«Алматы – Астана» пойызы қаладан шыға бірқалыпты жеңіл жүрісіне салып, лыпып келеді.
«Сенбі, жексенбі сайын Алматыға қарап мөңіреп тұратын астаналық шенеуніктің бірімін, – деген купелесім, Айдар есімді жігіт әңгімесін ары жалғады.
– Өйткені Алматыда студенттік өмірім, жас шағымның ең бір қызықты күндері өтті. Астанаға әлі үйренісе алмай жүрміз. Қыдырып бара қоятын жерлер аз. Ретін тауып, қыз-қырқынмен қыдырайын десең де, бірден көзге түсіп қаласың. Қала шағын.
Нағыз демалатын, қыдыратын қала айналайын Алматы ғой. Мұнда ең әдемі, сымбатты қыз-келіншектер жиналған ба деп қаласың. Алматыға іссапармен айына бірер рет келіп-кетіп тұрамын. Жасыратын несі бар, әр келген сайын ағайын-туыстардың үйіне түскеннен гөрі арзанқол қонақ үйлерге тоқтағанды жөн көремін. Өйткені осында қалған тамыр-таныс қыз-келіншектермен кездесіп, бір мауқымды басып қалу ғой, баяғы. Осы жолы да жаман демалған жоқпын. Тек мына бір оқиға болмаса…
Құдайға шүкір, ақша жоқ емес, баршылық. Білдей мемлекеттік банктің департамент басшысымын, теңгені шытырлатып ұстаймын. Жұма күні келген жұмысымды бітіріп, соны жуып тастайық деп бір кафеге бас сұқтық. Кешкілік мезгіл. Шамасы, жастар жиі бас сұғатын орын болса керек. Қыз-қырқынның да қарасы молдау. Жанымда отырған жігіт сөзге де, әзіл-қалжыңға да ұста еді. Соның арқасында көрші үстелде отырған екі қызды өзімізге қосып алдық. Қыздардың бірі – кәріс, екіншісі – орыс. Біз іш деп зорламасақ та, олар жарыса қағып салып, сақ-сақ күліп, әңгіме айтып отыр. Шақырған жігіт-желеңге отказ бермейтін «нағыздардың» өздері сияқты. Отырыстың соңынан қонақ үйге шақырып едім, оған да көне кетті. Тек «қайтарда таксиге ақша берсеңдер болды» десті екеуі де. Әлгінде даяшымен есептесіп жатқанда қалтам толы ірі ақша екенін екеуі де байқап қалған. Кафеден шықкан соң жанымдағы жігіт «үйге қайтам» дегенді шығарды. «Мына екеуін бірдей не істеймін» десем, ол: «қатын ауру, бала жас» деп ыңылдады. Онымен қоймай: «қасыңда қатының жоқ, шөлдеп қалған боларсың, екеуін бірдей тоңқайт, ал мен кеттім, ренжіме» дегені.
Сонымен қойшы, әлгі қыздарды таксимен өзім тоқтаған қонақ үйге алып келдім. Ішке кірген соң жолай сатып алған шарапты бөліп ішіп, тән тоятына қызу кірісіп кеттік. Олар екеу, мен жалғыз. Күшім жеткенше екеуін де кезек-кезек ұрғылап жатырмын. Әлгінде «кішкене тиын-тебен берсең» деген соң қалталарына 5 мыңдықтың бір-екеуін тығып жібергенмін. Соған риза болған олар бар өнерін көрсетіп жатыр. Тән тоятына екі ұрғашымен бірдей алғаш рет түсуім. Мұндай кәйіпті бұрын-соңды көрмегем. Екі қыздың да сұлулығы мен сымбаттылығында мін жоқ. Әппақ борықтай екеуін таң атқанша солқылдатып шыққанымды білемін… Онымен қоймай, ертеңіне тағы да кездесейік деп ұсыныс жасадым. Ақшалы еркектен айырылсын ба, екеуі де қуана келісті.
Кешкілік уәделескен уақытта телефон шылдыр етті. Кешегі екі кыздың бірі екен.
– Айтқан «заказың» даяр. Тек ақшаң болса, – деді трубканың ар жағындағы дауыс. Түнде шарап пен жалаңаш екі қыздың буына елтіп жатып «Маған свежий тағы біреу табыңдар» дегенмін. Сол-ақ екен, олар «керемет бір сылқым сұлу барын» айтқан. Сөзге келместен «Соған кездестіріңдер, бір түнді сонымен өткіземін», дедім. «Әдемілігіне сай ол өте қымбат» десті екеуі. «Бопты» деп келісімімді бергенмін. Мынаның айтып тұрғаны сол әңгіме.
– Ол сіздің қонақ үйге бармайды. Керісінше, сен оған баруың керек, мынау адресі…
Жарты сағаттан соң кездесетін үйдің алдында тұрдым. Карина (кәріс қыздың аты) тосып тұр екен. Амандықтан кейін ол бірден:
– Кездесетін адамыңыздың аты – Оксана. Қазақ қызы. Ол – біздің басшымыз. Соның сілтеуімен «жұмыс» істейміз. Қазір сіз кіресіз. Мен осында күтемін. Ұнаса, қалыңыз, ұнамаса он – он бес минуттың ішінде сыртқа шығыңыз. Мен сізбен қонақ үйге баруға, кешегіндей «жұмысқа» әзірмін. Егер Оксананы ұнатып қалып жатсаңыз, жақсы демалыс тілеймін, – деді.
Үшінші қабатқа көтеріліп, келген пәтердің қоңырауын бастым. Ашылған есіктен сәлем беріп кіре беріп, таң қалғанымнан шалқамнан түсе жаздадым. Сіз білмейсіз ғой, менің алдымда кім тұрғанын. Айтсам, сенбеуіңіз де мүмкін. Сол сәтте мен де өз көзіме өзім сенбеген едім. Жарайды, кімді көргенімді артынан айтармын. Сонымен, «Қой, бөтен болар, өмірде ұқсас адамдар көп қой» деген оймен аяқ киімімді шешіп, залға өттім. Ол да сыр бермеді. Тек:
– Алдымен есептесіп алайық, – деді ақырын. Келіскен ақшаны қолына ұстата салдым.
– Ваннаға кіріп, шайынып алыңыз. Таза орамал да сонда ілулі тұр, – осыны айтқан Оксана үстелде жатқан шылымды алып тұтатты. Өң мен түстің арасында қалған мен қалай шешінгеніме, Оксанамен қалай «ойнағаныма» есеп беруге шамам келмеді. Атқа мінгендей үстіме мініп алып, изендеп отырған тырдай жаланаш қыздың оң жақ тамағындағы меңін көргенде: «Сол, сол ғой» деп ойлауға ғана шамам келді. Сүт сауым уақытта «жұмысымды» бітірген мен шайынып келіп шалқамнан жаттым.
– Шай ма, кофе ме, – деді Оксана орнынан тұрып жатып.
– Қайсы болса да бәрібір. Оның әппақ сұлу денесіне қызыға қарадым. Қысқа халатты үстіне жамыла салған ол ас үйге шығып кетті. Сәлден соң:
– Келіңіз, кофе ішейік, – деген дауыс естілді.
– Ұзақ қарадыңыз ғой, таныдыңыз ба? Бірақ әлі де сыр бергіңіз келмейді, ә? Мен сізді бірден таныдым. Енді жұмбақ ойнамай-ақ қояйық. Мен сол баяғы Ақшарқатпын, – осыны айтқан Оксана – Ақшарқат кофесін бір жұтып маған тесіле қарады…
…Иә, алдымда отырған Ақшарқат еді. Менің ең алғашқы сезімімді оятқан, балаң, бала махаббатым Ақшарқат еді. Неге танымайын, көрген сәтте-ақ бірден танығанмын. Бірақ «оған ұқсас өзге болса екен» деп тілеген едім. Өйткені, оны мұндай кір, лас қылыққа қимаған едім.
Әттең…
Е-е, достым, әлгінде айтпағанды енді айтайын. Ақшарқат менің алғашқы махаббатым болатын. Ол көрші ауылдың қызы еді ғой. Сол жақта тұратын туыстарыма барып жүріп, танысқанмын. Хат жазысып тұрдық. Анда-санда ол жаққа жолым түсіп бара қалған кезде, бір-бірімізге не айтарымызды білмей, ұялысып, төмен қарап отырушы едік. Соның өзі қызық еді-ау. Бұл, бала махаббат дегенді қойсашы.
Мен мектепті бітірген жылы, ол да бітірді. Екеуміз де ҚазМУ-ге құжат тапсырып, студент атандық. Сол жылы күзде университет қабырғасынан мен әскерге алындым. Алғашында хат жазысып тұрдық. Кейіннен Ақшарқат хатты сиретті. Соңғы бір хатында өзге жігітті ұнататынын жазыпты. Содан кейін одан хабар мүлде тоқтаған. Екі жылдық азаматтық борышымды өтеп болған соң оқуымды жалғастыруға университетке оралдым. Ақшарқат жайлы сонда естідім. Оны оқудан шығарып жіберіпті. Ол бұзылып, жеңіл жүріске түскен көрінеді. Осында оқитын шетелдік студенттермен қыдырыпты. Бірде қыдырып, көңіл қосып жүрген шетелдіктердің қойнына бір жас қызды салып беріпті. Ол көнбей, балконнан секіріп мертігіпті. Ақыры аяғы үлкен дауға ұласып, Ақшарқат бастаған екі-үш жеңіл жүрісті қыздарды оқудан шығарыпты. Одан кейін арада қаншама жылдар өтті. Ақшарқатты қайтып кездестіре алмадым. Ол жайлы елдің өсегіне де сенбеген едім.
Е-е, достым, Құдайдың құдіретіне шек бар ма! Ақыры көңіл көтеремін деп келіп, онымен ойда жоқта кездестім…
– Мен туралы естіген боларсыз. Сол бір оқиғадан кейін мені оқудан шығарып жіберді, – Ақшарқат темекі тұтатты.
– Әлі есімде, сені армияға шығарып келіп, бөлмеден шықпай екі-үш күн жылап жатқаным. Рас, сені жақсы көрдім. Сағынып хат жаздым. Солай бола тұрса да жаман жолға қалай түскенімді сезбей қалдым. Бір бөлмеде жоғары курста оқитын екі қызбен бірге тұрдым. Обалы не керек, өте ажарлы сымбатты қыздар еді. Сол жылдары ҚазМУ-де шетелдіктер көп оқыды ғой. Негрі де, арабы да, ауғаны да дегендей. Екі қызды солар қонаққа жиі шақыратын. Шетелдіктер десе, екеуі ұшып кетеді. Көбіне соларға қонаққа барса, келмей қонып қалады. Олардың бұл тірліктеріне алғашында үрке қарап жүрдім. Жүре келе мені де ертетін болды. Барғым келмейтін. Ақыры, көндірді ғой.
Ақыры екі қыздың айтқанымен жүрдім. Темекі тартып, арақ ішуді үйрендім. Шетелдіктермен қыдыру, солармен бірге қонып қалу әдетке айналды. Сөйтіп жүргенде оқудан шығарып жіберді. Екіқабат болып, бір ұл тудым. Ол маған тартпаған, қарақожалақ негр сәби еді. Қағымнан жеріп, оны сол перзентханада тастап кеттім. Жезөкшелермен бірге Алматының қымбат қонақ үйлерінде «қызмет» көрсеттік. Жеңіл жүрістің дәмін бір алып алса, қоя алмайды екенсің. Сөйтіп жүргенде заман өзгерді ғой. Мен жұмыс істемеген фирма, компаниялар Алматыда аз. Бастықсымақтардың бәрі едіреңдейді, астына салады, дегендерін қылады. Ақыры, «өзім би, өзім қожа» болайын деп жаныма жеңіл жүріске салынған жеті-сегіз қызды жинадым. Қазір көңіл көтергісі келетін қалталы мырзалар көп қой. Солардың «заказын» орындаймыз. Бар тірлік осы. – Ақшарқат темекінің тұқылын күлсалғышқа тастап, суып қалған кофесін жұтты. – Әрине, бұл лас тірліктен жалықпадың ба дейтін шығарсың. Иә, жалықтым, – ол күрсініп қойды. – Безіп кеткім келеді, бірақ қайда?
Ақшарқаттың жанары жасқа шыланды. Оның сүйріктей саусақтарын сипаладым.
– Ақшарқат, үйленейікші, – қалай айтқанымды өзім байқамай қалдым. Төмен қарап отырған ол бір сәт басыи көтеріп, маған тік қарады.
– Жоқ, – деді сосын күрсініп, – талай еркектің астында жатып, көн тулақ болған мені қайтесің? Өз жанұяң бар, шырқын бұзба. Мен жүрген бір жезөкшемін. Кезінде сенің сезіміңді қадірлей алмап едім. Енді жетістіреді дейсің бе? Көңілің қаласа, осылай да кездесіп тұрайық. Көп ұзамай ел жаққа кететін шығармын. Бір жақын ағайынның баласы үлкен әкім болған екен. Сол жұмысқа шақырады. Бәрін қойып, адам болсам деймін.
Осыны айтқанда Ақшарқаттың жанарынан жас тамып-тамып кетті.
Орнымнан тұрып, оны құшағыма тарттым. Жас толы жанарынан өптім. Оның айтқанының бәрін естен шығардым. Көз алдыма баяғы окушы, жас қызды, алғашқы махаббатым болған Ақшарқатты елестеттім. Сол баяғы күлімкөз, ақсары әдемі қыз…
Ернінен құшырлана сүйдім, аялай құшақтадым.
– Шын көңілмен құшақтасып, шын сүйіспегелі қашан. Әбден «роботка» ұқсап кетіппін. Біртүрлі сияқты, – Ақшарқат әлденелерді айтып, жылап жатты. Мен оның айтқандарын естігім келмеді. Құшағымда жезөкше Ақшарқат емес, баяғы балғын Ақшарқат тұр деп елестеттім. Солай деп құштым, солай деп таң атқанша аймалап шықтым.
– Құдай-ай, мұндай да тәтті түн болады екен-ау, білсемші, – ол да мені тас қып құшактап айырылар емес.
Сөйтіп, арманым болған алғашқы махаббатым Ақшарқатты осылай кездестірдім.
Таңертең оянғанда ол бүрісіп бауырыма кіріп жатыр екен. Ұйқысын бұзғым келмеді. Сыпырылып қалған жамылғышты үстіне жауып, маңдайынан иіскедім де, киініп сыртқа шықтым. Ақшарқат менің қолым жетпес арманым еді, бала махаббатым еді. Оның жасқа толы жанарын көргенде бәрін ұмыттым, бәрін кештім. Өмірде адасып жатқандар аз ба, солардың бірі Ақшарқат еді ғой.
– Міне, достым, саған айтар әңгімем осы. Мұның бәрі әлгіндегі секс дегеннен шығып кетті ғой. Айдар орнынан тұрды. – Жүр, тамбурға шығып, темекі тартып қайтайық.
Тамбурға шыққан соң терезеден сары далаға көз салған ол:
– Үйленейік дегенде Ақшарқат келісімін берсе, бәлкім, Алматыда қалып қалар ма едім, мен оның барлық қателіктерін кешірер едім. Ақшарқат менің арманым еді ғой… – ол күрсініп салды.
Дәулет СЫБАНБАЙ