Мемлекеттік грант ала алмаған жоғары оқу орындарын жабу керек пе?

1992 жылы елімізде 60 ЖОО болса, 2005 жылы олардың саны 185-ке бір-ақ жеткен. Соңғы кездері күрт көбейіп кеткен ЖОО- ларды азайту қолға алынып, бүгінде олардың саны 148-ге дейiн азайтылған. ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «ЖОО-ларға талап күшейетiн болады. Қазақстан мемлекеттiк емес секторға да теңдей жол ашып, жоғары бiлiм берудi әртараптандыруға көшкенi мәлiм. Әлемдiк қауымдастық бұл қадамды жоғары бағалады. Алайда бұның соңы жақсылыққа апармады. ЖОО-лардың қисапсыз өсуi бiлiм берудiң сапасына керi әсерiн тигiздi. Тексерiс барысында университет атын жамылған бiлiм беру ошақтарының бiрқатары оған лайық емес екендiгiн көрсеттi. Сондықтан тек жекеменшiк ЖОО-ларға ғана емес, мемлекеттiк оқу орындарына қойылатын талаптар да күшейедi» – дей келіп, болашақта елімізде 50 шақты ғана ЖОО-ның қалатынын жеткізген еді. Ал биылғы жылы ЖОО-ларға мемлекеттік тапсырысты конкурстық негізде орналастыру механизмі енгізіліп, грант бойынша оқыту құқығы қатаң талаптарға сәйкес келетін 85 жоғары оқу орнына ғана беріліп отыр. Бәлкім, осы орайда 148 ЖОО-ның 85-ін ғана қалдырып, қалғанын жабу керек шығар? Тақырыпты мамандар талқысына салып көрсек...

Майра АЙСИНА, Мәжіліс депутаты
Иә

– Иә, мен бұл пікірге қо­сы­ла­мын. Мемлекеттік грант ала ал­маған ЖОО-лардың лицензиясын қайтарып алып, жауып тас­тау керек. Соңғы кездері елімізде білім беретін оқу орындары тым көбейіп кетті. Ал бұл білім са­па­сының кері кетуіне алып келді. Сондықтан ЖОО-лардың санын қысқартып, олар­ға деген бақы­лауды күшейту арқылы білім сапа­сының кө­те­рілуіне күш сал­ған жөн. Жауыннан кейінгі құрт­тай көбейіп кеткен ЖОО-лар тиісті орындар тарапынан бақы­лаудың азайғанын пайдаланып ойына келгенін істеді. Мәселен, 5-6 бөлмелі ғимаратты жалға алып, біліксіз ұстаздарымен бі­лім берген оқу орындары да бол­ды. Бұл сұмдық емес пе?! 
Қазір кейде құрылыс маңынан сол мамандықты игерген маманды таппай қи­налатын жағдайға тап болдық. Өйт­кені сәнге айналған экономистер мен заң­герлерді дайындайтын оқу орын­дары­ның күрт көбеюіне орай, оларды игерген ма­ман­дардың саны да жылдам өсті. Тіпті бүгінде кейбіреулердің үш-төрт дипломы бар. Ең кем дегенде екі дипломы бар азаматтар көп. Ал алған білімі өте нашар. Олар­дан ғылымның дамуына, қоғамға да ке­ліп жатқан пайда жоқ. Қаптаған ЖОО-лар студент ақысын төлесе болды, дипломды оңды-солды үлестіре береді. Ал елімізде мұндай сапасыз мамандардың қаптауы үрей тудырмай қоймайды. Мұның алдын аламыз десек, оқу орындарының санын қысқартып, оларға қойылатын талапты кү­шейткен жөн. Осы орайда талапқа сай келмеген ЖОО-ларға грантпен оқыту құқығын бермеуді де қолдаймын. Айта кетерлік жайт – талапқа сай болмаған, мемлекеттік грант ала алмаған ЖОО-ларды бірден жабу қажет. Оларға ақылы бөліммен оқы­ғысы келетін жастарға оқыту құқығын да бермеу керек. Бәрібір сапасыз маман да­йын­дайтын болса, не қажеті бар?! Ондайлар­дың жас­тарды білім берумен мүлдем айна­лыс­па­ғаны жөн. Грантты бөлу кезінде ойланып берген дұрыс. Мәсе­лен, жылына мемлекет тарапынан 33 мың­дай грант бөлінеді. Ал­ай­да мемлекеттегі маман жетіспеушілігі сол қал­пы өзгерер емес. Қаншама болашақ дә­рігер мен мұға­лімге грант бөлсек те, мемлекеттік қыз­меткерлердің жетіспеушілігін азайта алмай отырмыз. Сондықтан грантты белгілі бір оқу орындарына ғана бөліп, оларға деген жауапкершілікті күшейт­кен жөн. Сонда ғана маман жетіспеушілігін жойып, білім сапасын көтере аламыз.
Тағы бір айта кетер жайт, негізі, қазіргі таңда грантты жоғары оқу орнына емес, сту­денттерге береді де, студент грантты жеңіп алып, қалаған оқу орнына барып оқи­ды. Бұл да болса қоғамдағы дәрежесі төмен ЖОО-лардың өздігінен ығысып шы­ғуы­на әсер етері сөзсіз. Осы орайда мем­лекеттік грант ала алмаған ЖОО-лар­ды жауып, қалғандарына қатаң талап қоя­тын кез жетті дер едім.

