Қазіргі таңда әскери борышын өтейтін жастарды қалыптасқан әскери жүйе бойынша азаматтық борышын өтеу үшін еліміздің әр қиырына жібереді. Алайда бұл жүйе бойынша мамандар пікірі екіге жарылып отыр. Кейбір мамандар «азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша әскери міндетін өтету — экономикалық тұрғыдан тиімді, сондықтан Кеңес Одағы кезінен өзгеріссіз келе жатқан жүйені өзгерту керек» десе, енді біреулері «әскери саладан мемлекеттің ақшасын аямау керек, бұрыннан келе жатқан жүйенің әскери маңызы зор» деген пікірде. Мамандар пікірін «ой-көкпар» айдарында тоқайластырып көрген едік...
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы
Иә
– Мен бұл пікірді қолдаймын. Әскери борышты әркім өзінің туған жерінде, тұрғылықты жері бойынша өз аймағында өтегені дұрыс. Негізі, бұл әдіс көптеген дамыған елдерде бұрыннан қолданылып келе жатыр. Тіпті кейбір елдердің ер-азаматтары күнделікті жұмысқа барып келгендей, әскерге таңертең барып, кешке қайтып-ақ әскери міндетін өтейді.
Мәселен, Израиль еліне барған іссапарымда осы жүйенің артықшылығын көзіммен көрдім. Бұл – мемлекет әскери қуатымен көршілес мұсылман мемлекеттерін сескендіріп отырған мемлекет. Ал әскерінің басым бөлігі осындай жүйемен әскери борышын өтейді. Яғни тұрғылықты мекенжайы бойынша әскери міндетін өтеу жүйесі арқылы-ақ межелеген жетістігіне жетіп отыр.
Талдап айтар болсам, бұл – біріншіден, ыңғайлы жүйе. Әр азамат өз үйінен кіріп-шығып-ақ әскери міндетін өтей береді. Екіншіден, экономикалық тұрғыдан үнемді, әскери бөлімдердегі әскерилерді қамтамасыз етуге, оларды әрі-бері тасуға, жол қатынасына ақша шығын болмайды. Жыл сайын әскери борышын өтеушілерді батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке сапырылыстырады да жатады. Ал бұл мемлекеттің қоржынына да үлкен салмақ салатыны сөзсіз. Сондықтан тұрғылықты жері бойынша әскери қызметін өтеу әдісін жоғары дәрежеде ұйымдастырып, ал сол арқылы үнемделген ақшаны жаңа әскери техника мен құрал-жарақ сатып алуға жұмсасақ, өте тиімді болар еді. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа енді толған жастарға да тұрғылықты жері бойынша әскери міндетін өтеу жүйесі психологиялық тұрғыдан жеңіл болатыны белгілі.
Тағы бір айта кетер жайт, тұрғылықты жері бойынша әскери міндетін өтеу сарбаздар арасындағы әлімжеттік жасау оқиғасының азаюына да септігін тигізуі әбден мүмкін. Өйткені әлімжеттік жағдайы көбіне-көп түнде, сарбаз командирлерінің бақылауынсыз қалғанда орын алады. Оған қоса, қанша айтқанмен, бір жердің балалары өзара тату-тәтті бола алады емес пе?! Себебі кей жағдайда сарбаздар арасындағы ұрыс-керіс жер-жерге бөліну салдарынан да болып жатады. Кейде сарбаздарымыз мүлдем басқа ортаға үйреніспей, әскерден де қашып жатады. Егер әскерилер өз тұрғылықты мекенжайы бойынша әскери міндетін өтесе, әскерден қашу оқиғасының болмауына оң әсер етеді деп ойлаймын. Сондықтан өркениетті елдердің тиімді әдісін біз де пайдаланып, сарбаздардың тұрғылықты жері бойынша әскери міндетін өтеуіне жағдай жасауымыз керек.
