"Кодировка" деген ем емес екен

"Кодировка" деген ем емес екен

Арақты қойғалы өзімді немен алдандырарымды білмей, көп жүрдім. Үйдегі келін мұғалім еді, соған керек деп қыста балам компьютер алған, оны интернетке де қостырып қойыпты. Алғашында пластмасс қорапқа жоламай алысырақ жүретінмін. Жақындап кетсем бірнәрсесі бүлініп, атылып кететіндей қатты қорқушы едім. Бірақ немерелерім күні ұзақ осы пәледен түспей қойды. Денсаулыққа көп зияны бар көрінеді. Содан маған тапсырма берілді (баяғы кемпір ғой бұйырып жүрген...) Қалай да мен немерелерімді сол жәшіктен ажыратуым керек болды. Қызық болғанда қазір немерелерім емес, менің өзім сол компьютерді тізгіндеп алғам. Бұрынғыдай үйге ағылып келіп жатқан газет-жорнал деген жоқ, оны сатып алу үшін орталыққа баруың керек. Ал мынауың жақсы болды, барлық газет-жорнал деген осында, дап-дайын тұр екен. Тек экранға телміріп отыратын жаман жағы болмаса, жоқтан жақсы әйтеуір. Ғаламторды қопарыстырып жүріп «Алаш айнасы» газетінің сайтына тап болдым. Ішінде оқырмандар хатына арналған арнайы айдары да бар екен. Ондағы көп оқиға отбасымызды бүтіндей толғандырды. Сөйтіп мен де өз басымнан өткен оқиғамен бөліссем деп хат жазып отырмын. Өйткені қазақтың көп жанұясысы үшін залал әкелуші қу арақтан құтылу, бүгіндері қиынның қиынына айналып тұрғанын өз басым жақсы білемін...
Кеңес заманы құлап, колхоз-совхоз ыдырап, ондағы мүліктің барлығы жекенің қолына кеткенде, шыны керек, түксіз қалдық. Бәрінен бұрын жұмыстан айырылу ер азамат үшін қиын екен. Бүтін ауылдың тең жартысынан көп еркегі жұмыссыз, жастаулары қалаға тартты. Ал орта жастан асып, бірақ зейнетке сол күйі ілінбей қалғандардың қолынан не келсін?.. Ештеңе... Марапаттап, көңіл бөліп тұратын заманға үйреніп қалғандікі ме, бір күнде жарамсыз заттай далада қалғанда басында абдырап, артынан текке кеткен өміріне өкініп, ақырында ішті күйік шалып, оны басу үшін ағарғанға бас қойған едік. Рахаты рахат!.. Ойда ештеңе жоқ, бір жүз грамм болса, болды! Сөйтіп жүргенде уақыттың зырылдап жатқанын байқамайды да екенсің... Бір күні қаладағы оқудан демалысқа оралған қызым «Өскеменде Молодежный деген жерде бір мықты кодировка жасататын әйел бар деп естідім, мен сізді соған апарамын» деді. Ол үшін үш күн ащы сусыннан татып алмау керек екен. Бірінші күні ауырып жатқан адам құсап, үйдегілер өз істеріне айналып кеткенде сытылып қашып кеттім. Алайда онымнан түк шықпады. Стақандас достармен отырған жерімнен ұлым тауып алды да мал қораға қамап тастады. Әй, өмірімде бұлай ешқашан қорланбаған шығармын. Сонда да «қазір осы арадан шықсам осы қорлығым үшін «ақтан» басамын тағы» деп ойлап қоямын. Бірақ бала-шағам әбден кіріскен екен, әйтеуір Өскеменнің Молодежныйынан бір-ақ шықтым. Адам көп. Емші әйел алдына келген адам басына қолын жыбырлатады, болды, содан соң жібере береді. Адамның күлкісі келеді екен, әрине сенгенім жоқ. Қызыма «Әй, сенің көзің ашық емес пе, осындай сиқырға да сенесің бе» деп әбден ұрыстым. Кетерде емшіміз «Аға, араққа енді жоламаңыз, ішсеңіз өлесіз немесе мүгедек боп қаласыз» деп ескертті. Ішімнен «жағыңа жылан жұмыртқаласын» дедім. Үйге келдік, қызым қалаға оқуына кетті. Енді кірісе беруге болады деп ойладым. Көшеге барып арақ сатып алып келдім. Әй, ит екеш ит өмір де тәтті екен, негізі. Шынымен де әлгі әйелдің айтқаны рас боп шықса қайтем?.. Бостан босқа өліп қалам ба, сонда? Осы ойлар санамды жаулап, қолымды стақанға жолатпады. Бір уақытта Семейдегі хирург жиенім сарт етіп есіме түсті. Оның да ағарғанға жақындығы бар-тын. Бір білсе сол білу керек дедім де оған телефон соқтым. Қиын жағдайымды түсіндірдім. Ол үнсіз қалды. Мұнысы маған ұнамады. «Әй, сен де мыналар құсап басымды қатырмай, шынынды айт, кодировка деген не өзі, қазір міне қолыма стақан ұстап тұрмын, ішейін бе, ішпейін бе» дедім төтесінен кетіп. Жиенім: «Ағатай, кодировка жасатқан екенсіз, болды, тындыңыз, мен неге оған жоламай жүр дейсіз, анада жеңгелерім сүйреп апарған жерден қашып кеткенмін, өйткені ол рас дүние» деп безілдеп қоя берді. «Рас айтасың ба?». «Рас, рас...». Осылайша мен арақпен бір жылға қоштастым.
Уақыт өткен соң тағы да бастым. Басында белгіленген уақыттан бір-екі ай асқанын күттім. Кім өзіне қараптан-қарап зиян келтіргісі келеді дейсіз... Тағы да уақыт зырылдап өте берді. Бұл жолы қызым көлігімен келіпті. Институтын тәмамдап, қалада жұмысқа тұрыпты. Әлгі таныс емшіге тағы апарды. Үш жылға деді. Үнсіз келістім. Жолда қызым кодировканың денсаулыққа зиян екенін, оны қайта-қайта жасатпайық, өзің қой арақты дегендей әңгіме айтты. «Иә, қоям ғой, қоям» деп қоям бер жағымнан. Алғашқыдай емес, осы жолы арақты көргенде тыжыранып, қатты жиіркендім. Оныма өзім бір жағынан таң қалдым. Үш жылыңыз үш сағаттай өтті де кетті. Бірақ арақ ішсем бе деген ой басыма келмеді. Қазақты құртатын той ғой... Сөйтіп жүргенде қаладағы қызым тұрмысқа шықты. Құдамен ішпегенде қайда ішесің?.. Жан-жағындағылар да анталап «ұят болады, ішіп қойыңыз, ішіп қойыңыз» деп үзілердей боп жатыр. Тартып алдым... Талай жыл арақ ішіп жүрмін, бірақ бұлай бірінші рет қатты ауырдым. Әрине, одан кейін араққа жолағам жоқ. Ауыр халде қалалық ауруханадан бір-ақ шықтым. Нешетүрлі сырқат бойынша диагноз қойылып жатыр. Содан дәрігерден дәрігер, ауруханадан аурухана жағалап кеттім. Құдай сақтағанда, барлық туысым шетінен дәрігер екен, қолдарынан келгенін аямады. Бір ай Семейде, жарты ай Өскеменде жаттым. Өтімді алдырттым, қазір жүрек тамырын кеңейту бойынша кезегімнің келгенін күтіп жатырмын. Қу сүлдерім қалды десем артық айтпаған шығармын...
Бірде хирург жиенім қасыма келді: «Аға, «кодировкаға» жоламаңыз деп айтып едім ғой сізге» деп жымыңдап қояды. «Кетші, ішіп-ішіп денсаулықты құртқанбыз ғой» дедім оған. Ол түсін суытып басын шайқады. Содан сұқ саусағымен жатқан жерімді нұсқап «Мынаның барлығы «кодировканың» «жемісі», сенсеңіз де, сенбесеңіз де, осы. Ол зиянды болғандықтан да қазіргі медицинада қолданылмайды» деді. Артынша қызым келді. Оған жиенім екеуміздің арамызда болған сөзді айтып бердім. Қызым күлді. «Арақ та денсаулыққа зиян, кодировка да денсаулыққа зиян, бірақ кодировка арақты қойдыртады» деді алдыма әкелген тамақтарын қойып жатып. Тағы да түсінгенім, ол (кодировка) компьютерлік бағдарлама секілді денедегі бір ағзалардың, мысалы сілекей бездерінің жұмысын тежелту арқылы адамның араққа деген құлқынын басады екен, бұл өз кезегінде басқа ағзаның жұмысына кедергі келтіретін көрінеді, сонда бір жыл уақыт бойына ағза жұмысына салмақ түсіп тұрады екен. Молдалар да кеңінен қолданысқа ие емес мұндай тәсілдің қолданылуына наразы боп шықты. Өйткені ол адам маңдайына жазылған жасты қысқартып, тағдырына нұқсан келтіретін көрінеді. Мұны ұққанда «Өй, бүйтіп арақты қойғанымды ұрайын» деп бір боқтап, әбден ашуландым. Бірақ болары боп, бояу сіңгеннен кейін одан не пайда?..
Егер ерік-жігерің мықты боп, өзіңе деген сенімің берік болса, арақтан ем іздеген ағайынға айтарым, «кодировка» дегеннен аулақ жүрген дұрыс, оның емінен гөрі зияны көп көрінеді. Менің кеңесім осы...

Хат иесі: Тоқтарбай, Зайсан қаласы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста