Гендік модификацияланған өнімдердің отандық өндірісіне жол ашқанымыз жөн бе?
Бүгінде әлемдік нарықты гендік инженерияның жемісі – гендік модификацияланған организмдер мен өнімдер (ГМО) жайлап келеді. Сыртқы саудаға есігі ашық ел ретінде бұдан біз де тысқары қалып отырғанымыз жоқ. ГМО деген атынан үріккеніміз болмаса, оның қандай болатынын, пайда-зияны қаншалық екенін қарапайым халық әлі біле бермейміз. Себебі ГМО-нің адам денсаулығына әсері әлі толық зерттеліп бітпеген. Бірақ әлемдік үрдістен тыс қалмас үшін әрі осы төңіректегі мәселелерді реттеу мақсатында елімізде «Гендік-инженерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы әзірленуде. Соның орайында біздің елде де ГМО -нің отандық өндірісіне жол ашқан қаншалық дұрыс деген мәселені таразы басына тарттық.
Бекен ӘЛІМЖАНОВ, Мәжіліс депутаты:
Иә
– АҚШ-та – 1993 жылы, Ресейде 1996 жылы заң қабылданған. Бұл күнде біз дербес мемлекетпіз, шекараларымыз да ашық. Елімізге келетін азық-түліктің басым көпшілігі шетелден келіп жатыр. Қытай, Түркия, Еуропалық одақ елдерімен сауда-саттығымызда азық-түлік өнімдері белгілі бір үлеске ие. Ал бұл елдерде трансгенді-модификациялық азық түрлері дамып келеді. Бірақ бұл өнімдердің адам ағзасына қалай әсер ететіні толық зерттеліп біткен жоқ. Сондықтан үлкендерге, балаларға қалай әсер етеді дегендей алаңдаушылықтар бар. Бұған негіз де жоқ емес, кейде бір теледидардан ГМӨ-ге қатысты жаңсақ хабарлар беріп жатады. Осындай-осындай жайттар іс жүзінде жұрттың үрейін тудырады. Мысалы, қазір ел алма жеуден қорқатын болды. Ол алма қатты, тоңазытқышқа салмай-ақ апталап сақтала береді.
Ал жұрттар тез бұзылатын, құрт түсетін алма жеп үйреніп қалған. Сондықтан әлгіндей өзі қатты, оңайлықпен бұзылмайтын, өзегіне құрт түспейтін алмадан қорқады. Одан қорқудың қажеті жоқ! Ол тексерілген. Түсінесіз бе? Ол бұрынғыдай улы химикаттармен өңделген алма емес. Ол – гендік модификацияланған, сапасы гендік деңгейде күшейтілген, тез бұзылмайтын өнім. Гендік модификацияны қолдану өнімділікті ұлғайтады. Мысалы, гендік модификацияланған өнімдердің басым көпшілігі АҚШ-та шығарылады әрі тұтынылады. Ал америкалықтар – өз денсаулығын күту, сақтау жағынан алдына жан салмайтын халықтардың бірі. Егер зиянды болса, олар мұны өндіріп, тұтынбас та еді. Сондықтан қорқып, үрейлене беретіндей ештеңе жоқ.