Болат САЙЛАН, Ауған соғысының ардагері
Жоқ
– Жоқ, бұл пікірге қарсымын. Ер-азаматтардың әскери борышты тұрғылықты мекенжайы бойынша өтегені мүлдем дұрыс емес. Ер-азамат бәріне дайын болуы тиіс. Мәселен, Шығыс Қазақстанда апай-топай бірдеңе бола қалса, Қызылорданың тұрғыны абдырап қалары сөзсіз. Бұрын көріп-білмеген жерде ол ешқандай әскери тактиканы көрсете алмауы да мүмкін. Ал осылай бір аймақтың балаларын екінші аймаққа әскерге жіберу арқылы бұл қиындықтың алдын алуға болады. Бұрыннан келе жатқан әскери жүйе олардың өз тұрғылықты жерінен алысырақ жерде шыңдала түсуіне әсер етеді.
Кеңес Одағы кезінде ер-азаматтарымыз шекара асып, мүлдем басқа мемлекетке барып та әскери міндетіп өтеп келіп жүрді ғой.
Ал Қазақстанның қай қиыры болмасын, өз еліміз емес пе?! Әрбір ер-азамат өз өлкесін туып-өскеннен бастап тани бастайды. Ал еліміздің келесі бір бұрышын көрсету арқылы олар ел-жер көреді. Рас, кейде ауыл баласы кәмелетке толғанша өзінің тұрғылықты жерінен басқа жерді көрмейді. Көбінесе, әскерге барған жігіттер рухани тұрғыдан өсіп, есейіп қайтады. Бұл – олардың өмірді көріп, айналасын танығанының белгісі. Сондықтан мұндай жүйе арқылы жігіттеріміз ең алдымен ел мен жерді таныса, екіншіден, өмірдің қиындығын көріп шынығады. Осы орайда оңтүстіктің жігіттері шығысқа барып суығына шынығуы тиіс. Бір жағынан, әскери алмасулар арқылы ер-азаматтарымызға қазақтың жерінің кең-байтақ екенін де көрсете аламыз. Тіпті өз үйінен алысқа ұзап көрмеген бала ертең бүкіл елін қорғай алады деп айта аламыз ба?! Әскери тәртіп болғаннан кейін, ол өмірдің барлық қызық-шыжығына төзіп, тәртіпке көндіккені жөн. Сондықтан психологиялық тұрғыдан да әскери міндетін басқа аймаққа барып өтеу оңтайлы деп ойлаймын.
Ер-азамат өз үйінен кіріп-шығып балабақшаға, мектепке, ЖОО-ға барады, енді әскери қызметті де сол сарында өтейтін болса, оның несі әскери тәртіп болмақ?! Кейбіреулер айтып жүргендей, сарбаздардың тұрғылықты мекенжайы бойынша әскери міндетін өтеуі экономикалық тұрғыдан тиімді» дегендерімен де келісе алмаймын. Еліміздің қауіпсіздігі, тыныштығы, бейбітшілігі жайлы әңгіме болып отырғанда, экономикалық үнемділік жөнінде сөз қозғау – артық дүние. Елбасымыздың өзі Қазақстан–2030 бағдарламасында «ең бірінші ұлттық қауіпсіздікке басымдылық беру керек» деді. Бұл тұрғыда еліміздің экономикасы 16 миллион халықтың қауіпсіздігі үшін жеткілікті деп санаймын. Сондай-ақ бұл жүйе әскерилер арасындағы әлімжеттікті жоюға септігі тиеді деп те айта алмаймын. Әскер түгілі, бір аудандағы бір мектептің оқушылары арасында әлімжеттік бар. Сондықтан бұл жүйе әлімжеттікті тыяды деп айту қиын.
Бейтарап пікір
Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Қазақстанның қай жері болмасын, жастарымыздың өз елі саналады. Және экономикалық тұрғыдан мұның соншалықты тиімділігін көріп отырғаным жоқ. Өйткені ер- азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша әскери міндетін өтететін болсақ, әрбір облыстан әскери бөлімдер ашу үшін де қосымша қаржы көзі керек болады. Осы орайда айта кетер жайт, әскери өмірде мұнан да өзекті мәселе бар. Мәселен, ер-азаматтардың қай жақта әскери міндетін өтеуіне бас қатырғанша, неге әскердегі әлімжеттікке тосқауыл қоюға тырыспасқа?! Бүгінгі күні әскери салада қандай өзгеріс енгізсек те, ең алдымен әскерилер арасында тәртіп орнатып, әлімжеттікті жойып, бейбіт күнде сарбаздарымыздың қаза болуына жол бермеуіміз керек.