Әйел – нәзік жанды. Асып бара жатқан физикалық күші жоқ, бірақ рухты, шыдамдылығымен мықты. Үй жинайды, ыдыс-кір жуады, бала туады, балаға қарайды, ауырса емдейді, поликликаналардың табалдырығын тоздырады, алыстан азық-түлік тасиды, тамақ жасайды, қонақ күтеді, қоқыс төгеді... Бітпейтін ұсақ-түйек шаруалар тізімі. Көзге көрінбейтін дүниелер. Мұның бәрі дер кезінде істелмесе хаос болады, істелсе қалыпты жағдай.
Сол себепті де дүниедегі ең ауыр жұмыс – 24 сағат үйде отыру, осы бір бітпейтін істермен айналысу. Кейде таң қаламын осының бәріне әйелдер қалай үлгереді, шаршамайды ма, жалықпайды ма деп. Сөйтсем, үлгеруге тырысып, шаршап, сүрініп-қабынып, әбден зерігеді екен. Бірақ амал жоқ. Көну керек, төзу керек. Ол – әйел. Ол – жар. Ол – Ана. Ендеше, әйел басына төнген ауыртпалық бұлты аздай әйелге күн нұрын шашу түгілі таяқ астына алып, найзағай қаһарын төгіп, көзіне көк шыбын үймелететін еркектер бар. Негізі үйдегі зорлық-зомбылық –бүгінгі күні өршіп тұрған өзекті мәселе. Жоғарыдағы жазған тірліктерді күн сайын атқарып жүрген әйелдің шынымен де қырық жаны бар. Бірақ ол ұрып-соғуға шыдауға міндетті емес. Біз ұлдарымызға дұрыс тәрбие бермейміз-ау. Біз еркектерді төбеге көтереміз де әйелді тек 8 наурызда гүл сыйлап, қыдыртып, махаббатымызға бөлеп, елейміз. Әрине, кейбіреулер бұл еркектің өзіне де, әйелдің өзіне де байланысты деп қарсы шығады. Ол да бар, сөзсіз. Дегенмен, қоғамда әйел болғасын бәріне көнуі қажет деген ұғым қалыптасқан. Отбасын сақтайтын әйел (көбінесе), бала әкесіз өспесін деп шыж-быж болатын әйел (әйел), бүгін не жейміз, етті қайдан сатып аламын, қандай ақшаға аламын, ақшаны қалай жеткіземін деп қиналатын да әйел, балама киім әперсем ғой деп қынжылатын әйел (көбінесе), қонақ келсе алдарына қояр дәмді асым жоқ деп қысылатын да әйел. Отбасына қатысты бүкіл жауапкершілікті алып жүрген әйел (көбінесе), қысқасы. Еркектер ең болмағанда оларға қол көтермесе екен. Махаббат келмеске кетсе сыйластықпен өмір сүруге тырыссын. Сыйластық қалмаса дұшпанға айналмай «бостандыққа» жіберсін. Ашулы, ызалы, шаршаған әйелден қайбір ұрпақ дүниеге келеді?! Әйелді бақытсыз ету, өз раушан гүлін сорға шыдамды шөп-шаламға айналдыру қаншалықты еркекке жарасымды?!
Жазира Байдалы