«Әскери борышын өтемегендерді мемлекеттік қызметке қабылдамау керек» деген пікірмен келісесіз бе?

«Әскери борышын өтемегендерді мемлекеттік қызметке қабылдамау керек» деген пікірмен келісесіз бе?

Қазір «еліміздің шекара қызметінде орын алған келеңсіздіктер әскерге барғысы келетіндердің санын күрт азайтып жіберді» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл жайт әрбір азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуге деген ынтасына кері әсер ететіні белгілі. Бұдан шығар қандай жол бар? Мәселен, осыдан бірер күн бұрын іргеміздегі Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин әскери борышын өтемеген азаматтардың мемлекеттік қызметке тұруына тыйым салатын заңға қол қойды. Бәлкім, бізге де осындай бастама қажет шығар. Біз бүгін осы ойдың тізгінін мамандарға ұстатып, «Әскери борышын өтемегендерді мемлекеттік қызметке қабылдамау керек пе?» деген сұрақты ортаға салған едік. Олардың пікірі қақ жарылды.


Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
иә
– Жалпы, әскери борышын өтемеген азаматтарды мемлекеттік қызметке таға­йындамау керек деген пікірді қол­дай­мын. Неге? Біріншіден, Отанды, ел­ді, жерді қорғау – әр ер азаматтың мін­деті. Бұл – ата-бабаларымыздан жал­ғасып ке­ле жатқан дәстүр. Ат жалын тар­тып мін­ген әр ер жігіт нағыз патриот бо­луы үшін бұл сатыдан міндетті түрде өтуі тиіс. Екін­шіден, Тәуелсіздігімізді, азат­ты­ғы­мызды, қазақтығымызды біл­діру, тә­уелсіз сана қалыптастыру, ел мен жерге қорған болатын азаматтарды тәр­биелеу үшін кез келген отандасымыз Отан алдындағы парызын өтегені жөн. Үшін­шіден, әскер жігітке жігіттік сипат бе­реді. Ал сол жігіттік сипаттан айы­рылып қал­ған немесе сондай игі қа­сиет­терді бо­йы­на сіңіре алмаған азаматтың қо­лына мем­лекеттік қызметтің тізгінін сеніп тап­сыруға бола ма? 
Азаматтық парызы болып саналатын Отанын қорғамаған адам қалайша елдің тұтқасын ұстамақ? Бұл «қазіргі мемлекет­тік қызметте жүргендерді әскерге жіберу керек» дегенді білдірмесе керек. Яғни мен келешекте міндетті түрде атқарылуы тиіс мәселені айтып отырмын. Қазақта «ер де, ел де қиыншылықта сыналады» де­ген сөз бар. Бізге әр азамат әскери өмір­ді, қиыншылықты сезінгені, соған төзе білгені қажет. Меніңше, әскер сапын­да болған, түрлі қиыншылықты көрген жан қандай жағдай болмасын, дұрыс таңдау жасай біледі. Сондықтан да әр қазақ­стандық азаматтың бірінші міндеті  Отан қорғау болуы керек. Ал мемлекеттік қызметке ұмтылу, мемлекетке қызмет ету деген арман – мұнан кейінгі баспалдақ. Осы екі мәселе бірігіп, ұлттық патриотизм­ді қалыптастыратын секілді. Менің түсі­нігім­де, «патриотизм деген – өз жүрегіңе Қа­зақ­­станды сыйдыру» деген сөз. Ел­басы­мыз бір метр жер үшін «қара саннан ет кесіп бергендей» күй кешіп жүріп, шекарамызды анықтап берді. Сол шекараны кім күзетуі тиіс? Барлық қазақстандықтар. Ол үшін әрқайсымыз Отан алдындағы жауапкерші­лігімізді сезіне білгеніміз жөн. «Әскер сапында болмағандарды мемлекеттік қызметке алмайды» деген қағидат аталған жауап­кершілікті арттыра түседі деп ойлаймын. Өйткені  мемлекеттік қызмет дегеннің сан түрлі саласы, сол салалардың сан түрлі механизмі бар. Ол салаға қол жеткізу тікелей елді қорғаумен астасып жатса, Отан қорғау деген қасиетті ұғымның маңыздылығы арта түсер еді.


Ким Серікбаев, ҚР еңбек сіңірген қайрат­кері, запастағы полковник, әскер ғылымының докторы:
жоқ
– Бұл жайт тікелей азаматтың аза­мат­тық құқығына байланысты деп білемін. Біз­дің Ата Заңымызда әр қазақстандықтың емін-еркін оқуына, жұмысқа орналасуына т.б жағдайларда кедергі болмауы керектігі айтылған. Президентіміздің өзі биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметке кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды орна­лас­тыру керектігін тілге тиек етті. Бұл – бір. Екін­­шіден, Конституциямызда әр қазақ­стан­­дықтың міндетті түрде Отан ал­дын­дағы борышын өтеуі керектігі жазылған. Сол заңның бірінші пунктінде «Қарулы күш­терде қызмет жасау әр адамның ар­дақты борышы», екінші пунктінде «Әр аза­мат әскери борышын орындауы тиіс» де­лінген. Бірақ қазіргі жағдай өзгеше. Біз бұл мәселеге тек бір жағынан қарап, «Отан алдында азаматтық борышын өтеген адам ысылды, көпті көрді, жұмысты игеріп кетуі оңайырақ» деп ойлаймыз. 
Мұның екінші жағына көз жіберіңіз. Солай екен деп әскер сапында болмаған, бірақ біліктілігі жоғары мамандарды ысырып тастай аламыз ба? Жоқ. Сол үшін де «әскери борышын өтемегендерді мемлекеттік қызметке қабылдамау керек» деген пікірмен келісе алмаймын. Ата Заңымызда «Отан алдындағы бо­рыш­ты өтеу – міндетті» деп жазылғанмен, әскер сапында болуға кез келгеннің орайы келе бермеуі мүмкін. Мәселен, біреудің денсаулығы жарамайды, енді бір азамат бір үйдің жалғыз баласы, ол кетсе, ата-анасын асырайтын ешкімі жоқ, тағы біреулері екі баланың әкесі болып үлгерген. Еліміздің заңында әскерден қандай азаматтар босатылатыны жөнінде арнайы баптар бар. Егер де сіз айтып отырған мәселе қолға алынса, осындай денсаулық немесе әлеуметтік жағдайына байланысты әскерге бара алмағандар, бара алмайтындар қайтпек? Сол себепті де, әр азамат қызметке орналасарда олардың не себепті әскерге бармағанын анықтағанымыз, сол арқылы баға бергеніміз жөн сияқты. Егер де ол ер жігіт әскерге барудан қашқан болса, әңгіме басқаша болуы тиіс. Мұндай жағдайды болдырмаудың бір ғана жолы бар. Ол шетел тәжірибесіндегі – әскердегі альтернативтік қызмет. Денсаулығы нашар, жағдайы келмейтін балаларды сондай әскердегі альтернативтік қызмет арқылы борышын өтетуге болады. Бәл­кім, бізге осы жолды таңдауға бола­тын шығар.
                                     Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Түйін
Отан қорғау – әр қазақтың парызы. Сол үшін де аталған парызға жауапкершілікпен қарағанымыз жөн секілді. Бұл мәселеге біз айтып отырған мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, бәріміз де жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған Отанды қорғау, сол Отанның әскері сапында болу әр қазақтың жүрегіне мақтаныш сезім ұялатуы тиіс. Біздің айтпағымыз осы болатын...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста