Тұтыну несиесіне шектеу енгізу дұрыс па?

Тұтыну несиесіне шектеу енгізу дұрыс па?

Елдегі екінші деңгейлі банктердің тұтыну несиесі халықтың табыс деңгейінен екі  жарым есеге дейін асып кеткен. Қазір елде шамамен 2 трлннан астам тұтыну несиесі берілген. Бірақ сол несиелердің қайтарымы жағынан қауіп басым. Нақ осы жайтқа алаңдаған Ұлттық банк 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап тұтыну несиесіне шектеу енгізуді жөн көріп отыр.
Сөйтіп, бұдан былай несие алушының төлем көрсеткіші кіріс мөлшерінің 50 пайызынан аспауы керек. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің тұтынушыдан  бір ғана құжатты (жеке бас куәлігін) талап етіп, несие үлестіруіне жол берілмейді. Несие рәсімдеуде толыққанды құжаттар өз алдына, ендігі кезекте  несие алуға өтінім берерде банк клиентінің табатын айлық табысына да айрықша зерттеулер жүргізілмек. Мысалы, 250 мың теңгенің тұтыну несиесін алып, қарызды өтеу үшін ай сайын жалақысынан 50 мың теңге төлеп тұрғысы келсе, тұтынушының жалақысы кем дегенде 160-175 мың теңгенің көлемінде болуы керек. Сарапшылар «бұған дейін 175 мың теңге жалақы алатын тұлға өзіне тиесілі болмаса да 2-2,5 млн теңгеге дейін несие алып оны үш-бес жыл аралығында төлеп келген. Тіптен осынша сома несие алып артынша оны төлемей жүрген тұтынушылар да баршылық» деседі.
Міне, елдегі тұтыну несиесінің төңірегіндегі мәселелердің ушығып кеткеніне назар аударған Ұлттық банк «тұтыну несиесіне шектеу енгізуді дұрыс» деп тауып отыр. Ал Алаш айнасы өз кезегінде  отандық мамандармен «тұтыну несиесіне шектеу енгізген дұрыс па» деген сауал төңірегінде ой бөлісті.


Иә...
Марал Төртенова, экономист-сарапшы:

- Мен бұл мәселені қолдаймын. Естеріңізде болса, өткен жылы Ресей елі тұтынушыларға несие беру саласы бойынша жаппай дефолт жариялады. Ресей елінде тұтыну несиесін беру көлемі банк портфелдерінің 30 пайызын құраған.  Ал бізде бұл көрсеткіш 20 пайызға жуық. Еуропа елдерінде тұтыну несиесін беру 60 пайызға жуық.  Еуропа елдері тәрізді біздің анағұрлым дамып кете қоймағанымызды, өндірістік саланың әлі де екі иінінен дем алып тұрғанын, шағын және орта бизнестің шаруасы әлі де қолдауды қажет ететінін ескерсек, тұтыну несиелеріне шектеу енгізу керек. Себебі расымен де бізде ай сайын 150 мың теңге табатын жұмысшы, банктен тамыр-танысын салып, «орамалын» жасап, әйтеуір бір жолын тауып 2 млн теңгені 3 жылға немесе 5 жылға қарызға алып алады. Ал осыдан кейін  5 жыл бойы тапқан табысының 100 пайызын банкке төлеуіне тура келеді. Сонда ол тұтынушы қайтіп күнін көреді? Несібесін несиеге беріп, бала-шағасының жоқ-жітігін түгендей алмай, қалтырап өлместің күнін көріп отырған бұқараны да көріп жүрміз. Тіпті сол несиесін өтей алмай артынша коллекторлық компаниялардың қысымына шыдамай өзіне-өзі қол жұмсап жатқан фактілер де бізде кездеседі. Сондықтан мұндай шектеу енгізуді өз басым қолдаймын. Жалпы, несие портфеліне қатысты деректергі жүгінсек, біз Қазақстан әлем бойынша проблемалы несиелер мәселесін шеше алмайтын елдердің тізімінде алғашқы сатыда тұрмыз. Елде ұзақ мерзімді несие өткен жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында 14 пайызға көтеріліп, көрсеткіш 9119,2 миллиард теңгені көрсеткен. Ал банк тұтынушыларының қысқа мерзімге алған қарыздары 9 пайызға артып, 2132,3 миллиард теңгеге жеткен. 2013 жылдың қараша айын 2012 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда ұзақ мерзімді несиенің үлес салмағы 80,4-тен 81 пайызға дейін өскен. Ал төленбей жатқан несиелердің саны 90 пайызды құраған. Аңғарғанға, бұл банк секторына қатысты өте қауіпті дерек. Сондықтан Ұлттық банктің 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап, тұтыну несиесін шектеу туралы қаулысын қолдаймын. Елдегі берілген несие динамикасына қарайтын болсақ, бұл бізге керек бастама. Тұтыну несиесі бойынша қалыптасқан ахуал одан әрі ушығып кетпеуі үшін мұндай бастамалар бізге қажет. Ұлттық банк қоржынындағы бөлшек несие көлемі 35 пайыздан асатын банктерге қатысты талапты күшейтіп,  тұтынушылық несие көлеміне қатысты шектеу енгізуі керек.


