Гендерлік теңдікті сақтау үшін әйелдер мен ерлердің зейнеткерлік жасын теңестіру керек пе?

Гендерлік теңдікті сақтау үшін әйелдер мен ерлердің зейнеткерлік жасын теңестіру керек пе?

 Жалпы, елімізде осыдан біраз бұрын гендерлік саясатты дамыту бағдарламасы жасалған болатын. Бірақ бұл жоба көтерілгелі бері елімізде түрлі пікірталастар орын алуда. Бірі мұны қолдап, «әйелдерді еркектермен тең ету керек, қоғамдағы әйелдердің беделін көтеруге тиіспіз» десе, енді бірі бұған түбегейлі қарсы шығып, «олай етсек, онда елімізде туу азайып, әйелдер отбасынан гөрі жұмысты бірінші қатарға қояды, жалпы, бұл – ұрпақтың аздырылуына алып келеді» дейді. Осы ретте жуықта «гендерлік теңдікті сақтау үшін әйелдер мен ерлердің зейнеткерлік жасын теңестіру керек» деген әңгімелер шықты. Енді мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Бұған саясаткерлер не дейді?

hasen-koja-ahmet-1

Хасен ҚОЖАХМЕТ, «Азат» қозғалысының төрағасы:

Иә
– Бүгінгі таңда әйелдердің барлық жағынан құқығы қорғалған, ерлермен тең, тіпті ерлерден асып кетіп жататын кездері де аз кездеспейді. Мысалы, тең құқықты, жұмыс істей ме – істейді, сайлауға түсе ме – түседі, тіпті көптеген жұмыс берушілер әйелдерге, ер адамдарға қарағанда, жұмсақ қарайды. Жанашырлық танытады. Сонда біз бүгін не үшін гендерлік саясат арқылы әйелдерді көтеруіміз керек? Оны қолдап жүргендердің кейбір уәждерін тыңдасаңыз, «әйелдердің жалақылары аз» дейді, қалай сонда, әйел мен еркек бірдей жұмыс істесе, «сен әйелсің» деп, оларға аз айлық бермейді ғой. Сондықтан бұл жерде мәселе – әйел не еркекте емес, мәселе мамандығында болу керек. Билік басында отырғандар гендерлікпен емес, осы жалақыны қалай жоғары етеміз, Қазақстанды қалай гүлдетеміз дегенге бас қатыруы тиіс. Мұның барлығын кейбір осыған ынталы топтар жасап отыр.

Әйтпесе саясатпен айналысамын десе, мінеки, араласып жатыр, қаншама әйел депутаттарымыз бар. Әйел бастықтар да жетіп артылады. Одан артық не керек? Бұл жерде әйелдердің пәленше пайызын билік эшалондарына қою керек деген ұғым дұрыс емес. Біз сан емес, сапаға жұмыс жасауымыз керек. Сондықтан бұл жерде кім білімді, кім білікті ұйымдастырушы, кімнің қолынан іс келеді – соған назар аударуымыз керек. Ал гендерлік саясатты көтере берудің қажеті жоқ. Жарайды дейік, гендерлікті қолға алайық, бірақ егер шын теңестіргіміз келеді екен, онда ерлер мен әйелдердің зейнеткерлік жасын да теңестірейік. Еркек пен әйел тең болса, неге олар 58 жаста, ерлер 63 жаста шығуы керек?! Бұл әділетсіздік емес пе? Ал шетелдіктерден қаржы алып, солардың ықпалы арқылы «гендер» деп шулап жүргендер бұған не дейді екен? Жалпы, гендер дегеннің өзі қайдан шыққан? Гендерлік саясатты ең бірінші көтерген Швеция, Норвегия және Дания мемлекеттерінде қазір демографиялық мәселе ушығып тұр. Туу азайғаннан халық құрып бара жатыр. Қазір оларда билікке араласатын әйелдер 50 пайызға жетіп қалған. Демек, ондағы қыз-келіншектер тұрмыс құруды қойып, билікке ұмтылып жатыр. Қазір бізде де мансап, карьера қуып, кәрі қыз атанып отырғандар қаншама. Жалғызбасты аналар көбейіп жатыр. Соңында өздері некесіз біреуден туып алады да, сонымен қалады. Гендерлік саясаттың соңы сол Швеция мен Данияның кебін кидірмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан батыстық идеологияға еліктей берудің қажеті жоқ. Мұнда белгілі бір топтар бар, Еуропадан қаржы алып, солардың ықпалымен жұмыс істейтін. Бұл – соның көрінісі. Бірақ гендерлік саясатты Қазақстан әйелдерінің өзі қолдай бермейді. Себебі бұл – қазақтың жанына жат нәрсе.

02351

Азат ШӘУЕЕВ, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры:

Жоқ
– Көңілді сауал екен. Меніңше, «гендерлік теңдік» дегеннің өзі – біздің қоғамда ойдан шығарылған түйткіл. Еріксіз жымияды екенсің: қызықты демей, көңілді сауал деп отырғаным содан. Себебі – әуелден еркіндікті ардақтаған осынау кең-байтақ өлкеде, иісі Алаш жұртында аяулы аналарымыз бен қарындастарымызды, гүл-райхан қыздарымызды қазақ ерекше әспеттеген. Әрине, заманның дамуына қарай еркек пен әйелдің қоғамда, шаруашылық жүргізу жүйесінде өзіне лайық орны болғаны мәлім. Өмірдің қызығы мен қиындығы қатар жүреді ғой. Бірақ біздің әжелеріміз бен апаларымыздың өздерінің дәурені туралы жаман айтқанын немесе өкініш білдіргендерін естімеппін. Ұлтымыздың тарихында әйелге – Ана, отбасының алтын діңгегі ғана емес, ақылман да қайраткер әрі ел басына күн туғанда ерлермен қатар атқа қонған батыр, мәдениетіміз бен тіліміздің жанашыры ретінде қараған терең ұлағатының мысалдары көп.

 Батырлар мен ғашықтар жырларында, әріден жеткен аңыз-әңгімелерде  Домалақ ана, Айша бибі, Баян сұлу секілді ерлік пен мейірімнің, ақыл мен махаббаттың, елдіктің  өнегесіне айналған қазақ қыздары ұрпаққа әрқашан үлгі етіліп отырған.
Сонау 17-інің қызыл төңкерісінен кейін халқымыздың басына түскен небір зұлматты да қазақ әйелдері қабырғалары қанша қайысса да, қаһармандықпен көтере білді емес пе? Қасақана ашаршылықты да, жаппай саяси қуғын-сүргінді де, екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын да біздің аналарымыз бен апаларымыз аз тартпады. Сонда да олар өз тағдырларына топырақ шашып, теріс айналған емес. Бәлкім, «бұл халқымыздың қанына сіңген көнбістігінен болар» дейтіндер де табылады. Қате сөз. Жалпы, өз басым қазақ көнбіс дегенмен келіспеймін. Біздің халқымыз – әр нәрсені жан-жақты таразылай білетін, сосын жеті өлшеп барып қана шешім қабылдайтын дана халық. «Елмен көрген – ұлы той» дейтін де – сол кемеңгер қазақ.

Сіздердің сауалдарыңызды естігенде өз басым, ең алдымен, осындай ойға қалдым. Демек, бүгін газетіміз орынды көтеріп отырған «гендерлік теңдік» дейтін мәселе сол асыл тегіне тартпай, жер астынан жік шығарып жүрген кейбір апа-қарындастарымызға ой салады деп білемін. Себебі әйелдердің от басы, ошақ қасында қамалмай, білікті кәсіп иесі, білімді қайраткер болып жүргендеріне саналы жан қарсы болмаса керек. Біз мынау соқтықпалы, соқпақты тірлікте қол ұстасып, өмірлік серікке таңдаған жарларымыздың өздерін неғұрлым еркін де бақытты сезінгеніне шын жүректен қуанар едік.

Ендеше, «гендерлік теңдік» деген – батысқа еліктеуден туған, ойдан шығарылған ермек дегім келеді. Бізде әйелдердің еркектермен тең құқылы екеніне күмән жоқ. Қайта адамзаттың осынау әдемі жартысының иығына түсетін тұрмыс тауқыметін ескере отырып, олар үшін елімізде бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Зейнетақы жасы – сол мемлекет пен қоғам қамқорлығының бір ғана дәлелі. Ал бұған келіспей, ерлерін, тура  және жанама мағынасында да, бауырларына алып тулайтын еркетотайлар болса, олардың ыстық-суықтары басылғанша, тырбанғандарына кім бөгет? Қазір мемлекеттік қызмет болмаса, әйелдердің кәсіпкерлікпен немесе қоғамдық жұмыспен қашан табиғат өзі тұсаулағанша, айналысып жүре беруіне болады.

Алайда әйелі «серке» шыққан үйде береке болмасы анық. Жаратқаннан асып қайда барамыз? Еркектің қабырғасынан жаралған жамағаттың да маңдайына өз жазғаны бар. Ол, ең алдымен, ана, отбасының ырыс-берекесі. Биылғы жылдан бастап 6-7 баланы дүниеге әкелген әйелдердің тиісінше «Күміс алқамен» немесе «Батыр ана» деп марапатталуы да – қоғам тарапынан жасалған қамқорлық. Бірақ сол балалардың өсіп, ержетуінде еркектердің үлесі кем деп кім айта алады. Әрине, адамзаттың қуатты жартысының өз арасында да «гендерлік теңдік» секілді проблема жоқ емес. Тіпті ғалымдар енді бір 25 мың жылдан соң еркек дегенді ырымға таппайтын боласың деп дабылдатады. Мұның  қаншалықты шындық екені күмәнді, бірақ еркек атаулының иығына түсетін ауыртпашылықтан бақиға ертерек аттанатыны шындық.

Әйелдерге ерекше қамқорлық жасай отырып, еркектерді де нәумез қалдырмай, мемлекеттің әлеуеті артқан сайын жалпы адамға деген қамқорлық жандана түссе керек. Бұл арада, әрине, аналарға әсіресе көп балалы, жалғызілікті аналарға әлеуметтік көмек қомақты бола түсуі қажет.

Сондықтан әйелдердің зейнет жасын еркектермен теңестірудің жөні жоқ, қайта көп балалы аналарымыздың зейнетке неғұрлым ертерек шығуларының мүмкіндігін ұдайы қарастырған абзал.

Бейтарап пікір
Сайын БОРБАСОВ,
саясаттанушы:
– Дәл қазіргі таңда Қазақстанда гендерлік саясатты көтеретіндей ерлер мен әйелдер арасында үлкен мәселелер туындап отырған жоқ. Оның үстіне, Кеңес үкіметі кезінде-ақ әйел мен ерді теңестіріп тастады. Әйел адамдарға былайша да көптеген қамқорлықтар жасалынуда. Сондықтан елімізде гендерлік саясатты көтерудің қажеті шамалы. Алайда саяси жүйелерге байланысты гендерлікті қолға алатын болсақ, онда батыстық жүйені тікелей көшіре бермей, оған өзіміздің ұлттық бояуымызды енгізіп отырғанымыз жөн деп есептеймін.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста