Күні кеше ғана Мәжілістегі Үкімет сағатында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова қатысып, мүгедектердің мәселесі туралы жан-жақты ойларымен бөлісті. Осы ретте мүгедектерге қатысты кейбір қоғамдық ұйым өкілдерінің басшылары «Мүгедектер мәселесін түбегейлі шешу үшін мемлекет тарапынан арнайы орган керек екендігін» алға тартты. Шынында да, бізге тек мүгедектер мәселесімен шұғылданатын арнайы мемлекеттік орган керек пе? Осы сұрақты ой-көкпар талқысына салып көрген едік.
Әли АМАНБАЕВ, Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы:
Иә
– Халықаралық тәжірибені қарап отырсақ, өркениетті елдердің көбінде тікелей мүгедектер мәселесімен айналысатын арнайы мемлекеттік органдар бар. Олар басқа саламен емес, нақты осы мүгедектердің мәселесімен айналысады. Ал бізде қазір бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырында болғанымен, олар мүгедектердің мәселесін толық шешуге шамалары жетпейді. Себебі олардың бізден басқа да жұмыстары жетіп-артылады. Еңбек және еңбекақы төлеу, жұмыспен қамту, зейнетақымен қамсыздандыру деген секілді жұмыстары толып жатыр. Қазіргі таңда елімізде мүгедектер мәселесін тек қоғамдық ұйымдар ғана жан-жақты көтеріп жүр. Алайда мүгедектер әлі күнге дейін өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезіне алмай келеді.
Өйткені көпшілік жерде үйдің айналасынан бастап, қоғамдық көлік пен кеңселерге дейін мүгедектерге ешқандай жағдай жасалынбаған. Ғимараттардың барлығында дерлік мүгедектік арбамен жүретін жолдар мен қондырғылар орнатылмаған. Кеңес кезінде көптеген қалаларда бағдаршамдар қызыл жанып тұрғанда арнайы дыбыс беретін сигналдар орнатылушы еді. Қазір ол да жоқ. Қоғамдық көліктер мүгедектердің мініп-түсуіне қажетті жабдықпен жабдықталмаған. Тұрғын үй кешендерін, ғимараттарды саларда мүгедектердің жағдайы ескерусіз қалған. Енді мұның барлығын ретке келтіру үшін не істеу керек? Құрылыс компаниялары биік ғимараттар салып жатқанда, мүгедектер «мұны маған ыңғайлы етіп сал» деп айта ала ма? Біздің сөзімізге олар пысқырып та қарамайды. Сондықтан мүгедектердің мәселесімен айналысатын арнайы орган болатын болса, олар айыппұл салады, егер тыңдамаса, сотқа береді, әйтеуір мемлекеттік орган болғаннан кейін қолында күш бар, сол арқылы шеше алады. Ал біз не істей аламыз? Ол құрылым тікелей Президентке немесе Үкіметке бағынуы тиіс. Ал қазір мүгедектер мәселесімен министрлік айналысқанымен, олардың мүгедектер бөлімінде айналдырған үш-ақ адам бар. Олар бүкіл Қазақстан мүгедектерінің жағдайын жасай ала ма? Немесе министрліктің әр аймақтағы басқармаларында мүгедектікпен айналысатын екі-үш адам не тындыра алады? Қазір кейбіреулер «Мүгедектерге мемлекеттік құрылым неге керек, онсыз да министрлік бар, түрлі қоғамдық ұйымдар бар, енді тағы да мемлекеттік орган ашып, ақша шығындаудың керегі не?» деп жатады. «Қыруар қаржыны желге шашқанша, одан да ол қаражатты мүгедектерге берудің тетігін қарастырайық» дейді. Жарайды, ол қаржыны мүгедектерге берейік. Бірақ олар оны не істейді? Мүмкіндігі шектеулі жандар мүгедектердің ғимараттарға, қоғамдық көліктерге кіріп-шығуын, бағдаршамдарға сигнал қондырғыларын орната ала ма? Жоқ. Сондықтан мұнымен айналысатын арнайы мемлекеттік орган қажет. Сонда мүгедектер мәселесінде біршама проблемалар шешілген болар еді.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты:
Жоқ
–Мейлі, мүгедектердің мәселесімен айналысатын мемлекеттік орган құрайық, бірақ одан мәселе шешіле ме? Қазір мұнымен елімізде білдей министрлік айналысып жатыр, оның әр аймақта басқармалары мен бөлімдері бар, онымен қоса, неше түрлі қоғамдық ұйымдар бар, енді оған тағы да бір мемлекеттік орган құру артық емес пе? Мемлекеттік құрылымды топырлатып аша бергенше, министрліктің ішіндегі мүгедектер мәселесімен айналысатын штатты көбейтіп, олардың құзіретін кеңейтіп, жұмыс істеуіне жағдай жасағанымыз әлдеқайда тиімді емес пе? Үкіметтің жанынан тағы бір мемлекеттік орган ашатын болсақ, онда әр аймақтан оның департаменттерін ашу керек болады, штат бөлу керек, оның барлығы үлкен шығын.
Одан да сол шығынды мүгедектерге берудің жолын қарастырайық, оларға жағдай жасайық. Министрліктің құзіретін күшейтіп, олар қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істесе, олардың көтерген мәселелерін ескеріп, шешу жолдарын бірлесіп атқарсақ, тиімді болар еді. Бұл жерде мәселе мемлекеттік органды ашуда емес, сол бар органның өзінің жұмысын тиімді ету, мүгедектерге жағдай жасау керек. Ал олардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі министрлік өкілдерінің біліктілігіне, құзіретінің кеңдігіне байланысты. Өкінішке қарай, қазір мүгедектердің мәселесі шаш етектен. Олардың алатын жәрдемақылары мардымсыз, арнайы жұмыспен қамтылып отырған жоқ, тіпті көп ғимаратта лифтілер жоқ болғандықтан, мүгедектер үйлерінен шыға алмай қамалып отыр. Мұны білдей бір министрлік шеше алмауда. Сондықтан олардың құзіретін кеңейтіп, талапты күшейтіп, қадағалауды қатаңдатқанымыз дұрыс. Қазір көзі көрмейтін мүгедектерге арнайы көмекші бекітілмеген, оларды қасында бір адам жетектеп жүрмесе қалай жүреді? Санаторийлерге барайын десе, апарып-әкелетін ешкім жоқ. Қазір олар тағдырдың тауқыметін тартып, үйлерінде отыр. Ал бізде мүмкіндік бар, қаржы бар, бірақ оны босқа шашып, арнайы мемлекеттік орган құрғанша, оны тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырғанымыз жөн. Егер құзырлы министрлік, оның аймақтардағы басқармалары, қоғамдық ұйымдар бірігіп жұмыс істеп, нақты мәселелерін тиісті органдарға жеткізе білсе, осының өзінде-ақ көп жұмыстарды тындыруға болады.
Түйін
Қазақстан төрткүл дүниеге танымал ел атанып жатыр. Біреу қызғанып қарайды, біреу қызығып қарайды. Әлеуеті осындай деңгейге жеткен ел үшін мүгедек жандарға қатысты проблеманы дұрыс шеше алмауымыз елдігімізге сын емес пе? Мойындау керек, жоғарыдағы айтқан азаматтардың пікірлері әрқайсысы өзінше ой салады. Ал біздің ойымызша, бұл мәселеден дау туындатпай, құзырлы министрлік бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ауызбіршілікпен біріге шешсе, біз алмайтын қамал жоқ.