Жоқ...
Атамұрат Шәменов, экономика ғылымының докторы, профессор:

- Жоқ, мен мұны қолдамаймын. Бұл дұрыс емес. Мәселен, тұтыну несиесі – халыққа тұрғын үй, көлік құралдарын сатып алу,  қымбат тұратын тұтыну тауарларының ақысын төлеу, тағы басқа қажеттілігі үшін бөлінетін несие. Бұл несие түріне  несиеге тауарлар сатып алу әдісі де енеді. Ал енді мұндай несие түрлеріне шектеу енгізілсе халық өз қажеттілігін қалай өтейді? Біз неліктен мұны ескерместен бірден «шектеу енгізу керек» деп дабыра саламыз? Тұтыну несиесі жеке бастың тұтыну заттарын алуы үшін берілетіндіктен бұл жайттарды міндетті түрде ескеруіміз қажет. Сондықтан өз басым мұны қолдамаймын. Себебі қазірде біздің халық автокөлігінен бастап,  күнделікті тұтынатын затына дейін несиеге алуға бейімделіп қалды. Тіпті банк секторындағы корпоративтік, шағын және орта бизнестің, ипотекалық несие қоржындарымен салыстырғанда  солардың ішінде, ең тәуекелі азы саналатын тұтынушылық несие. Айталық, тұтыну несиесін бақуатты, бай адамдар тұтынбайды, бұл қарапайым халықтың алатын несиесі. Бұл несие халықтың   өсіп-өнуі үшін керек. Себебі қазірде халықтың қолында қаржы жоқ. Қайталап айтамын, халық өзіне қажеттісін несие арқылы ғана алып отыр. Кір жуғыш машина болсын, тоңазытқыш болсын, тіпті 300-400 мың теңге көлемінде қаржы керек болса да, қарызға алар жері жоқ, халық еріксіз банкке бет бұрады. Халық игілігі үшін жасал-ған несие болғандықтан мұндай несиеге шектеу енгізбеу керек.  Егер тұтыну несиесі шектелсе, онда тұрмыстық техника дүкендерінде де сатылым азайып, бұдан кейін сол дүкендерде тауарлар құны қымбаттай  бастайды. Өзге де халықтың тұтынатын дүниелерінің бағасы қымбаттап кетуі ғажап емес. Өйткені ол дүкендерде нақпа-нақ ақшаға сатып алатын халық онсыз да жоқ. Енді келіп тұтыну несиесін шектейтін болсақ онда осындай жағдайлар орын алады. Мұндай шараларды әбден зерттеп алған абзал. Бірден халық тұтынатын несиенің көлемін шектеу дұрыс емес. Меніңше,  сол екінші деңгейлі банктерге несиеге деген пайыздық төлемдерін төмендетуді міндеттеу керек.  Несиеге 20-24 тіпті 30 пайыздық пайыздық үстеме төлем қою ешбір мемлекетте жоқ. Мысалы, Еуропа елдерінде несиеге үстеме төлем 3-5 пайыздың айналасы, ал басқа ТМД елдерінде бұл 8-9 пайыздық межені қамтиды. Ал бізде несиеге тұтынушы төлейтін пайыздық төлем аспандап тұр. Сондықтан бұл жерде тұтынушы несиесін шектеуге емес, банктердің несиеге қойылатын үстеме пайызын реттеуге кіріскен абзал. Сонда ғана елде проблемалы несиелердің көлемі азайып, мәселе шешімін таба бастайды.

Бейтарап пікір:
Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:

- Тұтыну несиесін шектегенмен екінші деңгейлі банктерге бұдан пайда болмады. Себебі есепсіз несие  халыққа бұған дейін беріліп келді. 2004-2005 жылдары еліміздің бірқатар банктері автобус аялдамаларының қасынан кішкентай дүңгіршекте филалдарын ашып, халыққа оңды-солды несие берді. Біз сол кездің өзінде несиені бұлай үлестірудің қауіпті екенін айттық. Бірақ құлақ асқан ешкім болмады.  Негізінде, банк саласы экономиканың «күретамыры» іспетті нәрсе. Ал осы «күретамырды» біз енді-енді аяғынан тік тұрып келе жатқан мемлекет кезінде жекеменшіктің қолына беріп қойдық. Біз жіберген негізгі  қателіктің бірі – осы болды. Есіңізде болсын, дамыған төрт құбыласы сай елдердің өзі банк жүйесін түгелдей жекеменшіктің қолына беруге келгенде бас қатырып ойланады. Себебі әр мемлекет өзінің қаржылық саясатын оңтайлы жолға қойып, халқының әлеуетін көтеру үшін оған арнайы бір құрал-жабдық қажет. Міне, мұндайда бірден-бір пайдаланатын құрал – банк жүйесі екені белгілі. Ал біз  екінші деңгейлі банктерді алдықта түгелдей  жеке адамдардың қолына бердік. Ол жекешеленген банктер әлбетте  халықтың мүддесін көздеген жоқ. Олар тек жекелеп баюды, ондағы басшылар өз қазыналарын қомақты етуді ғана ойлады. Осыдан барып халық пен банк арасында  қилы-қилы мәселелер орын алды.  Оның нәтижесін бүгін өзіміз де көріп отырмыз. Ендігі кезекте елдегі екінші деңгейлі банктерге мемлекеттік, үкіметтік бақылауды одан әрі күшейту шараларына кіріспесек, бұл саланың аяқ алысы мандымайды. Сондықтан мықтап тұрып мемлекеттік бақылауды, талапты, міндеттеме қоюды үдеткен жөн.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста