Бейсенбі күні «Хабар» телеарнасынан Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына қатысып жүрген саяси партиялардың арасында болған теледебат көрсетілді. Оған Орталық сайлау комиссиясында партиялық тізімдері тіркелген барлық жеті саяси партияның өкілдері қатысқан болатын. Пікірталастың спикерлері еліміздің өткені мен болашағына, экономикасы мен саясатына қатысты өз пікірлерін білдірген еді. Бұл тележобаны халық белсенді түрде тамашалады деуге болады. Осы ретте оны тек сайлау науқанында емес, жиі өткізіп тұру туралы ұсыныс та айтылып қалады.
Марат ШИБҰТОВ, Шекаралық әріптестік қауымдастығының сарапшысы:
Иә
– Партиялар арасындағы дебат дәстүрін тек сайлау кезінде емес, тұрақты түрде өткізіп тұру өте дұрыс бастама болар еді. Және бұл республикалық деңгейде ғана емес, облыстық деңгейде де өткізіліп тұруы керек. Себебі әр облыстың өзіне ғана тән ерекше маңызды мәселелері болады. Ондай тақырыптарды партиялардың өңірлердегі өкілдері-ақ талқылай алады. Ал республикалық деңгейдегі дебаттар жиі өткізіліп, оларды белгілі бір тақырыптарға бөлсе де болар еді. Бірде заң мәселесін, енді бірде экономика, мәдени тақырыптарды жеке-жеке сараптай алады. Тіпті партиялардың өз ішіндегі пікір алмасуларды да экранға ұсынса болады.
«Хабар» телеарнасы бұл бейсенбі күнгі партиялар арасындағы дебатты қазақстандықтардың қаншалықты белсенді тамашалағанын айта жатар. Дегенмен, меніңше, ол өте қызықты болды. Байқауымша, көп адам көрген. Мұндай бағдарламаның рейтингтері өте жоғары болады. Әсіресе тікелей эфирде жүргізілсе, тіпті керемет болар еді. Себебі тікелей эфир – шынайылықтың көрінісі. Егер жиі өткізілетін болса, оларға халықтың телефон арқылы сауал қоюына да уақыт табылуы мүмкін. Бұл бір шоу көрініс болар еді. Бірақ маңызы жоқ емес. Мұндай дебаттардың жиі өткізілуі оппозициялық партиялардың радикалды көңіл күйін де сейілтеді. Әрине, ондай шарада популизмге де жол беріледі. Бірақ сол дебатқа мықты сарапшыларды қатыстыратын болса, популистік ұрандардан да айналып өтуге болады. Бұл – менің жеке пікірім, оның форматын әртүрлі етуге болады.
Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
Жоқ
– Саяси дебаттарды тым жиі өткізуге қажеттілік жоқ. Жалпы, саяси партиялар арасындағы, саяси топтар, саясаткерлер арасындағы дебаттың халыққа берері көп. Алайда ол маңызын жоғалтып алмауы керек. Әрине, бұл мәселеге қатысты қатып қалған бір ереже жоқ. Кез келген уақытта өткізе беруге болады. Дегенмен тым жиі өткізетін болса, оның көрілімі де азаюы мүмкін ғой. Сондықтан оны сайлау кезінде және мемлекет үшін ерекше маңызды мәселелерге қатысты өткізуге болады. Жеке басым дебаттардың өткізілуін қолдаймын. Елімізде саяси пікірталас жүргізетін түрлі алаңқайлар бар.
КСЗИ, «Айт-парк», Саяси шешімдер институты, Философия және саясаттану институтының жанында түрлі конференциялар, пікірталастар ұйымдастырылып тұрады.
Ал дебат дегеніміз – саяси тараптардың бір мәселеге қатысты қоғамдық пікір алмасуы. Оның негізгі ерекшелігі – пікір алмасушы тараптар бір-бірінің көзқарасын өзгертуді мақсат тұтпайды, үшінші тарапты, яғни халықтың көзқарасын өзіне бұру үшін жасалатындығында. Яғни көрермендер үшін жасалады. Бұл, бір жағынан, халықтың сауатын ашып, көзқарасын дамытады.
Ал саясаткерлердің арасындағы дебаттар шетелде бұрыннан дамыған. Мәселен, әлемдегі көгілдір экраннан берілген алғашқы дебат АҚШ-та 1960 жылы президенттік сайлау барысында Джон Кеннеди мен Ричард Никсонның арасында болды. Яғни одан бері дәстүрлі құбылысқа айналып кетті. Тек АҚШ емес, бүкіл Еуропаға тарап кетті. Халық сол арқылы кімдерді сайлағалы жатқандарын, олардың ойларын, қабілетін байқайды.
Түйін
Қалай десек те, сайлаушылар теледебатты жағымды қабылдағаны анық. Қазақстандықтарға миллион шаршы тұрғын үй тұрғызып беруді, кәсіпкерлерді салықтан босатуды, жас отбасылардың несиелерін сызып тастауды, жанармайдың бағасын 40 теңгеге түсіруді уәде етті. Әрине, мұның кейбірі шындыққа жанасымсыз болса да халық өзіне керек пікірді қабылдады. Бастысы кімге дауыс беретінін анықтады. Ендеше, саяси партиялар мен саясаткерлердің арасындағы дебаттар сайлаудың сәнін келтіретіні анық. Сонымен бірге ел үшін ерекше маңызды мәселелерді де дебатқа салу жақсы бастама болар еді.