Соңғы кезде журналистика мамандығын университеттік деңгейде оқытуды жалғастыру қажет пе, әлде арнайы курстарда ғана оқыту керек пе деген мәселе жиі айтыла бастады. Бұл төңіректе талқыға түсіп жүрген түйткілдер жетерлік. Бүгінгідей ақпараттық дәуірде журналистика мамандығына сұраныс артып отырғаны белгілі. Алайда бізде бұл мәселеге келгенде кәсібилік жағы жетіспей тұрғаны шындық. Қазіргі уақытта еліміздің 20-дан астам жоғары оқу орнында журналистика факультеттері бар. Десек те, ел ішінде «журналистика факультеттерінде жалпылама білім берілетіндіктен, студенттер белгілі бір салаға машықтанып, кәсіби маман ретінде келешекте өз жұмысын дөңгелетіп алып кете алмайды» деген пікірлер бой көтере бастады. Расымен, егер де біз журналистика факультеттерін жауып, олардың орнына арнайы мамандандырылған курстар ашатын болсақ, онда ақпараттық салада біраз ілгерілеген болар ма едік? Бұған әріптестер не дейді екен?
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «ҚазАқпарат» агенттігінің Алматы қосынының аға тілшісі
Иә
– Жалпы, журналист мамандығын арнайы бір факультетте оқыту үрдісі – сонау кеңестік жүйеден қалып қойған нәрсе. Қазіргі заман талабы өзгерген, қоғамның сұранысы да басқа. Сондықтан да заманауи технологияларды мейлінше игеріп, салалық журналистиканың дамуына ден қоюымыз қажет. Батыстың кейбір елдері мен АҚШ-та әлі күнге дейін журналистерді белгілі бір курстарда ғана дайындайды. Мысалы, экономика, саясат, бизнес салалары мамандықтарын мықты меңгерген жастар қосымша журналистік курстарға барып, нақты өндірісте тәжірибеден өтеді. Сондықтан да шетелдерде әр салаға өзінше икемделген журналистер қауымы қалыптасты. Қалай болғанда да, қазақ журналистикасын бәсекеге сай дамыту үшін аталған салада бірқатар реформа жүзеге асқаны абзал. Технологиялық процесс болса, үздіксіз өсу үстінде.
Белгілі журналист-публицист Жанболат Ауыпбай ағамыз кезінде «журналистерді жолбикелерден қызғанамын» дегенді айтып еді. Түсінген адамға бұл сөздің астары өте терең. Расымен де, бүгінде баспасөзде тіл мамандары мен тарихшылар, телевизия саласында әртістер қаптап кетті. Мұнымен қатар, қазіргі журналистика факультеттеріне өндірісте жүрген кәсіби мамандардың барып дәріс беруі дұрыс жолға қойылмаған. Неге біз сондай дәрістерді тек атағы мен қызметі бар редакторларға ғана жүктейміз? Неге қарапайым дыбыс режиссері, жарық беруші, монтаж жасаушы, операторларды шақырып, дәрісін алмасқа?! Журналистерді белгілі бір бағытта тәрбиелеп, белгілі бір салаға бейімдейтін арнайы курстар ашылатын болса, біз онда дәріс беретін кадрлардың да мәселесіне мұқият болуымыз қажет. Бірақ біз заманға ыңғайлану дегеннің өзін кейде дұрыс түсінбейтін сияқтымыз. Еліміздегі Халықаралық ақпараттық технологиялық университетте жаңадан электронды журналистика деген факультет ашылған. Бұл факультетте кемінде төрт-бес жыл оқуға тура келеді. Сайып келгенде, электронды технологияны журналистикада қолдануды арнайы курстардан-ақ оқып алуға болады. Соңғы уақыттарда «электронды журналистика» деген терминді жиі қолданатын болып жүрміз. Шындығын айтқанда, кез келген БАҚ компьютерсіз жұмыс істемейді. Бүгінгі журналистика онсыз да электронды журналистика емес пе?! Біз ең алдымен журналистиканың шығармашылық емес, кәсіп екеніне жұрттың көзін жеткізіп алуымыз керек. Бізде керісінше: мектепте өлең, әңгіме жазып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрген жастар журфакта оқып, білім алуы керек деп ойлаймыз. Журналистикаға әдебиетке жақын ұл-қыздардың көптеп келетіні де содан. Ал тек әдеби, рухани дүниемен ғана тыныстап жүрген адамның экономика, саясат, халықаралық қатынастар, жаңа технологиялар дегеннен аса хабары бола бермейді. Бұған қоса, халық арасында журналистикада оқу оңай деп ойлайды. Біз осы стереотипті бұзуымыз қажет. Журналистика мен әдебиет екі бөлек дүние ғой. Сол себепті де Қазақстан жуық арада журналистерді мамандандырылған курстарда оқытып, дайындайтын жүйеге көшуі тиіс деп есептеймін.
Бекжан ӘШІРБАЕВ, «Заң» газетінің бас редакторы
Жоқ
– Осы мәселені бір жолға қоймас бұрын біз, ең біріншіден, журналистиканың не екенін анықтап алуымыз қажет. Біреулер мұны ғылым десе, басқалары қарапайым кәсіп дейді. Қалай десек те, журналистика – шығармашылық потенциалы жоқ адамға жат нәрсе. Бұған қоса біз журналист мамандығының өз мәртебесін де әлі анықтап біліп отырған жоқпыз. Бүгінгі журналист өнімін саудаға салатын бизнесмен бе, әлде мемлекеттік қызметкер ме? Осындай түйіндердің шешімін таппайынша, қазақ журналистикасының проблемасы көбейген үстіне көбейе бермек. Қарап отырсаңыз, кез келген БАҚ мемлекеттің мүддесі үшін жұмыс істейді, көптеген басылым мен телерадиоарналар мемлекеттік тапсырысты орындайды. Осы тұрғыдан алғанда, журналисті мемлекеттік қызметкерлер қатарына жатқызуға болады.
Бірақ оларға әлеуметтік жеңілдіктер мен өзге де мемлекет тарапынан жасалатын игі ишарат-әрекеттерге келгенде журналистердің ресми мәртебесінің жоқтығы қолбайлау болатыны рас. Осындай алуан түрлі мәселелер алдымыздан шығып отырған тұста «журналистика факультеттерін жауып, шағын курстар ашу керек» деген әңгіменің қылаң бере бастауы қисынсыз болып отыр. Меніңше, бұл әңгімеге батысшылдар мен әсіре интернетшіл журналистер мен блоггерлер аса мүдделі болып отырған сыңайлы. Қазіргі қазақ журналистикасы сәл де болса алға жылжи бастаса, ол – елдегі журналистика факультеттерінен шыққан мамандардың арқасы. Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін журналистика факультеті бір ғана ҚазҰУ-да болды. Кейін Астана, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды сияқты бірқатар қалаларда да жаңа факультеттер ашылып, жұмыс істей бастады. Білуімше, республика бойынша 20-дан астам оқу орнында журналистика факультеттері бар. Бұл — қоғамның ақпараттық заманға аяқ басқанына байланысты сұранысқа орай жүзеге асырылған шаруалар. Әйтсе де, сапаны арттыру мақсатында талапқа сай келмейтін, техникалық мүмкіндігі әлсіз, білікті кадрлары тапшы кейбір оқу орнындағы журналистика факультеттерінің жалпы базасын барынша жақсартып, заманға бейімдеу қажет. Бұл жерде факультетті жауып, курс ашқаннан біз керемет маман дайындап шыға алмасымыз анық. Өйткені ешқандай да курс университеттер мен академияның беретін базалық терең білімін бере алмайды. Журналист әмбебап болуы тиіс. Ол тек бір сала шеңберінде қалып қоймауы керек. О бастан журналистика факультеттерінде сала-салаға жіктелген факультеттері бар. Оның үстіне, қазіргі кредиттік технология жүйесімен білім алу әдісі белгілі бір жастарға көп мүмкіндік ашып отыр. Мысалы, экономика саласын меңгеріп жүрген студент қажет болған жағдайда өз қалауынша журналистика факультеті мамандарынан қосымша арнайы дәріс ала алады. Сол студент ертең әрі өз саласының маманы бола тұра, журналистикаға бейімделген болып шығады. Осылайша, салалық журналистиканы өз ретімен дамыта беруімізге де болады. Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі журналистика мамандығына бөлінетін мемлекеттік гранттар санын арттыруға пейілді болып отыр.
Бейтарап пікір
Рахат МАҚАЖАНҰЛЫ, Алматы телеарнасының продюсері:
– Қазіргі уақытта баспасөз бен телевизия саласында негізінен журналистика факультетінде оқымағандар жемісті жұмыс істеп жүр. Өйткені БАҚ басшылары мықты жобаларын жүзеге асырып, рейтингілерін көтеру үшін бүгінгі қоғамдағы әр сала мамандарын өздеріне тартып, бейімдейді. Демек, журналистика факультетін тамамдағандарға сұраныс аз деген сөз. Журналистерді арнайы курстарда оқыту деген сөз осыдан келіп туындап отырса керек. Бірақ осылай екен деп өзінің негізі бар, үлкен мектебі қалыптасқан факультеттерді жабу қисынсыз болар еді. Әйтсе де курстар ашу жағын қолға алмай болмас. Мысалы, АҚШ-тың кейбір мықты ақпарат құралдары белгілі бір маман иесін өздері-ақ арнайы курсқа жіберіп, оқытып алады. Ал бізде журналистика факультеттерінде декан, оның орынбасары, кафедра меңгерушісі, ғылыми жетекші деген сияқты бастықтар көп. Бірақ нақты өндірісте жүріп, қосымша дәріс оқып жүрген кәсіби маман жоқтың қасы.