықтың құрметі. Сол Пушкин мұра­жайында 860 адам жұмыс істейді екен. Тек қана Пушкинтану орталығында 65 ғылы­ми қызметкер бар. Бұдан бөлек штаттан тыс, ел-елден, жер-жерден келіп, өздері мұра­жайға көмектесетін жастардың да қарасы көп. Бізде Жидебайды қасиетті жеріміз деп тебіренеміз де қоямыз. Келу, көру, тағзым ету бар да, қызмет ету жоқ. Біздегі мұражайда барлық бөлімдерді қосқанда 82 адам ғана жұмыс істейді. Жақында Мақаншыдағы бөлім мең­герушісі Әбен Разуев екеуміз Абай, Шәкәрім, Әсет ақындарға қатысты дерек­тер жинау мақсатында Қытай мемлекетіне барып қайттық. Әсет өмірінің соңы Қытайда өтті. Сон­дағы қабіріне зиярат етіп, Құран бағыш­тадық. Құлжа ауданының бір топ өнерпазы Әсеттің әндерін шырқады. Қазақстаннан арнайы барып, Әсет ақынның мұраларына ден қойып сапарлағанымызға ол жақтағы ағайын да рухани жағынан көтеріліп қалды. Шетелмен байланыстар мүмкіндігінше жанданып келеді. Қазір қызметкерлерімізді Омбы, Мәскеу, Петербор архивтеріне жібе­ріп жатырмыз. Тұрағұлға, Оспанға қатысты, әсіресе Көкбайға қатысты тың деректер табы­лып жатыр. Мәселен, Көкбайдың би болғандығы жайындағы деректер енді шығып жатыр.
– Жәдігерлерді қалай жинақ­тай­сыз­дар?
– Биыл арнайы жәдігерлер сатып алуға қаражат бөлінді. Біз Абай дәуіріне қатысты біраз дүниені сатып алдық. Мысалы, бір кісі Шақпақ жайлауынан тауып алдым деп, мылтықты сыйға берді. Тағы бір кісі Шәкәрім қаза тапқан Керегетас маңынан гильза тауып әкелді. Мүмкін ол Шәкәрімге атылған оқтың бірі болар, кім біледі... Міне, осындай заттар келіп жатады. Былтыр Ишағы, Ғазел апа­ла­ры­мыз сақтаған Абайдың 100 жылдығына арнайы қолмен тігілген кілемді беріп жіберді. Ол да – үлкен тарих. Абай заманындағы Абай­ға қатысты заттар болса, бізге әкелі­ңіз­дер деп халыққа талмай хабарлап айтып отырамыз. Әзірге тікелей мынаны данышпан ақын пайдаланыпты деген жәдігер келген жоқ.
– 1995 жылы Елбасымыздың баста­ма­­сы­мен ЮНЕСКО көлемінде Абай арқылы қазақ­ты әлемге таныттық. Одан бері де бір бозбаланың ғұмырындай уа­қыт өтіпті. Абайға қатысты бұрын біз біл­ме­ген тың дерек­термен бөліссеңіз... Мәсе­лен, даныш­пан ақынның дінге қа­тыс­ты ұстанымдары өлең­дері мен қа­ра сөздерінде тұнып тұр. Бірақ біз Абай ата­мыз намаз оқып, ораза ұстаған дегенді еркін айта алмай келдік...
– «Абай туралы естеліктер» деген кітап шығардық. Бұл кітаптың мәні не? Бұл кітапқа Абай­ды көрген адамдардың естеліктері көптеп енген. Біздің әдебиетші ғалымдардың, абайтанушылардың негізге алатыны не, ол – алдымен Абайдың шығармалары, мұра­лары, содан кейін барып осы естеліктер. Ол – Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың естеліктері, Тұрағұлдың естелігі, Көкбайдың, Төлеу ақынның естелігі. Осындай көптеген естелікті біз кітап етіп шығарып жатырмыз. Бір ғана Көкбайдың естеліктерінде Абайдың мінез-құлқы туралы айтып өтеді. Көрнекті ғалым Ғарифолла Есім Абайдың діни көзқарасын оның өлеңдері мен қарасөздері арқылы тамаша зерттеп, талдап берді. Абайдың орыс миссионерлерінің бетін терең біліммен қайтара білуі туралы естеліктер оның діншіл­дігін, турашылдығын көрсетеді. Бір ғана 38-қара сөздің өзі Абайдың қанша тереңге кет­кенін көрсетіп тұр емес пе? Абайша айтсақ, «өлшеулі мен өлшеусіз тең бола ма?» Абай дәре­жесіне жету үшін терең білім керек. Үлкен ізденіс керек. Мысалы, қазіргі күнде Абайдың екі-үш өлеңін жаттап алып, мен абайтанушымын дейтін кісілер көбейіп кетті. «Біз Абайды зерттеп болып қойдық» дейтін адамдар да кездеседі. Абайды толықтай тану мүмкін емес. Абайдың өлеңдерінің қыр-сырын тану, қара сөздерін зерделеу түгесіл­мес дүние десек, артық айтқандық емес. Бұл күнге дейінгі еңбектерді жоққа шығар­май­мын, бірақ әлі де ақынның ашылмаған қыры көп. Бір ғана 38-қара сөзді талдап шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
– Оны айтып отырғаным, Абайды «та­нып-біліп» қойғандар оны өз мүдделеріне бұр­малап, кришна, басқа да секта, ағымдарға бұрмалағысы келе­ді. Ал біз бас ақынымызды сол пәле-жалалардан араша­лап алып жатырмыз ба? Мүмкін, мұның бәрі білімсіздіктен болар? Тіпті осы жерде қазіргі келеңсіз құбылыстарды Абай атамыз сол кезде-ақ суреттеп кеткендей көрінеді маған. Он алтыншы сөзінде: «Қазақ құлшы­лы­ғым Құдайға лайық болса екен деп қам же­мейді. Тек жұрт қылғанды біз де қы­лып, жығылып тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным – осы, біттім деп, алсаң — ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дей-тұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазар­тып, ойланып, үйреніп әлек болмайды», – депті.
