Енді біразда қалада оқитындар арасында мектеп ауыстырып, ауылға жиналатындар шыға бастайды. Ауылды аңсап, қаладан қашу үшін емес, әрине. ҰБТ кезінде өзіне ұпай жинау мақсатымен. Иә, иә, кейінгі кездері қалалық жерлерде білім алып жатқан оқушылар арасында соңғы қоңырауға екі-үш тоқсан қалғанда аймақ аралап кететіндер бой көрсете бастайды. Дауымыз жоқ, бұл – олардың құқықтары. Алайда «әдетке айналып барады, арты жақсылыққа апармайды» деген қарсы пікірлер жиі айтылып кетті. Десек те, «кейбір ата-аналар мен олардың балаларының мұндай «тапқырлығының» пайдасы да бар» дейді енді бір мамандар.
Бауыржан Ешмағамбетов, Аягөз қаласындағы К.Бозтаев атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі:
Иә
– Бұл соңғы кездері тым жиілеп бара жатқан құбылыс. Қаланың кейбір балалары мектепті тамамдар кез тақағанда, яғни бір-екі ғана тоқсан қалғанда оқуын әрі қарай ауылдық жерлердегі мектепте жалғастыруға әуестеніп барады. Олардың мұндай қулыққа баруларының себебі, әлбетте кім-кімге де белгілі, қолында ауыл мектебінің аттестаты барлар ҰБТ кезінде белгілі бір жеңілдіктерге ие болмақ. Бұл бүгінгі күнгі өзекті мәселеге айналып барады. Кейбіреулер тіпті осындай жағдайлардың алдын алу үшін ауыл баласына берілетін жеңілдікті алып тастауды ұсынып жатады. Менің ойымша, бұл да дұрыс емес. Ол үшін, ең алдымен, аймақтардағы білім сапасын жақсарту керек. Әрине, ауылдағы кадр мәселесі сын көтермейді деуден аулақпын. Дегенмен де ауылдық жерлердегі мамандардың бiлiктiлiгiн көтеру ауыл мектептерінің материалдық базасын нығайту, оқушылардың iзденуiне, жан-жақты бiлiм алуына жағдай тудыру қажет.
Аймақтардағы білім ошақтарында техникалық база нашар. Көп мектептерде компьютер жоқтың қасы. Болғанымен ғаламторы жоқ. Қысқасын айтқанда, ауыл балалары бірқатар артықшылықтардан шектеліп қалып отыр. Сондықтан ауыл балаларына квота берілу керек. Ал сөз болып отырғандай қулықтарға жол бермеу үшін құзырлы министрлік осы мәселені қатаң бақылап, оны болдырмайтындай қандай да бір механизмдер жасау керек деп ойлаймын.
Қала оқушысының ауыл баласының несібесіне таласуының басқа да кемшіліктері жетіп жатыр. Атап айтсам, бала жан-жақты, сапалы білім алуына жағдай жасалған мектебінен көп нәрседен қағылған ауыл мектебіне келгенде сабаққа деген ынтасын төмендетіп алады. Кейбіреулері «мен қалалықпын» деп сыныптастарына менсінбеушілікпен қарайды. Сонымен қатар оқу үлгерімі тәп-тәуір бала ауылға топ етіп келіп түскенде, барын жоққа айырбастағандай күйге түсіп, абдырап қалады. Міне, осындай баланың психикасына кері әсер ететін жағдайларды, былай қарасаң, көзге көріне бермегенімен ұстаздар қауымы жақсы аңғарып жатады.
Осыдан біраз уақыт бұрын бір басылымнан оқығаным бар. Тіпті қаладан ауылға мектеп ауыстырған балалардың арасында қағаз жүзінде тізімде жүрсе де, сабаққа мүлде келмей, қаладағы ата-анасынан алыстамайтындар жоқ емес екен. Демек, ата-анасы мектеп басшылығымен келісіп алулары мүмкін. Мұнымен өмірді әлі танып-білмеген ұрпаққа қандай тәрбие беріп отырмыз?..
Қысқасы, сын сәт тақағанда мектеп ауыстырудың астарында сол баланың өз- өзіне сенбеушілігі жатыр дер едім. Өз біліміне күмәнмен қарайтындықтан, қандай да бір жеңілдікке зәру деген сөз бұл. Осыдан келеді де ауыл баласына тиесілі квотаға ортақтасады. Тек квотаға ғана қызығып қоймай, аттестаттағы бағаларын да түзеуді ойлайды. «Екi жеп, биге шығатын» қала балаларының мұндай қылығын өз басым құптамаймын. Ендігі жерде бұған қарсы шара қолданбасақ болмайтын сияқты.
Нәйлә Тоқтарқызы, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының профессоры:
Жоқ
– Біз неге осы әр нәрсенің көбіне кері жағын есепке алуға асығамыз. Мен ауыл мектебінде екі жылдан кем оқыған балаға ауыл квотасын бермеу керек дегенмен пікірмен еш келіспеймін. Өйткені оның өзінің тиімді жақтары баршылық. Оның өзінде мен айтып отырған тиімді жақтары қазір көпшілік көтеріп жүргендей мектеп ауыстырудың «кері әсерлерінің» жанында таразыға түскенде салмақтырақ. Атап айтсам, қала баласы ауылдың өмірін өз көзімен көріп, ауа тынысымен танысады. Қала мен даланың айырмашылығын сезінетін болады. Бұл – қазақ елінің қазығы болған ауыл үшін де, өздері үшін де өзекті. Арасында ата-әжелерінің қолында тұратындар да баршылық. Міне, солардың аз да болса ауыл қарияларының тәрбиесін көргендерінің несі жаман? Аларынан айырылса да, айтарларын жібермейтін ауыл қарттарының ұрпақ тәрбиесіне берері мол.
Қазақтың ешбір елде жоқ салт-дәстүрлері ұмыт болып барады деп дабыл қағып жатамыз, ал ауылдағы ағайын оларды асылындай қастерлеп, өшіріп алмауға тырысады. Қадір-қасиетін қалалықтарға қарағанда солар жақсы біледі десем де, артық айтқандық емес. Ұлттық бай мұрамыз – ауылда. Сол себепті де қала баласының біраз ғана болса да ауылда шыңдалып, сыналып келгенінің өзі құптарлық емес пе.
Мен бірнеше жыл қатарынан С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде сабақ бердім. Сонда байқағаным, ауыл баласы мен қала баласының айырмашылықтары айтарлықтай. Ауыл баласы үлкенге құрмет, кішіге кішіпейіл бола біледі. Ақыл жағынан да қалалықтарға қарағанда ауыл баласы ерекшеленіп тұрады. Міне, осындай жақтарын ескерсек, мектеп ауыстырудың өзінше пайдасы тиіп жатады.
Сонымен қатар компьютер, ғаламтор сияқты техникалық базасы жеткілікті жерден келген бала ауылға келгенде, ондай көмектерден қағылып, өз бетінше ізденуге тырысады. Соған мәжбүр болады. Бұл деген еңбек қой. Тағы бір айта кетері, білімі өзінікімен салыстырғанда көш ілгері екендігін көрген ауыл баласы мен қала баласының арасында бәсекелестік туындауы әбден мүмкін. Ауыл мектебінің оқушылары талпынады, алға ұмтылады. Бұл жаман ба?
Ал бәрін бірдей «оқымайды, жалқаудың амалы» деп сөккеніміз болмас. Егер бала сондай әрекеттерге дейін барып, квота мәселесін ойласа, демек, бала болашағына алаңдағаны да. Әйтпесе жеңілдік көрсе де, көрмесе де оқымайтын бала, оқымайды. Оның үстіне мұндай құбылыс жаппай белең алып барады дегенге келіспеймін. Ішінара бар, мойындаймын. Бірақ асқынып кеткен жоқ.
Мектеп ауыстыруға кімдер мәжбүр болады? Әлбетте баласын ақылы оқытуға материалдық жағдайы жоқтар. Ал қалталы адамдар қиналып жатпайды. Олар үшін баласын ақылы ЖОО-да оқыта салудың түк қиындығы жоқ.
Бәрін айт та, бірін айт, ауыл мектебінде екі жылдан кем оқыған балаға ауыл квотасын беруге тыйым салуға құқымыз да жоқ қой. ҚР «Бiлiм туралы» Заңының 49-бабы «Ата-аналардың және өзге де заңды өкiлдердiң құқықтары мен мiндеттерi» туралы тармағына сәйкес, кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары, өзге де заңды өкiлдерi баланың тiлегiн, жеке бейiмдiлiгi мен ерекшелiктерiн ескере отырып, бiлiм беру ұйымын таңдауға құқылы.
Түйін
Ерұлан Жиенбаев, Махатма Ганди атындағы дарынды балаларға арналған №92 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры:
– Әрине, тыйым салуға ешкімнің құқы жоқ. Заңға сәйкес, ата-аналар балаларын республикамыздың кез келген аумағында оқыта алады. Алайда мектеп ауыстыру мақсатты түрде істелініп жатқандықтан, құзырлы министрлік қандай да бір амалын тауып, оған жол бермеу керек сияқты. Әйтпесе тізгінсіз жіберіп алып, ертеңгі күні сан соғып қалуымыз ғажап емес. Әрине ауылға тиесілі квота қалпында қалуы тиіс. Ондай квотаны алып тастауға әлі ерте. Бәлкім, шынымен де, ауыл мектебінде екі жылдан кем оқыған балаға ауыл квотасын бермеу керек шығар? Әйтпесе уақыт өте қатты белең алып кете ме деген күдігім бар.