Қайынжұртым орамал таққызбайды

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Күнделікті тіршілікте ғаламторды ақтара беруге де уақыт табыла бермейді. Оның үстіне саны көп сапасы жоқ сайттардан өзіңе қажетті дүниені іздесең, әрнәрсеге көзің жүгіріп, уақытыңды текке өлтіріп аласың. Өзім қазақ қыздар университетінің мұғалімі болған соң қазақ сайттарынан тағылымдық дүниелерді жиі іздеймін. Бірде отбасылық құндылықтарға қатысты материалдар іздеп отырып, ғаламтордан «Алаш айнасы» интернет-газетін тауып алып, жерден жеті қоян тапқандай қуандым. Себебі осы сайттағы «Отбасы – ошақ қасы» айдарында қаншама адамның тағдыры, арман-тілектері ақ қағазға хат болып тізілген десеңізші. Хаттарды үзбей оқып жүріп өзім де көптен бері ешкімге айтуға батылым жетпей жүрген ішкі сырымды ақтаруға бел будым. Мүмкін менің хатым бір оқырманға болса да ой салар....
Мен ұлан ғайыр аумақты алып жатқан қазақ даласының оңтүстігіндегі шағын ауылда туып, өстім. Бала күннен көргенім Қызылорда облысына қарасты Арал ауданындағы Шижаға ауылының тұрмыс-тіршілігі. Біздің ауылда аспанмен тірескен таулар, сарқырап аққан өзен, жайқалған жасыл-желек те болмады, бары тек өркеш-өркеш құм төбелер. Сондықтан ба, ауылда біз қызықтайтын еш нәрсе болмады. Балалық қиялымызбен ананы бір, мынаны бір ойын етіп өстік.
Жазғы демалыста бар қызықтайтынымыз – ауылдағы той. «Келін келеді екен» деген сыбысты естігеннен екі көзіміз ауылға кіретін ұзын жолды торуылдаумен болады. Арқан тартып жас келін мінген машинаны тосып алып, келін түсетін үйге дейін жүгіре жүріп жеткізіп саламыз. Сондағы бар ойымыз машинадан түскен ақ көйлекті келіншекті көру. Бірақ бізге көру қайда, шашу шашылады, апалар келіп жеңгейдің басына орамал салып үйге алып кетеді. Сонан той күні беташар рәсімі үстінде беті үлкен жаулықтармен жабылған келіншекті көруге тырысып, беташарды соңына дейін тыңдаймыз. Той өткеннен кейін де сол үйді аңдумен боламыз. Орамал таққан жас келін су төгуге шыққанда қызыға қарап отырып, көріп қалғанымыз «әне келіншек» деп өзгелерден сүйінші сұрап айғайлаймыз. Осындай көріністерге куә болып өскеннен кейін бе, маған жас келін орамалымен әдемі көрінетіндей боп тұрады. Қазақтың келіні дегенде көз алдыма ауылда көрген ибасы мен ізеті мол жанарын тіктемейтін орамалды жеңгелерім келеді.
Қыз болып етек жинағалы бері мен де босаға аттап келін атанатынымды білдім. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» демекші, мен де көрген өнегем мен алған тәрбиеме сай келін болатын күнімді арманға қосып, кейде орамал да тағып көретінмін. Студент кезімде «Жігіттер» тобының орындауындағы «Жеңеше-ай» әнін сүйіп тыңдайтынмын. Сол әндегі
«Ешқашан егес бастаған емес,
Орамалын басынан тастаған емес.
Туғандарыма қонған бағыма,
Орамалы сияқты аппақ ары да» деп келетін тұсындағыдай басыма ақ орамал тағып ибалы келін, инабатты жеңге болуды армандаушы едім.
Осыдан 4 жыл бұрын 26 жасымда Алланың бұйрығымен шығыс өңіріне келін болдым. Бірақ мені балалар арқан тартып күтіп алмады да, ақ жаулықты апалар басыма орамал да салмады. Себебі бұл өңірде қазақтың бұл салты сақталмапты. Сөйтіп менің «ақ жаулықты келін болам» деген арманым тек арман күйінде қалды.
Биыл келін болғаныма төрт жыл, әлі де орамал таққым келеді. Бірақ қайын жұртым орамал тағу «тек оңтүстікте сақталған, ескі салт. Онда тұрған ештеңе жоқ» деп біледі. Кейде тіпті қайын әпкелерім үйде орамал тағып жүргеніңмді көрсе «алып тасташы» деп ренжиді. Мен әулеттің кенже келінімін, қайын ағаларым, қайын әпкелерімнің, олардың балаларының бір ауыз сөзін жерге тастамауға тырысамын. Ең қызығы, олар өздерін жаңа заманның адамымыз деп есептесе де, келінді қалай жұмсау керектігін жақсы біледі. Ал келіншектің орамал тағып, сәлем салуын, жасанды сыйластық деп түсінеді. Менің қайынжұртым секілді қазақтың үлкен әулеттері талай қазақтың ертеңін дәл осындай түсінікпен тәрбиелеп жатқанын ойлағанда «сонда біздің салтымызды ертеңге кімдер жеткізеді» деп іштей қынжыласың. Қазақтың келіні мен анасының болмысы қандай болу керектігін білмей өсіп келе жатқан әулет қыздарының да болашағына алаңдайсың.
Алаң болып жүрген көңілімнің күдігі былтырғы жылы шындыққа айналды. Әулеттің ерке қыздарының бірін Жамбыл өңіріне ұзаттық. Қайын сіңілім қайын жұртымен келін болмас бұрын танысып, ұнатып жүрді. Жастар бірін-бірі танып-біліп, отау тікті. Қазақтың алыс-беріс салт, жоралығыларының бәрі орындалды. Заман талабына сай үлкен тойханаларда қыз ұзатылып, үйлену той да өтті. Құдаға ірге көрсету деген дәстүрмен құдалар жаңа құдаларын үйлеріне шақырды. Даудың басы дәл осы күннен басталды.
Құдаларға деген сәлемдемені алып, «қызымыз қандай жерге келін болды екен» деген оймен тойдан соң жаңа құдаларға қонаққа келдік. Ақ көйлекпен ұзатылған ерке қызымыз бізді ақ орамал тағып күтіп алды. Құдалар келді деп күтіп тұрған жұрт қарасы көп. Шашу да шашылып жатыр. Қызының басындағы орамалды көрген абысыным «мұнысы несі, біздің елде орамал тартпайды ғой» деп орамалды жұлып алды. Сасқан жұрт елемеген боп құдаларды үйге кіргізіп жатыр. Бұл абыроайсыздықты көрсек те, көрмеген боп тұрмыз. Ас беріліп, шай ішіліп, құдалар ән-күймен күтіліп жатыр. Айналама көз тастап отырып күйеубаланың шешесінің көңіл-күйінің жоқ екенін байқадым. Жаңа құдағиымен оңаша да сөйлесіп келді. Байқағаным, абысыным қызымыздың келіндік міндеттерін орындағанына қарсы сияқты. «Менің жалғыз қызым ол үйдің отымен кіріп, күлімен шықпайды» деген абысыным өз пікірінен таймаса, «мұнда ел-жұрт отыр ол бұл елдің салты деп түсіндірген құдағи да қоштасарда «орамалыңды тақпасаң осы бөлмеден шықпайсың» деп қызымызды сыртқа шығармады. Құдағи боп барған әйелдер жағы ақыл айтпақ боп абысынмен де, қызбен де сөйлесіп әлек. Ақыл тыңдар қыз жоқ «мен тек мамамен сөйлесем» деп қырсығып ол тұрды.
«Орамал таққанда, қайын жұртыңа иіліп қызмет еткенде не тұр?» деген түсініксіз ойда жүріп, құдалардың сый құрметін көріп қайттық.
«Мен мұндайға төзе алмаймын, папама айтыңыз, мен кетем» деп қасарысып қыз қалды.
Осы күннен басталған екі құдағи арасында кикілжің асқына берді. Екі жақ бір-біріне қырғи қабақ болып жүрген күйі немерелі болды.
Баяғы бітіспеген дау қайта қозғалды. Қызымыздың жас нәрестемен перзентханада жатып «мен шыққан соң үйге папам мен мамам келеді» дегенін естіп енесі мен атасы қарсы болады: «Құдағилармен арамыз жақсы емес, қыс болса мынау, алыстан келмей-ақ қойсын. Жазда өзің барып қайтасың» дейді. Бұған көнетін ерке қыз ба, «ол үйге папам мен мамам бармаса, мен де бармаймын» деп қырсығады. Екі ортада жігіттің басы қатып, ақыры әкесінің айтқанына көніп, ажырасуға бел байлады. Еш жазығы жоқ пәк періште атасы мен әжесінің мейірімін көрмей, әкесінің құшағына емес перзентханада нағашыларының үйіне келді. Кінәні әркім әр жақтан іздеп әлек болды. Бірі енесін, бірі атасын, бірі күйеу баланы жамандап жатты. Кінәлінің кім екенін бір Алла біледі ғой, бірақ маған ерке қыздың еркелігі бар дауды ушықтырғандай болды. Себебі ерке өскен қызды бетінен қақпай өсірген ата-анасы ерте ме, кеш пе біреудің босағасын аттайтын қыздарын ибалы келін болуға тәрбиелей алмағаны өкінішті. Біз «басыма салды, көндім» деп өздерін жұбатқан қазақ әйелдерінің сарқыты емеспіз бе? Менің қайын сіңіліме осы жұбату жетіспеді ме деп ойлаймын.
Бір орамалдан туған ұрыс, бір отаудың бұзылуына, бір баланың әкесіз қалуына алып келді. Орамалда киелілік бар деп ертеде орамалды аттамаған, баспаған, дау шешкенде орамал тасталса тоқтамға келген екен. Сондықтан қазақтың әр қызына ақ жаулықтың қасиетін айтып отыратын есті әжелер, абзал аналар, жанашыр жеңгейлер көбейсе екен деп тілеймін.

Гаухар Көшербайқызы, Алматы қаласы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста