Ертең — Халықаралық интеллектуалдық меншік күні. Осыдан үш күн бұрын бүкіл әлем Кітап және авторлық құқық күнін атап өткен болатын. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексінің 5-бөлімі, 49-56 тараулары — осы интеллектуалдық меншікке, оның ішінде 50-тарауы авторлық құқыққа арналған. Елімізде осындай заң бола тұра, авторлық құқық жиі бұзылады. Қашан көрсең, ақын-жазушылар, оқулық авторлары, сазгерлер өздерінің авторлық құқықтарына нұқсан келгенін айтып, налып жүргендері. Бұған не себеп? Заңымыздың солқылдақтығы ма, әлде құқықтық сананың төмендігі ме? Бұған кім не дейді?
Қалдыбек Құрманәлиев, композитор:
Иә
– Әрине, Қазақстанда авторлық құқықтың жиі бұзылуы — еліміздегі заңның шикілігінен. Сондай-ақ бізде жалпы осы зияткерлік меншікке, авторлық құқыққа қатысты мәселеге авторлар қоғамынан басқа ешкім басын ауыртпайды. Астанада Зияткерлік меншік жөніндегі комитет бар. Бірақ бұл туралы біреу білсе, біреу білмейді. Негізінде, авторлардың жыртысын жыртып, жырын жырлайтын осы мекеме болуы керек. Бірақ олардың жұмысынан халық бейхабар. Көпшіліктің бар білетіні – авторлар қоғамы. Қит етсе, ақын-жазушыларымыз бар, сазгерлеріміз бар — бәріміз осы мекемеге жүгінеміз. Бұл да заңның шикілігінен, дұрыс шегеленбеуінен болып отыр. Мен өзім сазгер, шығармашылық адамы болғандықтан, осы тұрғыда бір мысал келтірейін. Негізінен, ән үш адамға ортақ. Олар – ақын, сазгер және әннің орындаушысы.
Әнші өзгеріп тұруы мүмкін, бірақ сол әннің ақыны мен сазгері өзгермейді ғой. Бұрын кеңестік заманда көркемдік кеңестің шешімімен ақынға – 250 сом, сазгерге 150 сом қаламақы төленетін. Қазір ақын-сазгерлерге ешкім ештеңе төлемейді. Онымен қоймай, әнші өлеңді де, әнді де біздерден тегін алғысы келеді. Ал әншілер аптасына қанша тойға барады, қаншама әндерді орындайды, сонымен табыс табады. Шындығында, әнші тапқан табысын үшке бөлсе, әділетті болмас па еді?! Әншілер әр орындаған әні туралы авторлар қоғамына келіп есеп беріп, ең болмағанда, табысының елу пайызын ақын-сазгерлермен бөлісуі тиіс. Осындай жағдайлар заңда қарастырылмаған. Тағы бір айта кететін жағдай, ақындар немесе сазгерлер өздерінің шығармашылық кештерін өткізген кезде әншілерді шақырса, оларға ақы төлемесе, келгілері келмейді. Әншілер ақша алар кезде ешқандай заңға бағынбайды да, тегін ән шырқайтын бола қалса, авторлық құқықтарын алға тартып шыға келеді. Осы дұрыс па? Сонда ақын-сазгерлеріміз өздері шығарған әндері мен өлеңдерін өз кештерінде орындата алмаса, несіне шығармашылықпен айналысып жүр?! Міне, осы тұрғыдан қарағанда, заң солқылдақ емес, тіпті жоқ деуге болады. Сондай-ақ Республика сарайында өтетін концерттерден түскен пайданың төрт пайызы авторлар қоғамына аударылады. Сол қаржы әндердің авторларына төленеді. Алайда Республика сарайынан басқа мейрамханалар мен тойханаларда ақын-сазгерлердің әндері қаншама рет орындалып жатады?! Бұған заңмен шектеу қойылмаған. Осындай жерлерде шығармашылық адамдарының құқықтарын кім қорғайды? Заң шикі, бірақ біз сол шикі заңның өзін дұрыс жүзеге асыра алмаймыз. Біреудің ақысын жейтіндер үшін біздің заңды білмегеніміз, сауатсыз болғанымыз, өз құқығымызды қорғай алмағанымыз тиімді. Сондықтан заңның кейбір баптарымен шектелмей, оның аясын кеңейтіп, жетілдіріп, сондай-ақ өз құқықтық білімімізді де арттыру керек.
Жанат Сейдуманов, ҚР Кітап палатасының директоры:
Жоқ
– Авторлық құқықты қорғауға арналған заң Қазақстанда жетеді. Тек әр адам өз шығармашылық қызметінің нәтижелері осы заңдармен қорғалатынын білуі керек. Зияткерлік меншік нысанына жататын ғылым, әдебиет, өнер туындыларын заңмен қорғауға біздің қоғам әлі пісіп-жетілмей жатыр. Мысалы, шетелде шығармашылық адамының мүддесін мемлекеттік мекемелер емес, арнайы авторлық құқықты қорғаушы орындар қорғайды. Ал бізде ондай өте мықты авторлық құқықты қорғау орындары жоқтың қасы. Менің білуімше, Алматыда авторлық құқықты қорғаумен айналысатын үш-төрт мекеме бар. Бірақ олардың ешқайсысының толығымен авторлық құқықты қорғауға дәрмені келе бермейді. Бізде шығармашылықпен айналысатын адамдардың көпшілігінде «мен кітап жаздым немесе музыка шығардым, енді мені біреу қорғау керек» деген түсінік қалыптасқан.
Мемлекет «Авторлық құқықтың қорғалуы туралы» заң шығарып берді, уақыт өте келе заңдар біртіндеп жетілдіріліп келеді. Одан артық не керек? Мысалы, былтырғы жылдан бастап біздің Кітап палатасы мекемесі баспалардың басшыларымен кеңесе отырып, «Баспа туралы» заңның жобасын әзірлеп, министрлікке ұсындық. Биыл осы заң жобасы жоғарыда қарастырылып жатыр. Тек біздің қоғамда құқықтық сана төмен, біліміміз жұтаң. Ешқандай елде заң бірден мінсіз болып қабылданбайды. «Көш жүре түзеледі» демекші, тіпті дамыған мемлекеттердегі заңдардың өзі ұзақ жылдар бойы толықтырылып, жетілдіріліп отырады. Сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдары да қоғамымыз алға жылжыған сайын ретке келеді. Бұған асығыстық етудің қажеті жоқ. Ал нақты авторлық құқық туралы айтар болсақ, бізге, ең бастысы, авторлық құқық бұзылған жағдайда нақты сараптама жасайтын мекеме керек. Мысалы, сот тергеуші күдіктілердің қылмысын нақты анықтамай, зерттеу жүргізбей, үкім шығара алмайды ғой. Міндетті түрде күдіктіні соттамас бұрын оның денінің саулығы, ақыл-есінің дұрыстығы туралы дәрігерден анықтама алынады. Немесе екі машина жолда соғылып қалса да, арнайы мекеме бұл жағдайды толығымен тексеріп, шығындарын есептеп, кінәліні анықтағаннан кейін ғана сотқа жібереді. Әйтпесе сот өзінен-өзі еш әрекет ете алмайды. Сол секілді бізге кез келген зияткерлік меншікке байланысты авторлық құқықтың бұзылмауын қадағалайтын, кінәліні анықтауға мұрындық болатын, сараптама жасайтын мекеме жетпейді. Айталық, осы мекемеге өзі шығарған кітабына байналысты авторлық құқығының бұзылғанын айтып, шағымданған автор кітабы туралы ақпаратты бізге, яғни Кітап палатасына хабарласып біле алады. Сол секілді өлеңге, әнге байланысты да шағымдарды тиісті орындарға хабарласып, анық-қанығын біліп, сараптамадан өткізгеннен кейін ғана сотқа жіберіп отыратын мекеме керек болып тұр. Сонда барлығы заңды болады әрі заңдарымыз да өз ретімен жетіле түседі. Шетелдің заңдары керемет, бізде ондай заң жоқ деп бекер байбалам салу дұрыс емес.
Бейтарап пікір
Марал Ысқақбай, Қазақстан авторлары қоғамының төрағасы:
– Қазақстандағы «Авторлық құқық туралы» заң халықаралық заңдар деңгейінде жасалған. Дамыған елдерде экономикалық және мәдени қарым-қатынастардың барлығы осы авторлық құқық туралы заңның деңгейінде қарастырылады. Ал Қазақстанда неге авторлық құқық жиі бұзылады дегенге келер болсақ, біздің елде заңды белден басу деген нәрсе жойылмай тұр. Заңымызды құрметтей алмаймыз. Сондай-ақ заңды қолданушылар ғана емес, мемлекеттің өзі заңның дұрыс орындалуын қадағалауға құнты болмай тұр. Өткен жылы Елбасы «интеллектуалдық меншікке жіті назар аудару керек» деген мәселені қойған кезде ғана прокуратурасы бар, министрліктері бар – барлығы бір-екі айдай даурығып, өздерінше қимылдай бастады да, кейін қайтадан тыншып қалды. Сонымен қатар авторларымыз да өздерін-өзі айдаһардың аузына итереді де, құқықтарын дұрыс қорғата алмай жүреді. Ал құқық бұзушылар авторлардың селқостығын, мемлекет тарапынан қатаң бақылаудың жоқтығын пайдаланады.