Біз, біріншіден, аграрлы елміз. Көп көлемде астық дақылдарын егіп отырмыз. Бірақ түрлі зиянкестер мен аурулардың (өсімдік аурулары) кесірінен еккен егініміздің шығымы, өнімділігі азайып, өзіндік құны қымбатқа шығады. Мұның бәрі – шығын. Жарайды, бұл – бидайдың төңірегіндегі әңгіме. Ал бізде одан басқа да сақтау мерзімі шектеулі, тез бұзылатын ауылшаруашылық дақылдар, көкөністер мен жеміс-жидектер бар ғой. Осының бәрінде біз өнімділікті ұлғайтып, сапасын көтерсек, өз елімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, өзге елдерге де экспортқа шығара алатын мүмкіндігіміз бар. Ал өнімділікті қалай көтереміз? Қолданыста жүрген химикаттар – пестицид, гербицид дегендер кешегі күннің технологиясы болып қалды. Денсаулықты ойласақ, дәл осы химикаттар ағзамызға зиянын тигізіп жатуы мүмкін. Сол себепті де біз жаңа технологиядан қашпай, қолданып, сол арқылы өнімділікті, өндірісті ұлғайтуымыз қажет. Бірақ сонымен бір мезгілде бақылауды да қамтамасыз етуге тиіспіз. Өзіміз өндірсек, оның сапасын, құрамын біліп отырамыз делік, ал сырттан келіп жатқандарының қандай екенін, гендік модификацияға қаншалықты түскенін білмейміз ғой. Сондықтан Үкімет тарапынан дайындалып жатқан заң осы саланың ғылыми зерттелуіне әрі дамуына, өндірістің ұлғаюы мен жаңа өнімдердің шығарылуына жағдай жасауға, сонымен бірге біз не өндіріп, сырттан не келіп жатқанын бақылауға бағытталған деп ойлаймын. Менің ойымша, ол нарықтық экономикамен байланысты. Кез келген адам дүкенге кіргенде қай өнім гендік модификацияланған, қайсысы кәдімгі өнім екенін білетін болуы тиіс. Тұтастай алғанда, гендік модификация да – жаңалық, әлем осыған ден қойып жатыр. Бұл да – инновация. Ал ол инновация біздің ауылшаруашылық өнімдеріміздің өнімділігін, шығымын жақсартып, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болса, біз неге одан бас тартуымыз керек?!
Мұхамбедия АХМЕТОВ, Астана медицина университеті тағамтану кафедрасының профессоры:
Жоқ
– Генетикасы модификацияланған организмдерді (ГМО) өсіру үшін бір организмнің генін басқа бір өсімдіктің немесе жануардың ДНК-сына енгізіп, трансгенизация жасайды. Бұл операция арқылы организмнің кейбір табиғи қасиеттері өзгертіледі. Мысалы, аязға төзімді, жәндіктер жемейтін, құрт түспейтін, ұзақ сақталатын, тығысын-тағы қасиеттері бар өсімдік алынады. Бүкіл жаратылыс ғасырлар бойы өзі сұрыптап берген, кез келген организмнің өсіп-өнуіне жауапты болып саналатын геномына бөтен генді әкеліп, жасанды жолмен қиюластырып енгізген кезде оның келесі ұрпағы өзгеріске ұшырайды. Генетикасы модификацияланған организмдердің дүниежүзіне кең тарап кетуінің кесірінен адамдар мен жануарлар арасында ұрпақсыздықтың дамуы, қатерлі ісік ауруларының көбеюі, тұқым қуалайтын кемтарлықтың ерекше түрлері пайда болуы мүмкін екендігін белгілі ғалымдар дәлелдеп берген.
Жан-жануардың, өсімдіктің тектік аппаратын қолдан өзгертуге бағытталған гендік инженерияның адамзатқа қауіпті тұстары туралы 2000 жылы ғалымдар Әлемдік үндеу жариялаған болатын. Кейінірек ГМО-ға байланысты бүкіл елдің үкіметтеріне 828 ғалым ашықхат жариялаған еді.
Генетикасы модификацияланған дақылдармен қоректендірілген эксперименттік жануарлардың және олардың кейінгі ұрпақтарының ағзаларында патологиялық өзгерістер анықталған. Британия ғалымдары – генетикасы модификацияланған ГМ-картоптың, Италия ғалымдары – ГМ-сояның, Австралия ғалымдары – ГМ-асбұршақтың, француз зерттеушілері ГМ-жүгерінің жануарлар ағзасына қауіпті екендігін дәлелдеген. Мысалы, ГМ-жүгері беріп асыраған эксперименттік жануарлардың төлдері 100 пайыз өлі туғаны туралы ғылыми нәтиже бары белгілі. Бірақ мұндай қорытындыны кезінде жауып тастаған. Себебі ғалымдардың бұл секілді қорытындыларының жария болуы өндіруші компанияларға тиімді емес. Биотехнология саласында зерттеулер жүргізген 500 ғалымның үштен бірі өздерінің анықтаған қорытындысын өзгертуге мәжбүр болғаны туралы мәліметтер бар, себебі ғылыми-зерттеу жұмысына демеушілік жасаған өндіруші компания өкілдерінің өтінішін орындаған. Ғалымдардың 17 пайызы тапсырыс берушіге ұтымды нәтиже көрсетіп, жалған қорытынды берген, ал 10 пайызы қаржылай қыспаққа түсетіндіктен, қаймығып, ГМО-ның кері әсерлері жөніндегі ақпаратты жасырған.
Ең алғаш трансгенді өнімдерді шығаруды 80-жылдары Американың әскери қорғаныс күштеріне бағынышты Монсанто компаниясы қолға алған. Трансгенді дақылдарды өсірудің және әлемге таратудың басты жарнамашысы – Америка. Сөйте тұра, АҚШ-тың ауыл шаруашылығы министрлігі өз елінде ГМ-күріштің сортын егуге тыйым салған. Тіпті қазіргі кезде егіліп қойған ГМ-күрішті толықтай жою керек деп бұйрық шығарған.
Генетикалық аппаратын қолдан өзгертіп өсірілген өнімдер бүгінгідей қарқынмен тұтынушының қарнына түсе берсе, «алдағы 40 жылдан кейін адамзат ұрпағы күрт кеміп, бүкіл биосфера бұзылып бітеді» дейді көптеген ғалым. Адамның иммунитеті әлсірейтіні, аллергия көбейетіні ғылыми тұрғыдан негізделіп жариялануда. Кез келген өсімдіктің, жәндіктің, жануардың табиғи геномына бөтен қасиеті бар генді қиюластырып енгізу үшін арнайы тасымалдаушы вирустар пайдаланылатынын ескерсек, неше түрлі ой келеді. Себебі адамзатты азапқа салумен келе жатқан тұмау да, гепатит те, полиомиелит те, жүре пайда болатын иммунитет тапшылығы синдромы да (ЖИТС, орысшасы – СПИД) тағысын тағылары әртүрлі сондай вирустардың ағзаға бір кіріп алғаннан кейін мүлдем бағынбай кететін қасиетімен байланысты.
Ғалымдар зерттеу ізденістерінің нәтижесінде алмаға түсетін құрттың ата жауының генін алмаға енгізгенде оған құрт түспейтінін және ұзақ сақталатынын анықтаған. Сыртқы сәні қалғанымен, бүкіл мәні өзгеріп кеткен алмаға құрт екеш құрт та жоламайды. Біз жей береміз.
Трансгенді организмдердің көбі ұрпақ бермейді. Мысалы, қашыр деген жануар – есек пен жылқының буданы, ұрпақ бермейді, арыстан мен жолбарыстың күшігі де ұрпақсыз. 18 мың ғаламды Жаратушы өте сирек кездесетін мұндай будандасуды әдейі көрсетіп, «ей, адамдар, абайлаңдар» деп адамзатқа ескерту жасаған шығар деп ойлануымыз керек. Бір күндік қарын тойғызудың қамын ойлап, «жұтқан жұтамайды» деген қағидаға сеніп, табиғат заңдылығына қол сұғу қауіпті.
Түйін
Қос пікірдің де жаны бар. Нарық ағымына да ілесуге тиіспіз, бірақ кейінгі ұрпақтың да салауаттылығын ойлауға, ұлт ғұмырының ұзақтығын қамтамасыз етуге міндеттіміз. ГМО – әлбетте, жаңалық, инновация. Ал инновацияның экономиканы алға сүйрейтіні де – шындық. Бірақ ГМО-ның адам баласына әсерін, ықтимал зиянын ғалымдардың толық зерттеп бітпегені де – ақиқат. Оның зияны ұрпағымызға 40-50 жылдан кейін білінуі де әбден мүмкін. Ендеше, түпкілікті түйін де оқырманның өз еншісінде деп ойлаймыз.