Келінімді қызымнан артық көремін

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Таяуда «Алаш айнасы» интернет-сайтынан «Келінім қызымдай бола алмайды» деген оқырман хатын оқып мен де қолыма қалам алуды жөн көрдім. Келінін қызындай қабылдай алмайтын хаттың авторы Гүлжанға айтар уәжім бар. Егер мүмкін болса, менің де хатымды «Алаш айнасы» интернет-газетіндегі «Отбасы – ошақ қасы» айдарына жариялауларыңызды өтінемін, депті Бәтима Ыбыраева.

Гүлжанға келіндері қызындай бола алмаса, ол ененің кінәсі. Кез келген ана өз баласын жақсы көрсе, оның бақытын тілесе келінін де қызындай қабылдап, оның білмегенін үйретіп, ақыл-кеңесін беріп отыруы керек. Гүлжан өзінің хатында ешқашан келін енеге өз қызындай, енесі келініне өз анасындай бола алмайды деп жазыпты. Бұлай көпке топырақ шашуға болмайды. Мысалы, мен өз келіндерімді қыздарымдай көремін. Менің 5 ұл, төрт қызым бар. Бес келініммен де бірге тұрып көрдім. Аллаға шүкір, қазір әрқайсысын бір-бір отау етіп бөлек шығардық. Қолымда кенже балам мен келінім тұрады. Келіндерімнің бәрі шалым екеумізді аталап-апалап сыйлайды. Анда-санда қыздарым да төркіндеп келеді ғой. Бірақ мен бір қызымды келіндеріме қарсы сөйлетіп көрген емеспін. Өйткені менің қыздарым да – бір-бір үйдің келіндері. Қыз – жат жұрттық. Ата-ананың тәрбиесін көрген қыз өзге босағаны аттағанда тек өзінің қара басының бақытын ғана ойламай, сол шаңырақтың берекесін кіргіземін, ерімді бақытты етемін деп баруы керек. Мен қыздарыма ылғи да «өздерің таңдаған жігіттің етегінен ұстап, рұқсатымызды алып кеттіңдер ме қайтып келуші болмаңдар. Отбасылық өмірдің қиындығына төзе біліңдер» деп үнемі айтып отырамын. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» демекші, келіндерім де кейде күйеулерімен ренжісіп қалғанда да осылай ақыл беремін. Пенде болған соң бәрімізде де кемшілік бар, отбасы болған соң ыдыс-аяқ та сылдырламай тұрамайды. Бірақ егер балаларым мен келіндерім ұрсысып, ренжісіп қалса, мен әрдайым келіндерімді жақтаймын. Жеке жерде келіндеріме кеңесімді айтамын. Біз қыздарымызды өзге шаңырақтың ибалы келіні болсын деп тәрбиелейміз. Егер менің қызымдарымды құдағиларым өз балаларынан бөліп, түртпектеп отырса, маған қалай тиер еді? Сондықтан мен келіндерімді «бұлар да біреудің әлпештеген қыздары ғой» деп кейбір кемшіліктеріне көз жұмып қарауға тырысамын. Келін – менің немерелімнің анасы, біздің отбасымыздың ұрпақтарын өрбітуші. Сондықтан маған келіндерім қыздарымнан да артық.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, бәріміз де бірден керемет отбасы болып кеткеніміз жоқ. Өзім 9 ұлдың ішіндегі жалғыз қыз болдым. Ата-анам, аға-інілерім алақанына салып әлпештеген қыз едім. Бойжетіп, етек жинаған соң үлкен әулетке келін боп түстім. Міне дәл осы кезде отбасылық өмірдің нағыз қиындығын сезіне бастадым. Өзім жалғыз қыз болған соң анам үйдің тірлігін маған көп жасата бермейтін. Анда-санда үй жинап, ыдыс-аяқ, кір-қоң жуғаннан басқа ештеңе білмейтінмін. Абырой болғанда марқұм енем жақсы адам боп кезікті. Сол кісіден нан илеуді, тамақ пісіруді, сиыр саууды үйрендім. Балаларым дүниеге келгенде ол кісі маған да, немерелеріне де сондай қамқорлық танытып, білмегенімді үйретіп, әрдайым қасымнан табылды. Кейде тамағымның тұзы ащы болып кетсе, дастархан басында «Ойбу, келін, сенің тамаққа тұз салып қойғаныңды білмей, мен тағы тұз салып жіберіппін. Кемпір деген мазасыз болады, қап, сенен сұрай салмағанымды қарашы!» деп үйдегілердің алдында мені ақтап алатын, жарықтық. Мені 20 жасыма дейін анам тәрбиелесе, одан кейінгі 40 жылда енемнен тәлім-тәрбие алдым. Маған ол кісі өзімнің туған анамдай.
Гүлжан замандасым өзінің балаларының бақытты болуын қалайтыны анық. Өйткені барлық ана өз балаларының бақытты болуын тілейді. Бірақ меніңше, егер Гүлжан өзінің келіндерімен емен-жарқын сөйлесіп, дастархан басында шүйіркелесіп шәй ішіп, немерелерін бауырына тартса, келіндері де оны анасындай көрер еді. Әрине, қазіргі жастар сөз көтере бермейді, сынды да жақсы қабылдамайды. Бірақ келіндерді өзіңнен алыс ұстап, салқындық танытқан сайын балаларың да өзіңнен алыстап кетеді. Мен «келіннің алдында келін болып енелер құрша жорғаласын» дегеннен аулақпын. Өйткені қазақ қоғамында ененің, келіннің өзіндік орны бар. Дегенмен, ене мен келін бірін-бірі жақтырмай, амалдың жоқтығынан ғана бір шаңырақтың астында тұрмас үшін, ең алдымен біздер жастарға үлгі көрсетіп, үлкендігімізді көрсеткеніміз жөн деп ойлаймын. Егер келіннің әрбір қателігін теріп, бетіне басып отырсақ, ол тірлік жасауды үйренер, бірақ оның өзімізге деген құрметін жоғалтамыз.
Өзіміз араласатын талай адамдардың үйінде қонақ болып жүрміз. Бірде көршіміздің ауыз ашарға бардық. Қонақтарға шәй құйып отырған келін басына орамал тақпаған екен. Дастархан басындағы ақсақал: «Келін, қарағым, басыңа орамал тағып отырғаның жөн болар еді» деп ескерту жасап еді, енесі жұлып алғандай келінге: «Бар неғып тұрсың, тақ орамалыңды» деп зекіп қалғаны. Енесінің өзі орамал тағып отырса жақсы ғой. Ол өзінің қызметтегі адам екенін сылтауаратып, орамал тақпайтынын айтты. Келіні енесіне ала көзімен қарады да, дастарханнан тұрып кетті. Міне, осындай енелер де көп. Бала-шағасының, келіндерінің көзінше отағасымен керілдесіп ұрсысып, жұртың бәрі жаман, өзі ғана жақсыдай көпіріп сөйлейтін де енелерді көріп жүрміз. Осындай енелер келіндеріне, қыздарына қандай тәрбие бермек?
«Келінім кемеңгер болса, немерем данышпан болады» дейді бабаларымыз.Ал кемеңгер келін тәрбиелеу өзіміздің қолымызда.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста