Тылда еңбек армиясында болғандардың мәртебесін соғыс ардагерлерінің мәртебесімен теңестіру керек пе?

Тылда еңбек армиясында болғандардың мәртебесін соғыс ардагерлерінің мәртебесімен теңестіру керек пе?

 

Осыдан дәл 65 жыл бұрын 60 айға созылған қиян-кескі ұрыстарда отандастарымыз қатарын толықтырып, құрамындағы әрбір жерлесіміз ерлік көрсеткен Қызыл әскер жеңіске жеткен еді. Әлбетте, бұл жеңіс ашық майдандағы сарбаздарымыздың көзсіз ерліктері мен еңбек армиясындағы қажырлы жұмыстарының арқасында келді. Сұрапыл жылдарды басынан өткерген аға-апаларымыздың саны бүгінде айтарлықтай сиреп қалды. Қалған қысқа өмірінде соғысқа қатысқан ардагерлеріміз бен еңбек армиясында тер төккен қарияларды бөле жармай, олардың мәртебесін теңестіру дұрыс па? Міне, осы мәселені азаматтардың ой талқысына салуды жөн санадық.

murat-abenov-231

Мұрат ӘБЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Иә
– Соғыс кезінде еңбек армиясында өмірлік жарлары майданға аттанған аналар мен буыны қатпаған жас жеткіншектер болды. Кейбіреулері сол соғысқа қажетті оқ-қаруларды жасау үшін маман ретінде майданға жіберілмеді. Ал еңбек армиясында ерен еңбектерімен Отанына қызмет еткендердің жасы – қазірдің өзінде 70 пен 80 жас аралығында. Олардың да саны өте аз қалды. Жоғарыда айтып өткен себептерге байланысты соғысқа бармай қалса, олардың кінәсі емес қой. Соғыс даласында жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалғанын айтып жүрміз. Сол кезеңдерде еліміздің территориясында көптеген кен орындары мен шахталар ашылды. Деректерге сүйенсек, 460 зауыт-фабрика салынған екен. Сол нысандарда торпеда, бомба, мина сияқты қарулар мен әскери техникалар шығарылған.

 Жақында баспасөзде жазылғандай, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне арналған медаль 15 мың соғыс ардагерлерінен басқа, 261 мың тыл еңбеккеріне табысталды. Бұл өте орынды деп ойлаймын. Ендеше, еңбек армиясында болған ата-апаларымыздың да жеңіске қосқан үлесі сүбелі. Өзі аз қалған қарияларымыздың арасына жік салып қайтеміз? Сондықтан әлеуметтік қорғау жағынан келгенде, міндетті түрде мәртебелерін белгілі бір деңгейде теңестіру қажет. Және еңбек армиясында тер төккен аға буын өкілдеріне марапат пен мадақтарды да көбейтуіміз қажет. Бұл жас ұрпақ алдында өнегелі, тәрбиелі шара болар еді. Жас кезіндегі адал еңбегінің жемісін көріп жатса, жастарға да ынталандыру болады деп ойлаймын. Еңбек армиясында болғандар да жетісіп өмір сүрген жоқ. Жылы киімдері мен азықтарына дейін майдан даласындағы сарбаздарға жөнелтіп отырды. Майдангерлерге нан болсыншы деп, егіс алқаптарында 14-16 сағат бойы тіпті күн демей, түн демей жұмыс істеді. Осындай ауыр, қара жұмыс істегендер жөнді білім де ала алмады. Ал сол жастық шағын сұрапыл соғыс жылдарында ауыр еңбекпен өткізген қарияларымызға әлі де болса әлеуметтік қолдау жетіспей жатыр. Майдан даласындағы сарбаздардың өміріне төнгендей қауіп болмаса да, еңбек армиясындағылардың денсаулығына белгілі бір дәрежеде нұқсан келді. Сондықтан да болар, еуропалықтардың өмір сүру жасымен салыстыратын болсақ, бізде адамдардың өмір сүру жасы тым қысқа. Жылдан-жылға соғыс ардагерлерімен қатар, тылда еңбек армиясында қызмет еткен аға буынның да саны сиреп барады. Сондықтан баспана беру, әлеуметтік жәрдемақылар төлеу кезінде қарттарымызды бөле жармай көмектесуіміз керек деп ойлаймын. Мұндай көмек шараларына еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да толықтай жауап бере алады.

bakytbek-smagulov-jok

Бақытбек СМАҒҰЛ, Ауған соғысының ардагері:

Жоқ
– Әрине, соғыс уақытында еңбек армиясында қызмет етіп, белі қатпаған бозбалалар мен бойжеткендердің 14-16 сағат жұмыс істеген жанкештіліктерін ұмытуға болмайды.  Олардың да Ұлы Жеңіске қосқан өзіндік үлестері бар. Десек те, соғыс майданында қан кешкен ардагерлер мен еңбек ардагерлерінің мәртебесін теңестіру ағаттық деп түсінемін. Өз өмірін Отан үшін аямаған соғыс ардагерлерінің мәртебесі әр кез биік тұруы тиіс. Себебі тірі қалып, елімізге аман-есен оралған аталарымыздың өзі түрлі жарақаттар алып, мүгедек болып келді. Еңбек армиясында болғандардың өзін ардагер деп атау дұрыс емес шығар. Ардагер атауы соғысқа қатысқан тұлғаларға ғана лайық сияқты. Ал өмір бойы еңбек еткен адам – зейнеткер. Бұл екі ұғымды біз шатастырмауымыз керек. Сондықтан еліміздің экономикалық әл-ауқатына байланысты тылда еңбек еткендердің денсаулығын сақтауына, зейнетақыларына үстеме қосуға болады.

 Ал мәртебе деген ұғымға келгенде қарама-қайшылық бар. Бұған қарап, еңбекпен көзін ашқандарға құрмет көрсетілмеу деп түсінбеуіміз керек. Өйткені соғыстың аты – соғыс. Біле білсек, соғыс мүгедегі мен еңбек мүгедегінің үлкен айырмашылығы бар. Жұмыс кезінде түрлі жарақаттар да болады. Бірақ соғыстағы оқтан болған жарақат, жүрек жарақаты мүлде бөлек. Сол кезеңдерде 18-ге толған әрбір дені сау азаматты соғысқа аттандырып жатты. Он екі мүшесі сау балаң жігіттер елге түрлі дәрежедегі мүгедектер болып қайтты. Сондықтан соғыс ардагерлерінің мәртебесі әрқашанда биік болуы шарт. Тіпті майдан даласында көз жұмған ата-бабаларымыздың рухын ешқашан ұмытпауымыз керек. Дерек Твик деген ағылшынның қорғаныс министрінің орынбасарымен кездескенімде айтқан сөзі есіме түсіп отыр. Мысал ретінде айта кетейін, Ұлыбританияда Ауған соғысына қатысқан ағылшын мүгедек болған кезде 600 мың евро беріледі екен. Неге? Өйткені мемлекет оны пайдаланды. Міне, өркениетті елдер кейінгі соғысқа қатысқан ардагерлерінің мәртебесін осылай көтеріп отыр. Ал Ұлы Отан соғысында жылдар бойы шайқаста жүріп, суша төгілген қанды көзімен көріп қайтқан ардагерлердің мәртебесімен еңбек армиясында қызмет еткендердің мәртебесі ешқашан теңестірілмейді. Соңғы деректерге қараңыз, 611 мың 50 қазақстандық оққа ұшқан. Ал Ржев қаласының түбінде 2 млн 50 мың адамның қайтыс болғандығы айғақталып отыр. Ал ол жерде Алматы мен Ақтөбе облыстарында жасақталған арнайы бригадалар болғаны белгілі. Менің ойымша, қиян-кескі ұрыста жанын шүберекке түйіп көзсіз ерліктер жасаған айбындарымыздың мәртебесі кімнен болса да биік тұрғаны абзал. Мұны қазір мемлекет те дұрыс түсініп отыр. Соғыс ардагерлеріне билік тарапынан да үлкен құрмет көрсетіліп жатыр. Осындай тарлан мінез танытқан аға-аталарымызға біздің тарапымыздан қанша құрмет көрсетілсе де, аздық етеді деп ойлаймын.

Түйін
ТМД кеңістігіндегі мемлекеттер арасында Қазақстан – соғыс ардагерлерін ерекше қамқорлығына алып отырған екі-үш елдің бірі ғана. Биылғы деректерде айтылғандай, соңғы бір жылда ардагерлеріміздің саны тіпті сирей түскен. Жастайынан еңбекке араласып, денсаулығынан айырылған ата-апаларымыз да аз қалғанға ұқсайды. Сондықтан біздікі еңбек армиясының ардагерлерін қалған ғұмырында соғыс ардагерлерінен бөле жармай, тым болмаса әлеуметтік қорғау жағынан мәртебелерін теңестірсе деген тілек қана. Ал шешім қабылдау құзырлы органдардың еншісінде.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста