Тендерді ұтқан ірі компанияларға құрылыс жұмысын қосалқы мердігерлерсіз, өздері атқаруын міндеттеу керек пе?
Биылғы жылдың 1 тамызына дейін қырық мыңға жуық құрылыс компаниясы қызметін тоқтатуы мүмкін. Құрылыс саласына қатысты «Лицензиялау туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, алдағы уақытта елдегі барлық құрылыс компаниялары құжаттарын жаңалауы тиіс. Әйтсе де заң қолданысқа енген төрт айдың ішінде қазірде 38 мың кәсіпкердің тек бір мыңы ғана құжаттарын қайта рәсімдей алған. Қалған құрылыс компаниялары құжат рәсімдеуде түрлі кедергілерге тап болуда. Енді 38 мың компания құжатын рәсімдеп үлгермесе, үлкен көлемде айыппұл төлемек немесе қызметтерін тоқтатуы да ғажап емес. Бұған қатысты мамандардың дені «мұндай жаңашылдық, аттестациялауды қайта жүргізу құрылыс компанияларының жұмысына, керісінше, қайтара сызат түсіреді. Жалпы, мамандардың байыптауынша, болашақта құрылыс компанияларының жауапкершілігін арттырғымыз келсе, тендерді ұтқан ірі компанияларға құрылыс жұмысын мердігерлерсіз атқаруды міндеттеу керек. Сонда ғана сапа сын көтермек. Міне, осы пікірді біз мамандар талқысына салдық...
Меңлібай МЫРЗАХМЕТОВ, Құрылыс және экология институтының директоры:
иә
– Иә, тендерді жеңіп алған ірі құрылыс компанияларына «қосалқы мердігерсіз жұмыс істеп, барлық жауапкершілікті өз мойныңа аласың» дегенді арнайы шартпен міндеттеу керек. Себебі қазір Астанада отырып алып тендерді ұтып шығып, сонау Шымкенттегі ірі құрылыстың жұмысын жүргізіп отырған компаниялар да бар. Мұндай ірі құрылыс компаниялары құрылыстың іргетасы қалай құйылғанынан, жұмыстың жобаға сай жүргізіліп жатқан-жатпағанынан мүлдем хабарсыз. Жұмыстың аяқ шенінде бір кілтипан шыға қалса, сол ірі құрылыс компаниялары «қосалқы мердігер компаниялардың ісі» деп, жауапкершіліктен жалтарып шыға келеді.
Осыдан жауапсыздық, жемқорлық, салғырттық, сапасыздық белең алып, бүгін салынған құрылыстан күні ертең шикілік шығып, дау-дамай ушығады. Мәселен, тек 2011 жылы ғана құрылыс жұмыстарының көлемі 2 трлн 82 млрд теңгені құраған. Үлескерлік құрылысты қолдауға 2007 жылдан бері қарай 461,3 млрд теңгеден артық қаражат жұмсалған. Сонда осыншама қаржы толық игеріліп отыр ма? Мұның барлығы – салада жемқорлықтың белең алып тұрғанынан. Сондықтан болашақта маңызы бар құрылыс нысандарын салатын компанияларға жемқорлыққа жол бермеуге қатысты жауапкершілік артылуы қажет. Олармен арнайы шарт жасасқанда қосалқы мердігер компаниялармен құрылысты жүргізуді белгілі мөлшерде шектейсің, бөлінген қаржыны толық игересің немесе қосалқы мердігерлермен жұмыс істей қалған жағдайда олардың еңбекақысын жемей, белгілі пайыздық мөлшерде сома төлейсің деген арнайы міндеттеме жүктеген жөн. Бұлай етпесек, ірі компаниялар қосалқы мердігерлерге жұмысы үшін аз-маз қаржы береді. Ал өздері қомақты қаржыны қалтаға басып кете барады. Бұдан шығатын түйін: сол қосалқы мердігерлер аз-маз қаржыны үнемдеу үшін, ол қаржыдан өздері де пайда көру үшін құрылысқа қажетті материалдарды барынша үнемдеп, жырымдап қолданады. Осыдан барып сапасыз нысандар салынады. Бұдан соң, егер құрылыс жұмысына қандай да бір мердігер компания қатысатыны белгілі болса, оларға бақылау, қадағалау, техникалық бақылау жүргізу жұмыстарын қатайтқан жөн. Әрине, бұдан мердігер компаниялардың барлығы жауапсыз деген пікір туындамауы керек. Бірақ болашақта төтенше жағдай орын алмауы үшін бізге мұндай міндеттемелерді жолға қойған дұрыс. Мұны қолдау керек. Жалпы, осы саладағы сапасыз істер бақылаудың, қадағалаудың жоқтығынан орын алып жатқан жоқ. Бұл саланы мемлекеттік тұрғыда бақылау істері баршылық. Бірақ сол бақылау жұмыстарына осы іспетті арнайы міндеттемелер жүктеген абзал.
Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аттестаттау және аккредиттеу департаментінің директоры:
жоқ
– Жоқ, ірі құрылыс компанияларына (мердігер) қосалқы мердігерлерсіз жұмыс істеуді міндеттеудің қажеті жоқ. Өйткені қазірде біздің агенттік еліміздегі барлық құрылыс компанияларына және жобалау компанияларына бақылау, қадағалау істерін қатайтты. Бұл ретте атқарылып жатқан шаруалар баршылық. Мысалы, еліміздегі құрылыстың қауіпсіздігі мен сапасына ерекше назар аудару мақсатында Елбасымыздың Жарлығымен біздің агенттікке жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау мәселелері жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері берілді.
Барлық өңірде ағымдағы жылы агенттігімізге қарасты аумақтық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменттері құрылды. Сондай-ақ қазірде біз қолданыстағы заңнаманы қатайту және жетілдіру бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізудеміз. Бүгінде құрылыс саласына қатысты лицензиялаудың жаңа жүйесі енгізілді. Атап айтсақ, бұдан былай құрылыс салуға қатысатын компаниялардың кем дегенде 10 жыл жұмыс тәжірибесі бар болуы (I санатқа сәйкес лицензия алу үшін), салынған нысандардың болуы (мысалы, ірі көпірлер, магистральды газ-мұнай құбырлары, жоғары қабатты ғимараттарды салу және т.б.) міндеттеледі. Бұған қоса кем дегенде бес жыл жұмыс тәжірибесі (II санатқа сәйкес лицензия алу үшін), жұмыс істеп тұрған нысандардың болуы (тұрғын үй және қоғамдық ғимараттар, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау желілері және т.б.) шарт. Жалпы, сараптамалық жұмыстар мен инжинирингтiк қызметтерді жүргізуге құқық алуға үміткер сарапшыларды аттестаттау жүйесі енгізілді. Оған жобаларға сараптама жүргізу, техникалық және авторлық қадағалау, ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығын бағалау жатады. Көрсетілген қызметтерді жүзеге асыруға үміткер сарапшылар білімі мен біліктілігін тексергеннен кейін ғана жұмыстарды орындай алады. Міне, бұл жаңалықтар құрылыс саласына өзіндік серпін беретініне сенім мол. Біз осы жүйе құрылыс нарығынан өз жұмысын жете білмейтін және біліктілігі жоқ мамандарды шығаруға мүмкіндік береді және әрбір сарапшының дербес жауапкершілігін арттырады деп санаймыз. Қосалқы мердігерлер де, ірі құрылыс компаниялары (мердігерлер де) да жауапкершілікті толық сезінуі үшін қадағалау жұмыстары қажет. Осыған қатысты біздің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіміз үнемі өз жұмысын әрі қарай жүргізе береді.
Бейтарап пікір
Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Мысалы, бізде бір үйді салуға 100 млн теңге бөлінді делік. Өкінішке қарай, сол қаржының 30 пайызы ғана үй құрылысын салуға жұмсалып жататын жайттар да кездеседі. Мұның барлығы – осы салада бармақ басты, көз қыстылықтың үйреншікті құбылысқа айналып кеткенінен. Жалпы, ірі құрылыс компаниялары қосалқы мердігерлермен келісімшартқа отырғанда қаржы мәселесіне келгенде айрықша талап қояды. Ірі компаниялар бюджеттен бөлінген үлкен соманы алады да, қосалқы мердігерлерге сол қаржының аз бөлігін ғана ұстатады. Ал қосалқы мердігерлер де ол қаржыны үнемдеп, жұмысшылардың жалақысын бір қысып, құрылыс материалдарына сапасыз дүниелерді қолданып, құрылысқа біліксіз жұмысшыларды жұмысқа алып, осылай қаржыны барынша үнемдеп, өз қалталарына басып қалады. Міне, осыдан барып бюджеттен алынған халықтың ақшасы талан-таражға түсіп, ақыр соңында сол қара халықтың үйі түбірімен құлап, елдің көңілі алаң болады. Осыған орай айтарым, бұл саладағы жемқорлықты тыятын арнайы бақылау жүргізетін мемлекеттік комиссия болуы керек. Сол мемлекеттік комиссия жауапкершілікті сезініп, шынайы қызмет етуді мақсат тұтса, мәселе жеңілдер ме еді?!