«Еліміздегі өндіріс орындарын тексеруге, олардың заңсыз әрекеттері әшкере болған жағдайда жұмысын бірден тоқтатып тастауға қатысты сауатты шешім қабылдауымыз қажет». Бұған байланысты отандық сарапшыларымыздың дені «заңсыз өндіріс орындарын жауып тастамай-ақ, олардың жұмыстарын заңдастыруға жәрдем беру керек» деп санайды... Мұндай тәжірибе өркениетті елдердің бірқатарында қолданысқа енген. Мәселен, іргеміздегі Қытай елі өнім өндіремін деген өндірісшілерге барынша мемлекеттік септігін тигізуге тырысады. Қытайда отандық өңдеу саласына тереңдеп кірігуге пейіл танытқандарды мемлекет бір жылға дейін арнайы салықтан босатады, мемлекеттік патент беруде құжатбастылықтан құтқарады, заңсыз тексеруден қорғайды. Әрине, мұндай игі шараларды біздің де қолға алғанымызға біраз болды. Дегенмен елімізде ісін жаңа бастаған өндіріс орындарын тексеру ісі, оларды бірден жауып тастап, жұмысын тоқтату үрдісі әлі де баршылық. Осыған орай, «өндіріс орындарын бірден жауып тастамай, керісінше, олардың жұмысын заңдастыру қаншалықты тиімді» деген сауалды біз мамандардың ой-пайымына салдық...
Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты:
ИӘ
– Мен мұнымен толықтай келісемін. Негізінде, бұл – өте орынды көтеріліп отырған мәселе. Инновациялық экономикаға бет бұрған ел ретінде мұндай бастамаларды міндетті түрде қолдағанымыз жөн. Білесіз, елімізде нақ қазір отандық өнім шығару жайына үлкен мән берілуде. Бұл ретте тау-кен индустриясына, энергетика саласына, тамақ өнеркәсібіне, машина жасау және технология саласына өзіндік септігін тигізіп, осы мақсатта өнім шығаруға ықылас білдіріп, ісін бастағысы келетін өнертапқыштар, кәсіпкерлер жетіп-артылады. Тіпті олардың қайсыбірі жекелеген өндіріс орындарын ашып, «Қазақстанда жасалған» деген брендімен сыйымдылығы кең нарыққа шыққысы келеді.
Осыған байланысты мынадай бір мысалдар келтіргім келеді: бізде шай өндірісімен айналысқысы келетін, қант өнеркәсібінде өзіндік бедел жинағысы келетін кәсіпорындар баршылық. Мысалы, өткенде тіркелмеген осындай отандық өндіріс орындардың бірі шай шығаруға қатысты арнайы технологиялық жабдықтар сатып әкеліп, шай өндіруге қажетті дүниелердің барлығын зерттеп, таразылап өз ісін бастамақшы болды. Егер сол өндіріс орны іске кіріскенде біз қазірде отандық шай өндірісін ілгерілетуде бір қадам алға жылжыған болар едік. Өкініштісі сол: еліміздің тиісті орындары ол кәсіпорынның бұл ісін заңсыз деп танып, бастаған істерін аяқ шеніне жеткізбей тоқтатып тастады. Сол тәрізді тау-кен индустриясы тұрғысында мысал ететін болсам, қазір шағын мұнай өңдеу зауыттары туралы жиі сөз қаузаймыз. Жерінде бір түйір мұнайы жоқ елдерде жанар-жағармай бағасы арзан екенін айтып таңдай қағамыз. Осыдан соң барып «елде шағын мұнай өңдейтін зауыттар ашу керек» деп жар саламыз. Ал кезінде қаншама тіркелмей жұмыс істеп жатқан бірнеше шағын мұнай өңдеу зауытының заңсыз әрекеттері әшкере болып, олар жабылды. Міне, сол кезде неге олардың жұмысын заңдастыру туралы ойланбадық? Сол зауыттарды заңдастырып, қолдарына патент беріп, барлығын заңды етіп, істерін әрі қарай жүргізуге мүмкіндік бергенде елдегі жанар-жағармай мәселесі жеңілдей түсетін бе еді? Менің ойымша, тау-кен индустриясына өзіндік септігін тигізгісі келетін, халыққа пайдалы өнім шығаруға ұмтылатын, жалпы, ұлтқа пайдасы тиетін жобалары бар, бірақ тіркеле алмай жүрген өндіріс ошақтарын жабудың еш реті жоқ. Оларға жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, өндірістерін заңдастыруға жол ашу қажет. Әрине, заңсыз арақ-шарап, темекі өнімдерін өндіретін, кеденнен заңсыз тауар әкелетін өндіріс орындарының ісі тоқталғанына мен қарсы емеспін. Бірақ жаңағыдай отандық өнімнің бағын ашуға оң көзқарастағы кәсіпорындар мен өндіріс орындарының жұмыстарын бірден тоқтатпау керек. Керісінше, олардың жұмыстарын жалғастыруға, оны заңдастыруға мүмкіндік берген абзал. Мұны қолдау керек.
Жұмаділ БАЙҒҰНШЕКОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
ЖОҚ
– Мен мұндай пікірлермен келісе алмаймын. Себебі біздің мемлекетімізде заң бар. Кез келген өнім шығарушы өндіріс орны, сауда-саттықпен айналысушы кәсіпорын болсын, жекелеген кәсіп иесі ме – бұлардың барлығы мемлекетіміздің заңына бағынуы тиіс. Сондықтан тиісті заң орындары өндіріс орындарының жұмысын заңсыз деп таныды ма, ол өндіріс жұмысын тоқтатуы тиіс. Өйткені ол өндіріс орны өз ісін заңсыз бастаған болса, айлап, жылдап мемлекет қазынасына салық төлемесе, мұндай өндіріс орнының әу бастағы пиғылы тек бас пайдасы үшін ғана жұмыс істеу болғаны емес пе?! Жалпы, қазірде біздің елімізде жабайы кәсіпкерлік қалыптасып кеткен.
Еліміздегі кәсіп иелері мемлекеттің мүддесін емес, жеке басының қамын бірінші кезекке қойғандықтан барып осындай заңсыз әрекеттерге барады. Осындай жеке бас қамын ойлаушылықты жою мақсатында елімізде бірнеше жылдан бері «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Аталмыш бағдарламаның мазмұны – «елде өз бизнесін бастағысы келетін өнім өңдеуші салаға барынша мемлекеттік жеңілдік көрсету». Өз басым отандық өндірісшілерге заңсыз жұмыс істегеннен гөрі осы іспетті мемлекеттік бағдарламаларға өз жобаларын ұсынып, мемлекеттің қолдауымен іске кірісу керек деп ойлаймын. Негізінен, қазірде өнім өндіремін, отандық өнеркәсіпті дамытамын деген өндіріс орындарына барынша жеңілдіктер қарастырылған. Оларға банктер арқылы берілетін несиенің пайыздық мөлшері де қазір жеңілдеді. Құжатбастылық мәселесі де анағұрлым шешілген. Қазірде кәсібін бастаймын деген өнім өндірушіге салық комитетіне барып тіркеліп, арнайы патент алса, біраз жеңілдік бар. Қынжыларлығы, біздің отандық өнім өндірушілерде заңдық сауаттылық жағы төмен. Осыған орай айтарым: заңсыз жұмыс істеген өндіріс орындарына жәрдем көрсету туралы пікір қозғағаннан гөрі, сол өндірісшілердің заңдық сауаттылығын арттыру, біліктілігін жетілдіру жағына аса мән берген жөн. Себебі біз биылғы жылдың соңына қарай ДСҰ-ға мүше болуға ниеттеніп отырмыз. Кедендік Одақ аясында жұмыс істеуге мүмкіндік алып отырмыз. Бірыңғай экономикалық аймақ құрғысы келетін ел үшін заңсыз әрекеттерді кешіріп, жұмыс істей беру – ақылға қонымсыз дүние. Заңды білмеу, заңға жүгінбеу елде ірі қылмыстар мен алаяқтықты көбейтеді. Сондықтан бірінші кезекте заңға жүгініп, заңды білу керек. Күні ертең біз дүниежүзілік сауда базарында бәсекеге төтеп бере аламыз десек, заңдық сауаттылығымыз басым ел болғанымыз абзал. Қазірдің өзінде неліктен қайсыбір заңдарымызға халықаралық талапқа сай етіп, өзгерістер мен толықтырулар енгіземіз. Мұның барлығы сол халықаралық бәсекеде еңсемізді биіктетіп көрсету мақсатында емес пе?! Демек, өндіріс орындарының заңсыз әрекетіне кешірім жасауды қолдаудың нақ қазір қажеттілігі жоқ.
Бейтарап пікір
Аман ШОТАЕВ, экономист-ғалым:
– Егер бұл сауалды отандық өндірістің ұпайын түгендеу мақсатында қойып отырған болсаңыз, бұған қатысты айтарым: елдегі өндірісті қолдау үшін бірінші кезекте орынсыз науқаншылдықтан арылған абзал. Қазір біз «өнім өндіруші салаға бет бұрған елміз» деп мақтанамыз. Бірақ сол өнім өндіруші салаға қатысты қызмет көрсету жұмыстары көңілден шықпайтыны жасырын емес. Кәсіпкерлеріміз әлі де болса құжатбастылықтан арыла алмай жүр. Бір тиісті органнан рұқсат алу үшін бірнеше органнан анықтама жинауға тура келеді. Бұған қоса өзге өркениетті елдер тәрізді электронды құжат жинау үрдісін жетілдіре алмай отырмыз. Осы уақытқа дейін өндіріс басшылары бір құжатты заңдастыру үшін қаншама табалдырықты тоздырады. Ақыры заңдастыру ісі бармақ басты, көз қысты әрекетпен тындырылады. Бұл салада алдымен осы түйінді тарқатып алуымыз керек. Осындай «ымыраласып» заңдастыру жайы шешілгенде, бақылауға алынғанда ғана салада тазалық, ашықтық, сауаттылық орын алады.