«Қыздарымыздың шетелде білім алуын шектеу керек» деген ұсынысты қолдайсыз ба?

«Қыздарымыздың шетелде білім алуын шектеу керек» деген ұсынысты қолдайсыз ба?

Жақында Сенат депутаты Жабал Ерғалиев мырза «қазақ қыздарының шетелде білім алуын шектеу керек» деген ұсыныс айтты. Сенатордың бұл пікірін қолдаушылар да өз наразылықтарын білдіріп, қарсы пікір айтушылар да табылды. Осыған орай қоғамдағы қордаланған мәселелерді әртүрлі көзқарастағы азаматтардың пікірі­мен саралайтын «Алаш айнасы» газеті мен СТВ арнасының бірлескен жобасы аясында жарық көрген бағдарламаның кезекті тақырыбын қызу тартысқа түскен қыздар тақырыбына арнауды жөн көрдік. Ендеше, «өзі үйде, қылығы түздегі» қызда­рымызды шекарадан әрі аттатпаудың жақ­сылығы мен жамандығы неде, артықшылығы мен кемшілігі қайсы? Саралап көрелік...


Әлима СҚАҒИҚЫЗЫ, филология ғылымының кандидаты, доцент:
иә
– Дәл қазіргі таңда бұл тақырып өте өзекті болып отыр. Қоғамдық ортаны қойып, Сенат қабырғасында қоз­ғалуының өзі мәселенің маңыз­ды­лы­ғын аңғартса керек. Сондықтан қоғам болып қыздарымыздың ше­тел­де білім алуын шектеуді қол­дауымыз қажет. Ұстаз, әйел, ана ретін­де және өмір­де талай оқиға­лармен бетпе-бет келіп жүргендіктен, қозғалып отырған мәселенің жай-жапсарын жақсы біл­ген­діктен, мен қыздарымызды шетел асырып оқы­ту­дың жақсылыққа апар­май­тынын жақсы білемін. Кәмелетке толар-тол­мас жаста қорғансыз қыз ба­ланы шетел асырып жалғыз жіберу арыс­танның аузына апарып тосқанмен бірдей.  
Мәселен, жақында айдай аруы­мыз қай­дағы бір шетелдіктің қолынан қаза тап­ты. Мектепті үздік бітірген білімді қыз қайдағы бір қыл­мыскердің қолынан ажал құшты. Егер білім алу үшін шетел аспай, елімізде жүргенде білікті маман атан­басына кім кепіл еді?! Осыған дейін де «Бо­лашақ» бағдарламасымен ше­тел­ге білім алуға кет­кен қыздары­мыз­дың көбісі елге қайтпай, шетелде тұр­мыс құрып қалып кетті. Бүгінде олар­дың да тағдырынан бей­ха­бар­мыз. Сон­дық­тан мен қыз­да­рымыздың шетелде білім алуын шек­тейтін кез келді деп бі­лемін.

Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ, заңгер:
жоқ

– Өз басым қыздарымыздың ше­телде білім алуын шектеу керек деген ұсынысқа қарсымын. Қазір – ХХІ ғасыр. Халықаралық қаты­нас­тар­дың дамыған кезі. Осындай кезеңде қыздарымыздың халық­ара­лық деңгейде білім алуына жағдай жасамай, керісінше олардың білім алуға деген құқығын шектеу дұрыс шешім болмас еді. Ұлтымызды, қыз­да­рымызды алдымен өзіміз көте­руіміз керек. Бірлі-жарым орын алған оқиғаға бола қыздарымыздың барлығының бірдей құқығын шектеу де әділеттік болмас еді. Дәл солай тізе беретін болсақ, шекара асып білім алуға аттанған жігіттеріміз де дәм-тұз тартып шетелде қалып жа­тыр. 
Сондай-ақ талай қыз­да­ры­мыз ше­телде білімін ұш­тап ке­ліп, жақсы жерлерде мем­ле­­­ке­тіміздің мүддесі үшін жұ­мыс істеп, білік­ті­лі­гімен, бі­лім­ділігімен көзге тү­сіп, жүр. Сондықтан қыз­да­ры­мыздың ше­тел­­де бі­лім алуын шек­теу керек де­ген ұсы­­нысқа мен қар­­сы­мын. Мен ға­на емес, бұл ұсы­ныс­қа та­лай қазақ қызы қар­­сы деп айта ала­мын. Өйткені бі­лімін ұштағысы келген талай қа­зақ қызы шетелге шыққысы келеді. Шетелде білім сапасы да жоғары. Сондықтан қыздар да шетелге шығып оқығысы келеді. Бұл тұрғыда бұл шектеу олардың құқықтарын шектейді.