– Бір Аллаға сиынып, діни білім алып, намаз оқып, ораза ұстаса да, Абайдың құл­шы­лық қылғаны туралы айтуға тыйым салын­ды. Біз неғұрлым кеңестік қоғамның талабына сай нәрселерді ғана айттық. Бір ғана Құнанбайды алайықшы... Ол сияқты тұл­ға қазақта аз ба? Меккеге барып тәкиа сал­дыр­ған, Қарқаралыдан мешіт көтергізген, сондай тақуа жанның ұрпағы – Абай. Ал оның діннен алыс болуы мүмкін емес. Қазақтың ұстанғаны бір-ақ дін, сенетіні бір Алла ғана болды. Абайдың әрбір сөзі – Алланы сүю, жүрек көзі, білім. Ең негізгі, басты-басты нәрселер – осы. Алланы сүю арқылы адам­затты сүю.
– Жоғарыдағы қара сөз 1893 жылы жазылыпты. 120 жылға жуық уақыт өтіп­ті. Иә, қоғамда өзгеріс көп, қолы­мыз­да ұялы телефон, төрімізде теле­ди­дар, ғаламторды игере бастадық. Алай­да Абай сол кезде айтқан «ауру» әлі бар сияқты...
– Абай заманынан озық туды. Озық туды да, өзі білім, ғылым жолын іздеді. Жас ұрпаққа тек білім ал, сауатыңды аш демейді. Үлкен ғылым жолын ұсынады. Ғалым бол дейді. Алдымен білім алып, сосын барып амал қыл дейді. Қазір көп қателікке жас­та­рымыз білместікпен барып жатыр. Біз қазір өзге елдердің философтарына көп жүгіне­тінді шығардық. Әйтпесе қазіргі қоғамдағы кез келген түйткілді тарқату үшін Абайға үңілсек, тығырықтан шығар жолды еңбек­те­рінен тауып алуға болады. Қазір жер-жерде абайтану орталықтары бар. Бірақ осылардың барлығының бір-бірімен байланысы әлі де аз. Яғни осы орталықтар бір жүйеге түсірілсе, Абай мұражайының төңірегіне топтас­ты­рыл­са... Ғылыми-зерттеу институттарын осында құрса... Содан кейін барып, Абайды әр бағытта зерттеп жатса, бұдан артық не керек? Мысалы, Ресейдегі Пушкинтану орталығы қандай жүйелі түрде ұйымдастырылған! Мәскеуде, Петерборда отырған жоқ, Михаи­ловскіде отырып-ақ талай шаруаны атқарып жатыр. Біз де қазір ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жандандырып, естеліктерді жинақтап, кітаптар шығарып жатырмыз. Болашақта, менің ойымша, бұл істі тереңдету керек. Дағдарыс өтер, кетер. Ал Абай мұрасы мәңгілік қой. Мұнда қолжазбалар бар ма – бар, тарихи жәдігерлер бар ма – бар, ел іші ме – ел іші. Біз осы жерден орталықты құрып, Абайды насихаттайтын болсақ, керемет болар еді.
– Абай ұрпақтарымен хабарласып тұрасыздар ма?
– Міндетті түрде. Ғазел апамыз қайтыс болды. Қазір Ишағы апамыз бар, Ақтаудағы Айдар бар, Зайсанда Күлзипа апамыз, Алма­ты­да Касира апамыз бар. Ұлдан тараған жал­ғыз ұрпақ Айдар, оның ұлы Данияр бар. Данияр Ақылбаев Алматыда тұрады. Ақын­ның 165 жылдығында Абай ұрпақтарының бас­ы бір қосылған. Олармен байланысып оты­рамыз.
– Әңгімеңізге көп рақмет, еңбек­те­рі­ңіз же­місті болсын!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста