Қоршаған ортаға зиян келтіріп отырған кәсіпорындарға жергілікті халыққа өтемақы төлеуді міндеттейтін уақыт жеткен жоқ па?

Қоршаған ортаға зиян келтіріп отырған кәсіпорындарға жергілікті  халыққа өтемақы төлеуді міндеттейтін уақыт жеткен жоқ па?

«Қазақстан жерінің 70 пайызы экологиялық қауіп алдында тұр» деген мәлімет үрейлендірмей қоймайды екен. Оның үстіне, дәрігерлер «ауаның бұзылуы салдарынан елде әсіресе өкпе-тыныс жолдарының аурулары, сары ауру, туберкулез, жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік сияқты аса қауіпті дерттер дендеп барады» деп алаңдауда. Егер мамандар қоршаған ортаның ластануын физикалық, химиялық, биологиялық ластанулар мен эстетикалық зиян деп бірнеше топқа бөліп қараса, айтылған факторлардың барлығы да бізге тән. Ешкімге жаңалық емес, қоршаған ортаны осындай деңгейге жеткізген – адамдардың өздері. Газетіміздің өткен сандарында экология проблемасына қатысты әңгіме қозғап, «өндіріс орындары шоғырланған аймақ тұрғындарын жергілікті кәсіпорындар есебінен сауықтырып, төлемақы төлетсе қайтер екен?» деген ұсыныс тастаған едік. Өйткені табиғат байлығын пайдаланып жатқан ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластап жатқандары былай тұрсын, адам өмірін қауіпке тігіп отыр емес пе?! Сол мақала жарық көрісімен, қолдаушылар редакциямызға телефон шала бастады. Ал мамандар не дер екен?

Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
Иә

– Экология – жергілікті мәселе. Кәсіпорын белгілі бір аймақта, белгілі бір мекенде орналасқаннан кейін, оның зардабын шегетін – сол өңірдің тұрғындары. Экологияның әсері, атап айтсам, зауыттардың айналаны ластауы, одан шығатын улағыш түтіндер, улы заттардың қалдықтары сияқты факторлар адамзат денсаулығына үлкен зар­дабын тигізіп отыр. Десек те, мо­йындау керек, экологияны жақ­сартуға соңғы төрт-бес жылда аз да болса көңіл бөлініп, бұл маселе шешімі енді-енді қолға алынып жатыр. Мысалы, заңды құжаттар жарық көріп, арнайы Экологиялық кодекс те қабылданған-ды.
Алайда кәсіпорындар төлеп жатқан төлемдердің сол экологияны құлантаза «айықтыруға» жұмсалмайтындығы өкі­нішті. Мәселе – сонда. Бұл – дұрыс емес. Тақырыпты орынды көтеріп отырсыздар, экологияға зиян келтіретін кәсіпорындарға төлемдерінің белгілі бір бөлігі әл-ауқатын жақсартып отыру үшін жергілікті халықтың өзіне беруді міндеттейтін кез келді. Экологиялық зиян шегіп отырған халықтың мүддесіне, тіпті соның қомақты бөлігі жұмсалуы тиіс еді.
Өздеріңіз білесіздер, бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі деген ұғым бар. Бұл – жай ғана ұғым емес, БҰҰ бұған аса ма­ңыз беріп, оның құжаттары бірқатар елде айрықша мәнге ие. Жергілікті тұрғын­дардың өміріне қауіп төндіріп отырған кез келген кәсіпорын осы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін басшылыққа ала отырып, төлемақы төлеуді міндетіне алғандары жөн. Бұл ұғымның заңды да, құқықтық та, әлемдік те нормалары бар. Сіздер көтеріп отырған мәселені, міне, осы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру арқы­лы да шешуге болады. Әйтпесе экология ластанса, ол халықтың денсаулығын тө­мендетіп қана қоймай, сайып келгенде, елдегі әлеуметтік жағдайға үлкен зардабын тигізеті анық.
Сырттан естіп жатамыз, кәсіпкерлер «жау жағадан алғанда, бөрі етектен ала­ды» деп ренжулі. Кәсіпкер болсын, кім болсын, бәріміз мемлекет алдындағы мін­детімізді орындауға тиіспіз. Десек те, осы соңғы кездері осындай әңгіме жиі айтылып кетті, ондай болса, кіріс пен шығысты са­лыстырып отыратын мониторинг жасалсын. Сонда белгілі болады, кімнің сөзі мен ісінің ақиқат екендігі. Анау бір кездері кез келген ақ­параттың жұртқа қолжетімділігін қарас­тыратын заң қабылдамақ болған еді, өкінішке қарай, оның тағдырын шешуді 2013-інші жылға қалдырды. Ал менің ойымша, толғағы жетіп тұрған заң еді бұл.
Біз әлі күнге дейін табиғатқа зиян тигізіп отырған ірі-ірі, мысалы, ТенгизШевройл, Қашаған, Қарашығанақ және ұсақ кәсіп­орындар қанша салық, қанша өтемақы төлеп жатқаны, яғни аты аталғандар халық пен мемлекет алдындағы міндетін қанша­лықты орындап отыр, ол жағынан мүлде бейхабармыз. Құпия бар екен, демек, былық-шылық та жоқ емес. Негізі, бұлар стра­тегиялық нысандар қатарына кіреді. Ал осы сынды стратегиялық нысан­дарға заңға сәйкес мониторинг жүргізіп отырады. Алайда ол мәліметтер де жария болмай­ды.
«Ашық қоғам», «мөлдір экономика» дейміз, бірақ бәрі қағаз жүзінде қалып қойып жатыр. Айта кетсем артық болмас, министрліктердің тіпті сайттарын ашып көрейікші, онда халыққа керек бірде-бір дерек жоқ.
Дәл солай қай кәспорынның не жасырып отырғандығын халық білмейді. Сол себепті бұл арада халық қандай да бір төлемақы төлетуді ойламайды да.
Қысқасы, экологияны ластап отырған кәсіпорындарды мемлекетке беріп отырған қаржысынан болсын, басқа жол­мен болсын, әйтеуір, халыққа төлемақы төлетуге міндеттеген дұрыс болар еді.

Азат ҚОНЫСБЕК, кәсіпкер:
Жоқ

– Экологиялық проблеманың барған сайын ушығып, әңгіме ха­лықтың өмірі мен өлімі тұрғысынан көтеріліп жатса да, оған қарсы шаралар қауқарсыздығын көрсетіп келеді. Әсіресе ана мен бала денсаулығы ойландырады. Мен де елі үшін, жері үшін алаңдап жүретін жандардың бірімін. Алайда қоршаған ортаға зиян келтіріп отырған кәсіпорындарға жергілікті халыққа өтемақы төлеуді міндеттеу қаншалықты дұрыс болар екен? Бұл – менің қайсыбір кәсіп­ор­ын­дардың күйін күйттеп, қайсыбір кә­сіп­керлерге жаным ашығандығым емес. Кәсіпорындар сол аймақтың тұр­ғын­дарына қанша қаржы бөлсін мей­лі, түйткіл онымен шешіле қоймас.
Мәселен, қаржы адамдардың денсау­лығына деп берілсін, олар ақшаны, шынымен де, сауығуына пайдалансын. Бәрібір ертеңгі күні баяғы қалпына түседі. Өйткені экология сол күйінде тұр, кәсіпорындар табиғатты ластауын қойған жоқ.
Қандай да бір түйінді шешу үшін алдымен сол кемшілік неден пайда болды, соны анықтау керек те, тікелей сонымен күрес жүргізген әлдеқайда тиімді. Сол сияқты «кәсіпорын орналасқан аймақта тұратын адамдардың денсаулығының бұзылуына не себеп болды?» деген сауалға жауап іздеп көрейікші. Негізінен, қоршаған ортаның ластануы. Ондай болса, сол кәсіпорындардың табиғатқа залал тигізбеуіне қол жеткізген ләзім. Былайша айтқанда, олар белгіленген құн төлеу тәртібіне орай қоршаған ортаны ластаған өндіріс орындары тиісінше мөлшерде өтемақы төлейді емес пе, міне, Үкімет сол қаржының, қажет болса тіпті барлығын да экологияны тазартып отыруға жұмсаулары тиіс. Адамдардың денсаулығы таза ауамен тыныстану арқылы біртіндеп өзі де қалпына келген болар еді.
Тағы бір айтпағым, әрбір кәсіпорынға шығарып жатқан зиянды қалдықтарының көлеміне қарай талап қойылады. Міне, осы нормативтік талапты кім қаншалықты орындап отыр. Мұны да есепке алу керек. Егер ол барлық талапты дұрыс орындап жатса, оған қандай кінә тағасың? Бәріне бірдей талап қоюға болмайды. Олардың арасында ала да бар, құла да бар. Ал әңгіме айтқанға көндікпей жүргендерге қатысты болса, оларға қандай да бір мін­деттеме жүктеуге болатын шығар. Оның өзінде де, сіздер айтып отырғандай, жер­гілікті халыққа төлемақы төлету ар­қылы емес, басқа жолмен. Мысалы, жо­ғарыда айтып отырғанымдай, эколо­гияны лас­тамауын қатаң қадағалау керек.
Қазір еліміздің экологиясы сын көтермейді. Қазірден қолға алмасақ, опық жеуіміз әбден кәдік. Дамыған елдердің электр стансыларын, металлургиялық зауыттарын, т.с.с. кәсіпорындарын көр­сеңіздер, біздегідей будақтатып түтін шығарып жатқандары жоқ. Рас, есесіне, өнімдері қымбатырақ. Алайда әңгіме болашақ ұрпақтың денсаулығына қатысты болып тұрғанда, лас ауамен тұншыққанша, тұтынып отырған тауарларымыздың қымбаттау болғанын қалар едім.
Менің бір түсінбейтінім, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпорындардан өндірілген қаржы көзін экологиялық жағдайды түзеуге емес, басқа бір мақ­саттарға жұмсап жатады. Менің естуімше, қайбір жылы бюджетке қоршаған орта эмиссиясы үшін деп 66 млрд теңге көлемінде төлемақы түссе, табиғатты қорғау шараларына соның тек 30 пайыз­дайы ғана кеткен.
Сол қаржының қажет болса барлығын да неге экологияны тазартуға емес, сол қауіпті болдырмауға жұмсамасқа. Сонда төлемақы немесе моральдық шығын төлету туралы әңгіме қозғаудың керегі де болмай қалады. Менің ойымша, ең дұрысы – осы.

Түйін
Нұржан ОШАНБЕКОВ,
«Табиғат» экоодағы төрағасының орынбасары:
– Өтемақы төлетуді міндеттейтін уақыт әлдеқашан жеткен. Кәсіпорындар заңдарымызға пысқырып та қарамайды. Олардың осынша еркінсіп кеткендері тіпті мен үшін күмәнді. Демек, ауаны ластап жатқандардың іс-әрекеттерін жауып, жасырып отыруға мүдделі біреулер бар да... Бұрын да ондай кәсіпорындар шығарып жатқан зиянды қалдықтарының мөлшерін барынша құпия ұстауға тырысып бағатын еді, қазір мына нарық заманында тіптен астыртын орындарға айналып алды. Бақылау органдарының «бармақ басты, көз қысты» қылықтары айқын көрініп тұр емес пе?
Нормативтік құжаттарға сәйкес, кәсіпорын шығаратын өніміне қарай адамдар тұратын жерден 500-1000 метр қашықтықта орналасуы тиіс. Қазір тексеріп көріңіздерші, заңды белден басып отырған кәсіпорындар қаншама?! Бізге Алматы қаласы Майлин көшесі тұрғындарынан қазір көптеген шағым-арыздар түсіп жатыр. Онда аталған көшеде орналасқан «Казторгресурс» мекемесі зиянды қалдықтарын жұрт көзінен жасырып, жақын маңға түнде шығаратындықтарын жазған екен. Ал ол қалдықтар адам ағзасына өте зиян көрінеді. Міне, бір ғана мысал. Ал сол адамдардың денсаулығына ертең кім жауап береді? Неге қарапайым халық зардап шегуі тиіс? Бұл мәселені ендігі мемлекеттік тұрғыда шешпесе болмайды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста