Жалпы, мына дүниеде иесіз зат жоқ, ненің болсын авторы бар. Алайда автор деген біз үшін осы күнге дейін елеусіздеу біреу болып келгені жасырын емес. Енді қазір кенеттен сол үнсіздік шуға ұласты. Тіпті авторларға талас та пайда болды. Себебі олардың құқығын қорғаушылар көбейді. Қазақта «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген мақал бар, осы ретте де біздің қоғам сол мақалда айтылғанның кебін кимей ме деген көкейде сауал туады. Мүмкін, соның барлығын тек мемлекет өз қолына алса қалай болар екен?
Мақсат ЖАҚАУОВ, заңгер:
иә
– Иә, мүмкін. Қалай дерсіз? Жалпы, біз, ең алдымен, өзіміздің құқықтық мемлекет екендігімізді ұмытпауымыз керек. Құқықтық мемлекетте жеке азаматтың еңбек етуіне және содан табыс табуына толық мүмкіндік берілуі қажет. Көбіне бізде авторлық құқық мәселесінде проблемалар шоу-бизнес саласында көбірек дау туғызады, яғни рухани авторлық құқықтар төңірегінде мәселелер көп. Бұған себеп бізде «міне, мына ғылыми дүниені мен ойлап таптым» дейтін материалдық игіліктер өте аз. Ал рухани игіліктердің айналасында әуен ұрлау, әннің сөзін бұрмалау немесе бір автордікін өзгертіп, иемденіп алу сияқты мәселелерден аяқ алып жүргісіз. Осы күнге дейін бізде авторлық құқықпен бір ғана ұйым жұмыс жасап келді, егер олар өз жұмысын дұрыс атқарса, мұндай дау туындамас та ма еді?
Ендеше, неге өзгелердің, яғни сол шоу-бизнестің айналасында жүрген, сол саланы жақсы білетін азаматтардың өздерінің де осы мәселемен айналысуына мүмкіндік бермеске? Тек мынадай жағдайлар болса ғана мемлекет құзырына беру керек: біріншіден, халық әндері, олар негізінде халықтық құндылық болып есептеледі, сондықтан мемлекет оның орындалуы, қолды болмауы, өзгеріске ұшырамауы секілді жайларды қатаң қадағалауы тиіс. Мұның әлемдік тәжірибелері бар, айталық, бір ғана лезгинканың өзінің түрлері өте көп, шешендік, абхаздық, дағыстандық деген секілді, соған сай бір елде әлгі лезгинка биленсе, соның түріне қарай тиесілі елдерге салық төленуге тиіс. Бізде де халық әні, халық биі секілді дүние көп, олай болса соларды мемлекет қадағаласын және орындалған сайын олардың белгілі бір мөлшері салық ретінде мемлекетке түсіп тұруға тиіс.
Шыны керек, қазір бізде шоу-бизнесте талант дегенді бір құндылық, ақша дегенді бір құндылық деп қарайды, ал үшінші бір құқық деген құндылыққа мән берілмейді. Негізінен, шыны керек, әнді жазарда, оны автордан аларда ол жекелеген азаматтардың мәселесі ретінде шешіледі, яғни ақшамен бәрін шешіп алады да, құқықтық шиеленіс шыққан кезде барып оны шешу мемлекеттің ісі болып шыға келеді. Осы дұрыс па? Неге осы жағын бірінші болып қолға алып, қандай да бір іске кіріспес бұрын келісімшарт жасасып алмасқа?! Онда автордың аты-жөні тіркеліп, оның да құқықтары ескеріліп, күні ертең сол өнім таралған жағдайдағы табысты бөлісу көрсетілер еді. Мәселе бізде осыны ешкімнің ескермейтіндігінде болып тұр ғой. Әнші тек ән айтумен айналысатын тұлға емес, ол – біріншіден, ҚР азаматы, соған сай толыққанды құқықтарға ие және әкімшілік жауапкершілікке тартылатын адам. Осы тұста авторлық құқыққа келген кезде құқықтық сана деген мәселе қолға алынуға тиіс. Бұрын шығармашылық туындыларды қоғамдық кеңестер қадағалайтын. Қазіргі таңда тең құқық болуы шарт, яғни мемлекет сол қоғамдық кеңестің жұмысын атқарушы болуы ғана керек те, ал қоғамдық кеңестің мүшелері толыққанды сол шығармашылық саланың өкілдері болуы тиіс. Ол жерде мықты ақыннан бастап, сазгер де, орындаушы да, сондай-ақ продюсер де болғаны жөн. Сол азаматтардың барлығы авторлық құқыққа жауапты, олар сол мәселені сотқа жеткізбей шешуі керек. Менің айтпағым, авторлық мәселесін сотқа жеткізбей, өздері шешетін, тіпті ол проблеманың тууына жол бермейтін құқықтық сана, сондай-ақ тұлғалар болуы керек. Бұл жерде мәселе барлығын бір орталыққа бағындыруда емес, әркім өз құқын білуінде, заңға бағынуында, бірін-бірі сыйлауында. Тіпті бірнеше ұйым болғанның өзінде де мәселе шешілмеуі мүмкін, сондай-ақ бір ғана ұйым болғанда да шиеленіскен жағдай шешілмеуі мүмкін, егер әркімнің өз санасына, ұятына және құқық пен тәртіпке бағынбаса.
Марал ЫСҚАҚБАЙ, Қазақстан авторлар қауымдастығының төрағасы:
жоқ
– Елімізде дәл қазіргі кезде авторлық құқыққа қатысты түрлі даудың туып жатқандығы – осы саламен айналысқысы келетін ұйымдардың көбейіп кетуінен. Ал оған жол беріп отырған – «Авторлық құқық туралы» Заңға енгізілген жаңа бап, яғни 46-1 деген бап. Онда Әділет министрлігіне тіркеліп, лицензия алса болғаны, авторлық құқықпен айналысуға болатын ұйым құруға рұқсат береді. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, біз түгілі халық саны бізді неше рет орап алатын әлем елдерінде авторлық құқықпен айналысатын бір ғана ұйым бар. Мысалы, Ресей халқының саны 160 миллион, оларда авторлық құқықты қорғаумен айналысатын жалғыз қоғам бар, сол жеткілікті. Ал бізде одан он есе аз, 16 миллион халқымыз бар, бірнеше қоғамдар тіркеліп отыр.
Күлкілі емес пе? Біз түгілі, Италия, Испания, Англия, Францияда да біреуден. Англияның 85 мың авторы бар екен, қоғам жалғыз. Ешқандай шу да, мәселе де жоқ, тып-тыныш, проблема жоқ. Бізде қоғам көп, бірақ шешіліп жатқан проблема жоқ, қайта проблеманы туғызып отырған авторлардың өздері емес, сол тіркеліп алып, дұрыс жұмыс жүргізе алмай, авторларды бөлісе алмай жатқан әлгіндей ұйымдар. Қазір сазгер, ақын, яғни авторларды айтпағанда, мейрамхана, кафе, одан қалса аудио-визуалды өнімдерді таратумен айналысатын радио, телеарналардың өзі кімге сенерін, кімнің соңынан ерерін білмей қалды. Себебі «біз авторлық құқықты қорғайтын ұйымнанбыз» деп бүгін бір ұйым келіп тексеріп кетсе, ертең келесі бірі барып, «міне, біздің де сертификатымыз, біз де онымен айналысамыз, бізге өтіңіз» дейді. Сол тұста біз егер ондай құқықты кез келген адамға беріп қойсақ, хаос пайда болатындығын айтып шырылдаған едік, ешкім де құлақ асқан жоқ. Мемлекеттік құзырлы органдардың барлығына шама-шарқым келгенше хат жазып, бір жылдан астам уақыт осы заң аясында жүгіріп жүріп, Парламентте көтерілуіне қол жеткізгеніміз сол еді, Парламент оны қарап, «бір ғана орталықтың жұмыс істеуіне рұқсат берілетінін, ал қалғандарына тыйым салатын» заң қабылдап еді, артынша тарады да кетті. Өздері талқылап, мақұлдаған заңды Сенатқа табыстап кетті, бірақ соның дұрыстығын қорғамаса болмайды ғой, ал қорғайын десе, тарап кетті. Содан ол заң Сенатта қабылданбай қалды. Енді жаңадан келген Парламентке біз тағы да сонша уақыт жүгіріп, соншалық күш-жігер жұмсауымыз керек.
Негізі, авторлық құқық деген – біз қазір қарап отырғандай жеңіл мәселе емес. Алайда біз оған жеңіл қарап отырмыз, оған соншалық мән бермей жатырмыз. Сондықтан оның салдары біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі, тіпті халықаралық дауға апарып соғуы әбден мүмкін. Себебі заңсыз әрекеттер, әлгіндей тіркеліп алып, авторлардың рұқсатынсыз өздеріне тіркеп алу, авторлардың ақысын айлап түгіл, жылдап төлемей жатқан қоғамдар көп. Тексеріс жүргізілгенде барып әр автордың соңынан жүгіріп, ақшасын үйіне апарып беріп жатқан да жағдайлар бар. Біз солармен соттасып, біршамасын жеңіп те жатырмыз. Ендеше, бұдан шығатын қорытынды сол, авторлық құқықты қорғауды мемлекет өз құзырына алмайынша, әлгіндей келеңсіздіктер жойылмайды, қайта ушыға түседі. Ал ушыққан жағдайдың абырой әпермесі анық.
Бейтарап пікір
Жеңіс Сейдоллаұлы, сазгер, «Гүлдер» ансамблінің директоры:
– Негізі, авторлық құқық бір орталықтан, мемлекет тарапынан қадағалануға тиіс. Себебі орталықтар көбейсе, авторлар өзара бөлініп, бір-бірімен айтысып-тартысып, бірін-бірі тіпті жек көріп кетуі де ғажап емес. Алайда мемлекеттің авторлық құқықтан басқа да жұмыстары көп қой. Дегенмен бұл мәселені бір органға жүктеуі шарт. Екінші бір жағы бар, авторлық құқық деген біржақты емес, оның сан қыры бар ғой. Мысалы, ғылыми жағы бар, шығармашылық дегендей. Соған сай, оларды да түрлі министрліктердің қадағалауына берсе. Әлгіндей ғылыми жаңалықтардың авторлық құқығын Білім және ғылым министрлігіне, ал ән, поэзия, драматургия сияқты шығармашылық жағын Мәдениет және ақпарат министрлігіне беру керек.