Дәурен БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» республикалық қозғалысының төрағасы
Жоқ

– Бұл пікірмен келіспеймін. Мемлекеттік грант ала алмаған ЖОО-ларды жабудың қажеті жоқ. Рас, білім сапасын көтеру қажет. Алайда ЖОО-лардың санын қысқарту білім сапасын көтерудің бір ғана жолы емес қой. Мейлі, біз қазір ЖОО-лардың санын қыс­қарту керек деген жаппай науқаншыл­дықпен олардың са­нын қыс­қар­тайық, бірақ одан білім сапасы жоғарылап кете қояр ма екен? Мәселе – осында. Керісінше, біз көп­те­ген мә­селеге ұшырайтын боламыз.
Бүгінгі күні грант иеленіп отырған еліміздің маңдайалды ЖОО-ларындағы оқу ақысы өте қымбат.
Ал мемлекет тарапынан бөлінген 36 046 грант еліміздегі грантпен оқуға талпынған барлық балаға жетпейді. Мәселен, биыл ҰБТ-ға 126 109 бі­тіруші қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 18 564-ке артық. Жыл сайын елімізде білім алғысы келген жастардың қатары өсіп келеді. Білімге ұмтылған жастардың қатарының өсуі – қуанарлық жағдай. Алайда біз олардың білім алуға деген құштарлығын басып, кеудесінен итеріп отырмыз. ҰБТ-ыдан бөлек кешенді тестілеуге қатысу арқылы грантқа таласатын жастар да баршылық. Бұлардың барлығын қосқанда 91 мыңнан астам жас грантты ұтып алуға ниетті. Ал осынша грантқа ұмтылған жастарға 36 046 орындық грант не болады? Амал жоқ, қалғаны әупірімдеп ақылы оқу орнына тапсыруға тырысады, яғни жастардың 65 пайызы өз қаржысына оқиды деген сөз. Ал биылғы жылы оқу ақысы 15 пайыздан 30 пайызға дейін өскен. Ең қымбаты – маңдайалды университеттеріміз. Мәселен, күндізгі бөлімнің ең арзаны жылына 430 мың теңге көлемінде. Бұдан гөрі әлгі грант иелене алмай отырған университеттеріміздегі оқу ақысы арзанырақ. Ертеңгі күні грант иелене алмады деп оларды жабатын болсақ, басқа университеттеріміз оқу ақысын тіпті аспандатпасына кепілдік жоқ. Сонда қазақ баласы білімсіз атануы керек пе? Шыны керек, бүгінде баласы білім алуға ұмтылған ауылдағы көптеген ата-ананың қалтасы оқу ақысын көтере алмайды. Амал жоқ, жастар сырттай оқып, жұмыс істеп, өзінің оқу ақысын өзі төлеуге ұмтылады. Әйтсе де сырттай оқуға бөлініп отырған гранттың да саны мәз емес. Жалпы, 36 046 гранттың 35 046-сы күндізгі бөлімге бөлінген болса, 1 мың грант қана сырттай оқу­ды қамтыған. Мұндай жағдайда бір дип­ломға зар болған, білімсіз жастардың қатары арта бермек.
Шыны керек, грантты иеленіп отырған университеттеріміздің де сапасы жоғары екені шамалы. Сондықтан студенттердің жағдайын ескере отырап, грант иелене алмаған оқу орындарын жабудың қажеті жоқ. Есесіне білім сапасын көтереміз десек, олардың барлығының бірдей жауапкершілігін күшейтіп, білім сапасына деген талапты қатаңдату керек.

Бейтарап пікір
Шамшәдин КЕРІМ,
филология ғылымының докторы, профессор, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры:
– Кезінде ЖОО-ларға лицензияны оңды-солды таратып, бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігі оларды қайта жабудың амалын таба алмай отыр. Алайда оларды қысқарту оңайлықпен жүзеге аспайды. Дәл қазіргі таңда мемлекеттік грант ала алмаған ЖОО-ларға дем берудің де, дереу жабудың да қажеті жоқ. Уақыт өте «стандарттарға сай емес», «грантпен бала оқытуға қабілетсіз» деп танылған оқу орындары өздігінен жабылады. Өйткені бұл жоғары оқу орындарына көпшіліктің пікірі өзгеріп, тіпті онда ақылы бөлімде оқығысы келетін жастардың саны азаяды. Осылайша олар жабылып тынады. Яғни министрлік тарапынан жүргізіліп жатқан іс-әрекеттер, үздіксіз тексерулер олардың жабылуына әкеліп соғады. Оның үстіне олардың барлығында қазіргі таңда студенттер білім алып жатыр. Ендеше, оларды үрейлендірудің де қажеті жоқ. Тек уақыттың таразысына салып, оларды уақыттың өзі-ақ ығыстырып шығаратын күнді күту керек. Осылайша олардың лицензияларын шетінен ала отырып, жапқан жөн.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста