Кеш келген сезім...
Кейбіреулердің «еркектер маймылдан сәл ғана әдемірек болса болғаны» дегенін естісем күлуші едім. Маймыл сияқты еркектің қасында қалай жүресің, қалай жатасың деп. Бағым ба, әлде сорым ба білмеймін күйеуім сұлу болып жолықты. Бойы ұзын, қасы көзі қап қара жігіттің керімі. Өзімді асқан сұлу санамаймын. Орташалардың қатарына жататын шығармын деп бағалайтынмын.
Білмеймін қай қылығым жаққанын, қыз жігіт болып жүре бастағанда үйленеміз ау деген ойым болған емес. Ол маған ұсыныс жасағанда таң қалғаным да рас. Жасым біразға келіп қалған, артқа қайырылуға кеш, оның үстіне көркем жігіт сөз салып тұрғанда бас тарту мүмкін бе, құлай сүймесем де оған деген сезімім бар-тын.
Кейін келе бауыр басып кетермін дедім де көзімді жұмып, етегінен ұстадым. Отбасылық өміріміз тәп тәуір басталды. Баста артық қылығы жоқ көрінген керім жігітімде өнер деген жатыр екен. Сұмдық қызғаншақтығынан ығырым шығатын.
Қазымырлығы өз алдына. Бәріне төздім. Ішіп келген күні қанымды қоса ішсе де шыдадым. Жыл аралатып топырлатып туып тастаған балаларымды әкесіз өсіргім келген жоқ. Ішіп келген күні жаным күнім деп асты үстіне түсіп алдап сұлдап ұйықтататын қулық таптым.
Әйтеуір оныма көнгеніне де шүкір. Жаныма қатты бататыны беті жылтырған қыз қырқынды құр жібергісі келмейтіндігі еді. Білгенін білдім, білсем де білмегенсігенімді қайтейін.
Тойға барсақ бар әйелдің көзі менің күйеуімде. Көздерімен ішіп жеп өліп кете жаздайды. Батылдаулары өздері келіп биге шақырып қылмыңдайды. Вальске шақырғандары күйеуімді белінен ұстап құшақтап жібергісі келмегеніне де куә болдым. Кейбіреуіне күйеуім менің көзімді ала бере көзін қысып, ымдасып жатқанып көріп қаламын. Білмегенсимін. Олардың деңгейіне түскім келмейді әрине. Онымды қайдан ұқсын.
Саналары етектің айналасынан шықпай қалғандарға сөз де жоқ шығар айтарға. Сұлу болған соң өліп өшетін шығар, бәрібір маған қайтып келеді ғой балалары тұрғанда қайда барады деп өз өзімді жұбатамын.
Төсек төңірегіндегі әңгіме біз үшін жабық тақырып қой. Ол туралы әңгімені мен құрбыларыма да айта алмаймын. Күйеуім төсекте өте әлсіз. Құрбыларымның әңгімесін аузымның суы құрып тыңдаймын. Оларда бәрі басқаша. Бізде керісінше. Әйтеуір әйел болып маңдайым жіпсіп көрмепті. Күйеуіме емексіп қараған әйелдерге кейде жаным ашиды. Сыртқы сұлулығы төсекте де ұрып тұрады деп ойлайтын шығар. Сөйтіп көбісін қара басады ғой.
Сонысына қарамай бір әйелді де құр жібергісі келмейтін күйеуімнің қылығына таң қаламын. Бірақ олармен басқаша ма екен әлде? Кім білсін? Соңғы кездері тіптен суысып кеткендейміз. Алтын босағамды сақтап қалу үшін білмегенсуден де қажыдым. Әбден шаршадым.
Соңғы әлетте біртүрлі көңілім алабұртып жүрмін. Жұмыста кекселеу келген ер адам маған ерекше көзқараспен қарайды. Кейде арам ойларға беріліп төсекте от шығар деп ойлап қоямын. Күнәһар ойымнан өзім шошып кетемін. Құрысын деп. Қасыма келіп сөйлесе денем дірілдеп жауап бере алмай қысыламын. Жұмыс барысы болмаса қасына жақындамауға тырысамын. Ойыннан от шығып кететіндей болады да тұрады. Ойлап қоямын егер ол маған сөз айтса... құрысын онысы. Мен үшін бірінші орында отбасым, ондай күнәға өліп қалсам да бармаспын деймін. Ал күйеуіме қарасам ләззәт атаулыдан жұрдай болып өмірім өтіп барады. Әйел болып ләззәтты сезінбеу де қасірет шығар. Қайтем бәріне көнем де. Күйеуімнің көзіне шөп сала алмаймын, ол қандай болса...
Айнаш, Алматы
alashainasy.kz/