Кешегі Кеңес заманында көзге түскен қазақ зиялыларының Тамдыға келмей кеткені кемде кем. Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Асқар (Әлиасқар) Тоқпановтың (1915 - 1994) да Тамды топырағына табаны тиген. Жер жаннаты &ndash Жетісуда туып өскен Асекең Қызылқұмның ми қайнатар аптап ыстығына тап болғанда, қайта-қайта терін сүртіп, таңданысын жасырмапты.
Қадірлі қонақтың қасына елдің игі жақсылары түгел жиналады емес пе, шақырылғандардың арасында Тамды өңіріне танымал тапқыр да айтқыр Әбілтай Дәрменұлы да бар екен. Түп нағашысы Ұлы жүз болған сол Әбілтай ақсақал Асқар Тоқпановпен таныстықтан соң оны нағашы тұтып:
&ndash Е-е, әлгі «қолына қауға беріп, малға қой» деген атаның ұрпағы екенсің ғой! - деп әзілдейді. Мұндайды қалт жібермейтін Асқар Тоқпанов сонда кідірместен:
&ndash Әбеке, қолыңызға найза беріп, жауға қойғанда жаулап алған жеріңіз осы ма?! Күйіп-жанып барамыз ғой мына құм суырған қу далада! - деп іле қарымта жауап қайтарыпты.
Жиен мен нағашының жарасымды әзіліне жиылған жұрт ризалықпен бір күліп алады. Ал табан астынан тауып айтылған тапқырлыққа тәнті болған Әбілтай ақсақал «көрдіңдер ме менің нағашымның қандай екенін» дегендей, төңірегіне масаттана қараған екен...
Бұл естелікті марқұм ағамыз Жүсіп Әлқожаевтың өз аузынан естіген едім. Қазыналы қариялардың қатары сиреген сайын мұндай әзілдер де айтылмай, ұмыт қалып барады. Білетіндердің өнеге ретінде айта жүргені абзал. Әсіресе арзан күлкі мен сайқымазаққа толы теледидарды көргенде қазақы қалжыңды сағына береді екенсің.
Қонақбай Қожанияз