тартыс бөлімі                                                                                                                                      
Жүргізуші:
– Бағдарлама қонақтарының ұстанымы айқындалды. Енді бағдарламамыздың «Тартыс» бөліміне өтіп, ойымызды тарқатып айтсақ. Әлима апай, неліктен қыздарымыздың шетелде білім алуына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп отырсыз?
Әлима СҚАҒИҚЫЗЫ:
– Шыны керек, шетелдің білімі біздікінен жоғары, біздікі төмен деп айта алмас едім. Оның үстіне, қазір онсыз да шетелден гөрі жастарды өзімізде оқытуға басымдық беру сөз болуда. Ендеше, шетелге иек арта беріп қайтеміз?! Рас, шетелде білім алып келіп, қоғамның әр саласында жемісті еңбек етіп жүрген де қыздарымыз жетерлік. Мәселен, Халықбанкінің төрайымы Үміт Шаяхметова шетелден білім алып келіп, елімізде абыройлы қызмет жасап жүр. Алайда бірді-екілі орын алған оқиға деп шетелде қалып кетіп жатқан қыздар тағдырына көз жұмып қарауға болмайды. Біле білсек, әр адам – мемлекеттің байлығы. Біз білім аламыз деп барып сол шетелде қалған қыздарымыз арқылы білімді жастан бір, азаматшамыздан екі айырылып отырмыз. Және жігіттерден гөрі шетелде қалып жатқан қыздар көбірек. Осы орайда халықаралық деңгейдегі Назарбаев университетінің ашылуы дұрыс болды. Алдағы уақытта қыздарымызды да, жігіттерімізді де шетелден гөрі өз елімізде оқытсақ дұрыс болар еді. Әйтпесе қыруар қаржы бөліп оқытып жатқан қыздарымыздың үмітті ақтамай сол елде қалып кетуі ұят тірлік болуда. Онсыз да халқымыздың саны аз. Мемлекеттің қаржысын бөлгізіп, оларды оқытып, дайын маманды өзге елдің қолына ұстата салу арқылы біз екі есе ұтылып отырмыз. Қазақ «қыз тәрбиелеу арқылы ұлтыңды, ұл тәрбиелеу арқылы ұрпағыңды тәрбиелейсің» дейді. Ендеше, ұлт тәрбиесінің көрсеткіші саналатын қыздарымызға дұрыс тәрбие беріп, өз елінде білім алуына, өз елінің көркеюіне үлес қосып, қазақ елінің санын көбейтуіне мұрындық болуымыз керек.
Жүргізуші:
– Нұра Тынысқызы, шетелде дәл қазір білім алып жатқан қыздардың көбісі сіздің замандастарыңыз. Солардың бәрінің ойлағаны шетелде қалып, өзге елдің көсегесін көгерту ме?  
Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ:
– Жоқ, шетелде оқып жатқан таныстарымның барлығы ұлтшыл. Олар – тек шетелдің артықшылығын үйреніп, үйренгенін елге келіп үйретуге асығып жүрген жастар. Жалпы, жастардың білімін шыңдау мақсатында шетелге білім алуға ұмтылуы жақсы нәрсе. Мұны құптау керек. Дегенмен оқуды сылтауратып барып, сол елде қалуы жақсы нәрсе емес. Сондықтан біз сол шетелде қалып кететін жастарға қатысты мемлекеттің саясатын өзгертуіміз керек секілді. Мәселен, мектеп қабырғасынан бастап жастардың бойындағы отаншылдық сезімді арттыратындай идеологиялық сабақтар жүргізу қажет. Қазақта мақал бар ғой, «Қызға қырық үйден, қала берді, қара күңнен тыю керек» деген. Ендеше, жастарымыз, соның ішінде қыздарымыз, шетелде қалып кетпесе екен десек, олардың бойында отаншылдық сезімді арттыратындай тәрбие жұмыстарын жүргізуден тартынбауымыз керек. Дегенмен тәрбие жұмыстары олардың құқын шектейтіндей дәрежеде болмауы керек. Себебі еліміздің Ата Заңы бойынша азаматтарымыздың білім алуына еш шектеу қойылмаған.
Айта кетер жайт, қазір еліміздің білім беру жүйесіндегі Ph талабы бойынша жастар шетелде оқып келуге міндетті. Ал енді келіп аяқастынан қыздарымыздың шетелде білім алуын шектейтін болсақ, Ph талабын бұзған болар едік. Гендерлік саясатқа байланысты да қазір бірқатар заңнамаларға өзгертулер енген. Сондықтан біз дәл қазір қыздарымыздың шетелде білім алуын шектей алмаймыз. Дамыған заманда шекараны да бекітіп ұстау мүмкін емес. Есесіне тәрбие жұмыстарын жүргізуге шамамыз жетеді. Егер біз қыздарымызға ұлағатты тәрбие мен тәртіпті бойына қатар сіңіре білсек, олардың шетелдегі болашағына алаңдамас едік.  
Жүргізуші:
– Шыны керек, Әлима апай, Қазақстанға келіп білім алып жатқан шетелдікке де тұрмысқа шығып, еріп кетіп жатқан қазақ қыздары жетерлік. Осы тұрғыдан келгенде, қыздарымыздың шетелде білім алуын шектеу нәтижелі қадам бола қояр ма екен?
Әлима СҚАҒИҚЫЗЫ:
– Қазір жаппай шетелге барып білім алу сәнге айналды. Жоғары оқу орнын ғана емес, колледжді де шетелде оқығысы келетін жастар көбейді. Ұстаз-ғалым ретінде осыған қарным ашады. Менің бұған келтірер мысалым өте көп. Көптеген таныстарымның қыздары шетелге барып алып, елге қайтпай, ата-анасын зар жылатып сол елдерде қалып кетіп жатыр. Олар сол елдің азаматтарына тұрмысқа шығып, елін, жерін, тілін, дінін ұмытып кетуде. Біз білім алуды желеу етіп, шекара асуды көздеген қыздарымыздың бұл әрекетіне тосқауыл қоймасақ, келешекте бармақ шайнарымыз анық. Демократия, құқығын шектейміз деп біз кез келген нәрсеге еркіндік беріп алдық. Мен неміс тілінің маманы болғандықтан, шетелге көп шығамын. Сонда көзімнің жеткені біз қазір көп нәрсені теріс түсініп алыппыз. Біз қандай жағдайда да алдымен ұлттық, мемлекеттік мүддені ойлауымыз керек.
Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ:
– Дәл қазір біз қыздарымыздың шетелде білім алуына шектеу қойсақ, заңдық тұрғыдан оның құқығын шектеген болып табыламыз. Сондықтан бұл мәселеге басқа тұрғыдан келу керек секілді. Мәселен, түрікмен қызын шетел азаматы әйел ретінде алатын болса, ресми түрде мемлекеттік бюджетке 50 мың доллар төлеуі тиіс. Бәлкім, бізге де осындай шешім керек шығар.
Жүргізуші:
– Нұра Тынысқызы, қыздарымыз шетелде білім алып болғаннан кейін, елге қайтып келуге міндеттілігі жайлы қолхат алу құқын шектеу болып табыла ма?
Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ:
– Бірқатар шығыс мемлекеттері қыздарына шектеу қойған. Сондай-ақ олар отыз жасқа толмаған, тұрмыс құрмаған қыздарды да еліне қабылдамайды. Сол секілді біздің еліміз де қолхат жаздырып алу арқылы елге қайтаруға тырысса, мемлекеттің ішкі жағдайына байланысты қабылданған ол өзгеріс азаматшалардың құқығын шектеу болып табылмас еді. Сондықтан мемлекет бұл тұрғыда ұлттық тәлім-тәрбиелік ерекшеліктер мен әдет-ғұрыптарына, ішкі жағдайына байланысты заңға өзгертулер енгізе алады. Ал заңға дәл осы күйінде шектеу енгізу гендерлік саясатқа да қарсы шығу болып табылады.
Жүргізуші:
– Әлима апай, қыздарымыз шетел асып, білім іздеп кететіндей біздің елімізде білім сапасы төмен бе?
Әлима СҚАҒИҚЫЗЫ:
– Жоқ, біздің еліміздегі білім сапасы төмен емес. Оған біздің еліміздің жастарының шетелге барып халықаралық жарыстарда білімімен көзге түсіп, топ жаруы айқын дәлел бола алады.

сайыс бөлімі                                                                                                                                         
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың үшінші бөлімі «Сайыс» деп аталады. Осы тақырып аясында қарсыластар өзара сұрақ-жауап алмасады.
Әлима СҚАҒИҚЫЗЫ:
– Шектеу деген сөз – белгілі дәрежеде шетелге шығатын жастардың жасына немесе басқа да мәселелерге байланысты санын азайту. Ал түбегейлі тоқтату деген сөз – қыздарымыздың жаппай шетелге шығуына тыйым салу. Осы тұрғыдан келгенде шектеу енгізу дұрыс шығар?  
Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ:
– Мен шектеу немесе түбегейлі тоқтатудан гөрі олармен ұлттық тәлім-тәрбие турасындағы жұмыстарды көп жүргізуді қолдар едім. Мәселен, жас маман ретінде алдағы уақытта зерттеп біткен ғылыми жұмыстарымды шетелде зерттеуге алып шығамын ба деген ойым бар. Сондықтан орын алған бірді-екілі оқиғаға бола жаппай қыздарымыздың құқын шектеу артығырақ секілді.
Сізге қояр сұрағым, Әлима апай, өзіңіз де ғылыми жұмыстармен шетелге барып-келіп жүрсіз. Егер сіздің кезіңізде осындай шектеу қойылса, сіз бұл мәселеден қалай шығар едіңіз? 
Әлима СҚАҒИҚЫЗЫ:
– Негізі, шектеуге қатысты мәселені қыздарымыздың жасына байланысты қайта қарастыру керек секілді. Мәселен, оң мен солын танымаған жастан гөрі келешекте 30-дан асқан қыздар ғана шетелге білім қуып бара алса дұрыс болар еді.

ойтүйін                                                                                                                                                      
Жүргізуші:
– Соңғы бөлім «Ойтүйін» деп аталады. Осы тақырыпқа қатысты ойымызды түйіндесек. Ендеше, қарсыласыңыздың ойынан не түйдіңіз және оның ұстанымына өтіп кеткен жоқсыз ба?
Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ:
– Қарсыласымның пікіріне өте қойғам жоқ. Дегенмен қыз­дарымызға қажетті деңгейде тәлім-тәрбие беру жа­ғынан Әлима апаймен пікірлес екенбіз. Сондай-ақ жат жұрттағы қыздарымызға кез келген уақытта көмек қо­лын созатындай мүмкіндіктер көбейсе дұрыс болар еді.
Әлима СҚАҒИҚЫЗЫ:
– Бұл мәселе – ұлтқа ортақ мәселе. Сондықтан сенатордың бастаған бастамасы ұлт тарапынан қолдау тауып, қыздарымыздың шетелге шығуына шектеу енгізілсе дұрыс болар еді. Ең болмаса қыздарымыздың жасына қатысты шектеу енгізу артықтық етпес еді. 
Жүргізуші:
– Бүгінгі бағдарламамыз да өз мәресіне жетті. Қоғамдағы түйткілді  мәселелерді көтеріп, елеп-екшеп, қоғамдық пікір қалыптастыру – біздің міндет, ал шешім қабылдау әрқашанда тиісті органдардың еншісінде.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста